Төлеубай Қосылбекұлының туғанына жүз жыл толған мерейтойына орай жазылған эссе

ТӘҢІРІ ҚОСҚАН ЖАР ЕДІҢ СЕН
Qaziza Qudaibergenqyzy / Toleubay Qossylbekuly

Бірінші бөлім. Дүзендер

Кейбір деректерде Санар (Сапар) аталған, басқа бір шежірелерде, тіпті, Жүзен деп келетін қалың Арғын-Қаракесек ішіндегі шағын жұрт, аз ата Дүзен туралы осы күнге дейін көп жазыла қойған жоқ. Тіпті, Ахметбек Әрінұлы ақсақал “Атақоныс – Арқадағы шежірелі Қарқаралы” атты кітабында (Алматы: РПБК “Дәуір”, 2003), “Қаракесек Болатқожа ұрпағынан тараған рулар мен аталар” тарауында былай деп жазады: 1. “Болатқожа (Қаракесек), 2. Балқожа (Қамбар), 3. Шұбыртпалы, 4. Жалықпас. Болатқожадан – Түйте, Түйтеден – Танас, Танастан – Тымырысқа, Сары… Сарыдан: Құлжас (Жаман Қара жалпы ағайындары үшеу де Қара атанып кеткен), Құлбас, Қожас. Құлжастан Өтеп, Дүзен, Тақабай, Тоқабай, Аю Таңабай – бұлардан тарату шежіресі жоқ”.
Бірақ, теңдесі жоқ деректі кітап жазған қадірменді ақсақал, өкінішке қарай, теріс ақпар беріп отыр. Біріншіден, Құлбас – Қожастың перзенті. Сарыдан тараған лақап аты Қара – екеу: Қожас-Қара және Жаман-Қара (Құлжас). Екіншіден, Түйте/Танас/Сары шежіресі (Дүзенге дейін) Мәшекеңнің, Әлекеңнің жазбаларында түгел бар.
Қаныш ардақтыны зерттеген атақты қаламгер, дегдар тұлға Медеу Сәрсеке 1995 жылы “Атамұра” баспасынан жарық көрген “Тарақты және Қаракесек шежіресі” (“Орта жүз, Арғын арысының Болатқожа Қаракесек және олармен қоныстас Тарақты, Жағалбайлы, Шөптеміс, Ырғақты руларының шежіресі”) атты туындысында: “Қожастан – Бекбас, Құлбас… Құлбастан – Адай, Асан… Жаманқара (Жаман) (Құлжастан: Д.А.) – Жайлау, Андабай, Сеңгірбай, Жайлау… Андабайдан – Жақсыбай, Қойбас, Жақсыбайдан – Жарас, Киікбай, Қойбастан – Сапар, Өтеп”.
Қожас пен Құлжас – қос ағайынды Қара: ел ішінде Қожас-Қара, Жаман-Қара деп атайды.
Әнес Сарай ағамыз “Бес мейрам” кітабының 267 бетінде, “Қазақ университеті баспасы”, 2015 жыл, Мәшһүр Жүсіптен ұзақ дерек келтіреді, біз қысқартып беріп отырмыз: “Осы Сарыдан – Қожасқара, Жаманқара. Әлбетте өз аттары емес, лақаб аттары. Соның әсерінен Сары ұрпағы Қара атанған, Қарашор деп жүргеніміз – “Қарашормыз, Құдайдан да зормыз” деуіміз осының салдарынан” (том – 10, – 105.) .
Медеу Сәрсеке аталған кітапта өзгеше дәйек ұсынады: “Сол себепті біз Бәтішор ұрпақтарын таратуға өткен ғасырда жасалған Ә. Бөкейханов кестесін пайдаландық. Оны бірақ өзімізде бар кейбір деректермен толықтап, әрі бергі таралымына И.Омаров шежіресін де әжетке жараттық…
Әлекең Бәті ұрпағын молайып өскен соң, әрі ірілігін, күштілігін даралау үшін ШОР атанған, “Қара Шормыз, жаратқаннан да зормыз” деген сөз содан қалған дейді”.
Бәті-Шор Тымырысқаның Бөтей ұрпағынан жалғасады, Тымырысқа өз алдына Сарыға ағайынды. Сары – ұрпағы Қара атанған ата.
Дүзен – Қараның баласы. Құлжастан өрбіп, Андабайдан өседі. Өрісі – Жақсыбай мен әкеміз – Қойбас. Жалпы, ел арасында азғана, бұл аталмыш ру, Дүзен баба ұрпақтары қыздан тараған деген сөз бар. Шын мәнісінде, әдетте, іргелес, қоңсы отырған – әрбір ұйыған қара шаңырақ, ырысы тасыған керегелі әулет отбасында – үйелмелі-сүйелмелі жиендерінің саны өз жұртынан көптеу болады, содан шығар,
Дүзендер қыздарын бетінен қақпай, еркін өсіреді, қағажу көрмей, ұл баладай еркін, кенже ұлдай ерке өскен олар шетінен қайсар, жаужүрек, батыр келеді. Қарағайлы орманы сыңсыған, тау жұпары, шайыр иісі аңқыған Қарқаралы етегін, ойдым-ойдым тоғайы, топ-топ қайыңдары мол шығыс жақ өңірін кең жайлаған Қаракесек ішіндегі Қара (Қожас, Құлжас Сарыұлдары) немесе Қаралар елі арасында, ағайыны Жаманқара (Құлжас Сарыұлы) заңды бір баласы тұрғысында, тиесілі жер-суы, мекені, еншісі бар, бүгінгі Тоқтар (түркі әлемінің тұңғыш ғарышкері Т. Әубәкіров атындағы елді мекен), Бесоба, Нүркен (Совет Одағының батыры Н. Әбдіров атындағы ұжымшар), Көктас ауылдарын, Асылбек асуы маңайын, Құлболды, Бала Құлболды, Сары Құлболды шоқыларын, кең жазық, дарқан дала Қырқа өлкесін ежелден қоныстанған, жаз жайлауын, қыс қыстауын тапқан, Қаз дауысты Қазыбек би заманынан бастап түбегейлі орныққан, ірге бекітіп, мал ұстап, жылқы айдаған Дүзендер, бір жағынан, әлсіз жұрт та емес.

