Дидар АМАНТАЙ

ДЕРТ
(Феноменология/экзистенциализм/герменевтика)
повесть

Что не убивает меня, то делает меня сильнее
Фридрих Ницше

Мені дерт шалды. Ол түн ортасы оянып, көзін ашып біраз жатты да, қайыра кірпігі айқасып, ұйықтап кетті. Ойындағысы – түсіне кірді.
Шөгіп, кішірейіп барады екен. Биік, еңселі жаратылыс – құдыреті күшті Жаратушы құсап – жоғарыдан төмен қарап тұр. Болмыстың бойы ұзын ба, әлде, оның аласарғаны рас па.
Бәрі тегіс бұлт жарып көктен хабарласады.
Күмбездер күңгір-күңгір сөйлейді, дауыстар күмбір-күмбір шығады. Ол жырадан әлсіз үн қатады. Қатты айқайы анық жетпейді, арпалыста айтқаны күңгірт естіледі.
Қайғыда ұят жоқ, қуанышта – шек. Ғұмырына немқұрайдыға өмірді сүйгендер неғайбыл, тегіс – тосқауылда, кедергі жүзінде, қалқан бөгетінде, біреу біреуге қажет емес, пенде тіршілігінде бәрі бір-біріне жау, ойына пайымы қайшы.
Әдетте, өмірдің жасыл түсі ақ пен қара арасында арғымақтай керіліп – жал-құйрығы төгіліп жарасып тұрғандай.
Есікті ашып, үйден шықты. Кең аула іші тозған – әсем ағаштар жабыраңқы, салыңқы, қош иісті гүлдер ажары тайған, көркі солған, солғын, солыңқы. Бітік өскен өсімдіктің бәрі қисайған, сабақтары – салбыраңқы. Өткен жазды аңсап аза тұтып тұр. Мизам шуақта, таң алды аздап бойды жауратады. Таңғы салқын – күздің белгісі. Жетісуда жаз айлары, негізінен, ыстық, бірақ, қарашаға дейін – күні де, түні де жылы. Сосын, ұзақ. Өрдегі елдің отаны – нағыз жұмақтың төрі. Алатау етегі – Жер бетіндегі пейіш, жаннат бағы.
Бірақ, Арқада, көш төрт әлемде өмір сүреді. Қыста – қызыл шұнақ аяз әлемі, ұйтқыған боран, ұшқындаған қар, омбылап келе жатқан жұрт. Ерте көктемде – ептеп, жайлап ояна бастаған тіршілік, сосын, тоң жібіп, алғашқы сәуле қыздырған топырақты жарып шыққан жас өсімдік, жазда жайма-шуақ Күн аясы, күзде сарша тамыз Сарыарқа, тегі, алма ағаштарынан дүркін-дүркін жеміс құйылып түсетін берекелі Жетісуда бұл мезгіл әлі шілде, Әсет жалғасы, арналы Атырау, Хазар теңізі жақта қоңырлатқан қыркүйек, қазан.
Ұлттық ырымға қараған, табиғат құбылысына еліктеген, алаш мейрамына, салт-дәстүріне байланған мезгіл атаулары. Қаңтар – түркі сөзі. Күн қысқарады – көкте ілініп тұрып қалады, қаңтарылады. Бірақ, бұл – кемудің соңы, өсудің басы. Қаңтарда Күн қарға адым ұзарады.
Қазақта бірнеше күнтізбе бар. Ең көне нұсқаларының бірі – ергеу, көктеу, мезгеу, көзгеу, шілдеу, тамызық, дәндеу (мизам), соқтау, күйек, қауыс (ықтырғы), ығыс (қаңтар), қаңтар (ақпан).
Ертеден ұнайды. Бейне бір жыр тіркесі, өлең жолдары тәрізді – сұлу, кемел, көне.
Наурыз – Хамал, Көкек – Сәуір, Мамыр – Зауза, Маусым – Саратан, Шілде – Әсет, Тамыз – Сүмбіле, Қыркүйек – Мизам, Қазан –Ақырап, Қараша – Қауыс, Желтоқсан – Жәди, Қаңтар – Дәлу, Ақпан – Құт.
Қыркүйекте ауа райы өзгереді, салқын түседі. Ел қамданып, жинақы отырады. Кез келген уақыт тік көтеріліп, қопарыла көше жөнеледі. Немесе, ұзақ отырып қалады. Елде жаңбыр жиілетеді, шөп басына шық тұрады. Кенет шуақты, тымық күндер туа қалса, түзде мизам шұбатылады.
Әдетте, төрт түлік малдың жағдайын ойлап, күйін күйттейтін қазақ әр айдың атауын да тегін, негізсіз атамаса керек. Қой мен ешкінің төлдеу уақытын көктем айына келтіру үшін қошқар мен текеге күйік байлайды. Бұл шаруа қырда, өріс барысында өткізіледі.
