ТАМҰҚТАН ҚАШҚАНДАР
(ғұмырдың түп мәні туралы)
философия/эссе

Кезінде, заманауи пәлсапашы, заңғар ойшыл Мераб Мамардашвили жүйелер шеңберінде қалыптасқан ұғым-түсініктерді қолдану мен ойлау үдерісін шатастырып алмау жөнінде пікір қозғап еді. Ой дегеніміздің бәрі ойлау емес. Ойлау бір нәрсенің қасиеттерін жіктеуден басталады, сосын, салыстыра отырып басқа бір нәрседен айырма-белгісін табудан тұрады. Демек, ой бір сәттік құбылыс емес, бірінен соң бірі төгіліп жататын жүйрік пайымдар тасқыны.
Бұл тұжырым ойдың нәтижесі туралы көптеген сұрақтар туындатады: көзқарас дегеніміз не, ілім дегеніміз не, ғылым дегеніміз не?
Философия дегеніміз не? Жұрт көне ғылым, ескі пән тиімділігіне, пайдалылығына күмән келтіретін заманда туып, өмір сүріп отырмыз. Өздеріне, ғұмырына, пайым қажеттілігіне сенбейтін ұрпақ өсіп шықты. Теріс түсініктің қалыптасуына жүйе табиғатын аңдамаған, байқамаған ұшқары пікір, қасаң ой-толғам кінәлі екені дау тудырмайды.
Шын мәнісінде, егер кәсіби философия әлемді түсіндіруді (passive) қойып, олжа іздеген, түсім көздеген белсенді іс-әрекетке (active) көшсе немесе қоғамды өзгертуге, екі жеңін түріп тастап, бел шешіп кірісетін болса, онда бейбіт қызмет, даналыққа құштар еңбек мәңгілік тақырыптар жайлы түйіндерден қашып, метафизика-методология туралы терең толғаныстардан бас сауғалап, зады, осы сәт, тура қазір маңызы артып, күйіп тұрған, өткір мәселелерді шешетін күнделікті немесе кезеңдік идеологияға айналады. Идеология мүддеге қызмет етсе, философияның мұраты – ақиқат (таным). Бірі – әрекет иесі, екіншісі – пайым үдерісінің ойшылы. Әдетте, ел ішінде, қоғамда, идеология туралы жаңсақ пікір қалыптасады. Түсініктері – күңгірт, ойлары – тұманды, сөздері – кереғар. Жұрт идеологияны қажет көретіні қызық. Несіне қажет бола қалды? Әрине, сырттан тон пішкен, көлденең таңылған көзқарастар ағымы халық мүддесіне қайшы келеді. Қоғам мұраты біте қайнаған төл құндылық-қасиетінен қалыптасуы керек. Яғни, іштен пісіп-жетіліп шығуы тиіс. Тегіндегісінде, басшылыққа алынған кез келген идеология екі жүзді пышақ тәрізді нәрсе, абайламасаңыз, қолыңызды кесіп аласыз, өткір. Расында, идеологияның бәрі жақсы емес, тіпті, кейде демагогиядан ары аспайтын түрін де көріп қаласыз. Тарихта болғанды бүгін де кездестіресіз. Өкінішке қарай, келтірер мысал көп, жеткілікті.
Әуелі, идеология – идея (түсінік) және логос (ілім) – деген екі сөзден құралғанын айтуымыз қажет. Бұл мәселені жете түсіну үшін біз қоғамдық болмыс/сана, мемлекет/саясат ұғымдары не білдіретіндіктерін айқындап алуымызға тура келеді.
Либерализм өзіне-өзі қол жұмсауды көбейтті. Келген қайғы, басқан уайымға қарсы қайрат көрсете алмады. Еркіндік еріктің жолын ашып, тыйымға ноқта салды.
Өмірден өз еркімен кететіндер құндылықтардың оң/терісін шатастырып алды. Ғұмыр/қаза арасындағы тең өлшемді, дәл мөлшерді кім біледі. Қанша өмір, қандай ажал керек.

Преамбула
a) таным
Кең дүние, шексіз әлемді түсіндірудің тарихи қалыптасқан үштаған жолы адамзат танымын құрайды, көзқарасын білдіретін негіздері: діни, гуманитарлық және ғылыми.
