Дидар АМАНТАЙ

ЫСТЫҚКӨЛДЕ
Әңгіме

– Сіз Тілепті оята аласыз ба?
– Оятайын.
– Сосын, жуынуға барсын.
– Жарайды.
Ол есіктен кірмей айтты. Өзі табалдырықтың ар жағында тұр.
– Рақмет. Менің атым – Гүлшара.
– Низами.
Низами есікті жауып, теріс айналды. Үш төсек – қайсы Тілеп, белгісіз. Іргедегі бала жігіт шығып кетіпті. Ортада – өзінікі. Сол жақ шеткі – яғни, Гүлшараның жақыны.
– Осы әпкем қызық, таң атпай тұрып алады да, елге ұйқы бермейді.
Ол аяқкиімін іздеп жүр.
– Түнде қайда тастағанымды білмеймін.
– Неге?
– Іштік.
– Нешедесің?
– Он алты.
– Ерте емес пе.
– Ішіміз пысты.
– Гүлшара ше?
– Ол білмейді.
Екеуі сыртқа шықты. Тамыз айының ортасы – жаздың соңы. Тамылжыған, жанға жайлы жайма-шуақ мезгілдің аяқталуына бір апта уақыт бар.
– Биыл қай жыл?
– Қалай қай жыл?
– 1993 жыл.
– Не болды?
– Бұл қалжың ғой, Низами.
– Рас-ау.
Ол әзілді бірден түсінбегеніне қынжылып қалды.
– Әзіл-оспағың көп екен.
– Дайын жүріңіз – тосын.
Тілеп екеуі шүмектеп баяу ағып тұрған салқын суға ұзақ жуынды. Қос орамалды қолдарына алып, жүре сүртініп, жолға көтерілді. Күн – жылы. Сүлгілерін иықтарына асып, самарқау басқан қалпы кері қайтып келе жатыр.
Бөлмеге кірді. Қатар-қатар иіссу сеуіп еді, қалың жұпары аралас аңқыды, бірте-бірте төңіректі майлы иісі түгел алып кетті. Жеңіл-желпі киініп, таңертеңгілік асқа жиналды. Бөлме іші кең, бірақ –жинақы.
– Түні бойы жүрдік, – деді ол.
– Біз ұйықтадық.
– Келгендеріне көп болды ма?
– Екі-үш күн.
– Әпкең оқи ма?
– Оқиды.
– Қайда?
– Низами, келісіп алайық, әпкем туралы сұрамашы.
– Неге?
– Ренжісіп қаламыз.
– Өзі ұнатса ше?
– Болмайды.
Низами күлді.
– Қызғанасың ба?
– Жігіттерше қол алысайық. Сосын – тамам.
– Жақсы.
– Ботқа жейік.
– Күріш ботқасы.
– Қазақша біртүрлі естіледі екен.
– Шайдан көр.
– Иә.
– Әпкең жоқ қой.
Тілеп үнсіз Низамиге қарады.
– Қалжың.
Енді Тілеп езу тартты.
– Өзің қалжыңдауды біледі екенсің, енді өзгенікіңе де төзе біл.
– Үйретпеші.
– Үйреніп ал, өскенде керек болады.
– Қант жоқ па?
– Жоқ.
– Қант бос па?
– Ала тұруға бола ма, де.
– Басталды.
– Қант бос , әлде бос емес болатындай орын немесе орындық емес қой.
– Низами, ақылды екенсің, неге кедейсің?
– Жеке басыма тиіспе, сөзбен жең, қолыңнан келсе.
– Келмесе ше?
– Онда, сен үнсіз, мен сөйлеймін.
– Сені көп сөйлетуге болмайды, мылжың боп кетесің.
– Тұрамыз ба?
– Иә.
Екеуі жолдан Гүлшараны кездестірді. Жаңа көйлегін киіп, құлпырып кетіпті.
– Түске қарай жағажайға барамыз.
– Мынау Низами деген өтірікші.
– Тілеп, қой, сенің жасың кіші.
– Екі сөзінің бірі өтірік.
– Қаңғып кетпе.
Алыстан қала базары көрінді.
