Дидар АМАНТАЙ

АЙНА

Новелла

 

Бұл айна құрылыс жұмыстары аяқталып, әктің иісі аңқып тұрған пәтерге көшіп жатқан күндердің бірінде, үйге әкеп қойған сәтінен бастап ұнаған жоқ. Сопақ пішінін жатырқады ма, қалауымен сатылып алынған дүние еместігі есіне түсіп кетті ме, әйтеуір жақтырмады, базар аралап жүргенде, әйелі қолқалап қоймаған соң, еріксіз әмиянын ашып, ішінен қол ақша шығарып еді, жасауын толтырса да, жанына рақат сыйлаған жоқ, әдетте мүлік, жиһаз үйге келтіріліп, жаңа орнында екі-үш күн қонған соң – көз үйреніп, көңілге жағып, екеуара жақын, туыс сезім қалыптасушы еді.

Үнемі ойлап жүретін сүйікті бұйымы, сүйкімді затына айналатын. Пәтеріне келген мебельдердің шежіресі басынан өткен белгілі бір уақиғадан басталады.

Кітап шкафтары сөрелері босап, байқатпай ұрланғанымен есте қалды. Таңертең тұрса, жорнал тігінділері мен газет қиындыларынан басқа ештеңе жоқ, жартылай мас, көңілдері бос қонақтар кеш қайтқанымен, бәрі есінде, әрбіреуін өзі шығарып салды, меймандардың қайсысы жиендік жасады, ойлап-ойлап, таба алмады, күдікке ілінетіндей, күмәнға жығатындай ешкім жоқ, бәрі тегіс өздері – зиялы, биязы, мәдениетті кісілер – бірдеңені ұнатса, қалап, айтып алады, не біржола, не уақытша, көбіне сұрағанын береді, қарым-қатынастан қымбат, сыйластықтан биік ештеңе жоқ, тонап жатқаны емес, достық пейіл, еркелік танытқаны, ертең оның да көзі бір нәрсеге түседі, қимайтын дүниесін көріп қалады, сол кезде ойлана ма, ойланбайды, кідірмейді, сыйлап жібереді, құрбысына сенеді, көңілін біледі, қолы ашық, ірі мінезді, дарқан адам.

Есінде, жұмысшылар көтеріп бара жатқанда, айна оған қарағандай болды. Әлде, қараған жоқ па. Бұл туралы ол бір апта бойы ойланды.

Ақыры, сопақ айна көтеріп бара жатқанда, қараған жоқ деп шешті. Бірақ, қарады ғой.

Еріксіз, қолқамен келген бұйым өзімен бірге мазасыздық, тынымсыздық ала келді, бірқалыпты күнделікті тіршілігін, тыныштығын бұзды. Аялдамаларда тұрып елеңдеді, айна соңынан еріп аңдып жүргендей көрінді, көліктерде кетіп бара жатып алаңдады, бірге кіргендей сияқтанды.

Ол айнаны жек көре бастады. Өзі ұсталған мүлік пе, тозығы жеткен ескі зат па – сәні қашқан, сыры оңған, сүйкімсіз. Сатушы, жуан еркек қайдан тапқан, күресіннен алып келді ме, көшеден көтеріп әкелді ме, үйге кіргізгенде бірден жақтырмай қалды.

Айна да оны жек көретін секілді ме, қалай, қасынан өтіп бара жатып,  алакөздеп кететіні анық, жақтауы кең шынысы мұқият сүртілген, ұстауға, қол тигізуге болмайды, ізі қалады. Ізі кәдімгідей сом образдарды бейнелеген күрделі графикалық суреттер, қырмызы қызыл жібек бозбалалар, ақ күміс алтын бергек ару қыздар, алайда, қашықтап қарасаңыз, ылғи албастылар, сайтандар, ібілістер, қайта тақасаңыз, құмырсқаның илеуіндей жыбырлаған көп жәндіктер, екі көздері бақырайып өзіңізге тесіліп тұрып, тосын айбат шегіп, тап-тап береді.

Айна емес, еті ағып кеткен өлексе тәрізді, қанша жыл жасаған дүние екен, ең бастысы қашан туған, қашан қазаға ұшыраған, өзі тірі ме, өлі ме, әлде оның көргені, сезгені елес пе, әсерленіп жүріп, өзі ойлап тапқан, әншейін бір қиялында жаратқан бейне-мүсін, сымбат-пішін, кескін-келбет пе.

Бір күні айна түн батқанда айқара ашылып, ішінен сытылып біреу сыртқа секіріп түскендей көрінді, басқапланеталықтарға ұқсай ма, жоқ, құлағынан от шашқан, танауынан жалын төгілген қос мүйізді шайтандар, топырлап құлап жатыр. Бір-бірін қолынан ұстап, айналып билеуге көшті, жүздері бал-бұл жанады, ол үстіңгі қабатта, табалдырық алдында тұр, оны елеп жатқан ешкім жоқ, басынғандық деген осы. Ақырып қалып еді, бәрі түгел айна ішіне қайта қарғып-қарғып кіріп кетті. Ортада жаңа сөнген от қалды, түтіні бықсып өшіп жатыр.

