Дидар АМАНТАЙ

ЖАРЫҚ ШЕКЕ
Әңгіме

Үйге бір бала кіріп келді:
– Ата, – деді, – Алқаракөк қарны жарылып өлді, Сізге айтсын деп
жіберді.
Бәріміз аңтарылып қалдық. Дастарқан басындағылар тегіс үнсіз. Алқаракөк – Жарық шекенің екінші аты.
– Оңбағандар! Ақыры өлтіріп тынды ма.
– Бірінші, барып білсеңші, – деді әжем.
– Кімнің қорасында?
– Орал атаның.
– Дәл өзі, –деді, – Ғани, шық, Қабдол, сен де.
Баламыз. Біздің әулет бір үлкен қасіретке тап болдық. Мәнін түсінбесек те, қайғырып отырмыз. Ел тұрды, көрші бөлмеге өтіп, тез жинала бастадық.
– Кете берейін бе?
– Бауыздап па?
– Иә.
– Дұрыс екен.
– Үлгеріпті.
– Жөн.
– Бірақ, Мұқанға бауыздатпапты.
– Сонда кім?
Атам ашулы. Екі көзі жарқ-жұрқ етеді.
– Өзі.
– Оралдың ба?
– Иә.
– Әбден қорлаған екен.
Жазғытұрым. Ауыл ішімен жаяу келе жатырмыз. Үй арасы жақын. Орал атаның қорасы көрініп тұр. Таңертеңгілік мезгіл бұл хабар бүкіл ауылға тарады. Көрші ауылдар да құлақтанды. Алқаракөк жарықтық даңқты жылқы еді.
– Қасиетті жануарым-ай, кеттің бе?
Мен атама қарадым. Атам жылап келеді. Қораға тақадық. Атам Оралды көрді де, соған қарай бұрылды. Ширығып алған:
– Әй, Орал, – деді.
Сосын, үндемей қасына барды да, жағасынан ала кетті. Сілкіп-сілкіп қалды.
– Мен саған жолама дедім ғой.
– Қой, Төкіш, ересек адамсыз, ұят болады.
Келесі мезет атам арашаға жүгірген көп адамның ішінен көрінбей кетті.
– Шынымды айтамын, ағатай, жазығым жоқ, – деп Орал шыр-шыр етеді.
– Бір ашуыңызды маған беріңіз.
Жұрт пышақтарын жанып, жылқы соя бастады. Атам бөрене үстінде отыр. Үнсіз.
– Төкішке биылғы қымыздан беріңдер.
– Мен айтайын, – деді Ескендір аға.
– Мұқан, сендер жылқы сойыңдар.
– Бұл енді қаракөктердің соңы. Қылаңнан гөрі баран біткен ауыл едік.
Торы, қара көк, қара сұр, қоңыр, жирен, күрең дегендеріңіз жаз жайлауда, кең жайылымда, қаралар жерінде жусап жататын.
– Құрмалдыққа ақ боз шаламыз деп Бесоба барғанымыз есіңде ме?
– Әй, сонда, өңкей қылаңдар көріп едік.
– Сосын, кілең бурылдар жүрді.
– Арасында теңбілдер…
– Құбақан, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құла кер, нар қызыл, сары қызылдар.
– Мына қаракөктердің тарихы терең.
– Рас, рас.
– Түркістан қаласындағы, әулиелердің Сұлтаны Қожа
Ахмет Яссауи кесенесіндегі, тайқазанды жағалай “Он сан Алаш” ұшына он түрлі жылқы қылынан шашақтар тағылған он туы ілінгенін білесіздер.
Сол тулардың бір түсі – қаракөк.
– Өзі қазақта он бір-ақ түс бар емес пе: қызыл, сары, жасыл, көк, күлгін, қоңыр, қара, сұр, боз, ақ, көгілдір.
– Иә, баран мен қылаң…
– Сосын, ала.
– Иә, осы он бір түстің аралас келуі мың сан реңге бөлінеді.
– Бізге бұйырғаны – баран.
– Енді мынаған келейік.
– Сен шығандап кеттің.
– Жөні осы.
– Сөз тыңдайық.
– Қазақ торы мен күреңді әрі көрікті, әрі төзімді деп қадір тұтқан.
– Сөз-ақ екен.
– Шаты, құйрығы, шоқтығы қарадан жақсы ат шығады деп ойлаған.
– Ол да рас.
– Қабағы, жалқұйрығы, шаты, көздері мен еріндері қара, бірақ өзі жирен мен құла болса, оны да қазына санаған.
– Қазақтың түсті ардақтауы қызық.

