Дидар АМАНТАЙ

ҚАЗИЗА – ЖАМАЛ
Эссе

Қазақта ел басқарған аяулы ана көп. Жасынан оқуға қол созып, еңбекке ерте араласқан, жоғары лауазымды қызмет атқарған осындай дегдар тұлғалардың бірі де бірегейі – Жамал апа.
Жеке бір үлкен планета тәрізді. Жұмбағы да, құпиясы да терең, тағдыры да, ғұмыры да ұзақ, өнегесі де, өсиеті де құнды, алып рухани қазынасы бай – қазақтың сұңғыла перзенті.
Қиын, мехнатты жылдары әулет жұртына сес, ағайын-туысына бас-көз болды. Ұлт қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.
Әділет, сот саласының үздігі атанды. Елдің түйінді мәселелерін шешті. Лауазымды қызметтерде жүріп аса жауапты шешімдер қабылдады. Он жеті жасқа толғанда, елде заңгер мамандар жетіспей жатқан зарыққан заманда, Ұлы Отан соғысы өршіген 1941 жылы, 22 тамызда сот жұмысына хатшылыққа алынды. Өстіп, мемлекеттік, қоғамдық еңбек жолы, ресми ғұмырнамасы басталды.
Кейін, он сегіз жасында, тоғыз сыныптық білімі ғана бар бойжеткен Жамал апа екі күнге созылған ұзақ сот отырысында, үлкен топ құрған адамдардың қылмыстық істерін қарап, процесске қатысып отырған прокурор мен қорғаушының сан қилы талаптары мен ұсыныстарына байланысты жылдам ойланып, тез жауап, кесім айтып, сол бір жауқазын шағында өзінің тұңғыш үкімін оқыды. Үкімді дауыстап оқып тұрып, жас Жамал апа алакөлеңке бөлмеде қылмыскерлердің туған-туыстарымен бірге жүрегі қамырдай езіліп, жылап тұрған екен.
Кейін кәсіби шеберлігін арттыру, жетілдіру мақсатында түрлі курстарда, Харьков қаласында, Шымкент, Алматы шаһарларында заңгерлік білімін тереңдете түсті.

Тиянақты, ұқыпты Жамал апа жасынан алғыр еді. Жұрт ортасында біліктілігімен көзге түсіп, партиялық-кеңселік жұмыстарға араласа бастайды. Мәртебесі өседі, есімі танылады, атақ-абыройға ие болады. Бірақ, қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да, Жамал апа біреуге қылдай қиянат жасаған жоқ, әділдік жолын өзіне мұрат тұтты.

Кісілігі ғажап-тұғын. Сұлу жүзінен мейірім төгіліп, тіл қатып сөйлескенде, әңгімелескенде, нұрына бөлейтін жайма-шуақ жан еді. Адамгершілік қадір-қасиетін Құдай да көрсе керек, апамыз тоқсан жастан еркін асып, жүзге тақап дүние салды.

Ешкімді алаламайтын, жұрттың бәріне жанашыр, ақылшы, тірек еді. Келбетінен шуақ, сөзінен қамқорлық сезіліп тұратын үлкен парасат иесі екеніне сан мәрте көзім жетті.

Мен Жамал апаны тоқсаныншы жылдардың басында көрдім. Ол кісі бізге құда еді. Тағы бір ғажабы, апа менің ұлы анам Қазиза Құдайбергенқызымен түйдей құрдас-тұғын.
Қартайғанда, тағдыр талайы кездестірген екі анамыздың құда-жекжаттығы былай тұрсын, құрдастық-достық қарым-қатынастарының өзі туыстық асыл сезімге, қос қарияның аса зор сыйластығына ұласып кетті.

Бірге өткізген мерейтойлар қызықтары басталды. Қатар қатысқан той-думандар көбейді. Бұны көріп, байқап жүріп, біз қуандық. Қалжыңға айналдырған кездеріміз де болды. Сексен жастарын кезек атап өтті. Тіпті, аяулы аналарымыз жасын ұмытып, төңірегін шат сезімге бөлеп, жабысқан дерт, сырқатынан құлан-таза айығып, жазылып кеткендей әсерге ұшырататын.

Жамал апаның бабалары Шымкент өңірін мекендеген үш ата найман жұртынан: Жабай найман мен Шоштан найманға ағайындас Балталы Найман ұрпағы. Ен жайлаған қоныстары Темірлан іргесіндегі Құрыбөржар тұсы. Өзі – ардақты Бөгежін елінің келіні. Құли ата мен Қарашаш ана отбасында дүниеге келген.

Жамал апай қаршадай кезінен қиын-қыстау күндерді басынан кешеді. Іні-бауырлары шетінейді, ашаршылық азабын көреді, саяси қуғын-сүргін нәубетіне куә болады, бірақ, әкесі өзі төсек тартып жатса да, қыздарын оқыту мақсатында, қасына шақырған ағайын-жұртының айтқанына көнбей, Арыс қаласынан ауылға кетпей қояды.

Қыздарымды оқытып жатырмын, дейді ақсақал, сөйтіп, 1939 жылы дүние салады.
Бірде Жамал апа жас кезінде, ашаршылық қазақ халқын баудай түсіріп жатқан мезгіл, анасы бала-шағасын шұбыртып Ташкентке бара жатқанда, Жылға теміржол бекетінде бір бейтаныс әйелдің киіз үйінде толғақ қысып, босанып қалғаны туралы сыр шертеді. Кейін, ел аққа жарыған заманда, қамқорлық танытып, қонысын берген келіншекті қонаққа шақырып күткен екен. Жақсылықты ұмытпайтын ізгі жан еді.

Дүниеде ағайын-туыс, жора-жолдас, тамыр-таныс адамдардан айрылғаннан асқан өкініш, күйік, қасірет жоқ екен. Таразыға тартқанда, бұл қайғының салмағын басып кетер, сірә, басқа ауыр жүк жоқ шығар.

Мен екі анамыздың ұзақ ғұмырларының қысқа сәтінде жарқ ете қалған бір-біріне деген ыстық ықылас, ерекше сый-құрметтері туралы жиі ойлаймын. Ойлағанда, Қазиза анам мен Жамал апа арасындағы сол бір сәулелі достық санама, жадыма жарық түсіргендей болады, ұмытпаңдар бізді деп жарқырап, жаңғырып тұрғандай көрінеді.

Ештеңе де ұмытқан жоқпыз, асыл да аяулы бейнелер есімізде: пейіштің нұрында шалқысын.

06.10.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here