Бейнетқор қазақ малмен алысады. Орақ, пішенге көлденең жұмыстар қосылады. Қыр мен күйек сөзінің бірігіп, қыркүйек атауына айналғаны қам жасаудың мезгілін көрсетіп тұрады.
Нағыз күз – қазанда. Қазан парсы тілінде күз ұғымын білдіреді.
Бақ іші жүдеп кетіпті. Ол бас сауғалап, Батыс па, Шығыс па, жер асып, ел ауып, ізім-ғайым қарасын батырып, жат жұртқа сіңіп кетсем деп топшылады. Денсаулығы көтерсе, Түркия, Словакия, Италияға қоңыс аударып, ұшты-күйлі жоғалар еді. Жоқты ешкім іздемесі екі бастан анық, іздесе, ешқайсы таппайтыны да бесенеден белгілі.
Сөйтіп, қайта басқа адам жаралады. Дүниеге жаңа тұлға келеді. Жаны – өзге, сәні – бөлек, ойы – бөтен. Ол басқа өмірді қалайды, бірақ, қандай, өзі де білмейді. Бұрынғыдай емес, кешегідейдей де жарамайды. Түнгі жарық тәрізді, күмәнға үміт байлаған, жарқыраған Күн секілді сұлу, толған Айдай аппақ, оған Жиделібайсындай ғұмыр керек. Ажары асқан, айбыны мысын басқан, дәулеті тасып, байлығы шалқып жатқан – көк шалғын Жерұйық. Сонда, – үрікпейді, жаны торықпайды, көңілі алаңдамайды. Өзі – елеңдемейді.
Оның пойызға отырып, басқа бір алыс жақтарға кетіп қалғысы келді. Ұшақтан қашқақтады, сосын, толық күдер үзді – сапар туралы сөз бола қалса, іле-шала тез жетіп алады, ойланып үлгермейді әрі қысқа саят ақыл тұсап, қол байлайды. Сапар ұзақ болса, ой да терең.
Есік алдында отыр. Еле-алаң оянып алды. Таң атып келе жатқан шақ – піл сауырлы қара Жер бетінде бір мезгіл жоқ – жеті қырдың астында қызарып күн батып бара жатқан шығар. Тегі, қызыл іңір түсті, әлде, апақ-сапақ орнады, мүмкін, ақшам жамырады, сосын, ымырт жабылды.
Дере.
Таң атса, кеш батады. Біреудің күлгені естілді, үйден. Біреу жылады, сырттан. Бірен-саран алғашқы жүргіншілер жайлап көшеге шығып жатыр. Қала – тыныш, аула – бұйығы.
Қайғыда, уайым аясында, мағына іздейсің. Қым-қуыт тіршіліктен қашып, болмыстың өзіне, дәл жүрегіне, түп мәніне оралып, бүкіл шаруаны қайтадан мәртебелі, асқақ бастағың келеді. Жаңа мазмұн түзіп… ескіні жаңа түсінікпен байытып. Шөгіп, түзіліп, бұзылып, Тәңірі жар болсын!

ШӨГУ
Ол өмірі жайлы қайта ойланды. Өзін алдап жүрген тәрізді. Шын, алдымен мақсатын айқындап алуы тиіс, сонда мағынасы белгілі болады.
Ғұмырдың мәні кімді сүріндірмеді, бәрін – жықты. Тегіс көмулі жатыр. Уақытпен ешкім таласа алмайды. Ілкіде. Ілгеріде. Іле тартқанның дертесі сынды. Ілбіп…
Күш сүйреген арба ақырындап баяулап, кешеуілдеп, аялдап қалды. Жұлқып көрді – әлсіз, күші жетпейді. Бойынан қайрат кетті, аялаған мақсат-мұраты мәнінен айрылды.
Көрші үйден жарық түсті – дерһам.
Күз айы. Жеміс ағаштары салтанатын аяқтады. Ептеп жел соқты. Бұтақтарға әрең ілініп тұрған қызылды-жасылды, сары ала түс жапырақтар жел шулап, сілкіген сайын жоғарыдан төмен телегей-теңіз құйылады. Басылды, келесі мезет қайта көтерілді. Келе жатқан нөсердің белгісі. Жерге топ етіп алма құлады. Ізін ала екіншісі топ етті.
Топ. Жел ағашты шайқап, жемістерді тырсылдатып дамылсыз үзеді. Топ-топ. Піскен алмалар үздіксіз жерге топылдап түсіп жатыр. Орнынан тұрып, өрілген тас бетімен аяңдай жүрді. Топ. Екі аяқ кезек-кезек жайбарақат қозғалады. Қарақаттар бір-біріне жыңғылдай байланып, бұлтық-бұлтық бұтақтарын жан-жағына шашып, бей-берекет қаптап, қаулай өскен. Мойыл, таңқурай, жүзім тұнып тұр, қалың. Жинайтын ешкім жоқ – кеше оқталып көріп еді, қолына ұстағанда зауқы кетіп қалды. Түсімді жинап қайтеді, не бақыт әкеледі, не қайыр береді, бір-екеуін сүртіп, аузына салды. Тәтті. Бірақ, не пайдасы бар, білмейді.
