Дидар АМАНТАЙ

БЕСІНШІ МАРШРУТ
әңгіме

Мен – жүргізушімін. Тау етегіндегі Алматы көшелерін жағалап, аялдамадан – автобус бекеттеріне, даңғылдардан – жаңа бульварларға, институттардан университет қалашықтарына қатынап, күні ұзақ екі аралықта кісі тасып жүремін.
Шұғыл бұрылыстар қауіпті, үнемі жинақы әрі сергек отырамын, жаяу жүргінші кез келген уақыт тасадан, тіпті, қиылысып жатқан ашық бұрыштан кенет шыға келеді. Тосын жол кеседі. Қазіргі адам көліктен қорықпайды. Машинаға қарсы жүреді. Немесе, қала әкімдігі жол белгісін орнатпаған тұстан, тақта қоймаған жерден ережені бұзып, көлденең қиып алады, алаңсыз, жайбарақат, асықпай жолдан өте береді.
Жастың екі құлағы берік. Қаланың беймаза айқай-шуын, тынымсыз тыныс-тіршілігін, қарбалас өмірін көрмейді, естімейді, білмейді. Шет жұрттың темір-терсектен шыққан даңғырлақ музыкасын тыңдаймын деп, ұлттың қоңыр үнін, Арқаның қара шертісін, күйдің ағыл-тегіл төкпе табиғатын түсінуден қалады. Құлақтарын бітеген жас ұрпақ жылдам төніп келіп қалған автомобильдердің астына түсіп қала жаздайды. Пепілдеген машина тежеуішін шірене басып, сырғып барып, ту сыртынан сырғанақтап тоқтайды.
Бала қатерді ұқпайды. Көрген көріністі кездейсоқ санайды. Қазір кездейсоқ өлім-жітім көп. Қаза көбейді, жол апаты қалаға кірді. Бұрын автомобильдер көше-даңғылдарда тек соғылысып не қақтығысып қалатын еді, қораптың етегін екпінді, үдемелі дөңгелек тақа ұрғанда, көлденең періп жібергенде, ептеп тұмсығы жаншылып, екі көлік еріксіз тоқтап, елеусіз іркес-тіркес құйысқан тістесіп, қапталдарына сызат түсіріп, сауыры ептеп майысып, жерде ұсақ-түйек, түйір-түйір, бөлшек-бөлшек бір нәрселер шашылып жататын.
Енді орталықтарда үлкенді-кішілі автомобильдер қатар аударылатын болды, жер құшып, кейде төрт дөңгелегі серейіп, ұзын бульварлар саясында төңкеріліп жатады, көпірден бірге құлайды.
Әредік, жолайрықтарда бір-бірін күркірей соқты, қиратып, күңірентіп, басып, шағып, уатып өте шықты. Тосын апат сырттан кіріп, төрге озды. Әуелі жүк машиналары құлыпқа түсті, қала жолды жапты, шаһар ортасы жаяу жүргіншілер ауданына айналды.
Бірақ, Алматы – өмір мейрамы. Қызығына тоймайтын елді мекен, қуанышы тарқамайтын ұлы жұрт. Тұрғыны жарық көше аяғында, тұйық жолдың бойында, жалғыз өзі баяу аяңдап келе жатып, түн жарып ән шырқайды, тұра қалып қараңғыда өлең оқиды. Жыр жолдары соңғы аялдамаларда тоқтаған троллейбустар бекеті түбінен, қараңғыдан шығып жатады. Терезеден сығырайған май шам көрінеді. Бір мезгіл жолаушы екеуге айналады. Екеудің бірі – ақын.
Бұл Алматы.
Мен білмейтін көше жоқ.
Бос троллейбустар түн қараңғылығында қарауытып, қатар-қатар қаңтарылып, тізіліп тұрады.
Таң атады. Жүргізушілер таңмен бірге оянады.
Әдетте, аспанға ілінген аспалы гүлдерден ұзап бара жатқанда, жайма-шуақ жазы, жып-жылы қысы әсем, ажар-көркі асқан, сән-салтанаты жарасқан, сәулелі қалада туғаныма қуанамын.
Троллебустар кесек қарды бұзып, бір-біріне қарама-қарсы, жайлап, баяу келе жатады. Жайлы жүрісі елге ұнайды. Бәрі – баппен. Шілде күндері терезелі салондары қоңыр салқын. Қаңтар айында – бұйығы. Көп адам тролейбусқа мінгенде жастық шағын еске алады. Ол – естеліктің күймесі.
