Дидар АМАНТАЙ

КЕТЕВАН
(ქეთევან)
Әңгіме

Қызыл іңір. Ымырт түсіп – қас қарайған кез. Биік терезеден тысқа қарап тұрмын. Іргеден көліктердің аспалы шамдары жарқырап көрінеді. Күн батты.
Әуеде ілініп, ерсілі-қарсылы сырғып жүзген көп жарықтың қалың сәулесі, әйнек жүзіне шашырап түседі.
– Жүр, сені Кетеванмен таныстырамын.
Шағын автомобильдер. Дүрілі көз байлаған қараңғы жолдан күркіреп шығады.
– Мені ме?
– Иә.
Ол қолымнан ұстады. Сатыға қарай тартып – бетіме қарады. Жылы
күлімсіреді. Көздері – тұздай. Соңынан ертіп алған, жылдам басып, баспалдақпен төменгі қабатқа түстік. Төменгі қабат қара-құрым халық. Әуен жаңғырып тұр. Көңілді. Тұнжыраған, жатсынған ешкім жоқ. Бәрі жайлап билеп тұр. Сығылысқан, бір-бірімен танысып жүрген студент жұрт көп-ақ. Жан-жақтан ұшақпен жетіп, топтасып, тоғысып жатыр. Тегі, әртүрлі тілде сөйлейді. Бірақ, жастары шамалас. Құрбы-құрдастар. Сірә, ең үлкені мен шығар. Негізінен, Шығыс Еуропа. Тегіс ағылшын тілін меңгеруге келдік. Брно, Прага, Киев, София, Одесса, Бухарест, сосын, Братиславаның өзінен. Мәскеуден түс ауа ұшып шығып, қала әуежайына қонған бетім осы. Әрі кетсе, бір-екі сағат уақыт өткен шығар.
Алғаш танысқаным – Наталья. Украинадан. Ол Кетеванды шақырып келді. Екеуі есіктен көрінгенде, алакөлеңке жерден кетіп, жарыққа барып тұрдық.
– Кети.
– Марат.
Ертеңіне Братислава қаласына қайта бардық. Шаруамыз біткен соң,
Пезинок арқылы Модраға қайтамыз. Әркім өз елі туралы сыр шертеді. Күн жарықтық сәуле шашып, таңертеңгілік шақта, әлде, түс мезгілінде, мейлі, апақ-сапақ алды, қызыл іңір уақта, қала ішінде, сәуір айында, жазғы терассаларда, күзгі ресторандарда, таңғы астарда, түнгі дастарқандарда, бірі – кофеден ұрттап, бірі печеньеден тістеп, енді бірі – балкүлше жеп, шай ішкен, тағы бірі шырын жұтып, Дунайға көз салған, бекзат шаһар халқын бақыт сезіміне бөлейді.
Күн.
– Кети, қандай әдемі, – деймін.
– Несі әдемі – кең тараған есім.
– Кең тараса да.
– Гүржістанда екінің бірі Кетеван, бірақ әулие-әнбиенің аты.
– Оқыдым.
– Оқысаң, болды.
– Шіркеу, емхана, монастырь салған қайраткер тұлға екен.
– Иә.
– Діндарман.
– Өз басын Гүржістан үшін құрбандыққа шалған патшайым.
– Исфаһанда он жыл зынданда отырыпты.
– Сосын, оны өртеп жіберді.
Біз кафеге кірдік. Гүржі тілі сөйлегенде бекзат құстың әуезді тіліндей құлпырып кетеді. Негізі, тілдің бәрі әдемі. Әсіресе, алғаш естігенде әсері қатты. Бәрі словакша тілдесіп жатыр. Әмбебап ағылшын тілін үйренуге төрткіл дүние тарабынан жиналған біз, әдетінше, бір-бірімізбен орысша тіл қатысамыз. Әзірше, америкалық курстың жетекші тілі – орыс тілі.
– Гүржіше бір сөз айтшы.
– Кейін.
– Чиаурели, Шенгелия, Мамладзе.
– Мамладзе емес.
– Енді?
– Мумладзе.
– Неге Mumladze деп жазылады?
– Өйткені, Мумладзе деп оқылады.
– Кешір.
Үстел басына отырып жатырмыз. Шағын жай, көп адам сыймайды.
Көңіл-күйіміз жақсы. Сыртта – Наурыз айы. Қара суық кетіп, күн біраз жылып қалды, бірақ, ызғар әлі бар, түнде бойды мұздатады. Күндіз – қоңыр салқын.
– Кетеван, не ішесің?
– Шырын.
– Балмұздақ?
– Күн суықта қайдағы балмұздақ.
– Жарайды, онда балкүлше.
– Балкүлше болады.
– Наталья, әулие Кетеван – әйгілі Багратиондар әулетінің ұрпағы, бір атасы – Картлий патшалығының билеушісі – Константин.
– Естуім бар.
– Қызық.
– Сендерге балмұздақ алайын ба?
– Кети, қайда кетіп қалғансың?
– Марат сенің атың қайдан шыққаны туралы айтып жатыр.