– Барамыз ба?
– Барайық.
Жарыса жүгіре жөнелді. Қақпаға бірінші Низами жетті. Кеудесі ептеп күйіп тұр. Тілеп алқынып қалды.
– Менің астмам бар, – деді Тілеп.
– Демігіп қалма.
– Иә.
Күні ұзақ базар аралап, қала кезді. Шолпан-ата шаһарынан күн тас төбеге көтерілгенде, оралды. Түскі ас дайын екен. Тез тамақ ішіп, киімдерін ауыстырып, жағажайға барды. Кісі қаптап кетіпті. Гүлшара шатырдың астында отыр. Әдемі. Низами көлге қарады. Сосын, Гүлшараға қарады. Гүлшарадан қайта көлге қарады. Тілепке берген уәдесін орындай алмайтын сияқты.
– Отырыңыз, – деді Гүлшара.
Низами тізе бүкті. Көл бетінде бытырап қайықтар қалқып жүр. Жағажай толы қыздырынып жатқан қара орман халық. Су жиегін жалдап бара жатқандар да бар.
– Әдемісіз, – деді Низами.
– Рақмет.
Кенет өзегін ғашықтық дерті жарды.
– Көздеріңіз, – деді ол, – Тілепке ұқсайды екен.
Тілеп жақын туысындай көрініп кетті.
– Байқаңыз, Тілеп қызғанады, – деді Гүлшара.
– Ол қайда жүр?
– Кешегі достарымен тұр.
– Ол маған ескертті.
– Ескертіп үлгерді ме?
– Иә.
– Сөйтеді.
– Кешке кафеге барайық.
– Бәріміз бірге барсақ барайық.
– Жарайды.
Олар бесін ауғанша құмда жатты. Күн еңкейгенде, қонақүйге оралды. Ас ішіп, биге баруға дайындалды.
– Ішің пысты ма?
– Неге?
– Гүлшараны кафеге шақырыпсың ғой.
– Бәріміз бірге барамыз дедім.
– Қандай айырмашылығы бар.
Ол күрсінді.
– Қажет десең, бармай-ақ қояйық.
– Сен үйленесің бе?
Низами күлді.
– Кім біледі.
– Үйленбесең, жолама.
– Жарайды.
– Егер ойым болса, биге шақырамын.
– Шақыр.
Тілеп көңілденейін деді.
– Оның әкесі жоқ.
– Қайтыс болған ба?
– Мен әкесінің орнындамын.
Низами еріксіз езу тартты.
– Аналарың қайда?
– Үйде.
Олар баққа шықты. Сүрлеумен жүріп, жолды көлденең қиып алды. Айтылған уақытта бәрі кафеге жиналды. Ботагөз құрбыларымен келді. Сәл кешеуілдеп Тілептің достары, сосын, тағы үш-төрт кісі қосылды. Тегіс көңілді отыр. Гүлшараны биге шақырғанда, оны бір нәзік мұң қаумалады. Сүю деген сабырды іздейді екен. Шындық, қашанда, сабырлы. Сосын, байыпты. Махаббат сезімі ішіне сыймай көкірегін қарс айырды. Жақсы көріп қалды, енді жағдай қиын. Ол қыздың байсалды жүзіне телміре қарап, көзің жұмған сәтте ернінен сүйді. Гүлшара да дайын екен, оны құшақтай алды.
Тілеп қарап отыр. Екеуіне емес, екеуінің ар жағындағы терезеге тұтқан қалың перде арасынан тысқа көз алмай қарап отыр. Қызыл іңір, тау сілемдеріне ымырт байлаған қызыл іңір. Жон-жота, жыра-сайға қараңғылық түсіп келеді. Тыста, жол аузында бір топ бала автобусқа мініп жатыр.

22.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here