Дидар АМАНТАЙ

ҚАЗАҚТЫҢ КИНОТАҒДЫРЫ
(Айгүл Шаймұратқызы ізденістері туралы)

1.
Кешегі уақыт еді. Дәлірек, көпшілік қолданған қара/ақ түс айырмасы небір жұмбақтар туғызып, сан түрлі құпия сомдап жатқан дәуір тұсы. Көлеңкелер – анық, күнгей жақ – көмескі, ескі өше бастаған, жаңа жарқырай түскен заман. Қарама-қарсы, тіпті, қарама-қайшы категориялар жүйесінен шыға алмай жүрген ақыл-ой дағдарысы. Бірақ, болашақ осы шақты, өткен жеткен сәтті бейнелеп, билеп-төстеп тұрған кезі. Пойыздың келіп кеткеніне біраз уақыт болған.
Жак Деррида дауысы, реконструкция дабысы жетпей тұрған дәурен. Еуропалық бинарлы ойлау жүйесі Маркстік бай/кедей күрес түсінігін күшейтіп тұрған капиталистік формация кезеңі.
Еңбек/өнім – тауар/ақша – құн/баға, өндіріс/қоғам – бәсеке/дағдарыс. Жоспарсыз өндіруші күштер – тұрақты түсім тілейді.
Өнер қоғамдық қайшылықтарды жояды. Еуропа түбінде жұмбақты шешеді. Мағына қос оппозиялы құрам табиғатын ашады.
Бір заттың орнын – белгі ауыстырғанда, зат жоқта, белгі – белгіге сілтейді. Белгілейтін/білдіретін (көрініс ретінде) мен белгіленетін/білдірілетін (түсінік ретінде) дербес мәртебелерге ие болады.
Кино, де Соссюр лингивистикалық теорияда – революция жасағанда, дүниеге келді.
Тіл деп дыбыстық жүйені емес, таңбалық жүйені түсінетін болды. Демек, екі ғасыр тоғысында дүниетаным өзгерді. Кез келген, белгілі бір таңбалар жиынтығы, тіпті, бүкіл әлем – мәтінге айналды. Жак Деррида әлемде мәтіннен тыс тұрған ештеңе жоқ деп жариялады.
Яғни, бәрі оқылады.
Әуелі, фотоаппарат жарқ етті. Біз фотографиядан тұлғаны көрдік. Тұлғадан ұлтын таныдық. Ұлтынан мәдениетін шырамыттық. Тосын өнер – қауырт. Өзгеріс қауырт жүрді. Бірде баяу, бірде тез – құрал дамыды. Келбеті айқындала түсті. Өнері образын кескіндеді. Салт-дәстүрі суретін байытты. Кейін, тетіктің түрлі-түсті қабілет-қарымы сырдың бояуын ашты.
Бір күні фотографиялар жүре бастады. Ол баса-көктеп, үлкен экранға шықты. Экранға шыққан соң, салтанатын паш етіп, музыка естілді. Фортепьяно жылжымалы фотосуреттерге серік болды. Сүйемелдеді, сүйеді, бірге қыдырды. Ел аралады, жер шолды. Арқасына жүк артып, жүкті ел-жұртына тасымалдады. Әсілі, артқан жүгі – мәдениет еді.
Мәдениет – тағдыр.
Кім боп тудың, сол боп өмір сүресің. Неміс – неміс, орыс – орыс, қазақ – қазақ.
Ұлт – экран қаһарманы. Өнерді өзінен, өзін өнерден бір сәт алыс жібермейді. Кино ұлт болмысынан – киноболмыс жасайды. Технологиялық табыстарға сүйенген кино күшейеді, әсері артады,
Бір күні кино тіл қатты. Бар тілде бірдей сөйледі. Сиқыры күшейді, сырты жылтырады. Енді ділмар кино жұпар шашты.
Кино аруға айналды. Кейде бозбала кейпінде көрінді. Бірде, соғысты, шекараларды бұзып, басқа елдің жеріне баса-көктеп енді. Кино – өнердің бар түрі тоғысқан квинтэссенцияға айналды.
Кино ұлт мәдениет-өнерін, салт-дәстүрін тасымалдаушы ғана емес, ол – сана көрінісі. Киносана экранда өмір сүреді. Тегі, экранда әр деталь – сөз, әр деталь экранда сөйлейді.
Демек, кинода уақыт та, кеңістік те – ұлттық. Сондықтан, кез келген кинотуынды түсірілгенде, киносценарийден ұлттық фильмге айналады.
Кез келген кадр бейнелеген эстетика – тіл, кез келген кино – мәтін. Бұл түсінік бізге кино тілі туралы ой қозғауға мүмкіндік береді.

