Дидар АМАНТАЙ. “КЕНЕСАРЫНЫҢ ӘНІ”. Монодрама

349

Дидар АМАНТАЙ

КЕНЕСАРЫНЫҢ ӘНІ

 Пьеса: тарихи монодрама

 

Еркін жел бүгін тынықсын,

Ақындар әнін ұмытсын.

Ерке ұлын іздеп жоқтаған

Туған жер зары естілсін…

От тиген қалың ағаштай

Жалындай кетті-ау Кенекем.

Нысанбай жырау

 

Қырғыз жері. Кекілік тауының етегі. Майтөбе. Күндердің күнінде қалың қоршауда жатқан қазақтың соңғы ханы Кенесары жау шебін бұза-жарып, селді-ретіп өте шығамын деп, қапыда қолға түседі. Қырғыз манаптары оны биік әрі жуан ағаш мәткеге жіппен шандып, байлап тастайды.

Дат!

Төңірек шулаған ел-жұрт, шапқылаған жаушылар, майдан даласынан қайтқан шеріктердің жорық жыры, баланың үні, зарлаған әйелдер.

Дат!

Сахнада – Кенесарыдан басқа ешкім жоқ.

Дат!

Ей, ағайын-туыс!

Қайран Сарыарқа, сайыпқыран сарбаздарым, киіз туырлықты қазақ елім! Сүйек-шатыс қырғыз халқы.

Сөзім бар.

Қоштасатын күн туды.

Қарасуық, аяқты тізеден байлаған батпақты өзен екен, әскери кеңес сорға бола қоршауды талқандап қақ жарып өтуге шақырды. Жан-жағымнан қардай борап оқ жауғанда жауынгер сарбаздарым кеудесін тосты, өздері – шаһид, бірақ, ханы аман қалсын деді.

Тұлпарым суға батқанда, астындағы атын берді. Атымды батпақ жұтқанда, қайтадан мінген қазанатын алдыма көлденең тартты.

Кекілік, Майтөбе – жеткен жерім осы болды. Бұл төрт елдің біріккен айласы еді. Жау шеңгелінен құтыла алмадық.

Балқаштан көтерілген шеріктерім Алатауға дер кезінде жете алмай отыр, етекте қалың қолды тосқан шағын топ едік, негізгі күшті жолда патша әскері бөгеді, қарсы жаққа Қытай мен Қоқан қару-жарақты үйіп-төкті, тіпті, манаптарға жиып қол берді.

Мен жалғыз алыстым.

Бабаларым! Өкінбен!

Өкінішім – егіз елдің басын қоса алмай кетіп бара жатқаным.

Күні кеше ғана қырдағы Сақарадан өрдегі Жетісуға жорыққа аттанған едім. Патша тегеурінді екен. Өрісіміз тарылып, жеріміз қусырылды. Өзіміз тықсырылып, атамекенімізді тастап шықтық. Екі елден қол жинап, ғаскердің басын құрап, қайта шабамыз деген оймен, ұлы бабам Абылайдың туын көтеріп Кекілік тауы ете-гіне келдік. Ту жүрген жер – біздің отанымыз. Көк байрақтың жеткен жері – шекарамыз. Қадім заман, ілкі уақыттан солай.

Еншілес, қоңсылас жұрттың бабама берген серті бар еді.

Атам ұстаған алдаспан қазақтың өрісін аңғартты. Талап – ханнан, серт қарадан болды.

Бай-манаптар қулық жасап, серттен тайды. Ел арасы ашылды, ер арасы алыстады. Өзара күрес – бұл көшпелі қос жұрттың маңдайына жазған тауқыметі ме еді. Бір атадан туғанымыз рас емес пе!

Дат!

Батырларым, қош, жарық дүние, қош. Қош айтысып, жорық жырына құлақ сал, ағайын. Қыпшақтан келе жатқан жаугершілік сарын.

Баяу салған әнім болсын, елге деген сағыныш сазы болсын, ер ұрпақтың күркіреген ұраны болсын. Тыңда, халқым, алаңдап, елеңдеп жатқан елге айтқан дұғай сәлемім болсын!

Қош!

Жайлап музыка естіледі. Қол-аяғы байлаулы Кенесары тік тұрып ән (шартты түрде) бастайды.