Науқастан көңілі жабықты, торықты, елегзіді. Әйтеуір бір нәрсеге елеңдеп тұрады. Біреу шауып келе жатқандай көрінеді. Есікті тартып қорқынышты жын кіріп келгендей болады. Ол селт ете қалады. Біртіндеп әр терезеден шашын жайып жіберген албастылар көріне бастайды. Күледі, егіліп жылайды, шулайды, кейде – моп-момақан, үнсіз. Бір кезде барлық терезеден қаптап кетеді. Ұзақ қараса, кез келген нәрсеге жан бітіп, қыбырлап, билеп, қозғала жөнеледі.
Сірә, жүйкесі шаршады. Ол алмұртқа қол созды. Жұмсақ. Жаз бойғы еңбегі. Иә, жаны күйзеліп кетті. Бүгінгі ғұмыры – армансыз, мұратсыз, себепсіз.
Шетінен тістеп көрді – нағыз өзі. Балдай. Өрікті үзді – дәмі тіл үйіреді. Соңғы күндері күдігі көбейді. Күмәнданатынды шығарды. Өмірге сенбейді, тағдырға көнбейді.
Кейде жылап алғысы келеді. Көзінде жас мөлтілдеп, кірпігінде ілініп тұрады. Жанын не үшін қинайды. Бәрінен кешірім сұрауды ойлады. Бірақ, нәтижесі – дүдәмал, тірі жанға үміт артпайды, ешкімге сенбейді. Қайран, жампоз.
Көкірегің шерге толды – қапа қарс айырып жетті. Қандай едің, қандай болдың. Жұрт талантыңа қызықты, қабілетіне таң қалды, сүйген қыз-келіншек болмыс-бітіміңе көз салды. Ұзақ қарады, тесіліп, қадалып…
Томаға-тұйық, біртоға мінезі күшейе түсті. Бұл неткен түңіліс, өзі ғана біледі. Әлде, білмейді. Өзінше жорамал жасайды, болжамы расқа ма, теріске ме, қайсына шығады, ешкім де, ештеңе де кепіл емес.
Жан тыныштығын үрей жалмады. Сірә, сабырын, байсалын ашкөздік асап, жеп қойды. Әлсіреді. Өріктің екіншісін алды. Шілде айында жиі суарғаны есінде. Сауығып кетемін деп алма бағын күтті, енді қазір далада шашылып, бұзылып, жайлап шіріп жатыр.
Еш нәрсе анық емес. Ол құлазып ағаштарына қарады. Жаратушы көрінбейді, жаратылыс көре алмайды. Бірінде, күші болса да, дене бітімі жоқ, бірінде – зор қабілет.
Жұп па. Әлде тақ па. Бір Құдайға аян, пенде түсінбейді, тек сену қажет. Тәңір жолын ақыл таба алмайды, жүрек таниды.
Таң қылаң берді. Қараңғылықты жарып, тесіп шыққан арай бірте-бірте ағарып, ұлғайып, үлкен шұғылаға айналады, Күн толық көрінгенде, шапақтары нұр шашып, сәулесі дүниені жарықтандырып тұрады.
Күн алагеуімде тіріледі, алагеуімде өледі. Күн ұясын іздеген жұрт Шығысқа қарай көш түзеп, Отанын тапты. Қазада тірі екен, тіріде – өлі.
От. Кейде омырауы көріктей бұрқылдап, төңірегін тілгілеп, лапылдағанда, жан-жаққа шоқтар шашылады. Жанып өмір сүреді – өртеніп өледі. Кеудесі толған жалын.
Қиястанады – қиялданады.
Тегінде, Күнде көлеңке жоқ. Бар екені басқаның көлеңкесінен көрінеді. Жер бетіндегі бар көлеңке Күннің көлеңкесі емес, Шардағы бүкіл нәрсенің, заттардың кескіні. Бірақ…
Күн жүрегінде жара бар, ұлғайып барады, шаршы ауданы Күннің көлеміне жеткенде, Күн сол жарадан өледі.
Ол бақтан шықты. Ауа райы салқындайын деген екен. Жастық шағын ойлады. Өмірі осымен бітті. Кімге арналды, неге. Мәңгілік сұрақтар шайтан құсап күллі жүректің ішінде, төрінде жүреді.
Таң сібірлеп атып келеді.
Атпай-ақ қойса да болатын еді. Азап үшін туған адамзат азан уақытында ғана қайғыдан азат секілді.
