Дидар АМАНТАЙ

ТҮПСАНА
Әңгіме

Ол жалғыз еді. Соңғы жылдары, терезеден қарап, елеңдеп біреуді күтетін тосын мінез шығарды, сондықтан, жалғыздықтан құтылу үшін, ерте ұмытып үлгерген ескі ғадетіне қайыра басты, қолына қалам алды, бос уақыттарында, таңғы бестен түске дейін, кейде қызыл іңірден түн ауғанша, ештеңеге алаңдамай, көркем шығармалар жазып жүрді, көбінесе әңгіме жанры қызықтыратын, бірақ, сол кезде айықтым, құтылдым деген жалғыздық сұлбасы мәтіндерінен қайта қалқиып көрініп тұрушы еді.
Әуелі шошып кетті. Есім-сойын атамаса да, түр-тұрпаты түзілмесе де, тіпті, кейіп-кескіні жекелеген сөз тұлғасы, сөйлем пішіні, ұғым-түсінік бітімінен көрінбесе де, мәтін көлеміне шақ мөлшерде, бір өлшемде мұңлы уақиғаларға қатысып, қатынасып тұрғаны сезілетін.
Сөйтіп, жат кісі назары, көлденең жұрт көзінен бой тасалаған жалғыздық сезімі бар екендігі қатынасынан айқындалып, қатыстылығы қапысыз танылып қалатын. Бірақ, жоқ.
Иә, кванттық бөлшектер тәрізді бір мезетте, сүлдері де, сұлбасы да әрі бар, әрі жоқ. Яғни, жылдамдығын өлшегенде, орны белгісіз, орнын тапқанда, жылдамдығы ұшты-күйлі жоғалып кетеді.
Көркем кейіптің өзі туындыны оқығандағы алған әсер, көңіл күйден сомдалады, соңыра көз алдына елеусіз елестеп, күні ұзақ есінен кетпей әуреледі. Көңілі жүдеп, жалғыздық – сағыныш перзенті, деп күбірледі. Дәптеріне әдемілеп жазып қойды.
Бір күні ол кездейсоқ сағыныштың жүзін көрді. Әрине, нақты айырып үлгермеді, көмескі образ күңгірттеніп кетті, тесіле қарағанда, түр-келбеті солғын тартып, тотығып шыға келді. Телміре көз тастап, қадала жанар тоқтатып, жүзін тануға ұмтылған оны жаратпады ма, теріс айналды, айналғаны мұң екен, ту сыртынан теңіз аруына ұқсап, шашын тарқатып жіберіп, суға түсті де, жалдап бара жатып жоқ болды.
Өзі кінәлі. Теңіз жайлы жазып отыр еді. Жас сұлудың үні естілді. Ол бұлыңғыр дүние ішінде жүр, әлде өзі су жағасынан бері, орман шетінде жатқан, терең сайға қонып, жолын бітеген тұман арасында адасып келе ме.
Қоңыр дауысынан таныды, Гүлмира, жоқ, енді тапты, жауабы – Маржан. Қателесті, шырамытып отыр – Шынар. Әлде, Айнұр ма, мүмкін, Айгүл шығар.
Жаңылды. Сарқыт, Дариға, Ирина, Татьяна, Милена. Бос әурешілік, зая уақыт. Елес қуғанша, есін жиып, ем-дом іздеуі қажет, дүниенің бір түкпірінде, дертіне шипа дәрі, жанына жұбаныш айтар дәрігер болуы керек. Ол міндетті түрде оны табады.
Бірақ, жалғыздыққа не дауа?
Жазуды тастап, сурет өнеріне көшті. Мольбертін жүкаяқ артына, қабырға іргесіне қойғаны есіне түсті. Шаң-тозаң басып кетіпті. Жуып, тазалап, бөлме ішіне, үй ортасына төрт аяғын тең басқызып, мықтап, берік орнатты да, түрлі-түсті бояуын шығарды.
