Дидар АМАНТАЙ

ПАНАР ШАМДАР

новелла

Қыр етегінде қымтанып жатқан мезгілсіз уақыт мегаполисті жайлап қараңғылық басып келеді, бәлкім, ажарын кір шалды ма, әлде келбетіне дақ түсті ме, Күн, аяулы, бәрібір, аяулы, алдымыздан із-түссіз қозғалып, таң атқалы, кеш батқанға дейін, сандықтас шоқы, таулы қырат, кең сақараны адақтап, аралап, ту сыртымыздан кетіп – кенет қарсы жақтан көрінді. Батыс көкжиегі, қыр астына алаулап, ауып барып құлаған алтын жал, алып, қызыл арай өрт лаулап жанып жатып ақыры – ақырын сөнді. Тосын, тайқып ұясынан қайта шықты. Шапағы байрақтардай желбіреді. Күн сәуле төгіп, нұр шашып қалды да, түкпірде, қиырда  көзден ғайып болды.

Әдетте, түн, ұлы түн, ақшам жамырап, ымырт жабылғанда, тыстан, зәулім ғимарат терезелерінен, түн, ұлы түн, пәтер ішіне, түбінен, біртіндеп қою түтін түстес түнек жібереді, жадта, бірте-бірте тар бөлмелер тарықты, қарайды, желге-өзектен енген қараңғылық иісі ауаны жайлады, соңыра соңынан телміріп назар тастады, қалың иіс көп орын алады екен, қала жүрегі алқынып, тынысы тұншығып кетті.

Перделер түріліп, таңғы шықпен қатар елең-алаң тамызға, шілде Күнін қарсы алуға шыққан алматылықтар серуендеп қайтқан соң, ас ішті, кеңсенің күні ұзақ қызметін атқарып, кеш батқанда, ұясына, үйлеріне жұмыстан қайтып жатты, есіктердің құлпын кілтін бұрап ашып, қалалықтар табалдырықтан аттады, босағадан төрге оза берген кіреберісте – шам жақты.

Көз байлана қойған жоқ, алакөлеңкелі көшелер бір хабарын күтеді, қызыл іңір, алагеуім шақ, баған басына ілінген панар шамдар қаз-қатар тізіліп тұр, қараңғылық қоюлана түсті. Кеш соңы, түнек орнап, түн ауғанша, көшеге жарық келуі тиіс.

Әуелі шамның біреуі жанды, сосын, іргесіндегі қосылды, іле-шала, мархабат,  шыр айналған тағы бір шырақ жарқ ете түсті, парадта шеру тартып, панарлар легі кезек тұтанып, нұр шашып, жылдам алыстады, от байлаған ағаш сырғауыл қараңғыда түн жарып, алаулап көшіп бара жатқан тәрізді, жарықты бір-біріне тамызып жатқандай күйге ұшыратады, кезектесіп жанып, жарық ұзай береді, төртінші, бесіншісі, жол жағалап келе жатып молайды, ондаған, жүздеген, мыңдаған бағаншамдар сан ауланы, көп бульварды, ұзын даңғылды жайнатып жіберді – алтыншы, жетінші, сегізінші. Сатылап тауға шықты, баспалап баспалдақпен төмен құлады. Тұс-тұстан қиылысады, жан-жақтан қаптайды, қиырдан қол бұлғап өзіне шақырады, ілгерілі-кейінді, ары-бері, алға-артқа жарық тасымалдап, көлденең жерден бұрылып, қалтарыстан теріс айналып, қашып жүрген өрт қаланы самаладай жарқыратады.

Енді, жел көтеріліп, ашық-шашық терезелер тарсылдап, нөсер құйып берді. Тротуарға жоғарыдан қараса, қолшатырлардың төбесі ғана көрінеді. Су екпіндеп ағып, шет-шетінен айнала жерге құйылып, халықпен бірге жауын-шашынға шомылып, – ағылып келіп жатыр, ағылып кетіп жатыр. Тау суындай таусылмайды, бірақ, бір күні аяқталады. Өйткені, басталған нәрсе аяқталады. Бір күні. Қолшатыр нөпірі бағдаршамға жетіп іркілді. Қиылыста топтасып, шоқтай жиылды. Көл жағасындай, өзен сағасындай – иірілді. Қарсы жақтан екінші тасқын көтерілді. Қызыл түс жанып, автомобильдер қалт тоқтады, жаяу жүргіншілер алға озды, аңғар, арнаға толды.

Түс ауысқанда, кезек алмасады, жеңіл машиналар жөңкілі көбейеді, қашанда күреске дайын, жарыса, жағаласа кетеді. Бір-бірін итермелеп, сыйғызбайды, қыспақтап, қысылып-қымтырылып, өңмеңдеп, кимелеп келеді.

