ДИДАР АМАНТАЙ

ПЕЙІШ ЖОЛЫНДА
(ЖҰМАҚҚА БАРА ЖАТҚАНДА)
әңгіме

Жұрт бытырап қашып жатыр. Қалың атысты естігендер қалт тоқтап, жан-жағына үркіп қарайды.
Есі шыққаны – ентелей жүгіреді. Тар жерде не істерін білмегені қатты сасып, қашқандарға ілеседі. Лек-легімен қосылып, бас сауғалап жүгірген қалпы, ел соңынан ере шулай жөнеліседі.
Қызыл іңір, ақшам жамырап, қала үйлері шам жаға бастаған уақыт. Қара күздің кезі – күн суық. Өкшелеп келе жатқандар алдына түскен бір топ адамды апақ-сапақта түре қуып тықсырып келеді.
Ту сыртынан мылтық атылды. Қақалып шыққан көк түтін жер-көкті басып кетті. Ол құлап түсті. Ешкім қарайтын емес. Жаңа ғана бәрі бірге тұра ұмтылған сияқты еді. Енді тұс-тұстан баудай түсіп, қырылып жатыр. Қара үзіп кетіп бара жатқаны алыстан оққа ұшады. Қарбаң ете қалады. Жерде көлденең жығылып жатады. Тұрсын басын көтере беріп, қайта шалқасынан құлады:
– Бәрі бітті…
Осы сөзді қайдан естіп еді. Ұстазы төсек тартып жатқанда айтқаны жадында. Зекеңді есіне алды. Көзі ашық жатты. Бір ой келіп, бір ой кетіп жатыр. Ол аспанды көрді. Шексіз, алқаракөк, сабырлы. Періштелер көтеріп әкетеді деуші еді. Екі құлағынан от алаулаған Әзірейіл неғып көрінбейді. Мүмкін, жұмақтың белгісі шығар. Егер ол адам кейпінде келсе, демек, бір қылығы Құдайға жаққан шығар.
Ол шалқасынан жатып тағы аспанға көз жіберді. Қазір бұлттардың ар жағына ұшып кетеді. Қанат бітсе, бір сәт кідіргісі келмейді. Жер бетінде аялдауға ешқандай зауқы жоқ. Бұ дүниеге тойды. Асады, жасады… маңдайына жазған бейнетін кешті.
Кедейшілік құтқармады. Беліне байлап алған қара тас сияқты. Өмір бойы көтеріп жүрді. Басқан аяғын аңдып, барған жерін торып. Енді тегіс – тамам, шаруа бітті – соғыс аяқталды.
Өліп бара жатқан тәрізді. Қол-аяғын сезбейді. Қан жарадан селдей ағып жатыр ма – бойы тез әлсіреп барады.
Шөлдеп өлетін бе еді. Білмейді екен. Өлген неткен тәтті. Ой-санасы бұлдыр. Денесі ұйыды. Ұйқы шақырып жатқандай күй кешті.
– Тұрсын қалды.
– Жігіттер, Тұрсынды ала кетейік.
– Уақыт жоқ.
– Қаумалап келеді.
– Атып жатыр.
– Қашыңдар, тірі қалдырмайды, асығыңдар.
Дауыстар күңгірт, ақыл-есі көмескі, еміс-еміс естиді. Күңгірлеп сөйлеп, үзіліп-үзіліп кетеді. Өзін тапқанда, әлем бұлыңғырланады. Сосын, қайыра жоғалтып алады. Ел топырлап қасынан өтіп жатыр. Жер солқ-солқ етеді.
Қайратым бар, бағым – сор. Күн батып қалды ма, көз байлаған қараңғы. Осыншама қорыққан өлім еш қорқынышты емес. Өлудің еш қиындығын көріп тұрған жоқпын.
Ол Күнді аңсады. Енді бір көрсем деп армандады.
Шынымен, атты ма, әлде бұл түс пе, қалай ол, тірі Тұрсын, оп-оңай өле салады. Әділдік қайда. Туғаны, азан шақырып ат қойғаны, тұсау кесері, тоқымқағары, сүндетке отырғызғаны, бала болып ойнағаны, туған жері, қала көріністері, фотосуреттері, ғұмырының әр сәті жадында оны – жарықтық апасы, әжесі, іні-қарындасы, ауыл жұрты, ағайын-туысы неғып құтқармайды, өзіне не болды…
Есінен танды. Қайта оянды. Түн іші. Неліктен тас қараңғы. Ол күбірлеп Ясин сүресін оқыды.
Жанында біреулер жүр.
– Тұрсын, – деді бір дауыс.
– Тұр.
– Тірісің бе?
– Қан көп кетіп қалыпты.
– Зембілге!
– Ей, мынау…
– Не мынау?
– Өліп қалыпты.
– Онда машинаға артыңдар.
Ол қыбырлаған көп адамға үстінен төніп үнсіз қарап тұр. Сосын, екі-үш періштеге ілесіп, жоғары ұшып кетті. Ұшып келе жатып, ғарышқа көз салады. Төңірегі ашық, аппақ, бұл жақта қара деген түс жоқ секілді. Себет-себет гүлдің шаған жапырақтары екпінді қанаттардың желпіген күшінен қалтырап, үзіліп түсіп қалады. Талмай ұшқан топтың ізін көрсетіп соңынан шашылып, жол бойы шұбатылып жатыр. Өрнек-өрнек гүлдесте үлкендеу ме, қалай, мойнынан сырғып, түсіп қала береді.
– Бәрі бітті ме? – деп сұрады Тұрсын қоршап келе жатқан сан түрлі періштенің бірінен.
– Жоқ, – деді Әзірейіл, – енді басталды.

02.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here