Ол келе жатыр. Қазір жазу үстеліне отырады. Кенет шешімін өзгертіп, көлденең жұрт көзінен ескі шабаданда ертеден жасырып жүрген, газетке ораулы майлы шылбырын шығарды. Көрші беріп тұрғанда:
– Бұл асылып өлгенге де жақсы, – дей салған еді. Орынсыз қалжыңы денесін мұздатып жіберді. Қап, қай жерден сүрінді, неден қателік
кетті, ешкім білмеуі тиіс еді, қоңсы ағайын қайдан біліп қойды екен.
– Сіздің үйге біздің дауыстарымыз естіле ме?
– Кейде.
Күлді. Оның түрі бұзылып кетті.
– Бірақ, үнсіз тыңдап жатамыз.
– Әйеліңіз бұзық екен.
– Бар әйелдер сияқты, басқаныкін өзінікінен артық көретін әдеті.
– Әй, осы келіншектерге, бәрібір, жақпайсың, әйтеуір бір кемшілік тауып отырады.
– Бұл жұрттың қолына қару бермеу қажет.
– Иә, қарулы әйел – аса қауіпті дұшпан.
– Егер жазатайым қаруланып алса, онда, еңғұрмаса, оқ-дәріден қағылуы тиіс.
– Рас, рас.
– Ашуға мінген әйел ештеңеден тайынбайды.
– Өлімнен де.
– Неге?
– Ақыл-есін жоғалтады.
– Кеттің бе?
– Иә.
– Үш жылқыны байлап тастауға жетеді.
– Жоқ. Мен кейде қала сыртына шығып, от шалдырып, мосыға шайнек іліп, бір қазан ет асып, рақаттанып жатамын.
– Күнде түстен кейін бе?
– Күнде түстен кейін.
– Сонда, ыңырситындар кімдер?
Енді ол езу тартты.
– Әйелім бейәдеп фильмдер көреді.
Екеуі рақаттанып күлді.
Үйінде әйелі де, бейәдеп фильм де жоқ еді. Бір апта болды, жұбайы
іссапарда жүр, дәрігердің кеңесі бойынша ашына ұстады, бірақ, жақсылығынан бейнеті асып кетті, сұрайтыны ақша, асыл тас, жүзік, сырға, сосын, ұялы телефондардың соңғы үлгілері.
Әйелі келмей, дүниемен қоштасты. Қош бол, жарық дүние. Құлазыған
жұртқа пана бола біл. Шылбырды төбеге байлады. Шамдар теңселіп кетті. Жерге құлап, сынып қалмай ма екен. Қымбатқа алынып еді. Ол ойланып біраз тұрды. Жоқ, басқа жерге тиянақтап байлау керек. Шешіп алды, Қабырғаның жоғары жағына ілді. Дайын. Кез келген уақыт пайдалануына болады. Бірінші, жазуын аяқтап тастауды жөн көрді.

ТҮЗІЛУ
Ой ұшығында – қиял-арманы қарауытады. Пайымға салғанда, іріленеді. Енді, болмыс-бітімі – мөлдір, тілегі – анық.
Түңіліс – үмітке сүйек-шатыс.
Ол үстелге барды. Терезеден тысқа көз жіберді. Тау басында қар жатыр. Әрі заңғар, әрі тұңғиық шатқал іші – суыды. Суық бір-екі күнде қалаға түсетін шығар. Шың-құздарда көп аялдамайды, баспалдақтап төмендей береді.
Жазуға отырды. Көркем шығарма емес, жүйелі пәлсапалық ой-толғаулар. Кібіртіктеп сәл бөгелді де, қаламы тез жүріп кетті. Қағазды сытырлатып, сойдақтап жазады. Бірқалыпты күйінен айрылған адам ойында – орнықтылық, сезімінде тұрақтылық жоқ, сырқат меңдеген мезгілінде көңілдің екі жағына кезек ауып отырады. қапталдап ерген қуаныш пен қайғының ортасында емес, нақ екі шетінде жүреді. Бірде, тау қопарады, тас тіледі, бірде, жұрттан қашады. Белсенділігі бәсеңдейді, шешендігі тоқтайды.
Көлгірсігені емес, шыны.
Ол пәлсапашы ретінде себебін де, салдарын да білді. Бойдағы кесел жан тыныштығын алды. Көрген-білген белгілері сипатын бір-бірінен айқындап, жүйелі түрде қағазға түсіріп, салыстыра кейіптеуге көшті. Бір науқас бір науқасты қоздырды.
Денесі құрысты. Қол-аяғы дірілдеді. Ұйқысы қашты. Тез шаршап қалатынды шығарды. Ішкен дәрі мен дауасыз сырқаты тағы бір дертті оятты. Енді оның өмір сүргісі келмеді.
Оның үстіне бұрынғы тілеуқор, қазіргі қас дұшпаны өшікті. Беріспестей өштесті. Шараптан аузы, темекіден қолы босамаған кәрі сылқым жалған сөздің шебері еді. Қауесет табиғатын таныған, өсек-аяңға үйір.
