Дидар АМАНТАЙ

ЖАЗҒЫТҰРЫМ
эссе

Есімде, сәуірдің шуақты күндерінің бірінде, ойымызда ештеңе жоқ, тосын, әлеуметтік желілерде айырылып қалдық деген суық хабар тарала бастады.
Бір қалада тұрып бір-бірімізді көрмейтін жалғызілікті заман еді. Бірақ, алып мегаполис шаһардың қашық бір шетінде, таң атып қалған алагеуім мезгіл, елең-алаң біз бастан кешкен бұл уақиға, жантүршігерлік қасірет, қайғылығы жағынан әлемде теңдесі жоқ қорғансыз пенде драмасы еді.
Күтпеген қазадан бір ай бұрын ұялы байланыс құралы арқылы сөйлескенде, ақжарқын дауысында ашық драманың бір кішкентай белгісі де жоқ еді.
Бұл шешім қайдан келді, саған жат, маған бөтен, бұл шешім қашан жүрегіңе орнықты, мүмкін, оқыған, тоқыған кітаптарыңды тізіп жазып жүргенде, күні-түні ойыңнан айналсоқтап бір кетпей қойды ма, әлде мен сені танығалы, сонау романтикалық тоқсаныншы жылдары-ақ тұла бойыңды жаулап алды ма, жалпы, неге осы шешімге бекіндің, біз білмейтін тылсым сырларға жеттің бе, өмір жұмбағын, ажал құпиясын біліп қойдың ба, жұрт қызық көрген, қанық, қалың бояулы ғұмыр мұраты солғын көріңді ме, не болды, түн ауып бара жатқанда, таң қылаң берген шақта, Тәңірден басқа ешкім ұлы трагедия күтіп тұрғанын сезбеген кезде, сен өмірден, кітаптан, кісіден түңіліп, ең мықтысын қолыңа алдың ба, оны қайдан таптың, қара түнде, алакөлеңке бөлме ішінде дамыл таппай, ойдан қажып сенделіп жүргенде, қай жерден шешіп алдың, жүрегің шайлықпай, көңілің зардан айықпай, санаға екпіндеп жеткен бұйрыққа мойынсына бердің бе, меніңше, дәл осы бір сәт бәрі түпкілікті шешілген сияқты, сен жалғыз отырып осы бір ойға тоқтадың, қол ұшын созатын қасында ешкім болған жоқ.
Сен кетіп қалады деп кім ойлады, дұрыс, ешкім ойлаған жоқ. Әттең, сол күндері қасыңда қамқор, жанашыр достың бірі қатар жүргенде, мүмкін, сен шешіміңді өзгертер ме едің, семіп қатқан көңіл жібір ме еді, бірақ, қайдам, сені тағдыр өкшелеп, қуалап жүргендей көрінді.
Есенинді жақсы көргендікі ме, Цветаеваны ма, Дмитрий Голубков еске түсіп кетті ме?
Енді оның жауабын беретін адам жоқ.
Маяковскийді де көп талқылайтынбыз.
Сені бірінші рет күз айында көргенім жадымда. Геркулес, Геракл, Қорқыт, Энкиду, Гильгамештер тәрізді арсалаңдап жүгіріп, қысқы күндері қорбаңдап доп қуып, доп теуіп ойнағанымыз да есімде.
Нибелунгтер тәрізді ешкім сені қорқуға да үйретпепті. Қалың романдарды бетің қайтпай оқып, қалың қараңғылықта көше кезіп жүре беретінсің.
Басқапланетық сияқты оқшау, оңаша едің. Бальзакты, Гюгоны, Толстойды, Достоевскийді, Джек Лондонды – өңкей алыптар туралы әңгіме қозғап, білім жарыстыратын едік.
Сен көне гректердің даңғыл ойшылдары, көне Рұм иелігін кеңейтіп қайтқан жеңімпаз императорлары секілді қала қақпаларына шалқасынан ашып тастап, шеру тартып, салтанатпен, сырнайлатып-кернейлетіп кіргің келді. Көшпелі жұрт шеріктерінің тархандары құсап, даңқ пен құрметке бөленіп, алыптар тағыңда мархабат тұтып отырар едің.
Әлемдік атаққа лайықтылығына шек жоқ-тұғын.
Өз атағыңды өзің көрмей кеттің. Ғажап жырың, ғаламат ойларың сый-құрметке бөленіп жатқандығын біле алмай, білуге үлгере алмай кеттің.
Көлденең шешім сәулелі өміріңнің жарқын тұстарын көлегейлеп, ашық әлеміңе перде тұтып, қараңғылап, алакөлеңкелендіріп жіберді.
Сен өзің жаққан шам жарығын көре алмадың. Ол қазір алау болды. Талай шығармашылықтың тамызығыңа айналдың.
Өрт едің. Дауыл едің. Тасқын едің.
Өз шамыңды өзің аңғарып, өзгеге ғана емес, өзіңе де жол ашқанда, сен бақытты ақын боп арамызда жүрер едің, алайда, бақытты ақын бола ма?
Бақытсыз өлең ғана қайғының қадірін біледі. Қайғысызда ой, мехнатсызда мейір жоқ.
Бірақ, мен көкек айында таң ата бір жақтан келіп, дәтің барып, арқаңа жүк, мойныңа жауапкершілік алғанына, шыны керек, әлі күнге шейін сене алмаймын. Сол сәт не ойладың екен деймін. Жан-жаққа жағалай телефон шалып, неге жанталасты екен деп ойлаймын.
Қой дейтін көмек іздедің бе, айбозым деген жанашырлық күттің бе, не ойың болды, қасқыр құдай болған кезді аңсаған көк бөрім…

17.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here