Ғылыми таным методы үш этаптан тұрады: болжам (құбылыстың себеп-салдары туралы), гипотеза (құбылыстың және оның қасиеттерін бірін қалдырмай түсіндіретін жалпы принциптің тууы), теория (көп гипотезаның ішінен бірінің тәжірибе жүзінде бірнеше мәрте дәлелденуі), соңғысы – логиканың индукция және дедукция әдісіне құрылған, танымның үшінші сатысында тұрақтанған ғылыми білім.
Виктор Эмиль Франкл іліміне арналған, Санжар Керімбайға қатысты “Кітап дауындағы адам (қоғам) көрінісі” атты эссемізде таратып жаздық та.
Гманитарлық (философиялық) таным ғылыми дәйектер емес, толық білім ретінде қалыптаса қоймаған категориялық түсініктермен жұмыс істейді.
“Ілім де сол, ғылыми негізі тұрақтанбаған, постулаттары шындық деп жарияланған постулаттар, түсініктер жүйесі. Ғылыми теориядан ерекшелігі – ілім ешқашан, дағдарысқа ұшыраған кезінің өзінде де, сахнадан кетпейді, тіпті, қағидалары қайшылыққа түсіп жатса да, ілім мәлімделген принциптерінен бас тартпайды, бас тартқаны – өліммен тең, сондықтан ілім дамымайды, қашанда тұрақты болады. Діни көзқарасты түсіндірудің қажеті жоқ сияқты”, дедік.
Тегі, адамзат рухани кеңістігін жаңа ой-пайымдармен байытқан, идеялары әлі күнге шейін өз маңыздылығын жоя қоймаған, кемеңгер Маркстің 1845 жылы жазылып, 1888 жылы жарық көрген, “Фейербах туралы үзік-үзік ойлар” (“Тезисы о Фейербахе”) атты еңбегінде: “Осыған дейін философия әлемді түсіндіріп келді, бірақ мәселе оны өзгертуде жатыр” деген бір сөзі (орысшасы: “Философы лишь различным образом объясняли мир; но дело заключается в том, чтобы изменить его”, немісшесі: “Die Philosophen haben die Welt nur vcrschieden interpretiert, es kommt aber darauf an, sie zu verandern”) қоғамдық-әлеуметтік санада төңкеріс жасады.
Ілімдер көбейді. Бірі революциялық сипат алды.
Бұл – әлемде орныққан тәртіп, низам: танымды осылай жіктейді. Біз де дүние жүзі қабылдаған, ішінара бекітілген ережеге сүйендік. Жазғанымыз аталған үшен қосындысы – көркем-деректі эсселік таным. Көзқарас.
Қапасты жарып шыққан бір күндік сәуле өмірі.

ә) түйін – түпнегіз – мән
Субстанция мән емес, материяның бірліктегі жай-күйі, объектілік реалдылық (реальность) өзегі, өзі сыйып кететін дәні, өсіп шығатын ұрық-тұқымы.
Әсілі, түпнегіз (предельное основание) дегеніміз осы. Ол түйін (сущность) емес, басқа. Түрлі құбылысты, айнымалы сипатты бір тұрақты, орнықты, дербес атауға біріктіре алатын, туыстас көп құбылмалыны қайшылықсыз, тегіс бір қараға шоғырландыра алатын түпнегіз.
Түйін (сущность) – заттың (материя) немесе қиялдың (идея) мағынасы (смысл), әлде мәні (значение), бөтенге, көршіге – не тәуелді, не бағынышты емес, өзімен-өзі, өзгенің нәтижесінен бөлек, әсер-ықпалынан ада, үлкейсе де, кішірейсе де – өзі, өзгермейтін бір нұсқа, өзіне тең, төл қасиеттерінсіз өмір сүре алмайтын, қандай күй туса да өз мағынасынан айрылмайтын қорытынды, себебі құрылымы, құрылысы өзгерсе ғана (яғни, сүйегі сынса, теріс бітсе – емес) қасиеттері жойылатын, басқа күй-кескінге түсетін, біржақты дүние.
Қасиет сипаты жүйе құрылымына байланысты. Металл атомдары бағыт-бағдарынан ауса, басқа сапаға көшеді. Не күшейеді, не әлсірейді. Зат молекулалық немесе атомдық өзгеріске ұшыраса – басқа зат. Тұрақты мағына заттың болмыс-бітімін, кескін-келбетін сақтайды. Сондықтан, түйінде зат туралы бүкіл ақпар-мәлімет бар, ол заттың құрамына, тұтастығына, бірлігіне кепіл. Әрі толықтығы мен бір екендігінен көрінеді.
