Дидар АМАНТАЙ

ЖҮНІСБЕК ҚАБЫКЕЙҰЛЫ

эссе

Байсалды адам еді – бағы бар. Отбасы қызығын көрді. Бақыт кешті. Бала сүйді. Қызметі өсті. Мінезі – біртоға.

Шаруаны үндемей жүріп шешеді. Өзі – бейнетқор, сабырлы, жабық.
Көп сөзі жоқ. Уәдеге берік, сертіне адал, жұмысына тиянақты. Қолына алғаны орындалады. Жұмыла кіріскені жүзеге асады.
Қайраткер тұлға. Елімізге еңбегі сіңді.
Етене араласқан жоқпыз, бірақ бір-бірімізді жақсы таныдық. Ниетіміз түзу, пейіліміз ақ, жұмыс бабымен кездесіп тұрдық.
Махамбет Өтемісұлы тойында көрдім. Оның алдында телефон арқылы сөйлестік. Қоңыр дауысты, ойланып тіл қатады.
Жұмыс орны – жинақы, бәрі тәртіпке бағынған. Әр зат өз орнында, артық, бөтен қағаз жоқ.
Үнемі ой үстінде, тұйық. Бос сөйлемейді.
Бірігіп, бірге атқарған жұмысымыз жоқ, бірақ сәлеміміз бар-тұғын.
Сауатты еді. Орысша, қазақша сауаты – жан-жақты, терең, үздік болатын.
Кездескен сәттеріміз есімде. Жылы қабылдайды, сен сүрініп-қабынып жеткенше, кірген мәселеңді ойластырып қойған, дайын жауабың естисің де шығасың.
Қазасына бара алмадым, бірақ суық хабар жай түскендей болды. Бір шағын болса да естелік жазуды өзіме парыз санадым.
Өлі риза болмай, тірі байымайды.
Жүкең мінезі, байыптылығы, сырға беріктігі жағынан өзіме ұнайтын, сыртынан қатты сыйлайтын едім. Өкінішті, ерте кетіп қалды.
Түрлі қызметтер атқарды. Абыройлы болды, еңбекқорлығы осы бітпейтін қағазбасты шаруалардан көрінді. Беріліп жұмыс істеді. Аянбады.
Менің есімде – зиялы, тәрбиелі, көргенді адам ретінде қалды. Иманды болсын!
Алды пейіш, арты кеніш, замандас аға… қош.
Жүнісбек Қабыкейұлы Сұлтанмұрат ұрпағы.
19.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here