Ышқыры бос, ылау қатын елге жаңсақ дерек таратты. Сырқаты – Альцгеймер, деп қисынсыз өтірік соқты. Бірақ, жұрт жазғандарын Фейсбуктен көретін-ді.
Кәрі сылқым көздегені бойынша, мақсатына жете алмады. Елді жынданып кеткеніне сендіруге шамасы да, беделі де жетпеді. Арам жоспары іске асқан жоқ. Құпия ойы тас-талқан болды. Құрық бойламаған қулығын қуатты қалам жеңіп шықты.
Содан кейін сылқым ішіп кеткен көрінеді. Жазуын тоқтатты. Түрегелді. Ары-бері жүре берді. Уақыты келді. Шешті. Дұрыс – мұндай өмірдің оған керегі жоқ.
Ол шалмаға тұра жүгірді. Бір рет, бірақ – бірінші де, соңғы да осы. Шылбырға жетті, алдын ала дайындаған орындыққа мінді. Орындыққа шықты да, шалманы мойнына салды. Сосын, көзін жұмып, астындағы орындықты қисалаңдата берді. Қиюластырған жерлері бір-бірінен ажырап, орындықтың аяқтары бір-бірлеп сына бастады. Кенет ол гүрс етіп еденге құлап түсті. Сүйегінен ажыраған орындық бір жағына қисайып бара жатып шашылып қалды.
Ештеңе түсінген жоқ.
Ұзақ отыр. Қанша уақыт өткені белгісіз. Есі шығып кетті. Дүние төңкеріліп, аспан айналып жерге түсті. Аяқастынан.
Ол бей-жай қалпы. Ештеңе ойлап отырған жоқ. Ойлағысы да келмейді. Тып-тыныш. Құлағының түбінен алыстан құмығып жеткен шу сияқты белгісіз бір дауыстар күңгірлейді. Ерте замандардан келген дыбыстар тәрізді. Дабысы енді жетіп жатқандай көрінеді.
Адам дүние салғанда, ойы да өле ме. Қаншама естеліктер, сағыныштар, есте қалған қызықтар, мұраттар, үміттер бірге, қоса құриды. Сана қайда кетеді. Жан мен тән баратын жері түсінікті.
Рух дегеніміз сана. Жан – рух емес. Ол мақұлықта да бар. Кенет орындыққа көзі түсіп кетті. Қазір орындық емес, үйінді. Аяқтарын жинап алды. Біреуіне көзі түсіп еді, жартылай кесілген екен. Бұл не белгі?
Шалманы тексерді – ол да кескен жерден үзілген. Орнынан атып тұрды. Бүкіл орындықтың аяқтарын қарап шықты. Бәрінде із жатыр. Араның жүзі тиген.
Тегінде, ойымды ешкім білмейтін еді. Кім сыбырлап қойды екен. Сыбырлағанды Құдай да естиді деген – сыбырламағанды да естіп тұр ма.
Сонымен, кім?
Басы қатты. Көрші сөзіне сенбеді ме екен. Не үшін сұрады деп ол да ойланған шығар. Бірақ, күдіктенген күннің өзінде, қалай ол жылқы байлауға бүлінген шылбыр береді. Ертең ойнақтап шыға келгенде, қалай ұстаймын, қала ішін кезіп кетпесіне кім кепіл, әлде жылқы жарықтық иен далаға шаба жөнеле ме.
Көрші үнсіз. Мүмкін, күнде мені аңдып сығалап қарап жүрген шығар. Бірақ, жете танымайды да ғой. Тақауда көшіп келді. Қалаға бара жатқанын көріп, базардан шылбыр ала келші деп қолқа айтты.
Келісті. Майлы сияқты көрініп еді. Жоқ, құрғақ. Қолына ұстап көрді. Жұмсақ – жылп-жылп етеді. Тікенекті. Базардан солай келді ме екен. Байқамай кесіп алған шығар. Сатушы. Ал, сонда, орындықтардың аяқтарын кім кесті?
Мүлдем түсініксіз.
Орындықты жинап, қапқа салды да, көтеріп сыртқа шықты. Қоқыс-сауытқа апарып тастады. Қайтып келе жатқанда, бау-бақшасында жүрген көршіні байқап қалды. Одан жасырынатын сияқты ма, қалай. Екі телімді ортадан қақ бөлген шарбақтың тасасына кіріп кетті. жыңғыл ішіне.
Ол тақап барды. Дауыстап көрді.
– Көрші.
Ешкім жоқ.
– Кім бар?
Ол шарбақтан секіріп, көрші үйдің бақшасына кірді. Іздеп жүр.
– Біреу бар ма?
– Ешкім жоқ.
Күліп, шалқасынан ашық терезеден қарап тұр.
– Жайшылық па?
Шылбыр туралы сөйлейін бе, жоқ па, деп ойланып қалды. Ұят шығар. Жылқың қайда десе.