Не салса да, бұлыңғырланып кетеді. Мүмкін, айып өзімнен, қол созған мұратым айқын емес шығар, деп ойлады ол.
Әсілінде, шығармашылық тұлға ойында біркелкі айқындылыққа жетпеген көркем образ қағазға түскенде күңгірт тартады.
Әлде, көрмейтін шығармын. Көзім сыр берді ме. Ол ару бейнесіне алыстан зер салды, жақындап та қарады. Нәтижесіз.
Ішіне сыймаған жалғыздық сыртқа сұранып тұр. Ақ маржандай қағаз бетіне төгілдірсе, өрнек салғандай кестелесе, жүзі анықталар ма еді. Меніңше, кімді сағынғанымды білмеймін. Маза бермей жүрген басқа нәрсе болса керек. Неге оны махаббаттан іздедім. Туған-туысымды аңсадым ба екен. Әжемді, сосын – атамды. Бала күнімді. Бозбала кезімді.
Үстінен дәл түсті. Сәби шағын құмартады. Бірақ неге бұлдыр. Анық болуы тиіс еді. Ол ой-толғаныстары себебін, тіпті, қаһарманын тапқанына қуанды. Таңертең ерте оянып, мольбертін дайындады, кенепті ауыстырды. Екі жаққа шымырлай тартып, майда ілгешектер қадап, берік ілмектерге кенепті шет-шетінен тырсылдатып басып, іліп қойды.
Енді грунт салады, сосын, бастайды. Әуелі жарықты түзейді. Көлеңке түскен жерден бояулар үндестігі жойылады. Көшеден айқай-шу жетпегені дұрыс. Терезелерді жапты, желгеөзекті бітеді, пердені тұтты.
Бәрі дайын. Шайын ұмытып бара жатыр. Ішетін сусыны қашанда қасында тұруы қажет. Ысытты, кесеге құйды, бал салды, үстеліне қойды. Концепциясын пысықтамапты. Бірақ, ойында емес пе. Ал, Тәңірім, тура жолға бастай гөр.
Бояуды бір жағып қойды да, тоқтап қалды. Үнсіз отыр. Не бейнелерін білмейді. Сезім бар, шабыт оянған, тақырып аян, алайда, кейіпкері ұстатпайды, қашады, бір көрінеді, бір жоқ болады.
Оның ойы шашырады, не туралы саларын біледі, бірақ, нақты образын көрмейді. Көрмегенді қалай кейіптейсің.
Фонды салып қойды. Күз, әлде көктем, жапырақтар түсіп жатыр не көктей бастады. Көктегені абзал, күз болса – ақ майға сары май жаққандай… әрі мұңлы пейзаж, әрі уайымды персонаж. Әсерді күрт әлсіретіп жібереді. Әдемі мезгіл, жазғытұрым күні, саяқ қыдырып жүрген бақытсыз пенде қажет. Жалғыздық қуанышты ортада жанға қатты батады.
Мұң ішіндегі мұң – кешегі дәстүр. Қазір – өткен жол. Әсері – солғын, ықпалы – әлсіз. Бізге жұмбақ метафизика керек.
Ол салғырт отыр.
Ақыры шығармашылық тұлға бола алмады. Шырқаған әнінде қайғы бар, қайғы – ой. Мүмкін, ол қорытындысын сюжет алдына жіберіп, ат пен арбаның орнын ауыстырып алған шығар. Әдетте, арбаны емес, атты жегеді.
Сағынышы мен жалғыздығы нақты бейнесін таппай, шығарма тумайды. Ақылгөй проза, бұлыңғыр живопись не айта алады. Әсер сөйлемейінше, адам толқымайды. Немесе, адам толқымай, әсер сөйлемейді. Жалпы дидактика, жалқы күңгірт деталь адамды толқытпайды да, әсерлендірмейді.
Деталь анықта – шығарма айтары көмескі болса, ол – бір басқа. Деталь фальштен ада ма, бұл да үлкен мәселе. Жалған деталь шынайы атмосфераны бұзады. Шынайылық қарапайымдылықтан туады. Пафос нәрін құрғатады.
