Дидар АМАНТАЙ

“ЗАПОЙ” КҮНДЕРІ

әңгіме

Del Papa – жақсы ресторан. Сірә, италиялық ас мәзірі көңіліне жақты ма, дастарқан басында ұзақ отырып қалды, алдында – виски.

Түн мезгілі. Шулы той-думан кешінен асығып шықты да ресторанға келді. Күткен ешкім жоқ, бұрыш-бұрыштан күбір-күбір әңгіме шерткен шерменде дауыстар естіледі.

Естелік айтып отыр. Әредік, түнді жарып жарқын-жарқын күлкі шығады. Күлкіде мұң жоқ, сөзде – қуаныш.

Вискиден ішті. Өңешін жыртып, тамағын өртеп, кеудесіне толды да, жан-жағын қыздыра бастады. Дүние жап-жарық. Кенет жап-жарық дүниені, күллі әлемді, қаланы, көшелерді, “Орбита” шағын ауданын, Del Papa ресторанын жақсы көріп кетті.

Төсқалтасын тексеріп қойды. Әзірше, ақшасы қалың, қолы ұзын, сапары ұзақ. Кімге қоңырау шалса екен, Әдеміге ме, Сұлуға ма, Бануға ма? Шара жөн бе, көптен көрмеді, сағынды.

Жұрт ерте тарқап, кеш бойы аңдып отырған қызынан көз жазып қалды. Қайран, Шарафат, қай бозбаланың құшағында кетіп барасың. Мені тастап, қайда бастап… нені.

  • Әдемі үйде ме екен?
  • Ол Қарағандыда.

Тұтқаны тастап жіберді. Қайта терді. Үлкен терезеден тысқа қарап тұр. Көктем алды, қар еріп жатыр, іргесі сөгілетіндей, биік, күртік, мол емес, шағын, тұс-тұстан жер қарайып, ала қанат жол аласапыран су болды. Жылғалар жүйткіп ағып барады. Былтырлары иірімде, қалтарыста бой жасырған ескі алмалар байлаудан босап, қоса сырғанап келеді.

  • Сұлу ма?
  • Неге звондайсың, ел ұйықтап жатыр.
  • Кешір.

Енді Бану қалды.

  • Қазір.
  • Бану?
  • Иә, мен.
  • Күтіп отырмын.
  • Қараңғыда?
  • Ресторанда.
  • Науан, үнемі кеш хабарласасың, шықпай қояйын десем, барғым, көргім

келеді.

Бағаншамдар жанып тұр. Көше алакөлеңке, кішірейіп бара жатқан тоқ-тоқ, жал-жал үйінді қар атаулы қызыл күреңденіп көрінеді. Бану… кезінде қандай еді, енді үйінде отыр. Шырмалып. Кафеден шықпайтын, түн ауып, таң атпай, кері қайтпайтын, қазір пәтерінің табалдырығынан сыртқа аттап баспайды. Өзі шамалының бәрі үйлі-баранды болды, ол ғана қызық-думанды асау жастық шақтарының көмескі белгісіндей кейде кездейсоқ бір кафеде жалғыз өзі қалқиып сыра ішіп отырады. Екпіні қатты көліктер бағдаршамға жеткенше жан-жағына шашыратып сулы қар лақтырады.

Бану келгенше, уақыт көп. Сәнденіп, жұпар шашып, қасы-көзің бояп, босағадан көрінеді.

  • Официант!
  • Иә.
  • Тағы үш жүз грамм виски.

Телефонын қарап, әлеужелілерге кіріп, бірнеше жаңа пост жазды. Көңілі көтеріңкі. Фейсбукте жұрт қашанда асығыс, бір-бірінің жазғандарына жылдам-жылдам көз тастап, қаптатып жол-жөнекей лайк басады, шап-шағын мәтіндердің өзін, тоқтап, байыптап оқымай өте шығады, әбігер, тез-тез парақтап, ілгерілеп жатады, бір нәрсені тиянақтап басынан аяғына шейін қарай алмайды, тұс-тұсынан жылт-жылт сілтемелер, жанып-өшіп жарнамалар қаптайды, бітпейтін бір қарбалас, әлеужеліде ұйқы жоқ, қашанда ояу, сергек.

Виртуалды әлемдегі ғұмыр реалды уақытпен жүреді, бірақ, мекені, тұрғылықты жері бөлек, басқа, бір уақытта екі кеңістікте өмір сүреді.

Басын көтеріп еді, Бану кіріп келе жатыр екен, оның да фотосуреті астында жасыл түс жанып, жаңа өшті, ресторан босағасына жедеқабыл жерде сөндірген тәрізді. Ол қарсы тұрды, екеуі құшақтасты, бір-бірінің жүзінен сүйді.

  • Шешін.
  • Қазір.

Қызыл телпегін іліп қойды, пальтосын шешіп, қолына берді. Сосын, тағы құшақтасты.

  • Виски?
  • Иә.

Екеуіне тең етіп құйып қойды. Ән төгілді.

