Дидар АМАНТАЙ

ЕМХАНАДА

Новелла

Бір Тәңірі, деседі, он сегіз мың ғаламды жасаған құзыр, бұйрық, әмір иесі, шексіздіктің шеті, шет-қиыры жоқтың басы, бастаудың өзі,

қайнардың көзі, алапаты асқан құдай туралы не білеміз, қызыл іңірден қайғы ойлады, төрт апта, екі жеті, бір күнді әдейі дәрі ішуге жұмсады, қабылдағанда, денесі қызады, жүрегі соғады, бірде, есінен танады, бірде, өзіне келеді, бірақ, ем-домын жалғастыра берді, дәріге де шыдамдылық, ерлік, шынайылық қажет екен, жасық адам жауға қарсы жалғыз өзі шауып, өрлік көрсете алмайды, қарсылық – қайраткерлік қасиет, батыр әкеден тентек балаға енші, атадан нәсілге мұра, бабадан ұрпағына сый, сырқат қаза тәрізді күтпеген жерден күтіп тұратын кесел, нәресте тәні бозбалалық шақтан бастап, қариялық уақытқа дейінгі аралықта қартайған кәрі денесіне у жинайды,

сойы-тегі анық, жәндік жан азабына салады, тәнді бүлдіреді, өсіп-өнген удан сырқат түзіледі, жанын қинаған дерт туады, бәрін қойып, ғұмырына жармасқанда, етегінен тартып, жағадан алғанда, бір қайғы жүз қайғыны қозғайды, таң атқанша көз ілмеді, дәрі-дәрумен түнде қоздырады, дерт шақырған себептер күндіз ұйықтап жатады, кеш батқанда оянады, майданда жеңсе – салтанат, емнің күші жетпесе – езгі, қамырдай илейді, қайратын, жігерін, күшін жояды, диірменге тартқандай, дөңгелетеді, мехнат шегеді, бірі жасқанады, бірі қорқытады,

сырттан сырқат келгенде кісінің сәні кетеді, аяулы бейнесі ажарсыз, жүзі сынық, түрі солғын, әдетте, өңсіз кейпі, нұрсыз көзі, ойсыз санасы – салғырт, немқұрайды, екіұдай, тыныштық тілеп, пана іздейді, бірақ, шулап жатқан төңірегі емес, өзі, ішкі жан дүниесі,

екінің бірі, басқа қалауы бар ма, қыстың соңы, жаздың басы күреске шықты, нар тәуекел, алматыда көктем жоқ, күн серігі, соңынан ереді, қасында жүреді, байланып тұрады, ұзын саны отыз-қырық, бір айналымында күніне жеті-сегіз дәрі ішеді, үш-төрт аптаға созылады, жалпы, бес-алты кезең бар, әуелі омыртқа бойында жатқан жұлын, жүйкеге шапқан кесел атаулыны түп-тамырымен қопарып, жұлып алады, құртады, талқандайды,

күллі емдік шаралар туралы кітаптарды ақтарды, енді Innate Immunity басылымынан оқыған жақсы бір жаңалықты зерттеп-зерделеп, байыптап, ойланып-толғанып отыр, сырқатын зиянды майда тіршілік иелері шақыруы мүмкін, асқазан-ұлтабар жолдары инфекциялары шапқанда, адам тәні қарсылық ретінде альфа-синуклеин (As) белогын дағдыдан тыс, көбірек бөледі, бұл енді – ас қорыту жүйесін реттейтін энтерал жүйке жүйесінде қалыптасады, еркін көшіп жүрген нерв жасушаларымен кездесіп, қызметтесіп, әрі қарай миға өрлейді, өзімен бірге альфа-синуклеинді ала кетуі мүмкін, енді альфа-синуклеин мида шоғырлана бастайды, нейромедиатор, негізі, анау-мынау нәрсені мембранадан өткізе бермейді, алайда, патологиялық альфа-синуклеин белогы қалай бөгеттерді бұзып, кедергілерге көпір салатыны белгісіз,

