Дидар АМАНТАЙ

МОДЕРН/ПОСТМОДЕРН
Әңгіме

Қара автомобиль қала ішімен жайбарақат сырғып келеді. Бұл кадр көптеген фильмдерде көрсетіліп еді. Даңғыл бойын жағалай, тізіліп алған түнгі бағаншамдар жан-жағына нұр шашып жарқырап тұр.
Шамдар тау етегіндегі шаһар тәжі тәрізді тұс-тұстан жанып аңдыздап көрінеді. Жарық мұраты тас түнек қараңғылықты қақ жарып келе жатқан көліктерге бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсету ғана. Әркім өз жолын өзі жүріп өтеді. Басқаның ғұмырын басқа кешіп бере алмайтыны сияқты.
– Постмодерн деген жазу мәнері жоқ.
– Сонда, ол не?
– Модерн.
– Қалайша?
– Ол постмодерндік шығармаларда модерндік тәсілдерді қолданады.
– Шын.
– Ретро.
– Келісемін.
– Бүгінде кітап оқымайды, біреуден қысқаша мазмұнын естіп алады.
– Қызық.
Салон іші бұйығы. Көшеден көшеге ауысып, автомобиль сынаптай сырғиды. Бәріміз бір ертегідей күй кешеміз. Үнсізбін. Ол бір сәт терезені төмен түсірді. Жерге қарады. Қарамай бетімен төрт дөңгелек жайбарақат дыбыссыз дөңгелейді. Қараңғы үйлер қос қапталдан бытырап қалып жатыр.
– Ол субъект пен объект арасындағы қашықтықты жоймақшы.
– Сөйтіп…
– Объект көзімен көріп, тілімен сөйлегісі келеді.
– Мақсаты?
– Арақашықтық жойылмайынша, объект, өкінішке қарай, субъектінің көргені мен дискурсы арқылы беріледі.
– Орысша айтқанда, “необъективно”.
– Бұл – модерндік парадигма.
– Қағида.
– Жоқ. Парадигма. Дәлірек сөз. Хэмді еске ал, Джойсты, Фолкнерді, Томас Маннды, тіпті, Кафка мен Пруст мырзаны.
– Дұрыс.
Түн жылы. Жаз мезгілінің жайма-шуақ уағы. Әңгіме ырғақ-екпінін енді тапқан сықылды. Жүректің қылын шерткендей шерлі емес. Бірқалыпты, бір сарынды, өзгеше.
– Модерндік дәуірде, идеяны, мән-мағынаны, құндылықтар мен үлгілерді
тудыратын философия еді, постмодернизм аясында кез келген институт өндіруші күшке айналады – әдебиет, лингвосемиотика, культурология, социология, психология, медиология, тіпті, кинотану.
– Сосын?
– Постмодернизм – модернизм сияқты көзқарастардың жалпы жиынтығы емес, бір арнаға құйған, ортақ қасиеттері бар ағымдар бірлестігіне де жатпайды.
– Рас. Түсініксіз.
– Модерндік жүйеде ницшешілдік, марксизм, фрейдизм, феноменология, экзистенциализм, структурализм, герменевтика, неоплатонизм бір таным жолындағы, бірақ, түрлі сипаттағы ізденістер.
– Иә.
– Постмодернизм – басқа, бір-біріне ұқсастығы жоқ ойшылдық.
– Рас.
– Ол тұтыну қоғамы, постиндустриалды қоғам, ақпараттық қоғам, медиамәдениет, ғаламдану (глобализация), жергіліктен(дір)у (глокализация) ұғым-түсініктеріне туыс, жақын.
Біз кафеге келдік. Түсіп жатып ол сұрақ қойды. Сұрағы – күрделі. Жауабы да, ендеше, оңай болмайды.
– Постмодернизмді туғызған не нәрсе?
– БАҚ және медиа технологиялар. Әрине, экономика саласындағы, өндіріс дамуындағы, тұтыну жүйесіндегі ұлы өзгерістер де өз септігін тигізді.
– Пост-адам дәуірі.
– Юрген Хабермас Маркс теориясындағы өндіріс құралы орнына ақпарат құралдары терминін енгізеді.
– Өлшем тұрғысында.
– Гуманитарлық таным жүйесіндегі лингвистикалық төңкерістер, яғни, таңбаның дыбыс алдына шығуы, тілді таңба ретінде ұқсақ, бүкіл әлем мәтінге айналады.
Есіктен кірдік. Кафе жақсы екен. Бос орындар бар. Даяшы нұсқаған түпкі үстелге бет түзедік. Жолдан екі-үш таныстар тұрып сәлемдесті. Жарқылдап қалжыңдасып жатыр. Дастарқан басында сұқбатымызды жалғастырдық.
– Болмыс-мәтін.
– Бұл – тілдің қалыптасуы жөніндегі семиотикалық теорияның түбегейлі өзгеруі.
– Тағы?
– Егер мәдениетті мән-мағына тудырушы тұрғысында түсінсек, онда тіл концепт туғызушы рухани-интеллектуалдық құбылысқа айналады.
– Белгілі нәрсе.
