Дидар АМАНТАЙ

БІР БАЛА

Әңгіме

Бір бала ән салып келеді. Қолында таяғы, басында – топы. Күн тас төбеде тұр. Көрші ауыл мұнартып көрінеді. Кезеңде сағым көшіп жүр.
– Күн ыстық, – деді бала.
Сосын, жан-жағына қарады. Төңірегі – жым-жырт. Тып-тыныш. Әлде, деп ойланып қалды, мүмкін, тым-тырыс. Шет-қиырсыз, ұшан-теңіз қыр дала, сай-салалы адырлар –төбелер, шоқылар, жазықтар, жыра. Қарсы алдында, қозы көш тұста, жер мойны қашықта – қызыл шатырлы жеке меншік үйлер. Тегіс әдемі, өрнекті, көк терезелі. Шағын. Соғыс кезінде Поволжьеден көшірілген, ірге бекітіп, кейін қазақ топырағын қалаған, Қарқаралы елінде тұрып қалған немістердің ықшам қонысы. Ертегідегідей – мөлтек, тап-тұйнақ, таза.
Жоқ, деп ойлады ол. Соңғы сөйлем ар-намысымызға тиеді. Өшіріп тастайын. Ас үйден шаған жапырақты үнді шайының жұпар иісі аңқыды.
– Шай.
– Бал салдың ба?
– Иә.
– Не жаздың?
– Бөгет жасама.
– Жақсы.
– Есікті жаппа.
– Шайдың жапырағы шаған ба?
– Білмеймін.
– Онда, неге жазасың?
– Мазамды алма.
– Жарайды.
– Қазір тексеремін.
Дауысы ар жақтан естілді:
– Шайға рақметің қайда?
– Рақмет.
– Сұрап алатын болдық қой.
Ол ойланып қалды. Шаған туралы қайдан біледі. Бұл сөзді қолданбаған сияқты.
Таяғына сүйеніп жолда біреу терме айтып келе жатыр. Жаз мезгілі – айнала қоршаған тіршілік шуынан құлақ тұнады. Неміс-украин хуторы алыстан бұлдырайды.
– Шай. Тағы.
– Ойымды үздің.
– Не?
– Жоқ. Ойымды бұздың.
Ол тұрды. Терезеден тысқа қарады. Сөйлемінде пафос бар. Әрі қасаңдық жатыр. Орнынан көтеріліп, терезеге қарай жүрді. Сәл бөгеліп, қайта кейін оралды. Көшеде тірі жан жоқ. Жазғы демалыс уақыты.
Мәтінде фальш пайда болды. Шілде айында бүкіл Алматы қаладан көшіп кетпейді. Кері бұрылды.
– Күн неге ыстық?
Бала тас төбеге қарады. Шіркеу қоңырау соқты. Үні құмығып жетті. Жарлы өзені жағасында бір топ бала суға түсіп жүр. Бірлі-жарымы от жағып отыр. Суға түскенде Арқа самалы салқындап кетеді. От құтқаратын емес. Қалш-қалш етеді. Кейбіреуі судан шыға сала жүгіреді. Бүрсең қағып, алауға жетеді де, ауа шимайлаған жалын тілінен қаша отырып, от қызуына қақталады. Қу ағаштар сытырлай жанады. Әредік жан-жаққа шоқ лақтырады.
– Мен неге жаяу жолға шықтым, – деп ойлады бала.
Жалпы, қазақ неге әр атау сөзге бір сөзін қосады. Бір бала, бір нәрсе, бір белгі. Негізінен, бейтаныс нәрсеге қосақтайды. Бөтен адам үйге келсе, бір кісі келіп тұр, дейміз. Мерзімін білмесек – бір жолы. Айтқанын түсінбесек – бір(деңе) нәрсе айтып кетті.
– Бұл – “неопределенный артикль”. Жойылған. Мынау – көмескі бейнесі, қалдығы.
– Қызық екен, – деді әйелі.
– Бұрын болған, кейін қолданыстан шығып қалған.
– Осының бәрін қайдан білесің?
Қайдан біледі. Оқиды, ойланады, тұжырымдайды. Қасында әйелі – жоқ. Бұл диалог мәтінде ғана бар.
Сонымен, бір бала.
Әңгіме бір баладан шығып отыр. Бейтаныс, бөтен бала. Бөтен ауылдың баласы. Жол да бейтаныс.
Әлемде жүздеген бала дәл осылай жол үстінде келе жатыр: бірі – қазақ, бірі – неміс, бірі – украин.