Түйін дегеніміз тұтастық. Түпнегіз – барлық жай-күйдегі тұрақтылық.
Сапаның бір аты – мағына. Демокрит бір нәрсенің түйіні сол нәрседен айырусыз деген пікірді алға тартады. Бірақ, өзін құрайтын атомдардан қалыптасады.
Платон бойынша, түйін (сущность) – идея, аса сезімтал, заттық емес, мәңгілік, шексіз, нақты құбылыстардың ілкі бейнелері прообразы.
Аристотель түйінді нәрселердің формасы ретінде түсінеді. Форма заттардың бойында өмір сүреді. Алайда, түйін өзін құрайтын материалдан жасалынбайды.
Орта ғасыр философиясында, кез келген түкпілікті түпнегіз (субстанция) өзіне ғұмырын қоспайды. Бірақ, Құдай жайлы түйіндерінде Оның өмірі бар.
Джон Локк жалпылық туралы номиналды бағытты ұстанса да, түйін (сущность) жайлы схоластикалық тұжырымдаманы теріс санады: біз түйінді қалай тани аламыз, қолымызда сөзден туған құбылыс пен жалпылама терминсөзден басқа ештеңе жоқ.
Жиырмасыншы ғасырда түйін (сущность) ұғымы сирек қолданылды.
Неопозитивизм ағымы түйінді мүлдем жоққа шығарады, түйсік арқылы жеткен немесе қалыптасқан құбылыстарды ғана мойындайды. Феноменология қиялдан идея туған атау деп қана түсінеді. Экзистенциализм өмір сүру ұғымын түйін идеясына қатыссыз-ақ қолдана береді. Бертран Рассел елді шатастыратын түсінік ретінде қарастырады.

Бірінші бөлім. Туған күн – қойған күн

а) жарық дүние
Тегінде, ана бойына біткен бала қара түнекте өмір сүреді. Санасы, көз алды, төңірегі – не күңгірт, не тас қараңғы. Төбесінде, бедерінде, ішінде – сәуле де, саңылау да жоқ – әлем жаралғалы, нүкте жарылғалы тұрған кездегі, қысымы шексіз артқан, бойына алапат күш жинаған, қара ноқат кезеңі тәрізді.
Бәрі жарық іздеп, жақсы сөз күтеді. От ұстағандар жол сілтейді. Көз ашады – қараңғылық сейіледі. Бойында жалын, болмысында өрт бар. Лап еткені – басы, алаулағаны – ақыры. Түтін созып, бет қарығаны зат (материя) қана емес, үдеріс (процесс). Бір күйден екінші бір күйге өту. От дегеніміз тұрақты табиғат бөлшегі, орнықты құбылыс емес, өтпелі кезең.
Бос алап (атауы жоқ, уақыт пен кеңістікке дейінгі маусым, бәлкім, шексіз, әлде шектеулі) бетіне түскен қара қошқыл дақты өлшеусіз көп қуатқа ие қысым тас-талқан еткен шақта, жаңғырықтан ұшқан жаңқадай, жарылыстың құм-топырағын тұс-тұсына шашқанда, тез үлкейген кешегі алапат нүкте қатты дене күйінен сұйық тамшыға, тасқын суға айналады, қуат өрісі зат қалпына (энергия – материяға) өтеді.
Сәбидің дүниесі, ана тоғыз ай толғатып туғанда, қопарылады. Төңкерілген әлемнің кескін-келбеті өзгереді. Бала келесі дүние есігін ашып, сыртқа шыққанда, жарықты көреді.
Жарық!
Баланың бойға бітуі алып жаратылыс немесе алапат құбылыс тәрізді. Дүниенің басы, соңы – қара топырақ. Тірлік иесі жерден жасалады, жерге айналады. Бірақ, су қосылды ма, жоқ па, білмейміз. Су – тіршілік бастауы әрі басты элементі. Құдай жоқтан жаратқан адамға қажет қорек үйдегі немесе түздегі азық құрамы арқылы, дастарқанға жетеді, тамақ ішкенде, анаға өтеді, жатырында, әлем бедеріндегідей, қара ноқат пайда болады немесе бір түйір қан ұйып, пенде сұлбасы (жобасы) жаралады, нәресте өсіп, туатын мерзімі тақағанда, біз қайта дүние есігі алдында тұрамыз, қазір жарылыс болады, көзімізге жарық түседі – көреміз, санамызға жеткенде, түсінеміз.
