Дидар АМАНТАЙ

“ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАНДАР” немесе “БАТПЫРАУЫҚ ҚУҒАНДАР”
(“Бегущие за ветром” – “The Kite Runner”)

Жазғытұрым, жайма-шуақ мамыр күндері, мәскеулік “Фантом Пресс” баспасынан жарық көрген Халед Хоссейнидің “Желмен жарысқандар” немесе “Батпырауық қуғандар” атты көркем роман жанрындағы төрт жүз беттік қалың кітабын оқып шықтым.
Бұл бір бақ пен сор қатар жүретін шығарма екен.
Соңғы жылдары дүниежүзілік баспасөз беттерінде, әлем бойынша кітаптары (қазіргі таңда “Тауы ішіндегі жаңғырық” пен “Жарқыраған мың күн” атты қос романға деген сұраныс, таралым тұрғысынан, қырық млн данадан асып отыр) ең көп сатылған авторлардың бірі ретінде есімі жиі аталатын бұл жазушы қазақ тіліне әлі аударыла қойған жоқ.
Бірақ, орысша нұсқасы бар. Орысшаға тәржімелеген – Сергей Соколов мырза. Қаламгер Хазараджат таулы аймағынан шыққан хазар перзенті Хасан мен бас қаһарман Әмірдің достығы, екеуінің Асефке қарсы күресі, күрделі қарыс-қатынасы арқылы ауған елінің жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы азапты тарихын аса бір дәлдікпен, жанашырлықпен, шынайы сүйіспеншілікпен бейнелеп, газет пен телевидение қалыптастырған алыс, бөтен, жат жұрттың қатыгез, озбыр образын бұзып, пендауи өмірін, мамыражай тіршілігін адами кейіпте көз алдымызға әкеледі.
Кісі қазасы қайғы шақырған қасіреттен, төрт тарап әлем жұртшылығына күнделікті, тұрақты тарап тұратын ресми/бейресми мәліметке айналған елдің көрген бейнеті оқырманды қызықтырып ала жөнелетін уақиғалармен өріліп отырады.
Шиеленісті жайттардан құралған шытырман желілі романдағы бас персонаждың ғұмырбаяны автордың өз биографиясына қатты ұқсас. Екеуі де есейіп келе жатқан шағында отбасымен бірге Америка Құрама Штаттарына қоныс аударады. Бала кезі – ауған жұртын 1933-1973 жылдар аралығында басқарған Захир-шах заманындағы – бейбіт, шулы Кабул көшелерінде өтеді. Бүкіл пуштун халқы Ұлыбритания еліне қарап бой түзеп, еліктеп өмір сүрген, гүлденген таңғажайып дәуір еді.
Автор зиялы көзі ашық жұрт қоныстанған “Вазир-Акбар-Хан” ауданында қаздай тізіліп қаптап орналасқан қымбат үйлерді, бәйтеректей биік, шынылары күнге шағылысқан зәулім ғимараттарды, алтын жалатқандай күмбездері жарқыраған алып сарайларды, “Зейнаб” кинотеатрын, “Кино-парк” кітап дүкенін, көше бойында үнемі сөйлеп тұратын “Радио Кабул” жаңалықтарын аса бір әсерлі шеберлікпен суреттейді. Тіпті, елдегі бостандықты мынадай елеусіз бір өрнекпен (деталь) бере салады. Доп ойнағанды жақсы көретін ойын жанкүйері, әкесі Баба 1970 жылғы футболдан әлем біріншілігін көру үшін шұғылданып жатқан құрылыс жұмыстарын тоқтатып қойып, өзі бір айға Тегеранға кетіп қалады. Бұл ауған жеріне телевизорлар келе қоймаған уақыт еді.
Балалық шағы бірге өткен екі достың бірі – сүннит, пуштун, қожайынның баласы (Әмір), бірі – шиит, хазар, күтушінің ұрпағы (Хасан).
1973 жылы, елдегі көтеріліс нәтижесінде, билік басына Дауд-хан келеді, ол Захир-ханды құлатып, өзін президент, елді республика жариялайды. Ұлыбританиядан қол үзіп, Кеңес Одағына арқа сүйей бастайды.
Содан кейінгі тарих белгілі, Гүлбеддин Хекматияр, Ахмад Шах-Масуд тәрізді дала генералдары елге әскер енгізген КСРО-ға қарсы күреске шығады. Қызыл әскер кеткенде, 1993-1996 жылдар аралығында Бурхануддин Раббани президент болады.
Бірақ бұл кезде Кандагарда молда Мохаммед Омар бастаған “Талибан” қозғалысы оянып келе жатқан еді. Күні кеше ғана Руми, Хафиз, Саади, Виктор Гюго, Жюль Верн, Марк Твен, Ян Флемингтің сәулелі шығармаларын оқып, кинотеатрлардан ізгілік жолында майдандасқан вестерндік қаһармандар туралы кино көрген Кабулды қараңғылық басады.
Кітапты бас алмай оқисыз. Триллер жанрында түсірген Альфред Хичкок фильмдері тәрізді. Бір уақиға дамып, ширығып, жалғасып келе жатып, көлденең бір уақиға арнасына түсіп кетеді де, бүкіл сюжет басқа, мүлдем басқа жаққа бұрылады.
Ойдан ой туындайды. Іс-әрекет соңынан іс-әрекет өрбиді. Жүйрік қаламда дамыл жоқ – байып, өркендеп, салаланып отырады.
Көп жылдар өткен соң, Әмір тәліптер қолынан қаза тапқан Хасан досының баласын іздеп сапарға шығады. Тас-талқан жатқан Кабулға, ойран болған ауған жеріне барады. Ақыры баланы тауып алып, Пәкістан арқылы Құрама Штаттарына қайтады.
Елді көріп қайғы кешеді. Бірақ, батпырауық ұшырғанда, тек жігерлі, қайратты адам ғана шыдам беріп, жеңіске жете алатынын Әмір жақсы біледі.
Хасанның жалғыз перзенті осыны ұқса, дейді.
Алайда, қым-қуыт, шырғалаң, тығырық жағдаяттар сыртында тұрған жазу мәнері ешқандай сын көтермейді. Үзік-үзік, қысқа қайырылған сөздер, тынысы ашылмаған сөйлемдер әсемдіктен, тыныштық тілеген атмосферадан аулақ, ықшамдылықтың ән салған әдемі күйінен ада.
Бір тараптан, бұл осалдық, әлсіздіктер жас қаламгердің тәжірибесіздігінен бе екен, әлде автордың кемел мәтін мұратына жетемін деген ниеті жоқтығынан ба…
Оны, әрине, оқыған оқырман біледі. Бестселлер шын әдебиеттен озды. Поп-әдебиет жұрттың қалауы шығар, кім білсін. Бірақ, бұл роман көтерген тақырып, өнеге тұтқан күрес тұрғысынан – алапат шығарма.

Ізгі.

Бақыт үшін осылай күреседі.

08.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here