Дидар АМАНТАЙ

БАҚЫТ АРИФМЕТИКАСЫ
Эссе

Күн суытады. Тау басындағы салқын шың-құздардан сырғып, етекте жатқан қалаға түскен секілді.
Дөң-айбат.
Өткен жылғы суық жадыға оралады. Көктем жер-көкті жайнатып жібергенше алысты, күресті, қарсыласты. Сайларда, жырада ала қанаттанып жатып алды. Сосын, қыр, шоқылардан соңғы қармен бірге кетті. Өзенге құлап, су тасыды. Қоңыр төбел, жұпыны ауылдардың шетін шайып, жолға шықты. Бірақ, аса алған жоқ, іргесінде іркілдеп күн жылығанша біткен қыс, жазғытұрым мезгілді еске салып тұрды.
Биыл аңғар бойымен жылжып, шаһар көшелеріне ерте жетіп алды. Қаладағы қысты троллейбус терезелерінен көресің, қырда – кәдімгі сынақ.
Жыл сайын Алматыда күн суытқанда, бойымды бір жұмбақ мұң билейді. Қайғы емес, романтикалық сезім. Көз алдыма бозбалалық шақ келеді. Ойымыз бір, арманымыз ұқсас, өміріміз тең еді.
Тең өмір сүрдік. Көңіл алғаусыз, көкірек толы алау. От едік, қайрат – қажымас, жігер – жалынды.
Қазан, қарашада дүкен кезіп, қысқа дайындық жүргіземіз. Қашанда бір нәрсе жетпей тұрады.
Сосын, қар түседі. Қызық. Жетісудың қысы да қызық. Қар еріп, жер былғанып жатады. Жүргінші аяқкиімдеріне жабысып, сілкіп үлгергенше, байланып қалады. Көрші көшелерден, алыстан трамвайдың таң атпай жер солқылдатып келе жатқан дыбысы құмығып естіледі.
Қалаға бар мезгіл жарасады. Жастыққа қандай ауа райы болса да, бәрібір. Көкірегі толық, көңілі ояу, басы – бос.
Бәрі алда. Өмір де, тағдыр да, қуаныш та, өкініш те. Әр күні біреуге ғашық. Сезім өтпесе де, әдемісі көп. Көңіліңді бұзады, өміріңді бұзбаса болды.
Асқақ махаббат жоғары математикадан биік кез. Ғұмыр арифметикасы бақытты санаттырмайды. Есепсіз көп қуаныш басыңды айналдырады. Алдыдан тек таңғажайып өмір күтіп тұрғандай асығасың…
Сабаққа бара жатамыз. Кім қалай киінгені – әңгіме. Сәнді ме екен, мәнді ме. Бәрі – қызық. Күз аяқталып келеді. Біріміз телпек, біріміз қалпақ киеміз. Дәріс аудиторияларында тоңып көрген емеспін.
Әншейін айтылған сөз, Алматыда күн суытпайды, Алматыда қашанда – жылы.

Немесе, ыстық.

05.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here