– Жоқты аңсайды.
– Барымен түгендеп жүреді.
– Санымен емес.
– Торы мұнша табын, күреңі сонша.
– Бір үйірде он екі, кейде, тіпті, он бес не жиырма жылқыға дейін топтасады.
Осыдан келіп есеп шығады.

– Негізі, қазақтың жылқы ішіндегі жақсы көрген түсі қаракөк.
– Е, жарықтық, түліктің әулиесі екен ғой.
– Төкіштің қаракөгі ерекше жануар, ол – алқаракөк.
– Енді.
– Осы тұқым құрыды.

– Бұл Мәди жырлаған қара көк емес пе.
– Иә. “Міндім де, қара көкпен жылыстадым, Бардым да, Қараөткелге жыл қыстадым”.
– Қайран Мәди “Қаракесек” әнінде келтіреді.
– Әй, қара көк тұлпарларым-ай.

Атам үнсіз қымыз ішіп отыр. Жұрт еттің кезегіне тұрып жатыр. Бірі санды, бірі жамбасты сұрайды. Күн жылы – ет жылдам сатылса, абырой. Жалпақ белдемшені тұтас бере алмайды, бәріне жетуі керек. Мұқан әдемілеп мүшелеп тастапты. Ел мақтанған жүйрігіміз етке айналып қарызға сатылып жатыр.
– Маңдайы кең екен.

– Жарық.
– Шынымен, тыртығы бар.
– Жас күнінде тасқа жығылып мертігіп қала жаздаған.
– Бәсе, неге Жарық шеке атады деп ойлайтынмын.
– Осындай тарихына бола…
– Төкіш аға.
– Иә, басты өзім аламын, – деді атам,
– Жон арқасы жалпақ, омырауы салпы жылқылар азайып барады.
– Танауың айтсаңшы.
Мұқан атамның қолына жасаған тізімін ұстатты. Бірер сағаттың ішінде бір жылқы сойылып жоқ болды.
– Өзіңізге бір бөлек ет қалдырдым, – деді Мұқан.
– Рақмет
Біз бір бөлек ет пен басты көтеріп үйге қайттық. Атам неге Оралға өшікті осы күнге дейін түсінбеймін.
Бас сүйегін атам қора ішіне іліп қойды. Бірақ, бәрібір, Жарық шекеден кейін біздің әулетке, жалпы, ауылға алқаракөк біткен емес. Маңдайға жазбады. Кешікпей Төкіш атам дүние салды, мен қалаға оқуға кеттім, ауыл бір кездегі мақтанышын ұмытты. Топ жарған күлік жылқы мақпалдай жалтылдап оқ бойы озып шыққанда, бүкіл ауыл баласы шу-шу ететінбіз, келесі айналымда біз күткендей оқшау шауып қара үзіп бара жататын, жарықтық Қарқаралы өңіріндегі небір жүйріктерді шаң қаптырып кетуші еді.
Қазір алқаракөктерді еске алатын адам да жоқ. Көп ауыл үйлері бос тұр. Жылқы ұстамайды, бие байламайды – жылқыларды теледидардан көреді.
Жарық шеке қазасы құпия, жасырын күйі қалды. Сырын ешкім іздемейді. Баз бір адамдардың, Орал қасақана өлтірді дегені рас та шығар, бәрінен бұрын қарияға ата жауының өзі бауыздағаны жанына қатты батып кетті…
14.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here