Бір аталы Қаралармен (өз аталары Жаманқара – Қожастың бір туған бауыры) біріксе, Киікбай Ақбайдың Жақыбы (аталары бір туысады: “Мәшһүр Жүсіп құжаттық ақпарларда аты кездесетін Естемес Киікбайұлының шежіресін анық таратады”, деп жазады Әнес Сарай өз кітабында, “Қаракесек – Түйте – Танас – Сары – Жаманқара – Андабай – Жақсыбай – Жарас – Киікбай, Киікбайдан – Жандерке – Ақбай – Жақып, Ыбырай – бес ағайынды” деп көрсетеді (Сонда, 104 б.)”, Бекбас Оразғұл Қасым Аманжолов, Шекшек Нүркен Әбдіров, Асан-Үсен Жаппар Өмірбеков, Қапан Сатыбалдин тәрізді майталман тұлғаларды ту көтеретіндері анық.
Жақсыбай мен Қойбас – Андабайдың перзенттері. Қойбастан – Өтеп, Дүзен тарайды, Жақсыбайдан – Ақбайдың Жақыбы. Қасымның бабасы Бекбас – Қожастың ұлы. Қожас – Жаманқара Құлжастың туған ағайыны.
Дүзен жүзге толмасын деп қай келіні, қай жеңгесі айтқаны белгісіз, рас, әлі күнге шейін еселеп саны өскен жоқ, түгендей бастасаңыз, отырған жерінде Дүзен ата ұрпақтары жүзге жетпей жығылады. Қаракесек-Қара руынан шыққан бабамыз Дүзен туралы нақтылы өмір деректері жоқ. Баласы Жайықтан Балық тарайды. Балықтан – Байбөрі, Аралбай, Тайна, Кәрсонбай, Шаншарбай – бес ата. Аралбайдан Ақшолақ, Байқуаныш, Қорғанбай, Сатыбалды бұтақтары тармақталады .
Байқуаныштан – Қосылбек, Асылбек, ал Сатыбалды кіндігінен Аманжол, Есенжол, Оспан жалғасады.
Төлеубай (Амантай, Бауыржан, Сабыржан) атамыз Қосылбектен ұрпақ жалғастырады. Есенжолдан Зекван (Нұрлан, Нұраш, Болат, Рәшид), Құрал (Орал, Марал, Ербол), Социал (Асхат, Алмат, Азамат).
Атам 1918 жылы дүниеге келеді.
Әуелі алты жасында әкесінен, отызыншы жылы, ашаршылық алдында, яғни, он екі жасында анасынан айырылады. Барлық жақын-жуық, ағайын-туғанынан ажырап, әке-шешесіне ерте топырақ бұйырған, ақырында Қосылбек Байқуанышұлы шаңырағында сопиып жалғыз өзі қалған оны нағашылары жетімдік көрсетпей бауырына салады. Ол Төкен Қанайұлы қолында өседі. Атам 1939 жылы әскер қатарына шақырылғанда, кейін Барнауылдан Ленинград бағытындағы қиян-кескі майданға бір түнде аттанғанда, нағашысы Төкен жиені Төлеубай соғыстан аман-есен оралсын деп, баласының атын ырымдап Аманкелді қояды, ол кісі қазір Л.