Ол сатымен түсіп келе жатып, қарсы алдынан шоқтай жиылған, тізелерін құшақтап жадырап күліп отырған үш жылқышыны көрді, қолдарын отқа қақтап ақырын жылынады, оның келе жатқанын байқап, орындарынан тұра бастады, бірақ, солға бұрылса, олар сатыға қатар, сәл артта, айнаға қарсы отыр екен, қисайған айнада үшеуінің бейнесі жарқырап шағылысады. Үшеуі де айнаға кезек-кезек күмп-күмп берді, қойып-қойып кетті, құмығып жылқы кісінегені естілді. Болды… жым-жырт – құлаққа ұрған танадай тыныштық.

Бір сәт ол айна қарақұрдым емес пе екен, деген ойға қалды. Екі әлем арасындағы космостық өткелдер. Сол күні кеш жатты, кірпігі айқаспай қойды, көпке шейін ұйқысы келмеді. Бір уақ түнде оянса, айна ілген бөлмеде біреу ән салып тұр. Дауыс жас, бала дауысы, ән шырқап жатып ара-арасында сыңғырлап үздіксіз күліп алады.

Ескі үйдің тұрғындары бұрынғы айнаны техникалық шатырға шығарып тастаған екен. Себебі, үйді сатып алған соң, баз біреулер, құтылуға кеңес беріпті. Айна, он сегіз мың ғаламның есігі, ебін, ретін тапқан адам ұзақ қарағанда ішіне түсіп кетеді, кейде айна өзі жұтып қояды, кейде адамдар өздері батады, сөйтіп, көп ғаламның біреуіне көшіп, із-түссіз жоғалады не шексіз ғарыштың бір түйршігіне айналады.

Бірақ, осы өмір оған ұнайды, басқа бір жаққа қоңыс аудару туралы ойлап жүрген жоқ.

Сосын, жаңа қожайындар бұрынғы иелерінен қалған айнаны шүберекке орап, иесіз жатқан шатырға шығарыпты.

Жергілікті базардан жаңасын сатып алған екен. Үйге әкелгенде, бәрі таңырқап, екеуінің тілдескенін көріпті. Жасырын, қаға берісте. Сөйтсе, қос айна бұрын бір үйде тұрған таныс айналар боп шығыпты. Ең қызығы, шатырдағысы төменге түсіп, екі айна түні бойы бірге үй шінде қыдырып жүреді екен, бұрыш-бұрышты, қалтарыс-бұлтарысты аралап, бөлмелерді, қуыс-қуысты адақтап, сосын, ойнап бір-бірін жұтып қояды екен. Таң сәулесі қылаң бергенде, елең-алаң бір-бірін қайта құсып тастайтын болса керек.

Кезінде, бір шаңырақ астында, бір бөлмеде, бір-біріне қарама-қарсы тұрған екеуі бой үйренісе келе, батылданып күндіз де тіл қатысатын бопты.

Талай той-думан, қызу әңгіме, би… сан рет үстеріне шампан төгіліп, кейбір есерсоқ қонақтар жүзіне виски шашып жібергенін де ұмытпапты. Реніші бар, адамдарға өкпелі. Қорлығын, қарғысын қалай ұмытады. Тепкіледі де, шапалақпен тартып жіберді де, таяқпен ұрды да, жұдырықтап соқты да.

Кейін, түннің бір уағында, белгілі бір мезгілде, мебельдерге тіл бітіп, бәрі ортаға жақындайтынын білді, үлкен мәслихаттар құрып, мәселелер күн тәртібіне көтеріліп, шешіліп, әңгімелер жүргізіледі, деседі.

Әмірші, ең үлкен тоңазытқыш, бұйыра, өктем сөйлеп, бәрін тықсырып отыратын болса керек. Тоңазытқыш, рефрижезатор, шағын мұздатқыш топтасып өз тілінде сөйлеседі екен.

Күндердің күнінде ол айнадан шаршады. Күресінге апарып тастаса, не болады. Қайтып келуі мүмкін бе. Онда, сындырып, қала сыртына лақтырып кетсе ше.

Айна әлі өзін толық көрсеткен жоқ, бір күні жұтып қойса, жұрт қайдан іздейді, басқа планетаға түсіп, құрдымға кетсе ше… Әйтеуір ол білмейтін бір пәле бар. Соңғы кездері айнаға қарамайтын болды.

Сіз айнаға ұзақ қарасаңыз, біраздан соң, айна да Сізге қадалып қарай бастайды, сол кезде кімді кім жұтып қояры белгісіз, қарақұрдым бері құйыла ма, әлде, ол қарақұрдым құшағына құлай ма.

Ақыры, шатаса бастады, қазір қай дүниеде жүргенін шатастырып алды, көзін ашқанда маңдайымен айнаға сүйеніп тұрды. Мүмкін, айна өзіне түскен күн  сәулесін жұтпайтын да шығар, тек теріс бағытын оң жаққа қарай бұрып жіберіп отырады, оны іздеген қанашама ағайын жұрт бар, айна соларға сол бір нұрлы сәулені, шұғыланы бөгемей, бір сәт те кідіртпей жеткізіп тұрады.

Күллі әлем – Күн перзенті.

Күн Құдайдан туған…

Кенет үй қопарылды. Оянғанда, қайда жатқанын білген жоқ. Басын көтерсе, үйдің жартысы ғана бар. Төсегі – опырылып бұзылған қабырғалар – шетінде, жедеқабыл тоқтапты. Қапелімде құлаймын, деп ойлады. Құлады. Көзімен айнаны іздеді. Тапты. Айна қарайтын сияқты ма, жоқ, айна күліп тұр.

02.05.2021

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here