Кезек қайыра жүргіншілерге тиді. Бағдаршамға бір-екі минут ерте жеткендер жасылды күтіп тұр. Қолшатыр ұстаған күллі жұрт әрі толқиды, бері толқиды, жолдан тез өтеді, қызыл жанғанда тұра қалады, жаяу қызылда тоқтап, жасылда – автомобильдер ақтарылады.

Тағы сең қозғалды. Қолшатырлар бір-бірін іліп, жанамалай қағып, мүйіздеп, қайыра жүре бастады. Жаңбыр оркестріне елтіп, амбреллас шоғыры билеп бара жатқандай көрінді.

Қоғамдық көлік маршруттарының соңғы рейсі, аялдамаларда үлгермей жатқан жолаушыларды күтіп тұр. Екі кештің арасында алып-ұшқан, асыққан машиналар енді аса сабырлы, маңғаз, салтанатты.

Бағандар басына ілінген панар шамдар да аса сабырлы, маңғаз, салтанатты. Қалқиып тұман келе жатыр. Қала пейзажы әлдеқалай мұңлы, образында – адасқандық, дағдарыс бар. Қалың тұманда бәрі адасады. Финал – фабуладан емес, сюжеттен белгілі. Диспозиция – күңгірт, бұлыңғыр, сай ішіндегі қала сайланып отыр, түн ауған соң, тез, елең-алаң, таң алды, алғашқы арай сыз бергенде, Күн шығады, панар шамдар бір-бірлеп сөнеді, жаппай, бірден емес, бір-бірін күтеді, екпіні, инерциясы бағдаршамға байланысты, қанша халық өтіп үлгеретініне тәуелді.

Сосын, – кері.

Қалыптасқан темп. Таңертең өшкенін көреміз. Ритм сақтала ма, жоқ па, ертең айқын болады.

Ішкі монологты алып тастасақ немесе жазушы сөзін кейіпкердің ойына айналдырсақ, автор мәтінде өледі. Мәтінде, шартты желі, иесіз әңгімеде, сөйлеп тұрған кім, қайта-қайта оқырман оқып жатқанда, кейіпкер ойын, ниетін таразыға тартып, ырықсыз, күштеп көмектесіп отырады, алайда, нәтижесі керісінше, қаһарманға баға беріп, мінездеме жазып, жаңылыстырып кетеді.

Қаламгер панар, қолшатыр, бағдаршам туралы қалам тартқысы келді. Ешқандай мораль… ақыл қосып, кеңес айтуды ойлаған жоқ, бірақ, автордың сөзі мәтінге араласа береді, жазушыны қорғайды, қамқорлығына алады, оқырманға түсіндіреді, сірә, әріптесіне сеніңкіремейді.

Түн – өтіп, таң атты.

Тұман қамаған панарлар сағат тілі жетіні соққанда, бір-бірлеп сөне бастады. Бір жағынан, қашып бара жатқан сияқты. Қашыққа. Бір жаққа. Белгісіз бір жаққа. Белгісіздік ұзақ сапарларға шақырып тұрады әрі анықталғанша – күдерімізді үзбейміз, анықта – арман жоқ. Үміт жүзі – күңгірт, бұлыңғыр, буалдыр.

Емеурін еліктіреді, мөлдір айтса – күмән көп, неге?

Қалыптасқан темп. Үйреншікті. Таңертең өшкенін көреміз. Ритм сақтала ма, жоқ па, ертең айқын болады.

Емеурін еліктіреді, мөлдір айтса – күмән көп, неге? Күн ашылып кетіпті. Тізілген бағаншамдар қалтарыста жасырына бере, жоғалыпты.

Әрекетке құрылған сөйлем құрап келе жатқанда, әйтеуір бір жерден автор килігеді, оқуға, бейтарап жазуға мұрша бермейді, араласып…

Әлқисса, авторға өлім тілеп қайтеміз, жұрт іздегені – бақыт, қаза барда, несіне қуанасың, дерт күтіп, ғұмырымызды улап.

Қысқа жазғанды қалың қаламгер жақтырмайды, ұзақ мәтінді сирек оқырман сүймейді. Ортасы жоқ. Үш беттен асқаны – көп, екі бет аз, үш пен тоғыз арасы – дәл.

Панар, бағаншам алдындағы – бағамшамдар. Түн көрінді. Әркім аспанға қараймыз, түн екі аяғы көктен салбырап түсіп келе жатқанын байқаймыз. Таңға дейін таңырқап жұлдыздарды түгендейміз, түнде басқа не істейсің…

 

27.04.2021

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here