– Шылбыр мықты екен.
– Қандай шылбыр?
– Сіз әкелген.
– Е, арқанды айтасыз ба?
– Иә.
– Тағы керек пе?
– Осының өзі де жетеді.
– Қажет болса, біз дайын. Базарда істейміз, түк қиындығы жоқ.
Сұрағаны, алғаны шылбыр сияқты еді. Қайдағы арқан. Әлде, арқан ба? Ол шатасып қалды.
– Жарайды.
– Ол арқанды досымнан алдым.
– Алдамайды дейсіз бе.
– Әрине.
Сонда, шылбыр қайдан келді. Арқан қайда жатыр? Ол үйіне асықты. Тез құтылуды ойлады.
– Көп рақмет.
– Есіктен шығыңыз.
– Көрмей тұрмын.
– Бер жақта.
– Таптым.
– Үй-ішіне сәлем айтыңыз.
– Жақсы.
Ол үйге кірді. Сенекті тінтіп шықты. Ешқай жерде арқан жоқ, кімді
жынды қылады, бергені шылбыр емес пе? Аударып-төңкеріп жатқанда, әйелі кіріп келді.
– Милый!
Ойында түк жоқ. Шынында, орындық аяқтарын кім кесті. Бұл орындық пен шылбыр бұны жындандыратын шығар.
– Жаңа орындықтар сатып алу керек.
– Оны неге айтып тұрсың?
– Жай.
– Үйге кіріп алайық та.
– Мен қазір…
– Қайда кеттің, мына жүктерді ал.
– Қазір.
Қонақүйге бұрылды. Шылбырды жинап, тығып тастады. Сейф артына қойды.
– Милый!
Әйелі табалдырықтан аттады.
– Шай қояйын ба?
– Иә.
– Толтырайын ба?
– Тез қайнай ма?
– Ұмытып қалдың ба?
– Нені?
– Бір шайнектің қайнау мерзіміне дәл сол уақыт кетеді.
Асүйде аяғы тайып құлап қала жаздады. Одан да көп уақыт кетуі мүмкін екен.
– Саған не болды?
Құрыдым, деп ойлады. Бір жері шығып кетті ме.
– Үйді кім жинаған?
Әйелі де бастырмалатып жатыр. Жоқ, сау сияқты.
– Өзім.
– Неге?
Сасып қалды.
– Не көрінді дегенім ғой.
– Бір жақсылық…
– Рақмет.
– Ішім пысты.
– Біз инеге барамыз, мен бір жақсы қытай таптым.
– Қытай дегендердің бәрі Қытайдан келген қазақтар емес пе.
– Рас.
– Бірақ, амал бар ма.
– Шын қытай.
– Жарайды.
Ол шешініп, киім ауыстырып жатыр. Санасының бір түкпірінде нәпсі оянып келе жатты. Бағана ғана…
– Ты что, хочешь меня?
Басын сипады.
– Да.
– Ну, давай.
Бюстгальтерін қайта шеше бастады. Ол түсім бе, өңім бе деп ойлады.
– Ты быстро?
– Білмеймін.
Әйелі жатын бөлмеге қарай жүрді. Төсекке құлай кетті.
– Устала.
Шешініп жатты.
– Значит, любишь.
Оның сөйлегісі келмеді.
– Как хорошо, что мы вместе.
Өзінен адасып қалды. Екі өмірдің екі түрлі ойы араласып кетті. Астаң-кестең.
Әйелі көзін жұмды.

БҰЗЫЛУ
Түс көрді. Қысқа түсінде аспанмен астасқан зәулім үйлерді құлатып жүр. Шалып қалады, сұлай жығылады. Біресе, қолмен қырынан жатқыза салады, біресе, маңдайынан итеріп, шалқасынан түсіреді. Орнына басқасын саламыз, деп қоршаған жұртты сендіріп қояды.
Енді кітап оқып отыр. Ғаламторда.
– Бұл не?
– Психосараптамалар.
– Кімдер?
– Көп.
– Мысалы?
– Мысалы, Зигмунд Фрейд. Ол – психосараптамалық мектептің іргетасын қалаушы.
– Білемін.
– Табысы?
– Иә.
– Таңғажайып түпсана түйсіктері әлемін ашты.
– Рас.
– Әрі қарай ма?
– Әрі қарай.
– Виктор Эмиль Франкл мән-мағына мәртебесін айқындап берді,
өмірінің мағынасын жоғалтып алған адам өлім аузына түсетінін дәлелдеп шықты.
– Тағы.
– Екінші мектеп.
– Альфред Адлер, не депті?.
– Жеке тұлғалық теория негізін салды. Тұлғаның қалыптасуына жас
күніндегі көрген бейнеті, қуанышы, өнегесі әсер ететіні жайлы кешенді тұжырымдама жасақтады. Кембағалдық сезім түсінігін айналымға енгізді. Басымдылыққа деген талпыныс, өмір салты, әлеуметтік мұрат-мүдде, шығармашылық Мен, туу тәртібі, фикциялық финализм қолданды.
