Дидар АМАНТАЙ

ӨЗЕН
әңгіме
– Әуелі қайда болдық?
– Өзен жағасында кітап оқыдық.
– Сосын, белсебед тепкеніміз есімде.
Ол алысқа қарады. Қарқаралы таулары анық көрінеді. Шың-құздары қарға адым жерде жатқандай әсер қалдырады.
– Кино есіңде ме?
– Иә.
– Неге күрсіңдің?
– Жай.
Қазір – жабық. Ешкім кино әкелмейді. Бұл ауылдың Құдайға да керегі жоқ. Екеуі өзен жағасына қарай жаяу аяңдап келе жатыр.
– Жап-жас едік.
– Сен неге шықпай қойдың?
– Ұялдым.
– Кімнен?
Ол қалаға қайта оралады. Қазір Алматыда туып-өскен тәрізді. Бір адым ұзаса болды – сағынады. Бұл шаһардың әр бұрышының өз тарихы бар. Естелігі көп. Шығарып салғаны, қарсы алғаны – қуанғаны, ренжігені.
– Бірге келгеніміз дұрыс екен.
– Сені көргенде ішіме от түсіп кеткендей… біртүрлі толқып, не айтарымды білмей қалатынмын.
Ол күлді. Қазір – өкінеді. Тоқтап, қарсы алдына қарады.
– Өзен жоқ.
– Иә, көп болды.
– Қайран, Жарлы.
Екеуі жардың шетінде отыр. Кезінде биік еді, табаны тереңде тұнып жататын. Ұсақ балықтар жүзіп жүретіні есіңде. Өзен шаңы бұрқырап жатыр. Басқанда қопарыла көтеріледі. Оның көзіне жас келді. Уақыт өзгермейді. Алған бағытынан айнымайды.
– Бір-бірімізді ғашықтардай сүйдік.
Тағы күлді.
– Жоғары өрлейік.
– Өзен бойымен бе?
– Иә.
Жардан сырғып түсті де, арна ішімен кетті. Қияқ шөп қана тірі. Жағалай қаптап өсіпті. Гүлді, – жаз ортасына таман түсіп қалады. Не мал жемейді, не адам термейді. Естеліктің ғана қызметін атқарады.
Ол соңынан қуып жетті. Өзен табанымен жүріп келеді. Бұрқылдаған шаңға қарайтын емес. Шаң соңдарынан шұбырып қалып жатыр. Қарсы алдарынан су келе жатқан сияқты.
– Шортанды алда, “Нүркен” де.
– Бұрын аққайранды шелекке тастап, итбалықты қоя беретінсіңдер.
– Иә. Сосын шабақтар бар.
– Кенеп қаппен кетіп бара жатқаныңды көргенмін.
– Рас па?
– Рас.
Езу тартты. Бүгін сыңғырлап күле берді. Жиі.
– Шаш қойдық, суға түскен сайын тараймыз.
– Білемін.
– Сендер жаққа қарап-қарап қоямыз.
– Марқұм Азамат бар.
– Жеңіс.
– Иә, Жеңіс марқұм…
– Біз жай ғана отырамыз.
– Түсу ойларыңда жоқ.
Ол кейін қалып қоя береді. Сірә, қатты жүріп келе жатыр.
– Тез жүресің.
Екеуі өзен табанымен асыға басып, көкірегін қарс айырған сағыныштың терең құдығына құлап кетеді. Тегінде, адымдаған сайын бір нәрсе еске түседі. Қос жүрек себепсіз қуанады. Себепсіз лүпіл қағады. Енді жүрістерін тағы тездете түссе, қол ұстасқан қос балалық шақ қарсы алдарынан көрініп қалатындай алаңдайды. Шалғайдан құмығып бір дүріл естіледі. Орақ кезі – пішен дайындаған жаз мезгілі. Мүмкін, су келе жатқан шығар.

04.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here