Дидар АМАНТАЙ

БОЯУДЫҢ ІЗІ
Әңгіме
(Бірінші басылым)

Ол терезе алдында отырып сурет салатын еді: сырқатқа ұшырап, креслоға таңылған күні осы орынды таңдап алды, содан бері қозғалған жоқ – ауладағы жыл мезгілдері ғана өзгереді, қыс артынан көктем келеді, жаздың соңы күзге ұласады.
Күтіп өсірген гүл – себет-себет, десте-десте, көк шалғын қияқ шөп, жеміс ағаштары қалың, күзгі бақша. Гүлзарлар – маусым жаршысы.
Жұрт үнемі шыныдан түрлі көлемдегі мольбертті көреді, ар жағында – Мұнардың сұлбасы мұнартып тұрады. Қарауытып, не салатыны белгісіз. Елдің есінде қолына ұстаған қылқаламның бейнетқорлығы қалды. Таңның атысы, кештің батысы сурет салып жатқаны.
Әуелі живопись туралы кітап жинады. Сосын, бірін қалдырмай түгел оқыды. Талмай қарайтын, зердеге тоқитын нәрсе көп еді. Кескін техникасын үйренді. Графиканы ұзақ зерттеді.
Біраз уақыт графитпен мүсіндеп көрді, ара-арасында көмірді пайдаланды, бор қосты. Каолин мен темір оксидтерінен жасалған қызыл-күрең сангина қолданып бірнеше туынды сомдады.
Негізгі шығармалары гуашь пен акварельден басталды. Бір күні темпера мен акрилге көшті.
Жаңа кәсіпті меңгеру қиынға соқты. Ақыры тауысып біткенде, терезе алдына орналасты. Алдына молбертін жайғастырды. Содан соң, тоқтаған емес.
Қос телефоны күні ұзақ үнсіз. Күні ұзақ дыбысы шықпайды. Орнаған тыныштықты кенеп бетімен бояуды сүйрете жылжыған қылқалам сықыры ғана бұзады. Біреу құлақ түбінен француз тілінде сөйлеп тұрған сияқты. Немесе, қазақша “ғ” әрпін дауыстап қайталап айтып жатқандай көрінеді. Сурет салудың өз дыбысы бар. Музыка қылқалам ұшынан, сырғи қозғалғанда, бояумен бірге жайлап, қапталдасып төгіле бастайды. Жыр жазғанда, ақындар да тылсым әлем үйлесімін ашады, жер-дүние бірге ән салады. Әуез сөздерді оятады, сырлары көкірегінен қағаз бетіне күн нұрындай құйылады.
Суретті тыныштықта салған жақсы. Тыныш қалам сезім бейнесін, өмір образын дәл бере алады. Шедевр – алаңсыз көңіл туындысы. Жаны тыныш таппаған суретшінің қылқаламы өзіне, иесіне бағынбайды, бояуды қалың жағады немесе түсін жеткізбей қояды.
Ол таңертең оянғанда, сурет салатын сәтін ойлап, қуанып жатушы еді. Шығармашылық шат сезім кеудесін кернейді. Бұл мезгіл – аса бір ыстық та қымбат уақыт. Сағынышын басады, күйінішін жояды, әйтеуір жүдеген көңіліне жұбаныш. Жуынып-шайынып, шайнекті суға толтырып, отқа қойды. Енді қазір ботқа пісіреді. Ұзын батондарды кеседі. Багеттерді турайды. Сары май жағып, тосапқа батырады. Үй іші тарлық етсе де, кресло жылдам жүреді. Таң атып, күн шыққанда, адам жанын жылытатын бір қуаныш бар.
Күн алда. Тегінде, жүрек түкпірінде жарқын болашақ, асыл арман, үкілі үміт өмір сүретін – жарқын мезет. Тас төбеге қарап иланасың. Ол бақытты уәде етеді. Бақыт жарықтың қолында. Тіпті, арман жолында. Бүгінгі күнін жақсы өтеріне сенімдісің.
Бақыт – тәуелсіз мереке, дербес шаттық, қожайыны жоқ. Бәрімізге ортақ мейрам. Әркім өз үлесін алады. Шайнек қайнады, шағын дастарқаны дайын, буы бұрқыраған таңғы асы қасында. Ботқасы дәмді. Тіпті, денсаулыққа пайдалы. Сурет салғанда шай ішіп отырады. Әсіресе, ыстық шай, жұмыс үдерісі, жарқыраған күн жанына қуат, көңіліне дем береді.
Ашық күні – көңілі де ашық. Сырқаты момын. Бұлт қаптаса, күйі өзгереді, қапа басады. Қападар адамның қолы жүрмейді. Бүгін өзін шексіз бақытты сезініп отыр. Бақытқа көп нәрсенің қажеті жоқ.
Жас кенепті шығарып, тақтаға байлап, екі жаққа қатты тартқанда, бөлмені кенептің жаңа иісі алып кететін. Осы сәт шабытын оятады. Жұмыстың басы, образдың сұлбасы көрінетін мезгіл. Сосын, күні бойы сол образды қалыптайды. Қарайтады, ағартады, кейде түссіздендіреді.
Бояумен былғап, бітімін түзгенде, бір жерді екі-үш рет басып өтеді. Майлы қабаты қалыңдай береді, қызылдың үстіне қараны үстемелейді, қоңыр –шымқай көктің реңін өзгертеді. Соңыра бәрі біркелкіленеді. Бірақ, әдейі тегістеген немесе арнайы жасаған кедір-бұдыр тұстарға соқтықпай, тиіспей, айнала жүреді.