Башқұрт, орыс, француз, ағылшын, испан болуы да мүмкін.
Бейтаныс жол үстінде.
Өзенге шомылып жүргендер қаншама. Бір балалар немесе бір топ бала. Екі ауылдың арасы – қара жол. Көлік көп қатынайды. Бірақ, автордың шешімі бойынша, бүгін бір көлік жоқ. Әшейінде ағыл-тегіл автомобильдер аяқастынан жым-жырт.
Бала әнді шырқай түсті. Бір бала емес. Енді – таныс. Таныс бала. Термеден бұрын…
– Аспан айналып жерге түскендей.
Ол аспанға немісше тіл қатты. Бала қазақ ауылынан шыққан тәрізді. Қаламгер қаласа, қаладан да келе жатқан болуы мүмкін. Таяқты қасқырлардан қорғану үшін алған. Бірақ, екі елді мекен арасында қасқыр бола ма?
– Допустим.
Дауысы қатты шығып кетті. Сюжетсіз әңгіменің басы құралмайтын сияқты. Жұртты қызықтыратын бір шытырман уақиға керек.
Жол үстімен бір бала қашып келе жатыр. Алды-артына қарамай қашады. Немесе бала қайтар жолда барын салды. Жоқ, атымды атасам… Зовите меня Измайлом. Болмайды. А потом испортилась погода. Бір кезде ол бокстан университет жеңімпазы атанған еді.
– Ән салып келе ме?
– Иә.
– Қасқыр жоқ па?
– Жоқ.
– Пәлі, қасқырсыз бола ма?
– Ертең телефон соқ, бүгін бітіріп қоямын.
– Баяғыда жақсы еді, екі кейіпкер, бір сюжет.
– Қазір?
– Қайсы бас қаһарман екені белгісіз,
– Рас.
– Шығарманың басты желісі қайсы екені де түсініксіз.
– Себебі, альтернатива көп.
– Ақпар-мәлімет, хабар-ошардан аяқ алып жүргісіз.
– Түсініктер дағдарысқа ұшырады.
– Шай.
– Шақырып жатыр.
– Осы күнгі қатындар сөйлестірмейді де.
– Көп сөйлестірмейді.
Ол телефонды қоя салды.
Өшірді.
Асүйге барса, терезе ашық жатыр. Перделер желбіреп тұр. Терезе жақтауында тізіліп тұрған гүлдер ыдыстарымен бірге еденде сынып шашылып жатыр. Гүлсауыттарды, шашылған топырағын сыпырып тастайын деп сыпырғыш іздеді. Ешқайда жоқ.
– Шырын?
Оның аты – Шынар. Ұмытпа. Есімдерін шатастырып алма.
– Шынар.
Жоқ. Атын атап шақырса да, үнсіз. Сірә, терезе ашық жатқанына қарағанда, сапар шегіп кетті-ау.
Ол сыпырғышқа мініп алып, Ыстанбұлдың үстімен ұшып бара жатыр. Ұшқан жақсы екен, бүкіл Жер беті төменде қыбырлап қалады. Әлемге жоғарыдан қарайсың.
Шынар періштелер тойына асығып келеді. Жүр, деді, бас тартқан жоқ. Енді шырқау биікте кетіп барады. Сол қолымен бұрып отырады. Оң қолы бос. Қауіпті.
Жолда кісі көп. Жын-шайтандар дастарқанына асығып бара жатқан әзәзілдер, сайтандар, албастылар кесе-көлденеңдеп, кес-кестеп жол бермейді. Жортқан Ібілістер де қалың.
Жаңбыр себелей бастады. Ол жаңбыр ішіне кіріп, кетіп бара жатты да, жоқ болды.
Жолдан бір бала көрінді. Қолшатырын көтеріп жауын астында ән салып келеді. Халық әні даланы дүбірлетеді. Қаламгердің бір машина кездестірмей қойғаны.
Кенет, ғайыптан пайда болғандай, қара қошқыл әдемі автомобиль қатты жылдамдықпен ту сыртынан дүрілдеп тез жетті де, озып барып, қалт тоқтады.
Балаға машина жібергені жақсы болды.
Тәңірі төбесіне тұтсын.
20.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here