2.
Айгүл Шаймұратқызы көтерілген тақырып аясында, қолжазбасынан оқығанымыздай, қазақ кино тарихын тұтас қамтиды. “Амангелді” түсірілген замандардан бастап “Тұмар ханшайым” дәуіріне дейінгі аталымдарды түгел талқыға салады.
Автор келтіргендей, Бауыржан Нөгербек, жалпы, қазақ фильмдерін “фольклорлық фильм”, “тоталитарлық фильм”, “тоталитарлық емес фильм”, “тоталитарлыққа қарсы фильм” деп төрт топқа бөлген екен.
Меніңше, әлемдік үрдіс аясында қойылған сәтті атаулар. Ұлт санасын отарсыздандыру амалына сай. Еркіндікті мұрат тұтқан ой-толғам ізденісі. Бұл атаулардан көрініс тапқан мәселелер өзінің өзектілігін әлі күнге шейін жойған жоқ.
Айгүл Шаймұратқызы бір тұсында: “Фольклорлық фильмдер ретінде ұлттық эпос, ертегі, аңыз, сонымен қатар фольклор мәтіндерінің түпнұсқасын немесе үзінділер келтіре отырып жасаған кинокартинарды атауға болады,” – дейді.
“Бұлардың қатарына “Махаббат туралы поэма”, “Қыз Жібек”, “Көксерек”, “Тоғызыншы ұлдан сақтан”, “Құлагер”, “Күнә”, “Біржан салды” жатқыза аламыз”.
Тегі, автор көтерген тақырыбына дендеп енген. Келтірген уәждері тың, зерттеу контексі жаңа. Бірақ, біздің ойымызша, “Біржан сал” фольклорлық фильм емес, бұл кешегі мен ертеңгі күнді ұштастырып жатқан ұлттық-тарихи зерделі кинотуынды. Қазақ елінің болжамы. Яғни, фольклорлық сипат – тек тарихи фон тұрғысында ғана келтірілген.
Жалпы, Айгүл Тұяқбаеваның дайындығы мінсіз деуге болады, ғылыми еңбекті даярлау барысында көп мағлұмат жинаған екен, жақсы дәйек үлгілері бар, деректері – сенімді. Салалық проблемаларды жан-жақты қарастыруға талпынған, қорытқан ой-тұжырымдары – сауатты, кәсіби, кең. Кинотанушы тұрғысындағы білімі тиянақты, жұмысы – мұқият.
Тақырып өзектілігі, негіздемесі, уәждері – пысықталған. Задында, алға тартылып отырған жұмыстың басты назар аударған түсінігі – мәдениет ұғымы. Ұлт пен кино арасындағы дәнекер түсінік.
“… Серік Нұрмұратов мәдениеттің қоғам өміріндегі орны жөнінде: “Мәдениет – әрбір халықтың ғасырлар бойы қордаланып, сұрыптап, електен өткізіп жинақтаған материалдық және рухани қазынасы, игілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрып, ділі, танымдық айшықтары, көзқарастар жүйесі, халықтың өзіндік ұлттық келбеті, басқа халықтардан айырмашылығы және өзін әрі қарай өркендететін қайнар бұлағы. Ол адамдардың рухани өмірінің барлық саласын қамтиды және көркемдік, эстетикалық, тағылымдық, танымдық өрнектері арқылы өзін әлемге паш етіп отырады”.
Киноның өзі – мәдениет. Ол – мәдениетті тасымалдау үшін жаралған мәдениет. Немесе, мәдениет құралы. Негізі, кез келген ұлттық мәдениет, өнер туындылары – дербес құбылыс, өзіндік құндылықтар (“самоценность”), маңыздылығы басқа бір нұсқалармен салыстыру арқылы айқындалмайды. Бар екендігімен қымбат, асыл, мәнді.
Бекет Нұржановша айтсақ: “Мәдениет – мән-мағына туғызушы еңбек”. Ал Макс Вебер: “Мәдениет – адам өміріне үстемдік құратын рухани және заттық игіліктер жүйесі”, – деген ой тастайды.
Автор, “еуропалық және ресейлік мәдениеттің ықпалымен қалыптасқан қазақ кинематографиясының ағартушылық-философиялық, ағартушылық-демократиялық функциясы” туралы кеңінен сөз қозғап, әрі, сын көзбен қарап, қалыптасып отырған заманауи жағдайларға байланысты әділ пікір білдіреді: “Киноэкран арқылы рухани құндылықтардың бейнеленуі әлі де болса тиісті деңгейде көріне алмай жатқаны рас”.

