Дидар АМАНТАЙ

БАХЫТБЕК ҚАДЫРДЫҢ “ӘЙНЕК ҚАБЫРҒА” НОВЕЛЛАСЫНДАҒЫ АРСЛАН – ӘСЕЛ

Бахытбек бауырым Нұрсұлтан қаласынан шағын бір новелла салып жіберіпті. Жастардың ізденістері қашанда қызықты, тосын әрі еркін. Қызығып оқимын. Әндетіп жеткен шығарманың шырқаған әнінде жақсы бір әуен бар.

Әуезді туынды. Лирикалық шарты мен бейтараптылығынан туған мөлдірлік соңына дейін жақсы сақталады. Тұнық шығарма. Қаламгер сомдаған үш образ, атмосфера, сезім шынайылығы су түбінде тұнып жатқан інжу-маржандай жарқырап көрінеді.

Бояуын қалыңдатып алатын интерпретация жоқтың қасы, автор уақиға желісіне араласпайды, шытырман тұстарын түсіндіріп жатпайды, демек, кейіпкерлеріне ешқандай баға берілмейді.

No comment.

Іс-әрекет анық, бірақ, контекст – күңгірт. Детальды әңгіме үлкен масштабта, тіпті, түсінксіз.

Арслан тақта отырса да, кісілік тұрғысынан бұғалтыр қыздың тұғыры биік. Ол – кәдімгі бастық-шенеуніктің классикалық үлгісі. Бойжеткен – қоғамның жаңа адамы.

Қос қаһарман бір-біріне көп сөйлейді, көнбістің көңілін жығады, қарсының қаһарынан қорқады. Қорқақ адам қатыгез болады. Екеуі не шешіп отыр, неге кетпейді, шарап ішкендері несі, қандай мәселе ушықты екен.

Көзі ашылған елде қиянат жүрмейді, қызы кәнизак, жігіті сұлтан жұрттың құндылығы да өзге. Бастықтың не ойы бар екен, қулығы асты ма, әлде тұтылды ма?

Кездейсоқ куәгер екеуінің тынышын алмайын деп, бөлмеде жасырынып, бұғып отыр. Мүмкін сыртынан бақылайды, автор дәл айтпайды. Маңызды емес.

Ол еріксіз аңдушы болды, алаңғасарлығының құрбаны. Енді не істерін білмейді, тағдыр оны “соқтықпалы, соқпақсыз” жолдармен әкеле жатыр, түбі жақсылыққа көрінсе игі еді, бақыттан кім дәметпейді.  Бірақ, бастықтың түсінігіндегі бақыттың мазмұны басқа, әкесі де кезінде оқуға маман емес, бастық болсын деп берген еді.

13.05.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here