– Юнгтыкі дұрыс.
– Бәрінікі өзінше дұрыс.
– Неге?
– Карл Густав Юнг та – ұлы адам.
– Әрбір дербес жүйе – әрбір жеке ғалымның төл перзенті.
– Тұңғиықты психология немесе сараптамалық психологияны дамытты.
Оның ойынша, ұжымдық түпсана қалыптастырған архетип бейнелер – жалпы адамзаттық белгі-таңбаларды туғызушы. Сонымен қатар, тұлғалық топтар туралы ілімді дүниеге әкелді. Әр адамның бойында жас кезінен – не экстраверттік, не интроверттік психологиялық ұстаным – қалыптасады, сосын, пайым, сезім, дүниетаным, түйсік тәрізді төрт писихикалық қызметтің бірі, басқасына қарағанда, үстем шығады.
– Үшінші мектеп ше?
– Виктор Франкл.
– Жаңа болды.
– Иә.
– Сенікі – төртінші мектеп.
Күлді.
– Еркіндік философиясы.
– Несі бар, көңілге қонымды.
– Емі ше?
– Көріп жүрмін – пайдасы бар.
– Мүмкін.
– Бірдеңе дайындайын.
Ол асүйге бет түзеді.
Түс әлеті.
Отыр. Таң атқанда, кешті аңсап, күн батқанда, таңды тілесе – сырқаттың белгісі. Кеселі туралы бірнеше тарау оқыды. Екіншісін жете зерттемек. Тәңір науқасын берсе, дауасын да ұмытпайды. Оның бойында күресемін деген күш-жігер, қажыр-қайрат оянды.
Үміт оты жанды. Өзін сауықтыру жолында бел шешіп іске кіріспек. Үлкен әрекетке көшпек.
Әуелі жазу мәнерін өзгертуі қажет. Бұрын қалыптасқан жағдай аясында көрсетілетін кейіпкерлер енді үлкен ойлар айтатын тарихи фонға айналады.
Қаламында пафос пайда болды. Толғаныстарын түгел жеткізуі тиіс, сырын ашып, хикаясын шертіп, арылуы керек. Не көрмеді – басынан бәрін кешті. Қаламгерлік тағдырына налыды. Пәлсапалық жолы сорға айналды. Енді – жетті. Еңсесін тіктеп, бекіп, күш-қайратын, есін жиып, қарсылық жолына түспекші.
Қайғы келсе – қарсы тұр, құлай берме. Абай.
Қателігін түзеткені жөн. Кезінде, жар таңдай алмады. Кешікті. Сенделіп, сандалып жүріп қалды. Адасты. Жалғызілікті күн кешті. Ібіліске тап болды.
Философия – адамзаттың зары. Жалғыздыққа, құсаға жетелейді. Ол математика тәрізді. Екеуі де абстрактілі әлемде өмір сүреді. Бірақ, философия нақтылық қайғысында өледі, математика, керісінше, дәлдік қуанышында құлпырады (гүлденеді).
Өзгертілген өмірінде қайғы, мұң, уайымға орын жоқ. Үзілген шылбыр осыны аңғартады. Тағдыры ауысты. Әуелі ойша мойнындағы шалманы шешті. Ойланып отырып, жазу үстелінен, орнынан тұруға әрекет жасады.
Көрші де нақты іске шақырды. Тәңірі де қолын қақты. Ғұмырына енді құрық салмайды, қашағанды қуып, асауды ұстайтын маусым аяқталды. Еркіндіктің уақыты басталды. Ол өзін-өзі тежемей, ажалдан қорықпай, еркін өмір сүруі керек.
Еркін өмір – жаңа өмір философиясы. Бірақ, бұл – беймезгіл шақ, бейәдеп пенде бол деген емес.
Ол еркін уақытты қалайды. Арманы да еркін – бүгін өнерді сүйсе, ертең кәсіпті ұнатуы мүмкін. Бар өмірін бір мұратқа байлап отыра алмайды. Бір ойдың құлы емес. Осы сәт тура осы жердегі мүддені көңілдің күйі айқындап, еркіндіктің қызығын кешеді. Әлеуметтік мазмұн кейін шегініп, жеке тұлғалық мән алға шығады.
Мән – еркіндік. Әрине, өз шеңберінде, өзгеріс үстінде бостан жолға түседі. Бірақ, көңіл – кісілік. Еркіндікте адам арманына бір емес, бірнеше жол ашатын, кісіге қызмет етіп, жағдайын ойлайтын кісіліктік қасиет бар.
Еркіндік – дерт дауасы. Жабыраңқылықты, жабығуды бостан еңбек емдей алады. Көңіл қаламаған өмір налаға айналады. Адам өмірі өзгеріп тұруы тиіс. Ұжымдық көзқарас – жеке тұлғаның жауапкершілігі. Өзіне ұнамағанды өзгеге жасама.