– Сонда, тіл – ғаламды жаратушы.
– Әдемі.
– Ол ауыз екі тілді белгілеп, жазып отыратын фонологиялық қызметінен босайды. Құтылады.
– Құтылмайды.
Бір қарасам, Мэрилин Монро келе жатыр.
– Әне, қара, Монро, – деппін.
Монро көйлегінің етегін қайта-қайта желбірете береді. Әңгімеміз ағайынды Кеннедилер туралы болып кетті. Жас даяшылардың бірі – әйгілі киножұлдыздар, бірі – атақты әншілер киімінде жүр. Жан-Люк Годарды ешкім танымайды, бекер киген. Феллини, енді, таныс. Пәлі, Шәкен Аймановқа дейін қонаққа келген бе. Ол – асаба тәрізді. Жоқ, мейман. Дастарқанға отырып жатыр.
– Фонетикалық және ауызша сөйлем үлгілеріне қарағанда, графикалық, грамматикалық формалар әлеқайда маңыздырақ.
– Жөн.
– Десек те, икон түпнұсқаға жақын, индекс – сілтеме, символ алдыңғы екеуі арасында.
– Таңба. Белгі.
– Рас.
– Басқа, бөтен, жат нәрсені жоқ кезінде ауыстыра алады.
– Жоқтатпайды.
– Орнында қалады.
– Иә.
– Сонымен, постмодернизм?
– Гуманитарлық пәндер арасындағы шекаралардың бұзылуы.
– Бір.
– Модерн институттарының қазасы.
– Тарихтың соңы, кітаптың ақыры, философияның қазасы.
– Өте орынды.
– Энтони Гидденс тұжырымдамасы деген не?
Даяшы шай әкелді. Жұпар иісі мұрынды жарады.
– Модернити аясында талаптардың әсіре күшеюі.
– Ульрих Бектің тәуекел қоғамы ше?
– Ол қазіргі таңда қауіптердің көбеюі. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шығады.
– Аа.
– Бұрын тұрақтылықтың жауы дағдарыс еді.
– Асыра сілтеу. Артық өндіріс.
– Иә. “Перепроизводство”.
– Термин қайдан шықты?
– Шайдан алайық.
– Қазір.
– Постмодерн термині алғаш рет 1917 жылы жарық көрді.
– Кім ашты?
– Бұл сөзді тұңғыш рет неміс ойшылы әрі қаламгері – Рудольф Панвиц – “Еуропа мәдениетінің күйреуі” атты кітабында келтіреді.
– Басқа?
– Сосын, 1934 жылы Ф. де Ониз модернизмге деген реакция тұрғысында, “Испан және латынамерикалық поэзия” атты еңбегінде пайдаланады.
– Тойнби ше?
– Арнольд Тойнби 1947-шы жылдары назар аударады.
– Сұңғыла.
– Негізі, ағылшын суретшісі Дж. У. Чапман 1870-жылдары импрессионизм кезеңінен кейінгі живопись атауы ретінде қолданған.
– Бірақ, басқа мағынада.
– Иә.
– Модерн ше?
– Ал, модернизм 1863 жылы Парижде ашылған “Аласталғандар салоны” атты көрмеден басталады. Көрмеге Париж салоны қазылар алқасы кері қайтарған шығармалар қойылады.
– Әрі қарай.
Қонақтар тыныш. Байсалды орын тәрізді. Кафе іші ретро. Кешегі Алматы стилінде безендірілген. Фотография көп. Алма фотосуреттері. Теріп жатқан, шашылып жатқан, арықтармен ағып бара жатқан. Ескі. Тамаша жер. Сөзімді жалғадым.
– Жан-Франсуа Лиотар анықтама бергісі келді. “Постмодернизм шарты” кітабында – үлкен хикаялар мен метанарративтерге деген сенімсіздік білдіріледі.
– Дефинициясы?
– Постмодерн мәдениеті дегеніміз көңіл бөлген объектілері өз болмысынан, төл референтінен, тіпті, мағынасынан, қала берді, ақиқатынан айырылған симуляциялар мен дискурстар,
– Ролан Барт, Мишель Фуко, Жиль Делез, Жак Деррида, Жан-Франсуа Лиотар, Жан Бодриар, Фредерик Джеймисон.
– Көп білесің ғой.
Күлді.
– Жан-Франсуа Лиотар алдымызға екі сипатын келтіреді: сенімсіздік, сосын, негіздердің (іргетасы шайқалуы) дағдарысы.
– Ұғымды.
– Постмодерн атауы, феномені немесе құбылысынан соң пайда болды, яғни, термин-сөзден бұрын қалыптасты. Бірінші атаған – Лиотар.
– Ақылман.
– Модернизм сөздігінде әлем пішіні, дүние бейнесі, жаратылыс кескінін кейіптей алатын ақыл-ой, прогресс, эволюция, таным, ақиқат, гуманизм, ғылым, ар-ұят, дүниетаным, еркіндік тәрізді метанарративтер құрайтын ұғымдар бар.
– Демек…
– Яғни, постмодернизм осыған сенімсіздік білдіреді.
