ҚЫРКҮЙЕКТЕ

Көш төрт әлемде өмір сүреді. Қыста – қызыл шұнақ аяз әлемі, ұйтқыған боран, ұшқындаған қар, омбылап келе жатқан жұрт.

Ерте көктемде – ептеп, жайлап ояна бастаған тіршілік, сосын, тоң жібіп, алғашқы сәуле қыздырған топырақты жарып шыққан жас өсімдік, жазда жайма-шуақ Күн аясы, күзде сарша тамыз Сарыарқа, алма ағаштарынан дүркін-дүркін жеміс құйылып түскен берекелі Жетісу, арналы Атырау, Хазар теңізі.

Ұлттық ырымға қараған, табиғат құбылысына еліктеген, алаш мейрамына, салт-дәстүріне байлаған мезгіл атаулары.

Қаңтар – түркі сөзі. Күн қысқарады – көкте ілініп тұрып қалады, қаңтарылады. Бірақ, бұл – кемудің соңы, өсудің басы. Қаңтарда Күн қарға адым ұзарады.

Қазақта бірнеше күнтізбе бар. Ең көне нұсқаларының бірі – ергеу, көктеу, мезгеу, көзгеу, шілдеу, тамызық, дәндеу (мизам), соқтау, күйек, қауыс (ықтырғы), ығыс (қаңтар), қаңтар (ақпан).

Маған төмендегісі ұнайды. Жыр тіркесі, өлең жолдары тәрізді – сұлу, кемел, көне.
Наурыз – Хамал, Көкек – Сәуір, Мамыр – Зауза, Маусым – Саратан, Шілде – Әсет, Тамыз – Сүмбіле, Қыркүйек – Мизам, Қазан –Ақырап, Қараша – Қауыс, Желтоқсан – Жәди, Қаңтар – Дәлу, Ақпан – Құт.

Қыркүйекте ауа райы өзгереді, салқын түседі. Ел қамданып, жинақы отырады. Кез келген уақыт тік көтеріліп, қопарыла көше жөнеледі. Немесе, ұзақ отырып қалады. Елде жаңбыр жиілетеді, шөп басына шық тұрады. Кенет шуақты, тымық күндер туса, түзде мизам шұбатылады.

Әдетте, төрт түлік малдың жағдайын ойлап, күйін күйттейтін қазақ әр айдың атауын да тегін, негізсіз атамаса керек.

“Қой мен ешкінің төлдеу уақытын көктем айына келтіру үшін қошқар мен текеге күйік байлайды”.

“Бұл шаруа қырда, өріс барысында өткізіледі”.

Бейнетқор қазақ малмен алысады. Орақ, пішенге көлденең жұмыстар қосылады.
Қыр мен күйек сөзінің бірігіп, қыркүйек атауына айналғаны қам жасаудың мезгілін көрсетіп тұрады.

Нағыз күз – қазанда. Қазан парсы тілінде күз ұғымын білдіреді.

30.09.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here