Сүйкімсіздіктің орнына сұлулық келеді. Сұлулық – көңілдің жай табуы. Иә, сұлу адамның да сүйкімсізі болады. Ісі, әрекеті, қылығы әдемі болса, көріксіз де сүйкімді.
Маған Құдай өмір берді, деді ол.
Ол таң атып келе жатқан мезгілді жақсы көреді. Таң бастауды білдіреді. Бәрі – алда. Бүгінгі таң теңсіздік есебін шешті. Теңдікке айналдырды.
Қасына әйелі тақады. Ту сыртынан құшты.
– Сенесің бе, – деді ол, – орындықтың аяқтарын мен кестім.
Ол тысқа қарады. Көз жасын көрсеткісі келген жоқ.
– Себебі, сен бір адамдарға керексің.
Иілді. Жүзіне тура қарады.
– Жылама.
– Иә.
– Бәрі де өтеді, кетеді, ұмытылады.
– Рақмет.
– Сау адам жоқ, бірақ, жігерлі адамдар өмір сүріп қала береді, боркемік жұрт бұ дүниеге арқандап байласаң да тұрмайды.
– Рас.
– Арқанды да шылбырға ауыстырған – мен.
– Не үшін?
– Бұл аса маңызды сауал.
– Иә.
– Мартин Хайдеггер жазған екен.
– Кәдімгі Мартин Хайдеггер ме?
– Кәдімгі Мартин Хайдеггер.
– Не деп?
– Бұрын болмыс мәңгілік еді, қазір адам оның уақытша мәңгілік екенін танып отыр.
– Себебі, адамның өзі мәңгілік фондағы – шектеулілік, қас-қағым сәт, бітушілік.
– Әрі тығырық.
– Тұйық жол.
– Болмыс дегеніміз өтпейтін, бітпейтін, барлық үлкенді-кішілі уақиғаларға сахна тұрғысында үнемі қатысып тұратын, нақты емес, жалпы түсінік.
– Бізге жат, суық, енжар, немқұрайды, бөлек.
– Демек, өзімізге өзіміз қамқормыз.
– Пенде үрейде, қорқынышта өмір сүреді.
– Өйткені, жанашыры жоқ…
– Кім болса да, бізді болмысқа тастап кеткен, жалғыз, оқшау қалдырып, енді өмір сүруіміз керек.
– Өте дұрыс.
– Иә.
– Әрине, бұл күнделікті тұрмыстағы шаруа деңгейіндегі сөз немесе іс-әрекет емес, алданыш та емес, біз болмыстың мәнін табуымыз қажет, мәнін тапсақ, ғұмырдың да мағынасын іздеп табамыз.
– Әлемнің мақсаты бар ма?
– Мүмкін, бар.
– Неге мүмкін?
– Өзін өзі өлтіруден мағына көріп тұрған жоқпын.
– Иә.
– Ол шешім емес, мәселеден қашу.
– Рас екен.
– Түйін тарқатылған жоқ, тұжырым дайын емес.
– Енді ол не дейді.
– Хайдеггер ме?
– Иә.
– Ғұмырдың түпнегізінің сырын ашу болмыстың мағынасы мен ақиқатын танығанмен бірдей жұмбақ, дейді.
– Қалайша?
– Ішқұсалық үш кезеңнен тұрады.
– Редукция, конструкция, деструкция.
– Бәрін тастап, болмысқа келу.
– Сосын?
– Жаңа түсініктерді қалыптастыру.
– Соңғысы?
– Дүние жайлы дағдарысқа ұшыраған ескі ұғымдарды жаңа ойлармен бекіту әрі сәйкестендіру.
– Философтармен сөйлескен қандай жақсы.
– Бір ғанибет.
– Адам жәндік боп та өмір сүре ме?
– Жоқ.
– Неге?
– Адам адам боп қана өмір сүреді.
– Мүгедектер ше?
– Ой-сана барда, өмір тоқтамайды.
– Рас.
– Адам әлемде емес, санада өмір сүреді.
– Шын.
– Бүкіл мәселе сана төңірегінен өрбиді.
– Әсіресе, не?
– Қайратсыз сана – тіршіліктің жауы.
– Онда, досы түсінікті.
Сары ала күз біткен тәрізді. Қаһарын төгіп, қылышын сүйретіп қыс келгенде, асыға көктем жарықтықты күтеміз, сосын, жаз шығады. Жазда күзді бір сәт ойламаймыз.
Жалпы, ештеңе ойламаған абзал. Ойдан құтылған қайғыдан да босайды. Өмірдің бір ғана мағынасы бар – сүру қажет. И еще. По настоящему самый близкий человек – это тот, который знает твое прошлое, верит в твое будущее, а сейчас принимает тебя таким, какой ты есть. Ницше.

10-15.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here