Гумилев атындағы ЕНУ-тің профессоры, техника ғылымдарының докторы, кезінде Қарағанды Металлургиялық Комбинаты жанындағы Завод-ВТУЗ оқу орнында проректор қызметін атқарды, әжем Қазиза немерелері мектеп бітіргенде, қолынан сүйреп, жетектеп Теміртауға апаратын. Керісінше, атамыз ауыр жараланып елге қайтқанда, осы үйге келін түсіреді, екінші дүниежүзілік қырғынға кеткен Төкен нағашысымен аман-сен көрісуді жазсын деп, тұңғышын азан шақырып Амантай деп атайды. Бірақ, біздің отбасымызға, жалпы, әулетімізге аяулы осы бір жан Төкен Қанайұлы белгісіз бір елді мекен түбінде, таңғы шабуылдардың бірінде, қара мылтықтарын кезене ұстап, қиқулап жауға қарсы іргесін сөгіп қаптай шапқан қалың қол, жаяу әскер қатарында, дедектеп алға жүгіріп келе жатып, жат топырақ, қан майданда, беймезгіл уақ, қапыда сүрінеді, ел үшін қаза табады, суреті үнемі үйде, төрде, биік жерде ілініп тұратын.
Әлқисса, Төлеубайдың Амантайынан – мен туамын.
Қырық үш жасында дүние салған Амантай – он бір баланың тұңғышы, сұңғыласы, ардақтысы еді. Соңынан ерген сегіз қарындасынан (Күлкен, Гүлсім, Гүлбарам, Майра, Зайра, Зәуреш, Бақыт, Бибігүл) соң, оныншы болып Бауыржан дүниеге келеді, сүт кенжесі – Сабыржан, бұл үйге он екінші бала, мені – алты айлығымда, жаратылысынан момын шешемнен қалаға бір барғанында, қолынан жұлып, тартып алып, суық тиіп ауруханада жатқан жерімнен әжем өктемдік көрсетіп, студент әкемнен де сұрамай, ем-шара қолданып жатқан дәрігерлерге де айтпай, бала асырау білмейсіңдер деп сыртқа өзі көтеріп шығып, көлік жалдап, жаздыгүні тамыз айында Қарағандыдан Тегісшілдік ауылына әкеледі.
Рас, мәдениет дегеніміз тағдыр. Қазақтың салт-дәстүрі мені қазақы ортада, ана тілімнің аясында, көңілі де, көлемі де кең-байтақ ауылда, ұлт өнері, асыл мәдениет бесігіне бөлеп өсіріп-тәрбиеледі. Қаладан тек орыс тілі ғана жұқты. Мектеп қабырғасында жүргенде, бұл пән бойынша Қарағанды өңірінде өтетін облыстық олимпиадаларда алдыма жан салдырмайтынмын…
Бірақ, прозаны қазақша жаздым.
Ойымызды түйіндесек, шыққан тегімізді Қаракесектің (Болатқожа) Түйтесінен бастаймыз. Түйтеден Танас, Танастан Сары, Сарыдан Қожас, Құлжас (Жаман-Қара), Жаман-Қарадан Андабай, Андабайдан Жақсыбай, Қойбас, Қойбастан Дүзен, Дүзеннен Жайық, Жайықтан Балық, Балықтан Аралбай, Аралбайдан Байқуаныш, Байқуаныштан Қосылбек, Қосылбектен Төлеубай, Төлеубайдан Амантай, Амантайдан Дидар.