Бесінші маршрут Абайдан бұрылып, ҚазМУ-ға, менің жастық шағыма апарады. Бұл жоғарғы оқу орнында кезінде оқыған едім. Күнде іргесінен өтіп бара жатып терезелеріне қайта-қайта үңіліп қарап қоямын, өзім отырған партаны көріп қалатындай күйге ұшыраймын, сағыныштың әсері, әйтпесе алыстан аудиториялардың іші қайдан көрінсін.
Кері қайтқанда, Көрме ғимараты жолынан басқа көшеге түскенде, Тимирязевтен Желтоқсанға жетпей Байтұрсынұлына ауысқанда, көңіл күйім бірден өзгереді.
Мен троллейбусты жүргізіп келе жатып, бақыт құшағында шалқимын, әсерлі бір сезімге бөленіп, таңғажайып, рақат күй кешемін. Қандай тамаша, – түрлі адамды көресің, сан қилы әңгіме тыңдайсың, сосын, қаншама жайтқа куәгерсің… жолаушылар күнде бір мезгілде бір жерден мінеді, екінші жерден түседі. Тіпті, көбімен етене таныс боп аласың. Амандық-саулық сұрасқан соң, діттеген тұсқа жеткенше біраз әңгіменің басын қайырып тастайсың. Кейде кезекті бір танысың уақытында аялдамадан көрінбесе, көлігіңе мінбесе, уайымдап қаласың. Көрші-қолаң таң атқалы ұшты-күйлі жоқ екенін айтып, алаңдатып қояды. Әдетте, жұмыскер елге қосылып аула сыпырып не қар күреп жүретін еді. Бүгін үйден шықпады, сірә, науқасы қозып, төсек тартып қалса керек, әлде басқа шаһарға қыдырып кетті ме екен, кейін тойда жүргенін Instagram парақшасынан көріп, қуанып, рөлді түзеп, троллейбус педалін басып-басып жібересің.
Ешқай жолаушыны жамандыққа қимайсың. Тіпті, жаманына да тілеуқор көңіл, жақсы ниет танытасың. Жас алматылықтар қызық, соңғы орындарда құшақтасып, сүйісіп, аймаласып отырады. Ешкімнен ұялмайды, жасы үлкен жұрттан қысылып-қымтырылмайды, емін-еркін кіріп-шығып, ашықтан-ашық сезімін білдіріп, табысып, қауышып, танысып жүреді. Троллейбустар – жастарға аса қолайлы көлік, еш жұлқымайды, кілт тоқтамайды, ентелеп алға ұмтылмайды. Бәрінен бұрын автобустардай елді қажытпайды, жол үстінде тыныш, бірқалыпты, сабырлы.
Несін айтасың, кезінде менің өзім де трамвай ішінде түн қатып келе жатып талай рет нәркес көз сұлу кәнизактармен армансыз құшақтастым, әредік сүйісіп те қалатын едік. Шұға, Шара, Шұғылалар жібектерін мойнына байлап, құшағымызға сусып төмен құлаған қара мақпал шашы толып, бір жақ иығымызға басын қойып, сүйеніп, қисайып, түнгі рельстерді қуалаған темір қорап соңында бір-бірімізге жабысып, бүрісіп, бұйығы ұйықтап, қайран қызыл-сары трамвай түнді жарып сартылдап ағызып келе жатушы еді.
Маршрут Кеңес өкіметі кезінде енгізілген бағытынан ауытқыған емес, тек жаңа ықшам аудандар тұрғызылғалы айналымы ұзарып келеді. Кейбір үйлер бой көтергелі жаңа аялдамалар белгіленді. Тротуарлар көбейіп, өткелдер салынды. Даңғыл бетіне көлденең түскен алажолдар саны артып, жуандады.
Алматы – бақытты тұрғындар қаласы. Бірақ, трамвайларды жойғалы, мұңлы троллейбустар қашанда жол үстінде ұзарып, жалғыз өзі бар міндетті атқарып, кетіп бара жатады.

20.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here