Дидар АМАНТАЙ

ҚАЗАҚ ВАЛЬСІ

Новелла

Кеш, алакөлеңке кафеде қараңғыдан әуен төгілді, ән салған топ көзге түсе қоймайды, қыз бен жігіт бір-біріне қарап, ойға шомып отыр, мені биге шақырыңызшы, Сіз маған ұнайсыз, деді ол, музыка да жақсы тәрізді, әлсіз күлімсіреді, әрине, қалауыма ренжімеңіз, шын, Сіз қарапайым жан екенсіз, сұлу, әдемі, биік туған қандай рақат, төңірегіңіз күш салмай-ақ, Сізді сүйіп, ұнатып, жақтап отырады, рақмет, екеуіміз табысамыз да тарқасамыз, сосын, бір-бірімізді көрмей кетеміз, өміріміздегі осы сәт басқа да қас-қағым мезеттер секілді, көңілден із-түссіз жоғалады, жад талай жақсы мезгілдерді ұмытқан, жиі түсімізге кіріп жүрген бейнелер күндердің күнінде көмескі тартады, көмескінің артында жоқ жатады, кезінде біз де ғұмырды, Алматыны, әдеміні шексіз сүйдік, көшелерді кезіп, даңғыл жолдарды тоздырдық, өзіміз де өмірмен қоса бірге қартайдық, қайғы шалды, жалғыз қалдық, әредік автомобильдерді жүргізіп келе жатып тағдырымыз жайлы ойланамыз, бағдаршамның түбінде дүрілдеп тұрып, жастық шақ тәрізді көзсіз қарғып алға озамыз, уақыт санап, өткенді жоқтап, қиналмаймыз, қызық-думан көп күндер таусылмайтындай көрінеді, алдамшы сезім ілгері сүйреп, құм сағат ортасынан ауып қалғанда ес жиямыз, бірақ, білгенде не істер едік, өтетін нәрсе өтпей қоймайды, сондықтан, жастықтың ессіздігінде де мән бар секілді, уайымға оранбай, мұңға берілмей, уақиғалар кешіп, өмір сүре берген, тіпті, тамаша сияқты ма, қалай, мені биге шақырыңызшы, Сіз маған ұнайсыз, деді ол, музыка да жақсы тәрізді, дүние опасыз, ажал пәтерақы секілді, келуі тұрақты, мүдірмейді, жас кезінде көрген қарапайым ақиқаттар мәніне қартайып жетесіз, біз теңселіп жүрміз, қазір вальсті ешкім билемейді, бірақ, бұл вальстің бойында қаншама қайрат, күш-жігер, қуаныш-шаттық бар, вальс – бақыт биі, құрбым, ұялмаңыз, кездейсоқ таныстық, алайда, кім заңдылықпен қосылды, ережеге бағынып үйленді, бақыттың бәрі күтпеген жерден, аяқастынан, таңертең оянғанда, кеше бақытпен бірге көз ілгеніне, түнде тыныш ұйықтағанына қуанады, ұйқы бұзылса, бәрі бұзылады, толық бақыт белгісі – тамаша ұйқы, көп биледік, Сізге шексіз алғыс білдіремін, күткен, әбден сағынған бір рақат кезді мен де кештім, кәрілік әуелі қуана алмаған сәттен көрінеді, қуаныш үстінде жүрген кісінің қайғысы да жоқ, үлкен қала түнде панасыз, біртүрлі суық, бөтен, қатыгез, көңіліне қаяу түсіреді, менің жастық шағым Алматы көшелерінің бірінде вальс билеп қыдырып алыстап бара жатқандай көрінеді, екі көшеге кездейсоқ бөлініп, тосын ажырап, бір-бірімізден көз жазып қалдық, әйтпесе, мен бақытымды жібере қоймас едім, ешқашан.

03.03.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here