– Түбегейлі?
– Иә, бірақ, не білім, не ақиқат екенін кім шешеді.
– Белгісіз.
– Постмодернистік дәуірде тұрақтылық, үміт, адалдық, беріктік сияқты қасиеттер жоғалады.
– Рационалистік дүние тас-талқан болады.
Алакөлеңке шам жарығында күбірі-күбір сөйлей бергің келеді. Әр үстелде бір-бір шам. Бақыт нұрындай… Мэрилин көрінбейді. Көп балалы Мэрилин Монро. Үйіне қайтып кеткен шығар. Не демалыс бөлмесінде шылым шегіп отыр.
– Бәрі жылжымалы, қозғалмалы, құбылмалы, айнымалы және алдамшы.
Сүйенетін, негізге алатын ештеңе жоқ.
– Масқара.
– Негативтік әсемдік. Үрей эстетикасы.
– Түсіндім.
– Бір қыры.
– Екіншісі?
– Ницше Заратуштрасы жарақаттан ләззат, қанағат табуды, Фрейд науқастың үнемі денсаулығын айтып, мұң шаққанынан рақаттанатыны туралы жазады.
– Иә.
– Бодриар – симуляция, симулякр, гиперреиалистік, гипертелия, имплозия, экстаз, патафизика түсініктерін енгізген ойшыл.
– Мықты.
– Бұл классикалық модерндік дүниетанымнан бөлек.
– Иә.
– Ол асқақ модернизм жаратпаған, жақтырмаған, тіпті, жек көрген шлок, китч, арзан телесериалдар, ридерс, дайджест тәрізді мәндерге қызығушылық танытады.
– Қызық.
– Бодриар тұтынушылар қоғамында жұрт тұтыну объектілеріне тауар емес, белгі-таңбалар тұрғысында қарайтынына назар аударады.
– Қалай?
– Сауық мәдениеті – жарнама мәдениет.
– Ее, мені тат, мені байқа, ен күшті – мен.
– Иә. Пастиш белгілі бір көркем тәсілге немесе жеке адамның әдіс-тәсіліне саналы түрде еліктеуі.
– Пародия жасау тұрғысында емес қой.
– Пародия тұрғысында – модерндік туындыларда.
– Жақсы.
– Бірақ, пародия түпнұсқаға дербес жүйе ретінде қарайды. Оны күлкіге айналдырады.
– Модернде.
– Иә. Түпнұсқа мен көшірме арасында тығыз байланыс болса да, бір-біріне сіңісіп кетпейді.
– Енді түсіндім.
– Постмодернде түпнұсқа мен көшірме арасында байланыс жойылады, цитата, келтірілген текст құрамына, біржола еніп кетеді, бұл ақсүйек өнер мен көпшілік өнер арасындағы шекараны жояды.
– Яғни?
– Бекзат өнер берекесіз шлок пен китчке айналады.
– Өкінішті.
Біз – екеуміз. Көршілерге әңгімеміз жетіп жатқан сияқты. Жағып жатқан сияқты. Жаттап жатқан сияқты. Құлақ түріп тыңдап отыр. Естігенін ертең елге айтады.
– Бар өнердің ішінде, әсіресе кинематографта постмодерндік сипаттар қатты байқалды, ерекшелігі, фрагменттілігі, ой өрбітуі, кекесіні, антинарративтілігі, реалды өмірді көрсету емес, жасауы.
– Иә.
– Модернде кеңістік пен уақыт ғылыми түсінік аясында бейнеленсе, постмодернде бұл ұғымдар көмескіленеді.
– Аһа.
– Ретро мен ностальгия – постмодерндік кино тәсілдері. Модернде өткенге деген көзқарас историзмге бағынатын еді, постмодерн одан халықтық культ жасайды.
– Неге?
– Өткен нәрсе – постмодернде күлкілі тарих, шындығына және ұлылығына күмәнмен қарайды.
– Бірақ, көп түсіреді.
– Аллюзияға шақырады.
– Қызық екен.
– Роберт Стам постмодерн екі рет қоңырау шалады дейді.
– Біз бұрын бұны көрдік, оқыдық, білдік. Бізге бәрі таныс.
– Иә. Модерн шығармашылық шеберхананы құпия сақтайды, постмодерн, керісінше, ешқандай құпия жоқтығы туралы әлемге жар салады.
– Қолдаймын.
– Күнделікті өмірге, тұрмысқа көңіл аударады. Мәтін ретінде оқиды.
Кенет төгіліп, баяу шырқалып жатқан әсем ән күрт тоқтап, жұрт басын көтергенде, кафеге қаруланған үш-төрт адам пистолеттерін кезеніп кіріп келді.
– Қайсың Хамит?
– Хамит жоқ мұнда.
– Сағат неше?
– Тоғыз жарым.
– Демек, сен!
Ол маған қарап тұрды да, атып-атып жіберді. Кафені көк түтін алып кетті. Еш жерім ауырмайтын сияқты. Көзім қарауытты. Түтін иісі ащы. Әр жақтан режиссердің дауысы естілді:
– Снято!

24-25.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here