Дидар АМАНТАЙ

ТАЙАТҚАН – ШҰНАҚ

(Жүсіп Алтайбаевтың “Ағыбай батыр” повесі туралы)

Кітап – құнды, тілі шұрайлы.
Бұл повесть ерте жасынан бастап бодандықтан бой тартып, елінің азаттығы жолында, Ресей патшасына қарсы күресіп, еңкейген қарттық шағында генерал-губернатордан ағайын-туысына екі тау арасынан жер сұраған есіл ер туралы.
Бір майданда бір өзі жау шеріктерін оңтайлы жерінен найзамен түйреп аттан аударып, түсіріп кете беретін ақжолтай батырдың тұғырдан түсіп, томағадан айрылған кезі еді.
Автор шығарманың аяқ жағында Ағыбайдың аузына мынадай сөз салады: “Сыр бойында тоғындап жүрген бес ата шұбыртпалы жұртының басын біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар күнді көреміз бе, жоқ па деп, бабаларымыз да армандап өтті”.
Бұл сөз – туындының лейтмотиві, арқауы. Темірқазығы. Бірақ, уақиғаның бәрі Қасым сұлтан ұрпақтары күресінің аясында өтеді.
Повестің күмән туғызатын тұстары бар. Бұл енді цензура мен шала сауатты редакторлардың қалдырып кеткен ізі немесе жаласы. Қиянаты. Шығарма Кеңес Одағы заманында жазылғанын естен шығармауымы керек.
Жалпы, келтірілген тарихи деректер мен көркем сөз өнері талаптары арасында қайшылық жоқ, екеуі қабысып, өріліп, тұтасып отырады.
Ол Абылай ұрпақтарына етене таныс жұрт еді. Кезінде, өзі де (Ағыбай), әкесі де (Қоңырбай), атасы да (Боранбай) атақты төре-сұландар әулетіне төлеңгіт, Қасым-Уәли, Саржан-Есенгелді, Кенесары-Наурызбайларға әскер, ұлт-азаттық қозғалыстардың белді, беделді батырлары болды.
Ақжолтай – Кенесары шеріктерінің алды. Жау бекіністерін құлатқанда, аруақтап ағызып ат қойып шапқан алғашқылардың бірі. Сөзіне хан-сұлтандар тоқтаған ер.
Автор: “Шұбыртпалылар жазда төре төңірегін сағалап, Ұлытау, Кішітау, Көкшетау өңірін жайлайды. Қыс түсе қары жұқа, күні жылы, иесіз жатқан шөлге, Итішпестің Алакөліне, Шудың аяғына қарай құлайды”, – деп жазады.
“Қаракесек – өскен тұқым. Бүгінде ол – табаны қайқайған он жеті болыс ел”, – дейді жазушы. Бірақ… бұл атаның құрамына кіретін Шұбыртпалы жұрты қиын жағдайда отыр.
Бірде ел ақсақалы Жалпақ қария Ақжолтай батырдың анасы Қойсанаға: “Қарағым, көбеніңді күт,” – деп өсиет айтады.
Қоңырбай дүние салғалы “төрелердің алдында ендігі бас көтерері Ботабайдың Наубайы. Шағын да болса ауқатты, ат-тоны түзік, әрі ұзын сойыл…”
Бала кезінде түн іші ел аралап кеткенде, “әлдеқайдан түйеқұлақтың шақылдаған дауысы естіледі”. Қазіргі жас ұмытып бара жатқан түйеқұлақ.
Автор кейіпкерін қаһарман дәрежесінен түсірмейді. Бірде, оны Саржан мен Есенгелді шақыртады. Ол бармаймын деп шешеді. Сонда төлеңгіт ауылдың үлкені Наубай ақыл қосады: “Қасым мен Уәлидің балалары өзара қырық пышақ болып жатқанымен, олар әлі күшті”.
Бұрынғы жаугершілік заманда, Баян, Малайсары, Жаңатай, Жарылғап, Қанжығалы Бөгенбай, Тарақты Байғозы – батырлардың бәрі де Абылайдың қол астында жүргені сөз болады.
“Күні бүгін де солай, – Наубай Олжабайдың сөзін қуаттайды, – Шәкір, Жәуке, Төлебай, Бұқарбай, Иман, Құрман сияқты айтулы батырлар қазір Қасым төре балаларының қол астында”.
Екі төреге жолыққан соң, Ақжолтай әзір санатта жүріп жатады. “Баяғы сол сүйекке біткен біртоға мінезі” арқасында қақ-соқпен ісі жоқ, елден ерек жарқ етіп көзге де түсе қоймайды. “Тізелері ерте қосылған жігіттердің бәрінен Ақжолтайдың шоқтығы биік”.