Қазақ – Шыңғыс хан жұрты. Төреде қақысы бар, төлеңгітте ақысы бар. Ғасырлар қойнауынан жеткен жаужүрек сақ, ержүрек ғұн, көне қыпшақ мұрагері.

Өсиеті бір – оның түркі аты мәңгілік болсын!

Біз, дабысы әлемді дүрліктірген Шыңғыс ханның жиырма бесінші ұрпағы, алаштан айбынды ел, меке-німізден қуатты мемлекет жасаған, ел басына күн туған қиын-қыстау күндері ұлтты жойылу қауіп-қатерінен сақтап, жарқын болашағына даңғыл жол ашқан, киіз туырлықты қазақтың сайыпқыран ханы, ұлы Абылай жолымен келдік.

Жас Әбілмансұрдың қалмақ батыры Шарыш-ты жекпе-жекте өлтірген тарихи кезеңнен, жоңғар халқының түбегейлі қырылған қырғынын бейне-лейтін

Шаңды жорыққа дейінгі, Абылайхан қатысқан уақиғалар әсте ұмытылған емес, ел есінде.

Әлқисса, төрт ғасырға созылған Қазақ хандығы бабаларымыз Керей мен Жәнібектен басталды.

Соңғы ханы мен – Абылайдың немересі – Кенесары.

Басын төмен түсіріп, үнсіз қалады. Сосын:

Абылай, Абылай, –деп айқайлап жібереді.

Ұлан-байтақ сақарада үдере көшіп-қонып жүріп айбынды Қазақ Ордасын құрған алаштың алып хандары ел үшін бейнет кешті. Мамыражай шақ орнаса, ел алаңсыз шаруашылық жүргізіп, жұрт қала салып, үй тұрғызар еді. Еңбектің жемісін, бейнеттің зейнетін татар еді.

Алыптар аттан түскен жоқ.

Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан он төрт ұл тарайды. Он үшінші перзенті Тоқай-Темірден – Өз Темір, одан – Қожа, одан Бадағұл, одан Орысхан, одан – Құйыршық хан, одан Барақ, одан – қазақтың дербес мемлекетін Керей ханмен бірге құрушы Әз-Жәнібек атанған Әбу-Сағит.

Әз-Жәнібектен үш ұл: Қасымхан, Сөк, Жәдік туады. Оның кіші баласы Жәдіктен – Шығай хан, одан – Есімхан, одан – Жәңгір хан (жұрт оны “Салқам Жәңгір” деп атап кеткен), одан – Уәлибақы, одан – “Қані-
шер” Абылай, одан – “Көркем” Уәли, одан – Абылай хан (Әбілмансұр) туған.

Даңқты бабамыз хан Абылай Көркем Уәли сұлтан ұлы 1771-1781 жылдары қазаққа хан болды. Абылай атам – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы еді.

Керейдің бір ұлы Бұрындық болмаса, алаш ханда-рының бәрі Жәнібектін кіндігінен тарады.

Бас иеміз!

Қазақ жұрты ғұмыры сарайда сән-салтанатпен өт-
песе де, шапқан жауды тас-талқан қиратып, бетін қай-тарып отырды.

Кезінде, аласапыран, жаугершілік жылдары Алатау, Ыстықкөл, Талас, Нарын, Қарақол жайлаған ағайынмен бірге, тізе қосып, бір тудың астына жиналып, жеріміздің қомақты бөлігін жаулап алған ортақ жау – торғауыт, қошауыт, ойрат, дүрбіт – төрт рулы жоңғарларға қарсы қатар қимылдап, майдан ашып, соғысқан едік.

Кәрі тарих куә.

Туын желп-желп көтерген лек-лек ғаскерін бірлесіп талай талқандадық.

Көшпелі қазақ өжет еді, айбынды еді, алғыр еді.

Енді заман өзгерді, Абылай қазасынан кейін қа-зақтың басынан бақ тайды, бақыты күйді, маңдайы жарылған кез, бозторғай заман көзден бұл-бұл ұшты.

Жоқ, біз елді құтқару үшін, дербестігін сақтау үшін дүниеге келдік.

Бірақ, өз төрелерім, өзге бауырларым, патша берген шенге қызықты. Аға сұлтандықты дәреже көріп, ұлы Абылай ұрпағы, тақ мұрагері деген атақтан айырылып, кішігірім аймақтың шенеунігіне айналды.