Өмірі, құрығыр, ізденіспен өтті. Тіпті, үйленген жоқ.
Кенет ол көрді. Бірден суретін салуға кірісті. Ұзын бойлы, ақ сары жүзді, аққудай әдемі қыз. Ұяң.
Бейнесін сомдап біткенде, қуанғаннан секіріп-секіріп, екі-үш аттап дәлізге шықты, қарама-қарсы есікті қағып, ас ішіп отырған бейтаныс көршісін шақырды. Кескіндеген, майлы бояуы аңқыған, монумент портретін көрсетті. Көршісі әдеп сақтап, басын шайқап тұрып, жұмсақ, майда сөйледі:
– Япырай-а, қалқа, қалай жеткізсем екен, еңбегіңіз зая ма, әлде
мақсатыңыз осы ма, бұл жерде бірінің үстіне бірі қалың түскен әртүрлі бояудан басқа ештеңе жоқ, есіл күш-қайрат.
– Түсінбедім.
– Мен ештеңе көріп тұрған жоқпын.
– Тіпті, ештеңе ме?
– Тіпті, ештеңе.
Өңі бұзылып кетті. Түсі қашты. Ызасы келді. Отты жанары жарқ-жұрқ етеді.
– Сіз өнерді түсінбейді екенсіз, – деді ол.
– Енді, көргенімді айттым.
– Жоқ, – деді ол, – сезгеніңізді айтыңыз.
Көрші аң-таң күйі үйден шығып кетті.
– Ақымақ, өре жоқ, білім жоқ, не біледі, дейсің.
Ол көшеден бір адам ұстап әкелді. Сурет бетін мұқият, толық жапқан материалды сыпырып тастап, тағатсыздана шын пікірін сұрады:
– Сіз төрелігін айтыңызшы, ұнай ма?
– Ұнайды, не десем екен, бірақ бұл жерден сурет көріп тұрған жоқпын.
– Сіз де ақымақсыз, – деді ол.
– Әділі осы.
Тағы сыртқа шықты. Көп ұзамай, соңынан еріп үшінші адам келді. Ол туындысын алдына көлденең тартты.
– Қараңызшы, мұнда не бар?
Оқтала алмай, қаймығып, дағдарып тұр, бірақ, шындықты айту – парыз, не де болса деп, шын көзқарасын білдірді.
– Сіздің не ойлағаныңызды білмеймін, алайда, полотнода ештеңе жоқ.
– Мүлдем?
– Иә.
– Мұқият көз салыңыз.
– Тұра тұрыңыз.
– Көрдіңіз бе?
– Бұлыңғыр бір жазу.
– Ақымақ болмаңыз, бұл – сағыныш суреті.
– Ш… әрі қарай оқу мүмкін емес.
– Ақымақсыз.
– Таптым.
– Рас па?
– Рас.
– Әдемі ме екен?
– Иә.
– Не?
– Жазу.
– Қайдағы жазу.
Ол жерге отыра кетті, жүйкесі жұқарды, амалы таусылды. Қап!
– Елдің бәрі ақымақ боп кеткен бе?
– Кешіріңіз.
– Тұр ғой, міне.
– Тұр.
– Айтсаңызшы.
– Оқиын ба?
– Нені?
– Жазуды.
– Түу!
– Ш… ын.
– Не шын?
– Ар.
– Аршын?
– Ренжімеңіз.
– Не болды.
– Шынар деп жазылып тұр.
Өзі қарап еді, шынымен, Шынардың күлкісін көрді. Езу тартқан, бұрынғы паң қалпы, Алматы көшелерінің бірінде көйлегінің етегі желбіреп, әсем басып жүріп келе жатыр.
Бұл өзі салған ақжарқын кемел бейнені елдің неге көрмейтінін түсіне алмай-ақ қойды.
24.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here