Бірде, Кенесары дәулеті шалқыған бай Жәнебостанды шауып келуге жұмсайды. Қасында Наурызбай бар, екеуі қол бастап шалғай шығып кеткен Жәнебостан ауылына жетеді.
Түн ауып, таң атып қалған шақ, елең-алаң, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жылқышылардың атын босатып жіберіп, жылқыны айдап кетеді. Соңдарынан бір жігіт қуып шығады.
Құйғыншы құйындай ұйтқып, жылқы ішіндегілерді әуреге салып, оңтайына келе қалғанды топ етккізіп түйреп тастап жүре береді. Кенет қарсы шыққан Наурызбайға найза тастайын деп келе жатқан кезде Ағыбай ту сыртынан өз найзасын лақтырады. Мүлт жібермейді – жігіт ат жалын құшады. Өзен жаққа ат басын бұрып, кейін шабады. Судан қарғи бергенде, аттан сыпырылып түсіп қалады. Ағыбайлар шауып келіп, жүзін ашып, бөркін шешіп жібергенде, қос бұрым қалың шаш жерге құйылады.
Батырдың палуан күрестен бас тартатын эпизоды да бар: “сегіз қырлы найза ұстап жүрген жігітке жұрт алдында балтыр түріп, жалғыз жаяумен жұлқыласып жатуды қорлық” көреді.
Автор Ойжайлаудағы құрылтай алдында қалыптасқан жағдайды былай суреттейді: “Өткен жылы Іле мен Шудың аяғынан келіп орнаған Кенесары Ұлы жүз сұлтандарын: “Мені хан танып, қол астымда болыңдар” деп, оларды қуырып тұрған. Шапырашты Тайсыбектің үйінде Сыпатаймен, Саурық батырмен, Байзақ датқамен, Рүстем төремен бас қосып, Кенесары өз ойын ортаға салды. Сайрам, Шу, Сыр қазақтарын Қоқан хандығы қол астынан құтқару жайын сөз етті. Бұл бас қосуға қатынасқандар бұл ұсынысты мақұладп, Байзақ датқа мен Сыпатайға қол жиып бермек болды”.
Сөйтіп Ойжайлауда құрылтай жиналысы ашылады. Қара құрым халық. Орта жүздің өзінен сегіз жүз салт атты келген.
“Бір жағында Аякөз, Қарқаралы, Көкпекті округтерінің аға сұлтандары майор Құсбек пен Бөлен сұлтан, Құнанбай болыс, аға сұлтанның кандидаты Барақ бастаған шонжарлар, екінші жақта: Ұлы жүздің Хакім, Адамсат, Сөк, Әли, Төлен бастаған би, болыстары. Қақ ортадағы стол басында – генерал-майор Вишневский, оның атарман-шабармандары”.
Өстіп, қазақ жері толығымен Ресей патшалығы қол астына кіреді.
Ақжолтай батыр елін ешқай жерге сыйдыра алмайды. Тоқырауын, Жамшы бойына көшіп, тоған қазып, егін де салады.
Сыймайды. Келімсек… Ақыры қарт батыр қазақтар қараған Батыс Сібір генерал-губернаторы Густав Христианович Гасфортқа жолығып, жер сұрауға шешім қабылдайды. Қасына Алшынбай, Жандерке тәрізді жанашыр ел жақсылары ереді.
Гасфортпен кездесуге қылыш асынып барған Ағыбай батыр соңынан шұбырған жұртқа қоныс әперіп, өзі елге оралып, қайтыс болады.
Ақжолтайдың дүние салғанын естіген жұрт “Ағыбай өлді деген не сұмдық” деп егіледі. Үлкен-кіші тегіс тайлы-таяғы қалмай – түгел еңірейді. Үш жүзден ағылған алаш баласында есеп жоқ.
Кенесарының бір батыры өз өмірін осылай аяқтаған еді.
10.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here