Бас мұрагер Ғұбайдолла сұлтанды жақтап, Қасым сұлтан әулеті патша низамына, теріс іс-әрекетіне қарсы шықтық. Саржан-Есенгелді көтерілді, біз қосылдық. Ерте жасымнан екі ағама еріп, жауға аттандым. Тек үлкен бір ағам ғана жақтасқан жоқ, тіпті, мені қарақшы деп атап, Ресейге жағамын деп, маған тор құрды.

Ол атақ-дәрежеге қызықты, мен қазақ мүддесі үшін күрестім.

Әлқисса, Абылайдың басқа балалары да қазақ мұ-ратын сатты. Маман Абылаев, Рүстем Абылайханов, Шыңғыс Уәлиұлы, сұлтандар Қоңырқұлжа Құдаймен-дин, Күшік Айшуақовтар.

Ықылас білдіргендер әрі патша алдында ант-су ішкендер арасында Шаң Едігенов, Шорман Күшіков, Мұса Шорманов, Шеген Мусин, Омар Шипиндер бар.

Уа, қазақ, белді бекем буын, салмақ өзіңе түсті. Бұрын бірге көтеретін едік, бірлесіп көтерген жүк жеңіл еді. Енді, тентіреген елге пана бола алмай кетіп бара жатырмын.

Керей-Жәнібек дәуірінен бастап, қала салуды арман-
дадық, егіншілікті қаладық, отырықшылық мұраты-мызға айналған еді.

Көшпелі салт жаудың бізді көгендеуіне жақсы екенін білдік, қамал, бекініс, қорған тұрғызуға қолы-мыз жетпеді, тоғыз ұрпағы тоқсан тоғыз мәрте, кезек-кезек шапқан жаудың жорық-жортуылы ес жидырмады, елді ұйытуға уақыт бермеді.

Қазақ еңселі ел болса деген арман күйігі кеудемде кетіп бара жатыр. Ірге бекіте алмаған ұлыстың соры – өзегімді өртеген өрт.

Мен қазақ үшін басымды қатерге тіктім. Мың сегіз жүз жиырма екінші жылы жаңа низам шығып, Қазақ хандығын жойғанда, күллі қазақ жері империялық патшалықтың мемлекеттік меншігіне заңсыз өткенде, біз, Қасым сұлтан үрім-бұтағы, тегіс қарсы шықтық. Қарсылық күресін ұлт мұраты, ұлысымыздың мүддесі деп жарияладық.

Төре атқа мінгенде, алашқа қайрат бітеді.

Әлқисса, мың сегіз жүз қырық бірінші жылы мені хан көтергенде, алты алаштан жақсы-жақсы хабар келді. Төңірегіме алаштың алғадай батырлары топтасты.

Үш жүздің қазағы сарбаздарын жіберді, арба-арба азық-түлік әкелді. Көтерілісшілер қатарында татар, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, ноғайлар да болды.

Татар Әлім Жағудин, өзбек Сайдақ қожа Османовтар бізге қосылды.

Жаз айларында Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алдық. Иман батыр атын омыраулатып қақпаларын қиратып өте шықты. Қиян-кескі ұрыста өзі қаза тапты. Ағызып келе жатып, қаз мойын зеңбіректерге бұғалық тастап, айдалаға сүйретіп әкетті. Үрейленген жау жан-жаққа бытырап қашты.

Бір жылы Троицк қаласын қоршап, өртеп жібердік. Патша станицаларына от қойдық, бізді соңымыздан қуып жетіп тұтқынға алмақшы болған жазалаушы отрядтар жер сипап қалды, алты күн ішінде біз Арқаны көктей өтіп, төтелей кесіп, Қаратауға шығып кеттік.

Ресей патшасына қарсы ұйымдасайық, тізе қосып, бірігіп күресейік деп бейбіт ниетпен барған екі ағам Санжар мен Есенгелді 1836 жылы Ташкентте, түн ішінде, кешіктіріп әкелген ас алдында, құсбегі бұйрығы бойынша қастандықпен өлтірілді, иманы саламат болсын, әкем Қаратау, Түркістан арасында сәждеге жығылып, Құран оқып жатқанда опасыз жау – қоқандықтар қолынан қаза тапты. Иманы саламат болсын!