Екінші бөлім. Қамбарлар

Менің үш анам – Қамбар. Медеу Сәрсеке дерегінше, “қоныстанып отырған жеріне орай, “Қарқаралы Қамбары”, “Көкшетау Қамбары” (Абыралы атырабындағы таудың атауы), “Абыралы Қамбары” деп үш топқа бөледі”. Атамның аяулы анасы, әжемнің өзі, сосын шешем, үшеуі де он тоғызыншы ғасырда Абыралыдан Қарқаралыға келіп, ірге бекіткен атақты Қамбарлар руынан еді.
Әжем Қазиза ауылда басқарманың қызы болды. Әкесі Құдайберген, шамамен, жиырмасыншы жылдардың соңынан қырық төртінші жылға дейін Қаратал (бұрынғы Тегісшілдік, қазіргі Тоқтар) елді мекенінде қолхоз басқарды. Ел ішінде беделі зор, абыройы асқақ, құрметі ерекше тұлға еді.
Ұлы анам мен тетелес сіңлісі Балқия екеуі көрші ауылдағы мектепке пар ат жеккен шанамен барады екен. Қарды бұрқыратып желе шауып келе жатқан шаналы қос арғымақ, тұлымшағы желбіреген басқарманың екі қызы, шыңылтыр аязды күндер жергілікті әзілқой жұрттың қалжыңына айналады.
Құдайберген кіндігінен бес ұрпақ тарайды: Қазиза, Балқия, Ескендір, Рауза, Сарқыт (Мағауйя, Зікірия, Аяз ерт шетінеп кетеді). Қазірде әрбіреуі өсіп-өнген, керегесі кеңейген, берекелі, ырысты бір-бір әулет. Қыздарының ішіндегі оқығаны – Рауза әтәйім. Әтәйімнің балалары да оқымысты.
Жалғыз ұлы Ескендір асыл адам еді. Есепке жүйрік, ақылға бай, туысқанға жанашыр, қамқор. Ерте кетті, дерт меңдеп, төсек тартып жатқанда, ұлы анам, кіші шешем бар, Алматыдан дәрі іздеп едік. Дәрі жасатып, елге жеткенде, нағашы ағамыз сонау алыстан, жер мойны қашық астанадан, бейнеттеніп әкелген шөп дәрімізді аузына салып ішіп те үлгермеді, Қазиза әжемнің келгенін көрді де, жүзін таныды да, жүріп кетті. Бәріміз жылап қалдық.
Неге екені белгісіз, әжемнің туысқандарын қатты жақсы көретін едік. Мен оқудан ауылға демалысқа келгенде, өз апаларым бар, ұлы анамның сіңлілері бар, бәрі кезек-кезек қонаққа шақырып, сыйлап, күтіп, бір үйден бір үйге шұбырып, мол дастарқан басында мәре-сәре боп жататынбыз. Рас, қашанда дастарқан басында тек қуанышты, жақсы нәрселер ғана айтылатын. Бізді көріп, араз ағайын-туысқандар өкпесін ұмытып, бір-біріне ренішін кешіп, татуласып, табысып қалатын. Бұл өмірімнің аса бір бақытты жылдары еді. Әжем, оның аяулы сіңлісі Балқия, атам Төлеубай аса қартаймаған, дерт шалмаған, қайратты, қуатты кездері еді.
Қазиза әжемнің туысқандары көп болатын. Қарқаралы өңіріндегі барлық қамбарлар сөзін тыңдап, ақылына тоқтап, шешіміне бағынатын. Шешімі қай уақытта да әділ еді.
Құдайбергеннің екі қарындасы болды: Ғайнижамал (Шәмішкен, Мақсұт, Қаппас, Құрманғали) және Сақыпжамал (Шәкен, Төлеген, Шәріп, Шөкен, Амантай).
Атам Төлеубайдың анасы – Мәкіш (Бәтжамал, Төлеубай) – Қанайдың қызы. Екі ағасы: Төкен (Ырысалды, Зағипа, Бикен, Күлкен, Амангелді), сосын – Құсайын (Әлібек, Тұрсын, Жұмаш).
Жалпы, Қамбар Құдайбергеннің әкесі – Мылиан. Ол Кенжебайдан тарайды. Кенжебай – бес ағайынды: Әбіш, Кенжебай, Қаратоқа, Әрін, Жылқыбағар.
Әбіштен Әукетай, одан Қапан, Қапаннан Тұрсын, Дулат, Бекзат, Роза, Ғалия, Риза, Бақыт. Қаратоқадан Егізбай, Егізбайдан Тұрсынбай (жары – ноғайдың асыл қызы Мәкен тәтем еді). Тұрсынбайдан Қапан, Әнәмән, Әнес, Қаппас, Шолпан. Әріннен Тұрсынбек, Тұрсынбектен Шәкен. Жылқыбағардан Қасымғали, Қылдыбай. Қасымғалидан Айман және екі бауыры. Қылдыбайдан Өмірзақ, Байдүйсен. Өмірзақтан Тілеубек, Әбікен. Тілеубектен Рымбай, Көшкінбай, Әубәкір, Болат, Марат, Ұрқия, Нүрия, Ырысбала, Күлзипа. Әбікеннен Нұрбай, Рақымбай, Бикен. Байдүйсеннен Нұрқасым, Тасқынбай, Аққас, Нүркен, Күлкен, Күләндә.
Атам Төлеубай 1943 жылы соғыстан келеді. Бес жыл сыртта жүріп қалған ұстаз, Қарқаралы мұғалімдер техникумының түлегі (1937-1939 жылдары оқыған) бірден ауылдың он тоғыз жасқа енді толған, үріп ауызға салғандай бойжеткен қызы Қазизаға үйленеді.
Тәңірі қосқан Төлеубай мен Қазиза ұзақ өмір сүреді. Екеуінің сүрген өмірі, шынымен, адам айтқысыз бақытты ғұмыр еді.

16.05.2018

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here