Дидар АМАНТАЙ

МЕН ӨМІРДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІН
Эссе

Пенде ғұмырында бақыт ұғымын құрайтын үш түсінік бар – денсаулық, мұрат, мағына – осы үшеуінен асқан құнды нәрсе жоқ.

Денсаулық – тіршілік қақпасы. Өмір есігінен он екі мүшесі сау адам ғана өте алады. Дені сау адамның арманы ұлы болады. Ұлы арман дегеніміз басты мұратымыз.
Мұратын іздеп жолға шыққан сапаршы мағынасын да табады. Ізденіс – сапарының мәні.

Науқастың өмірі қысқа – оның мағынасы не? Рас, сырқат шолақ өмірінен не күтеді, нені пайда көреді. Бейнеттен басқа, мехнаттан өзге не бар?

Қол созған мұрат – жол бейнеті, мойнына артқан жүгінен – ауыр болса, онда мағына да терең, маңызы да артық.

Бірақ, саулықсыз мақсат тумаса, бақыт өмір сүрмесе, демек, тірлігіміздің ақыры да белгілі: мәнсіз күрес.

Бізді өлім шақырып тұрғандай көрінеді. Өзіне қол жұмсаған – ажалдан мағына тауып отыр.

Шын мәнінде, бұл ойда шындық бар ма?

Біз ойымызды мына негізден өрбітуіміз керек. Бір минут, тіпті, бір секун да өмір. Неге? Қараңыз, Сіз бұл өмірге ұмтылған, сірә, жүздеген, мыңдаған, миллиондаған, тіпті, миллиардтаған таңдаудың ішіндегі басына бақ қонып, құт дарып, бақыт бұйырған жалқы сәтсіз. Бәрі адасты, Сіз жол таптыңыз. Кездейсоқтық па, заңдылық па, жоқтан бар туды, Сіз Бүкіл Әлемнің бір уақиғасына айналдыңыз.
Осының өзі – қуаныш. Мүмкіндік – ұлы мейрам.

Қуаныңыз, адамзат. Мың сан жайт бір-бірімен үйлесе отырып, ортаға Сізді шығарды. Сіздің ретіңізді, Сіздің саныңызды, Сіздің санаңызды қалады. Қаншама мүмкіндік сол мүмкіндік күйінде қалды. Ғасыл болды.
Есіл болды.
30.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here