патологиялық өзгерістерге ұшыраған нейрондар дофамин өндіруді доғарып, шетінен қырылып өле бастайды,

бірақ, Құдай дертін беріп, дауасын да тауып қояды екен, ой еңбегі, жадты шынықтыру – күніне жеті жүз нейронға дейін көлемде – жасуша қалыптастыра алады екен, жалпы, жүйке жасушалары саны сегіз миллиардқа жетеді, әрине, айырмашылық жер мен көктей, бірақ, үміт оты сөнбейді, түнекті жарған жалқы сәуле жарық көзіне жалғыз өзі бастап барары сөзсіз,

дәрі ішіп, қозған тәні, тітіркенген денесі, шымырлап сымдай тартылады, шектей созылады, үнемі тастай қатып шимайланып тұратын бұлшық еті әр тұстан байланып, түйнеп ауыртады, жанына батқан азаптың орналасуы да ерекше, тұрақты мекені жоқ, жұрдай, құр алақан, тұла бойын аралап, көшіп-қонып жүреді, бүгін бір жерден көрінсе, ертеңіне басқа бір тұстан жарқ ете қалады, кейбір күндері ұшты-күйлі жоғалып кетеді, бірақ, өзін сағындырмай тез арада қайтып келеді,

кітап жазуы – ерен, дәлірек айтсақ, бейнет, бір отырады, бір тұрады, бір ыңғайының ұзақтығы жарты минут, жарылқаса, бір, есік ашық, іштен кілттенбейді, ұшып-қонып жазады,

компьютерлік технологиялар арқасында қолмен жазудан құтылды, әйтпесе, сырқат келгелі жазуы бұзылды, қолтаңбасында айқындық жоқ, ажыратып болмайсың,

алайда, күш-жігеріне сенеді, екі есе көп жазуға тырысады, еш мехнатқа қарамай, жағдайына мойымай, қалпына мойынсынбай, денсаулығынан сыр шертіп, басына күн туғанына, жаны азапқа түскеніне тауы шағылып шағым айтпай, ол бір отырып, бір тұрып ұзақ жазады, оны құтқаратын басқа амал жоқ, бастағанын аяқтайтын, жоспарына енгенін жүзеге асыратын сол ғана,

әдеби жорналдар бетінде жарияланған соңғы роман, жаңа әңгімелерін оқып, қоңырау шалған жас жазушы қыз, сіз бақыттысыз, деді, кітаптары жарық көрмей, компьютерінде шығармаларын том-томға бөліп, топтап қойған оның бақыт жайлы түсінігі басқаша, көзіңде мұң бар, фотосуреттерің сәтті шыққан екен, деді бір қалқа оқырман қысқаша хабарлама жіберіп, осы дүние азабын айрыбастайтын ақша құны анық бар болса,

бесенеден белгілі, онда, тіпті, оны, сұраған қаржы мөлшерін, дәл қазір, тар уақыт ішінде, қандай көп, қанша қиын болса да, бәрібір, табар еді, Жак Деррида ма, әлде Жиль Делез бе, екеуінің біреуі құсап, жасынан азаптаған өкпе дертінен құтылу үшін, оныншы қабаттан қарғып кеткісі жоқ, ол Альбер Камю тәрізді, өмірді құлай сүйеді, атылып өлген Хемингуэй, аттан құлап, мертігіп көз жұмған Фолкнер, тіпті, өмір бойы өзін өзі өлтіруді ойлаған қападар Джек Керуак, оның жолы емес, қазақ елі қазаға құмартатын халық па, бір-бірін өкпеге қиса да, өлімге қимайтын әлеумет, жомарт қауым, өмірді жырлаған көшпелілер, ғұмырынан мағына емес, қуаныш іздеген ақын жанды ақжарқын ұлт,

шамасы, қалқиып көрінгенін жұрт жақсылыққа жорып, күдер үзбейтін тәрізді, жазудан басқа тірлігі жоқ,

