Дидар АМАНТАЙ

БАНК ҚҰШАҒЫДА
эссе

Бір шалады.
Екі шалады.
Қозғалмайсың – таныс емес. Безілдеп барып тоқтайды. Қауіп жоқ – тоқтағаны абырой болды.
Іле-шала қайта шырылдайды. Үстел үстінде шабақ балық құсап маза таппай, секіріп аунап кеткен соң, көтересің.
– Сіз қарызыңызды өтеген жоқсыз.
– Білемін, – дейсің.
– Қашан өтейсіз?
– Білмеймін, – дейсің.
– Бүгін… – деп келе жатқанда, кенет – телефонды өшіре саласың. О
бастан кез келген банк келісім-шартында конфликт жатыр. Шешілмейтін. Не оңай шешілмейтін.
Негізінде.
Оны бәрі жақсы түсінеді, бірақ, ақша көзге түскенде, ұмытады. Әр несиенің алу себебі бір, бірақ, салдары басқа-басқа.
Несие алушылардың қашанда қарызды қалай жабатыны туралы нақтылы шешімі болмайды. Бір пәле… қылып жабамыз, деп ойлайды.
Жоспар жоқ, ниет бар. Қаржы әрі-беріден соң, көп ұзамай ортайып қалады. Қаржы ортайғанда, салатын сала іздейді. Мысалы, құм-топырақ таситын ауыр жүк машинасын – елде жол салу бағдарламасы бар. Отырып есептейді. Шопырға, жанар-жағар майға. Бірақ, сынғанға – ақша қарастырылмаған. Ол бір аптадан соң сынып қалады да, үш апта тұрады. Есеп бұзылады.
Енді не қалды? Мал шаруашылығы. Көшеді. Қаланы тастап, ауылға келеді. Бір табын сиыр, жиырма бас қой, сосын, екі-үш бие байлайды. Мал саны жүзден аспай – шаруашылығында береке жоқ екені екі қазақтың біріне аян. Өздері де біледі. Баққан мал жегеннен аспайды. Жейді.
Енді қарыз басталады. Қазақша. Бір несиені жабуға екінші несие алады. Бір айда үш-төрт банктен үш-төрт несие алып шығады.
Несиеден несие немесе несиеге несие – тұйық жол. Әдетте құн өсуші еді. Сонда баға көтеріледі. Құнда еңбек жатыр. Еңбектің құндағы көлемі кейде бағадан жоғары, кейде төмен. Оны рынок біледі. Ұсыныс пен сұраныс арақатынасынан құн мен баға арақатынасы қалыптасады. Кезінде оны Маркс жазған. Атақты “Капиталында”. Бұрын “Саяси экономия” деген сабақ жүретін – жоғарғы оқу орындарында. Қазір өзгерді – артық өндіріс пен дағдарыстан, салдары – жұмыссыздықтан қорыққан капиталистік қоғамдар бұл проблемаларды шешті.
Енді – қауіп, тіпті, қауіптер алдында тұрған тәуекел қоғамдар пайда бола бастады. Қауіпсіздік бірінші орынға шықты. Әлеуметтік мұраттарға қол созған мемлекеттер ақылды экономиканы ойлап тапты.
Тек біздің бизнес-жоспарларымыз – аса қарапайым. Трактордан басталады, сосын, малға көшеді, аяғы – қарыздан қарыз.
Өрені, ақылды, екеуінің өзегін құрайтын білімді қажет ететін жобалар бар ма екен.
Біздің жақта бизнесті бизнесі жоқтар үйретеді. Тауып алған бір мотивациясы бар – жұртты жинап, ақша табу.
Неге біздің жағдайда құн өспейді, көбеймейді, себебі – жаңа құн жасалмайды, құнды арттыратын еңбек жасалмайды, бағаны көтеретін жаңалықтар жасалмайды – мысалы, iPhone-дардың кейінгі үлгілері өзінің дүниеге келуімен бағасын көтереді.
Банктердің несиешілдер несиені қалай игеретінінде жұмысы жоқ. Конфликт қайда жатыр – несиенің өсімі төрт-бес пайыздан асқан соң, ешқандай бизнес-жоба ешқандай мұратына жете алмайды. Жетсе де, сирек.
Бальзактың Марио Пьюзо эпиграф ретінде қолданған сөзін жаңалап айтсақ: кез келген кедейшіліктің артында бір есепсіздік немесе адасушылық жатыр…
Банктер жақсы көріп, құшақтаған сайын тұншығамыз.
17.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here