Ағайын-туыстарым да қатарыма сапқа тұрды. Бауырларым Наурызбай, Әбілғазы батырлар, әпкем Бопай алты ұлымен бірге, жиенім Әділғазы, інілерім Құшақ пен Мұса, немере інілерім – Саржан ұлдары Ержан, Құдайменді, Иса, Қошқарбай, сұлтандар: Тайшы, Сатыбалды, Әти Дайыровтар қосылды.

Ғаскерім – ер, көлігіміз ұшқыр еді.

Төбемізде желбіреген көк байрақ қазақтың елдік белгісі болатын.

Желбіреп қанша тұрады, ел де сонша өмір сүреді.

Патша өкіметі бізге Елші салып бейбітшілік сұ-рады. Екі жыл ішінде еркін жүріп, ел аралап, әр ауыл-ға күзет қойдық.

Тыныстап, тынығып алдық. Қарамыз көбейді.

Сол батырларымның көбісі жоқ, бәрі дерлік тәуел-сіздік жолында шаһид болды.

Есіл ерлерім, енді кезек бізге келді.

Күресіме өкінбеймін, қапы қалғаныма да өкінбеймін, өзекті жанға – бір өлім, елімді аңсаған арманына, қол созған асыл мұратына жеткізе алмадым-ау деп өкінемін.

Қырық жерден қырық сүңгі қадалса да, көзімнен бір жас шықпайды. Елім менің ер өлімімді көрсін, ертең қазаны бүкіл жұрт естіп, еңсесі түспесін, керісінше, қаһармандығыма таң қалсын.

Менің қазам қазақтың аңызына, шапқан жауға қарсы көтерілгенде салған ұранына айналсын. Шайырлар қисса-дастандарында, дәулескер күйшілер – асқақ күйлерінде, қобызшылар – тартқан тарихи сарындарында жырласын. Мен алаш халқымен біргемін.

Қыпшақ, төртқара, жағалбайлы, табын, тама, шөме-
кей, бағаналы, шекті, алшын, найман, керей, жаппас, арғын ішінен қарпық, темеш, қаракесек, атығай, қарауыл соңымнан ерді. Дулат, жалайыр, шапырашты, уақ қосылды.

Даладағы дабылыма, қырдағы дабысы ма үш жүздің үшеуі де ерді. Бұғып қалғаны жоқ, қалың бұқара түгел көтерілді.

Бұқпантайлап қашқан жауды дүркірете қудық. Қол бастаған батырларымды айтсаңшы. Шұбыртпалы Ағыбай, сүйіндік Жанайдар, қыпшақ Иман, табын Жоламан, атығай Аңғал, дулат Бұғыбай, қыпшақ Басығара, шапырашты Саурық, арғын Жеке, арғын-төлек Жәуке, қарауыл Баубек, керей Қошқарбай, төртқара Байгелді, Әйгері, берді Сүгірбай, дулат Жәуке, Сұраншы, Бәйсейіт, Байтабын, тама Құрман, Шыңбай, Құдайменді, Сүтен, Шоқмар.

Тегіс есімде, бірін де ұмытқан жоқпын. Бірі қазақ мұрат-мүддесі үшін шаһид болды, бірі – қоршауға түсті.

Елім деп еңіреген ерлерім тәуелсіздік жолында ақырына дейін қайрат көрсетті.

Күресті. Майдан ашты, жаумен алысты, дұшпанды тас-талқан етті.

Қазақтар! Киіз туырлықты айбынды қазақтар!

Қаһармандарым!

Еңіреген елім! Ержүрек алашым!

Пауза. Үнсіздік. Жаймен, қоңырлатып:

Соңымнан – қара орман халқым қалып бара жатыр!

Халқым аман болсын!

Соңымнан – ұлан-байтақ жерім қалып бара жатыр!

Жерім аман болсын!

Дауысын күшейтіп:

Халық аманда, жер үшін күрес тоқтамайды!

Жерсіз ел, елсіз жер жоқ!

Күркіреп:

Бір ғана өсиетім бар:

Азттық! Азаттық! Азаттық!

Баяулатып:

Тыңдайсың ба мені, Арқа, Атырау, Түбек, Сыр, Же-
тісу, Алтай!

Бұны айтып тұрған мен – КЕНЕСАРЫ – қазақтың ең соңғы сайыпқыран ханы!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here