Дидар АМАНТАЙ

ТҮНГІ БАҚЫТ
Эссе

Көзімде – қайғы. Тыстан түнді жарып бір ән естіледі. Ән сапарға шақырады – алысқа бастаған ұзақ жолдар аңсаған арман-қиялдарына жеткізеді. Үрейден қаш, алдыда сені тек жақсылықтар күтіп тұр.
Кешеуілдеме, екі кештің арасында емес, елең-алаң, қараңғылықта сыз берген жіңішке сәуле, Әсет айында, қаңтарылған Сүмбіле жоғары көтерілгенде, сені іздеп келеді, сол кезде, үйге, түзге байланбай, қарақ, жинал, қара жолға түс, қарға адым жерде тұрған ақ тілек, таза көңіл белгісі, таңғы арайға есік аш, ол сені қашықтарға, шақырымдарға, жылдарға алып кетеді, жетегінен қалма, желегін жамыл, желігіне қосыл, саған пана, асыл мекен, алтын ұя, тіпті, махаббат бесігі осы жастық кездерің, ойға көміл, санаға тоқы, көкірегіңе түй, бақыт – өмір мазмұны, мұрат мағына-мәнді құрайды.
Саздың сәні асқақтағанында, биік тауларға өрмелеп шыққанында, шың-құздарына, шыңырауларына қонғанында, әуезділігі бойына күш-қайрат береді, әсемдігі жан сұлулығына айналады, бұл ән бізді ақ таңдарға бастайды.
Баста мені, таңғажайып ән.
Ұйқым келмей, кірпіктерім айқаспай, әуенге ұйып, ойланып тыңдап жаттым. Тамыз айы еді, ертең пішенге шығамын. Есімде, жасым он алтыда, әжем алпыста, атам алпыс алтыда, дүниеде қайғы жоқ-тұғын.
Мың тоғыз жүз сексен бесінші жыл – көрші үйде той, толған айдың ақ сүт қараңғылығында оттай жанып, жанынды жылытып, көп жарық топтасып, бір жарықтай шашырайды – жан-жағына, тұс-тұсына, бұл – тойдың шамдары.
Музыка жылдам әуенге көшкенде, жұрт жабыла билейді. Терезеден қарап тұрмын. Қараң-қараң ете қалады. Ән салған топ – көрші ауылдың немістері. Жарық алыстан көмескі тартады, музыка – құмығады. Ел қараңғыда дыбыссыз билеп жүрген сияқты көрінеді. Енді жалбаң-жалбаң етеді. Платон үңгіріндегі сырттан түскен жарықтың көлеңкелері тәрізді. Өздерін көрмейді, ербеңдеген көлеңкелерін байқап, бір-біріне күңкілдейді.
Құтты болсын айтқан сөздері космос шексіздігінен жеткен дабыстың шуы, шулы дыбыстары секілді әлсіреп, құлақта тұнып өшеді. Кейде жаңғырып, тұңшығып, кетпей тұрып алады. Күңгірт.
Өзімізге кең дүние жап-жарық секілді. Шын мәнінде, әлем – алакөлеңке. Бұлыңғыр. Өмірдің соңы тәрізді.
Әлсін-әлсін ауыл иттері үреді. Екі-үшеуі әупілдеп бастап, кенет, бәрі бір-бірін жабыла қоштап, жамырап кетеді. Соңынан қосылғандары, алдында кезек-кезек үргендеріне жалғасып, өршелене ілгері озып, топ жарып, кейін қалғаны – қайта алға ұмтылып, даңғаза болып, шулап жатады. Бір-біріне тіл қатқан ұзақ-сонар әңгімелері созылып барып басылады. Қайыра бүкіл әлем тып-тыныш. Әредік алабай төбеттер орындарынан күркіреп тұрады. Тыныштық әлемді жаулаған кезде, түнде жаңғырып, мана жоғалып кеткен, әсем, асқақ, әсерлі музыка үні қайта естіледі.
Әдетте, біз тұрмыс пен сана, тірлік пен ғұмырдың айырма-белгісін тани алмай жатамыз. Тіршілікті – бейнет, өмірді бақыт көреміз. Негізі, тіршілік – өмірдің жасауы.
Немесе, дәлірек айтқанда, тіршілік – өмірдің жүзеге асуы. Өмір – жұмсалмаған қайрат, таусылмаған қуат, сарқылмаған күш. Біткенде, қаза, өлім, ажал. Саны, көлемі, салмағы – нөл.
Көшеде той өтіп жатқан үйді айналып үш-төрт бала жүр. Құрған шатыр сыртында қос-қостан қыз-жігіттер қараңдайды. Әр тұстан күлкі шығады. Жастықта бастан кешкен бейнет жоқ, кәрілікте – тарқамаған қуаныш бола ма.
Қас-қағым сәт мәңгіліктің үйінде өмір сүреді. Бұл үйде бұрын-соңды тұрған халықтың саны сексен миллиард деседі. Адамның қуанышы – бәрі алда екендігі. Қызығы да, мехнаты да. Сатқындық әшкереленбеген, достық дәлел жимаған, махаббатқа көзіміз жетпеген уақыт.
Бақыт – осының бәрін бірінші рет бастан кешу. Бастан кешкен соң, бақыт кетеді. Пендеге бұйырған бақыт жоғалады. Ізім-ғайым. Дүниеде бәрі тегіс ақыл-ойға құрылған болса, онда ешқандай уақиғаға орын жоқ, деген еді Федор Достоевский.
Музыка тынып қалыпты. Шамдар да сөне бастаған. Басталған нәрсе – аяқталады. Иран-ғайып. Бірақ, Мағауинше айтсақ, ертеден бар лепес. Оны Иран ағам кестеледі.
Таң атса, кеш батады. Бала кезде, жастық шақта ғана – жол да ұзақ, өмір де ұзақ.
Семейде жүргенде, 2017 жылы, бір өлең жазған едім:

Асау тұлпар қолда жүрген

Тағдыр көлік бақиға,
Өмір ұзақ жолда көрген
Кішкентай бір уақиға…

23.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here