әдебиет қашанда жазудың азабын жасырғаны жөн, көркем сөзге еңбектің көлеңкесі түспеуі қажет, еңбек күнгей жағымен көрінуі тиіс, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жан сақтау өнері жан қоштауға кедергісін келтірмегені абзал,

ойы күрт үзілді,

ел тұрыпты, қарт адам күнде кеш оянады, орта жастағы орнынан қозғалмай ұзақ жатады, мен несіне алагеуімнен бұрын тұрамын, ойымды қағаз бетіне не компьютер жүзіне түсіруге асығамын, клавиатура оны құтқарды, тықылдатып басып отырып төрт жыл бойы тоқтамай, іркілмей жазды, ұзын-саны он томға жетті, енді компьютер қан қысымын көтеріп жүр, компьютерден айрылса, күні қараң, ұшқыр қалам ауыздығымен алысқан арғымақтай сүрініп барып омақаса құлайды, жығылса, енді қайтып тұрары жоқ,

бірақ, бақыт құнын біледі, қанша мехнат көрсе де, өзін бақытсызбын деп есептемейді, өзін бақытсыз санаған жұрт Сәби сал аурулар орталығына шоғырланған жас балалардың көздеріне үңілсін, тұрып-тұрып сізге қарап күліп жіберген күннің өзінде, жанарында пенде көтере алмас ауыр мұң жатады,

бұл періштелер бейнеті, тегінде, мен көрген азаптан жүз есе ауыр, әлдеқайда аянышты, адам мехнатын да, қуанышын да ұрпақ бойынан аңғарады, бақыт дегеніміз ең әуелі бала денсаулығы, сәбиге қарап бағытымызды түзейміз, бала ауырмасын деңіз, бала науқастанғанда Құдай да қиналатыны сөсзіз.

23.03.2021

 

 

 

1 COMMENT

  1. Армысың бауырым!

    Новеллаңда нүктесіз… жан ауыруы мен тән ауруының үздіксіз үнін дөпппп жеткізіпсің!
    Әлбетте, “бұл шебер Құдай сынды да көтеретін құлына жібереді” дейді ғой. Қамықпағын! Құдай қаласа, бәрі де ЖАҚСЫ болады!!!
    Өзің өрнектегендей: “…әдебиет қашанда жазудың азабын жасырғаны жөн, көркем сөзге еңбектің көлеңкесі түспеуі қажет, еңбек күнгей жағымен көрінуі тиіс, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жан сақтау өнері жан қоштауға кедергісін келтірмегені абзал, ойы күрт үзілді, ел тұрыпты, қарт адам күнде кеш оянады, орта жастағы орнынан қозғалмай ұзақ жатады, мен несіне алагеуімнен бұрын тұрамын, ойымды қағаз бетіне не компьютер жүзіне түсіруге асығамын, клавиатура оны құтқарды, тықылдатып басып отырып төрт жыл бойы тоқтамай, іркілмей жазды, ұзын-саны он томға жетті, енді компьютер қан қысымын көтеріп жүр, компьютерден айрылса, күні қараң, ұшқыр қалам ауыздығымен алысқан арғымақтай сүрініп барып омақаса құлайды, жығылса, енді қайтып тұрары жоқ, бірақ, бақыт құнын біледі, қанша мехнат көрсе де, өзін бақытсызбын деп есептемейді…”.
    Өзіңнен артылып не айтайын.
    Үнсіз ғана жүрегім жылап, осы новеллаңды бірнеше рет оқыдым!
    Бірақ, “…омақаса құлайды” дегеніңді қабылдағысы келмеді көңіл шіркін!
    Жығылған жанның ТҰРУҒА һәм ҚАЙТА ЖҮГІРУГЕ құқы бар!
    Құламағын!
    Сен ірісің!
    Сенің сөзің семсер!
    Сенің емің де сол СӨЗ!!!
    СӨЗ — ДАУА өзіңді емдеп алады!
    Тек, ҮМІТІҢДІ ҮКІЛЕ!
    Мен саған сенемін!
    Ахметтей баба әруағы өзіңді қорғайды һәм Құдай қолдайды!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here