Зерттеу жұмысының нысаны: “кеңестік және тәуелсіздік жылдарындағы қaзaқ кинeмaтoгрaфиясы”, пәні – “қазақ халқының рухани мәдениетінің құрамдас және ажырамайтын бөлігі болып саналатын дәстүрлі әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылардың отандық кинематографиядағы көрінісі”.

Ғылыми туындысында мысал көп. Бұл автордың ізденісінің белгісі. Қажырлы еңбектің көрінісі.
“Соның ішінде “Қыз Жібек”, “Менің атым Қожа”, “Тоғызыншы ұлдан сақтан”, “Көшпенділер”, “Гауһартас”, “Бақсы” және т.б. классикалық, тарихи және заманауи бағыттағы кинокартиналардағы ғұрыптық-тұрмыстық ерекшеліктерге алғаш рет кең түрде ғылыми талдау жасалды”.
Жас ғалым жұмыс барысында қазақ руханияты кеңістігіндегі бүкіл мәдени табыс, ғылыми ізденістерді көрсетуге тырысқан, мұндай контекст алға қойған мақсатын әрі үлкейтіп, әрі айқындай түседі.
Шоқан Уәлихановтан да үзінді келтіреді: “Манас” – бүтін бір халықтың шығармасы, соның көп жылдық творчествосының жемісі. Дала “Илиадасы” десе де болғандай”.
Демек, автор ұлттық рухани айналымға қалыс қалып бара жатқан жәдігер ойларды қайта енгізіп отырады деген сөз. Сергек көңіл ештеңені назардан тыс қалдырмайды.
3.
Автор жұмысы кісілік, гуманистік пассаждарға толы: “Қазақстанның киношежіресін жасаған орыс операторларының атқарған қыруар еңбектері ерекше құрметтеуге лайық. Атап айтқанда: Марк Беркович (“Мы здесь живем”, 1957; “Наш милый доктор”, 1958; “В одном районе” 1960; “Песня зовет”, 1961; “Алдар көсе” (“Безбородый обманщик”), 1965; “Ангел в тюбетейке”, 1968; “У подножья Найзатас”, 1969, “На диком бреге Иртыша” (1959); режиссер, оператор Яков Смирнов (“Академик Сатпаев” (1967), “Быль Каспийская, (1958), “На целинных землях Казахстана”, (1954) деректі фильмдер); оператор Иван Александрович Чикноверов “,Советский Казахстан”, (1950), “Вена” (1945), “Победа на Юге” (1944) (деректі фильмдер) есімдері мен олардың атқарған қыруар еңбектері құрметтеуге тұрарлық. Сол жылдары алғаш түсірілген деректі кинода қазақтың тұңғыш операторы Ескендір Тынышбаев “Знай наших!” (1985), “Табунщица” (1974), “Курмангазы” (1974), “Поет Ермек Серкебаев” (1965), “Мы из Семиречья” (1958), “Его время придёт”, (1957) және т.б. деректі фильмдерді түсірді”.

“ …Ш.Айманов та қазіргі уақытта қазақ көрерменінің сүйікті фильмдеріне айналған классикалық көркем дүниелерді асқан режиссерлік көрегендікпен жасады”.

4.
Бүгінде, бар өнердің ішінде, әсіресе кинематографта постмодерндік сипаттар қатты байқалады, ерекшелігі, фрагменттілігі, ой өрбітуі, кекесіні, антинарративтілігі, реалды өмірді көрсету емес, жасауы.
Модернде кеңістік пен уақыт ғылыми түсінік аясында бейнеленсе, постмодернде бұл ұғымдар көмескіленеді.
Ретро мен ностальгия – постмодерндік кино тәсілдері. Модернде өткенге деген көзқарас историзмге бағынатын еді, постмодерн одан халықтық культ жасайды.
Біз автордан болашақта осы тәріздес жаңа тақырыптарды ашатын жаңа табыстар күтеміз.

03.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here