  • Сағындым.
  • Өтірік.
  • Рас.
  • Елдің көзінше… сүймеші.
  • Мауқымды басайын.
  • Ең соңғы вариант болдым ба?
  • Неге?
  • Жанетта, Жоржетта, Антуанетта…

Күлді.

  • Кезінде жігіт-желең соңымнан шұбырып жүретін еді.
  • Қазір де шұбырады.
  • Қайда, қадіріміз түскелі, көзден бұл-бұл ұшты.
  • Бұйырғаны.
  • Өзі де.
  • Қанағат.
  • Кешегі талап жоқ, сарқытына тойып, қаспағын қанағат тұтып жүрміз.
  • Бәріміз де қартайдық.
  • Бүгін таңдауда жоқпыз.
  • Е, неге?
  • Кезегімізді күтіп іштен тынамыз.

Ол тартып жіберді, іле-шала Бану да ішіп салды. Бойлары қызды. Бұл жолы ашық сүйісті.

  • Ұят болды.
  • Ештеңе етпейді.

Бану екеуі вискиді жақсы ішті.

  • Қонақүйге кеттік пе?
  • Кеттік.

Такси шақыртты. Ақысын төлеп, есік алдына шықты.

  • Таңертең қайтасың.
  • Жарайды.

“Royal Tulip” – қымбат. Бәрібір, кісі құны емес. Не де болса, бастады, бүгін ішеді. Қонақүйде тағы виски алдыртты. Шам түбінде отырып ұзақ ішті. Таңертең оянғанда, Бануды таппады. Ватсаптан хабарлама көрді: “Я дома, спасибо за вечер, Науан, всегда твоя Бану”.

Орнынан тұрып, үстелге тақады. Вискиді ашып, фужерге құйды. Үйден қоңыраулар келе бастады. Извини, супруга, у меня дела.

Қонақүйден кешке жақын шықты. Кафеге кіріп, конъяк сұрады. Ақысын төлегенде байқады, ақшасы азайып қалған тәрізді.

  • Тағы?
  • Жоқ, рақмет.

Даяшы жақсы қыз екен, далаға шейін шығарып салды. Ол “Таугүл” ықшам ауданына қарай көлік ұстады. Үйге жетер-жетпес түсіп қалды. Сол жерен асханаға кірді.

Кісі шағын. Көрші үстелде бір жас жігіт отыр. Ол да үш-төрт күннен бері ел қыдырып, той тойлап жүрген тәрізді.

Бір-біріне қарай берген соң, ол жылжып қарсы отырды.

  • Асқар. Денсаулық үщін.
  • Науан.

Арақ – ащы. Тұла бойын тітіркендіріп жіберді.

  • Бірге ішейік.
  • Жақсы.
  • Әйеліммен сүйіп қосылып едім, ақыры ажырасып тындық.
  • Қазір бәрі ажырасады.
  • Рас.
  • Тағы ма?
  • Тағы.

Жігіт тағы алып келді. Сосын, екеуі мас болды.

  • Білесің бе, әйелім екі баланы маған бермей, алып қалды.

Жылады.

  • Жылама.
  • Балаларымды сағындым.
  • Көрсетпей ме?
  • Иә.
  • Сот арқылы шешу керек.
  • Ұрлап алсам қайтеді, сосын, басқа облысқа көшіп, ізімді жасырып,

ұстатпай кетемін.

Екеуі де үнсіз. Науан ойланды.

  • Болмайды.

Асқар жүдеу. Сақал-мұрты өскен. Бет-жүзі тотыққан. Көзінен шаршағаны білінеді.

  • Автостанциялар мен теміржол бекеттерінде қонып жүрмін.
  • Адаспа, дұрыс жолға түс, басқа қатын ал.
  • Жоқ.
  • Неге?
  • Балаларымды аяққа тұрғызамын.

Екеуі үш-төрт шөлмек арақ сатып алды да, Асқар тұрып жатқан жатақханаға келді. Таңға дейін жетеді. Ең бастысы, арақ, әңгіме қашанда көп, таусылмайды.

Үй азынап тұр. Еден ескі, кір, бөлемелер лас, бірақ, нағыз арақ ішетін жер, нағыз арақ ішетін жерде арақтан басқа ештеңе болмауы керек.

  • Шақырамыз ба?
  • Кімді?
  • Қыз-келіншектерді.

Науан ойланып қалды. Ұсыныс жаман емес. Арақ ішкенде бәрі жарасады, тек ертеңгі күннің атуынан қорқасың.

  • Жарайды.
  • Наташа?
  • Наташа жоқ.
  • Науан, Наташа жоқ екен.
  • Онда, Света.
  • Света ше?
  • Бар.
  • Мен – Светамын.
  • Света, Наташа қайда?

Екеуі таң атқанша таныстарына звондап шықты. Оның арақ ішіп жүргенін бүкіл Алматы білді.

  • Мен үйге кеттім.
  • Қазір, Наташа табылып қалар.

Апта соңында екі жігітті бала ұрлап жүрген жерінен ұстады. Полиция тілі байланып сөйлей алмай тұрған екеуін өздерімен бірге ала кетті.

 

26.03.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here