Дидар АМАНТАЙ

ҚАЙҒЫДАН ҚАЙРАН ІЗДЕГЕН АДАМ
Эссе/Философия

Бастау

Әдетте, қатты соққы есеңгіретіп жібереді. Күтпеген жерден тиген соққы (қайғы) адамды құлатады.
Қарсылық көрсете алмағаны жанына батады. Күйініші созылмалы қайғы, жанын жеген мұң-шерге айналады.
Неге?
Себебі, біздің сана қызметіміз қарсылық ұғымына құрылған. Абай да, қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме, деген пікір айтады.
Егер қайғы ұлы болса ше, басына күн туған адам қарсы тұра алмаса ше? Қайғы құлатып, төсекке таңып таста ше?
Тек қана күресіп үйренген сана қасірет шалғанда алдына күресу міндетін қояды. Күрескен соң, жеңу керек. Жеңе алмаса – жығылады. Талап бойынша, қайғыны жеңе алмаған адам абырой-беделінен айрылып, адамдық қасиетін, кісілік сапасын жоғалтады.
Демек, қарсылығы жоқ адам – адам емес. Сондықтан, құса шегеді, қайғырады. Уайым құрдымына сіңіріп алып кетеді. Түбі – ажал.
Енді кері жүрейік – ажал мақсат емес, өмір мұраты – өмір. Неге қарсылық жеңліске ұшыраса, бізден адами сипат кетеді? Кім шығарған заң?
Осы жерде үлкен бір мән бар: біз қиын жағдайымызды мойындап, қалыптасқан ситуацияны қабылдауымыз керек.
Демек, біз қарсылықты шегере тұрамыз, екінші, күреске тәуелді емеспіз, үшінші, қайғыдан шығамыз.
Бітті. Жағдайды қабылдадық. Жарысты тоқтаттық. Ілгері немқұрайдылық емес, мойынсынғандық озады. Қысқа мерзімде көрсетілуі тиіс қарсылықтың орнына ұзақ мерзімді жоспар құрамыз.
Байсалды мінез, ақыл-ойға сүйеніп, сана өзгереді. Қарсылық философиясы “кісі өлтіреді”, қабылдау философиясы – құтқарады.
Сыр шертпе, мұң шақпа, қызығушылық танытпа. Көп күте білген, суда ағып бара жатқан жауының өлексесін көреді, дейді қытай мақалы.
Қабылдаған – көнеді, көнген – төзеді, төзген – өмір сүреді. Өмір сүрген адамның қашанда жоспары бар.

(жалғасы бар)
04.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here