– Өтірік қоспай айтсын.
– Ешқандай қоспа жоқ, бәрі – шын.
– Сосын, тарихи Кетеван күйеуі қаза тапқан соң, Кахетияны басқарады.
Бірақ, елді сақтау үшін өз еркімен парсыларға тұтқынға түседі, пейілін бағалай білмеген Бірінші Аббас шах оны екі ұлымен бірге зынданға тастайды, сөйтіп, ақыры 1624 жылдың 13 қыркүйегінде әулие Кетеванды азаптап өлтіреді.
– Сәулелі ғұмыр иесі.
– Рас.
– Балмұздақты сатып алғаныма Марат кінәлі, – деді Кетеван.
Өзі ыдыстарды көтеріп, жайлап қозғалып, бері басып келе жатыр.
– Неге мен?
– Енді, сен еске салмағанда, ойымызға да келмейтін еді.
– Жақсы. Айыптымын.
Кетеван жақсы дос еді. Кісілігі жоғары, мінезі ашық, кішіпейіл. Бояуға, эмоцияға толы ана тілінде сөйлегенде, өзі де өзгеріп кететін. Бірде, оның туған күнін тойладық. Әркім өз сыйлығын беріп жатыр. Кезек маған жетті. Мен сыйлығымды қорапқа салып, түрлі-түсті қағазға орап, сыртын әсемдеп, тарту еттім. Сол кездегі Кетеван эмоциясын айтып жеткізу мүмкін емес:
– Құдайым-ау, бұл не? – деді Кетеван.
Есімде, Ұлыбритания Елшісі біздің топты қонаққа шақырды. Жұбайы бізге ағылшын тілінен дәріс жүргізетін. Үйіне барғанда, жайма-шуақ жаз айы, шілде-тамыз қарсаңы, қоңыр салқын Еуропаның май тонғысыз жылы күні, есік алдында барбекю дайындады. Шоқтанған от жалыны, ыстықтың қары жүзімізді күйдіріп, бет қаратпайды. Қолымызға фотоальбомдарын берді. Екі жұптың жас шағында түскен ескі суретін көріп Кетеван:
– Тәңірім-ау, уақыт не деген қатыгез! – деп дауыстап жіберді.
Бір дағдысы аяқкиім дүкендерін аралау еді. Кейде:
– Марат, бірге жүрші, жалғыз көңілсіз, – дейтін.
Сөйтіп, екеуіміз күні ұзақ дүкен аралаймыз. Өмір, тағдыр, өнер туралы көп әңгімелесеміз. Оның әкесі Тбилиси қаласында атақты саксафоншы болған адам. Әртүрлі оркестрлік топтарда саксафон үрлеп тартқан. Өзі де музыка мектебінің түлегі. Мен ел алдында қазақ әндерін салғанда:
– Әй, сен осы, вокалдан сабақ алғансың ба? – деп сұрайтын.
– Қайдағы, Кетеван, – дейтінмін, – жас кезімде ондай мүмкіндік болған
жоқ.
Кейін ол менің орыс тілінде жазған өлең-эсселерімді гүржі тіліне аударды, құрбысы оны өз жорналына басып шығарды. Мен жол түсіп Тбилисиге барғанда, үшеуіміз жолықтық. Кафеде отырдық. Үйінде қонақта болдық. Гүржілер – шығармашыл халық. Асқан талғам иесі. Дастарқан мәзірі де тамаша – дәмді, таңсық. Бірақ, тынысты тілі мен сөйлеу мәнері аса бір қызықты жайт, осыншама шабыт, екпін, бояу қайдан келген, тіпті, қайғылыны айықтырып жібереді, мұңлыны – көңілдендіріп… әлсізге күш береді.
Анасы ерте дүние салған. Бірде маған анасы ұстаған тоғыншақты көрсетті. Сол ерте заманнан сақтап жүрген көрінеді.
– Марат, – деуші еді, – сен емтиханда отырғанда, мен ерте тұрып, дұға етемін.
– Рақмет, Кетеван.
Дұға көмектеседі. Емтиханды сәтті тапсырамыз. Барлық діннің дұғасы бір. Бәрі – тілеуқор. Тілегі – ілкі жүйе-ілімдер ізет-құрметпен алға тартқан ізгіліктер, кісіліктер, асқақ ұғым-түсініктер.
– Кетеван, Гүржістанда күн суыта ма?
– Иә.
Біз академияға келе жатамыз. Бұл елде сыраханалар таң атпай ашылады. Тап-таза фартук киіп, сары бидай жүзді, сары шашын түйген жас даяшы қыздар үстел үстін сүртіп жүреді.
– Өте шығармашыл халық.
– Кім?
– Гүржілер.
Ол күледі. Камил Трухлар маған ту сыртымызда қалып бара жатқан сыраханалар жақты меңзейді.
– Марат, – дейді, – бір тостаған сырадан ішіп алсақ қайтеді, сабақта
сергек отырамыз, көңіліміз көтеріледі.
– Сусынсыз да жақсы.
– Жарайды.
– Кети!
– Иә?
– Үйлену тойыма шақырсам, Алматыға келесің бе?