Жалпы кеңістікті бір ізге түсіреді. Түске қарай нобайын аңғарады. Бесінге таман адасып бара жатқанын байқайды. Бояуын сүртіп тастайды. Енді қайта бастауы қажет. Ерінбейді, қайта кіріседі. Ойындағы образы айқындалады. Детальдары нақтыланады, бірақ дәл кейпіне әлі ерте. Тіпті, осы қалпында қалдырса да болады. Жүзі бұлыңғыр, тұрпаты күңгірт. Бұлдыр сурет шындыққа жақын.
Көбінде сағым күйіндегі, елес қалпындағы өмірді бейнелейді. Алайда, шын ба, жалған ба, белгісіз. Тіршілік те айнымалы. Ақиқат жолындағы шындық та қысқа күнде қырық құбылады.
Бірақ, жүзі солғын болса, көздегі мұң көрінбей қалады. Көздегі мұңды көрсетсең, анық сурет плакатқа айналады. Күмәнді шындықты жігерленіп айтатын мінбер.
Жігерлі сөз – жалған сөз. Бейбіт күнде бағытыңнан адастырады. Негізі, күрес сөздігінен алынған, жаугершілік заманға жарасады. Өнерде пафос болмауы керек. Көркем шығарма тыныштықты сүйеді. “Найти свою тональность”, деді ол.
“Чем больше сдержанности, тем выше наслаждение”. Декламациялық сарын құпия сырға қауіп төндіреді. Сөз астарын ашады, түпнұсқалық аурасын жояды. Пафосты дүниелердің бәрі – бір-бірінен көшірме.
Немесе, дидактика. Ақыл үйретеді. Оның біреуді тәрбиелеуге уақыты жоқ. Хақы да, ниеті де. Ойы – ойындағы образдан құтылу. Көркем түрде. Кемел шықса, жаны қуанады.
Бірақ, бір образдан құтылса, екіншісі шығады. Ол образдардың бітпегенін қалайды. Кейде жоғалтып алады. Өзінен өзі жойылып кетеді. Қайта келсе, шаттанады. Себебі, Мұнар образдардың суретін салып өмір сүреді. Өмірде образ көп. Түпсанада жасырынғандары да жеткілікті. Бірақ, өзіңе маңыздысын аңғара білу оңай емес.
Әдетте, маңызды образ көп ішінде елеусіз жүреді. Тап басу қиын. Қаһармандардың ғұмыры аяқталды. Қазір ешкім батыр іздемейді. Батырдың бәрі жан бағып, мал бағып бизнес саласында жүр.
Күз. Живопистік суретінде жапырақтар көп. Түрлі-түсті. Жүзім ағаштары көлденең жығылып, жапырылып жатыр. Өрік, шабдалы, алмалар топ-топ құлап түседі.
Жер-жерде, түс-тұста тәртіпсіз, бей-берекет шашылған. Бақ жинақы, ұқыпты болса, ерекшелігі жойылады. Бір-біріне ұқсаған бояудан не пайда.
Кеше жайқалып тұрған бау-бақша еді, бүгін – жүдеу, жабыраңқы, қабағы салыңқы. Мұнар Күнді салғысы келеді. Күн – әлемдегі барлық көркем шығарма атаулының бас қаһарманы. Күнсіз сюжет, айсыз эпизод жоқ.
Кенет өзінен-өзі сурет салғысы келмей қалды. Таусылған сияқты. Дайын пейзаждар, тұнжыраған персонаждар қабырға іргесінде бір-біріне мұқият қаланып тұр. Ол кейін шегініп, полотноларды еденге жатқызып, жая бастады. Кепкен, сатуға даяр.
Енді Мұнар суреттерін сатуға кірісті. Қызыққан жұрт көп болды. Түскен ақшаға жаңа құрал-жабдықтар алды. Ол тез кейіптеп, жылдам тамамдап тастауды үйренді.
Салуы – сатылымды басып озды. Жақсы сурет – жалғыздықтың серігі. Қамқоры. Бірақ, асығуы дертке айналды, сападан айырып барады. Жан тыныштығы кетті. Ол сала берді. Ақша мен сурет тау боп үйілді. Дақпыртына еріп, жұрт жан-жақтан келіп, талғамай алып жатады. Бірақ, сатып үлгермейді, еңбегі қордаланып, жиыла берді. Ақырында, бір күні тоқтады.
Сурет таусылды. Түгел сатылып бітті.
Енді ол мольбертке қарап жай әншейін отыр. Ештеңе істемейді, жұрты отырғанын көреді, бірақ, не бітіріп жатқанын білмейді. Оның үйінің сыртына құрмет тақтасы ілінді: “Қадірлі алматылықтар! Тыныштық сақтаңыздар. Бұл үйде Мұнар сурет салып жатыр”.
Оған қарайтын әлеумет жоқ. Тыста – абыр-дабыр. Ырду-дырду. Қайнаған қала өмірі. Пепілдеген, дүрілдеген автомобильдер. Қап, осыны салу керек еді, деп ойлады Мұнар. Қазір сала алмайды. Бірақ, кеше туындыларына енген дүние қызығы, аула өмірі ешқашан бәсеңдеген емес. Мәңгілік ғұмырдың айнымас белгілері. Қашан көрсең де улап-шулап жатқаны.
Мұнарға бұл у да шу тіршілік ұнайды. Ол күні бойы азан-қазан көшенің дабысы мен дүбірін естіп қуанып отырады.

10.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here