– Ол жақта күн жылы ма?
– Жылы.
– Тау бар ма?
– Бар. Әрі – заңғар.
– Ағылшын тілінде сөйлей ме?
– Жастар сөйлейді. Ел орыс тілін де ұмытқан жоқ.
Сабақ көңілді өтеді. Теңіз-мұхит асып келген ұстаздарымыз жазған шығармаларымызды оқып, егіліп жылап отырады. Екі қолы клавиатурада, өздері Сізге қарап сөйлеп жатады. Шатаспайды, сүйрік саусақтары керек әріптерді төбесінен адаспай басып, мәтін жылжып, жоғары кетіп бара жатады.
– Кети, хачапури мен хинкалиден қашан дәм татамыз?
– Жексенбіде.
Біз көмектесеміз. Қызық өмір. Бәрі бір-біріне көмектеседі. Братиславадан жылқы етін таппадық, сондықтан қазақ асы дайындалған жоқ. Бірақ, қасиетті түлік туралы көркем туынды жазып бердім. Кезінде атам өзіме атаған құлынды қасқыр тартып кеткенде, өзіме асып бергені бар. Әкем дүниедегі ең жыртқыш жан иесі – адам деп айтып жүргенде мән бермеуші едім. Басқа мәдениет ортасында, ісіміз қораш көрінді, алайда, әр елдің салты басқа, иттері – қара қасқа.
– Кім ән салады?
Бұл – Кети. Әрине, мен саламын. “Көзімнің қарасы”, “Айттым сәлем, қаламқас”, “Желсіз түнде жарық ай”, сосын, халық қазынасынан – “Бір бала”. “Бір баланы” айтқанды жақсы көремін. Бәрі ұйып тыңдайды. Кети:
– Бәрібір де, сен музыкадан сабақ алғансың, – дейді.
Сұмдық жан еді. Әркез қошаметшіл. Елгезек, сұңғыла, сыпайы. Маған кісі бөлмейтіні, біреудікін жөн, екіншісін теріс санамайтыны ұнайтын. Бәріне – бірдей. Сірә, адамгершілік қасиеті жоғары, оқыған-тоқығаны көп, ақыл тоқтатқан, көрген бейнетінен тәлім ала білген ару.
– Сен Қазақстан туралы ойлайсың ба?
– Е, неге, кеше ғана келдік емес пе?
– Мен Гүржістан жайлы жиі есіме аламын. Оның асқар тауларын, айдын көлдерін, сайын далаларын есіме түсіремін.
Тым байсалды әңгіме, салмақты, бір сәт үнсіз қаламын. Ол:
– Қазір Тбилисидемін. Ғұмырым – бақытты, тағдырым – аяулы. Кезінде, тоқсаныншы жылдары, тіпті, бертінде, қаншама қиындық көрдік, талай мехнатты бастан кештік, –дейді.
– Рас.
– Ел мен ел жауласпауы қажет.
– Иә.
– Менің бір жасы үлкен туысқан әпкем Сухуми қаласы түбінен өзіне, күйеуі қасынан, алдын ала көр қаздырып қойғаны бар. Соңыра, бейітін тұрғызып, зиратын да дайындатып қойыпты. Бірақ, кейін, Құдай Тағаладан бұйрық түскенде, соғыс басталып кетіп, ол жанталасып, қанша талпынса да, қабіріне жете алмай қалған-ды.
– Өмірін де, өлімін де соғыс екіге бөлген екен.
Үнсіздік орнады. Біраздан соң, үзілген әңгімесін қайта жалғады.
– Иә. Біз бұрын Сухумидегі үйіне теңіз жағасында демалып қайтуға баратынбыз. Үлкен, еңселі ақ ғимарат әлі есімде, мандарин ағаштары жайқалып тұрушы еді. Жазғы терассалары сондай әдемі, биік әрі патша сарайындай кең болатын.
– Енді?
– Ол мүлдем басқа жерге жерленді. Күйеуінің қасында емес, бөтен зиратта жатыр.
– Жалғыз ба?
– Жалғыз.
– Өкінген шығар.
– Өкінді.
– Басында құлыптас бар ма?
– Бар.
– Басында құлыптас жоқтың бағы да жоқ…
– Неге?
– Пенденің өмір жылдары – оның шын биографиясы.
– Мазмұны да.
– Иә, құлыптасқа артық ештеңе жазылмайды.
– Кем жазылса – кеміп қалмайды.
– Бірақ, Сухумидегі зират мәңгі пана табатын адамын күтіп бос жатыр.
– Кетеван, әңгіме тақырыбын өзгертейік,
– Әйтпесе, уайым басты.
– Басқа не бар?
– Мысалы ма?
– Мысалы.
– Мысалы, қазанда үйге қайтамыз.
Қазан есіме түсті. Мен автобусқа отырып, Модраға кеткенде, ол Пезинокта қалды. Соңыма қарағанда, Кетеван аялдамада әлі тұр екен. Ертеңіне таң ата, Братиславадан Мәскеуге ұштым. Ар жағынан – Алматы жақын.

05-07.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here