Филогенез онтогенезді қайталайды. Бала адам жүріп өткен биологиялық, физиологиялық, психологиялық, тіпті, онтологиялық жолды ғана емес, жаратылыс жасалуы, ғарыш қалыптасқан немесе қалыптасып жатқан ұзақ жарық шақырымдарын нүкте сәтінен бастап біздің дәуірімізге дейінгі аралықта кешіп өтеді. Филогенездің жолы онтогенез өлшемінен шығып, дүмпу әсері космогенездің көлемі өсіп келе жатқан шекараларына дейін жетеді. Универсум екі шетін қосады, яғни бір жағынан екінші жағына созылады.
Қазақ айтатын дүниежарық деген осы. Соңғы дерек-дәйектер бойынша, ғарыш кеңістігі алакөлеңке немесе тас қараңғы емес, керісінше, жарықтың ұсақ бөлшектері – фотондар – жан-жақтан ұшқындап, космосқа тарап, бар бағытты жарыққа толтырады.
Жүздеген (мыңдаған) сәуле шексіз әлем ішінде тұс-тұстан ұшып келе жатып дүниежарықты құрайды. Қазақтың жыр-дастан, ертегі-аңыз, қисса-әфсаналарында бейнелейтін жарық дүниесі.

ә) сана
Әлде, сана – дүниежарық көшірмесі немесе ойдан туған елестер мекені. Сұрақ, не бірінші: пайым ба, жоқ, болмыс па, кезінде марксшілдер қалауыңызға қарай, яғни берген жауап, жасаған қорытындыңызға сүйеніп, идеалистік (әлем қиялдан туған) философсыз ба, жоқ, материалистік (әлем заттық жолмен жаралған) ойшылсыз ба, соны таныды. Өздерін атеистік көзқарас ұстанушылар қатарына жатқызған марксшіл топ үшінші жолды, демек, діни жолды, тіпті, қарастырған жоқ. Объектілік/субъектілік идеядан туындаушы неміс классикалық философиясы өкілдері шоғырына күшпен қосылған Людвиг Фейербах абсолюттік құдырет сипатын пендеуи қасиеттермен салыстыра отырып, Құдай түсінігі қалыптасуын адам әлсіздігінен туған үрдіс тұрғысында таныды. Діни жөн-жосықтың жұмбағын шештім ойлады. Болжамы ғылыми шындыққа айналғалы тұрғандай болды. Қысқа мерзім ішінде өзінің тиімділігін көрсеткен жаратылыстанудың қол жеткізген табыстары, ашқан жаңалықтары біртіндеп әлемді сипаттаған теңдіктерден көрінді. Қоғамтану ілгеріледі, әлеуметтік ғылымдар, ақиқат іздеген теориялар, дербес ілімдер жүйеленді, заң үлгісіне келтірілді. Бірақ, бір жарым, екі ғасыр өткен соң, көптеген ережелер, тәртіптер, низамдар күмән туғыза бастады. Көштің басында дарвинизм тұрды. Оның күңгірт тұжырымдары біршама сауалдарға жауап таба алған жоқ. Қазіргі маймылдар неге адамға айналмайды? Егер адамға жақын тұрған өзгеше, ерекше маймылдар болса, онда неге адамдар тірі қалды, ал адам нәсілін қалыптастырған түр құрып кетті? Екі арадағы айрықша әрі дәнекер маймылдардың кісіге айналу қабілеті, қасиеті – қандай құдыретті күшке ие?
Көрдіңіз бе, біз, тіпті, дарвиндік эволюциялық теорияның шешуші теория екендігін ұмытып, мәселенің басқа сұрақтарын талқылай бастадық. Рас, Чарльз Дарвин тұжырымдаған кешенді жүйедегі эволюциялық қасиетті табиғаттан, жан-жануар әлемінен көруге болады, бірақ оның сипаттары – абсолютті белгілер емес. Барлық жерде бірдей қолданылатын бірыңғай ережеге де жатпайды. Бір түр ішінде қалыптасуы мүмкін, алайда бұл қасиеттер бір түрден екінші түрге өте алмайды. Адам мен маймылдың арасында дамудың қаншама кезеңдері жатыр, нешелеген түрдің жүріп өткен тарихи-биологиялық жолдары бар. Екеуі бір-біріне ауыса алмайды. Материалистік көзқарасқа сүйенген маркстанушылардың дүниенің заттық шығу тегіне деген сенімі толық жағдайда, нық дәлелденіп отырған жоқ. Оны ірі масштабтағы физика көрсете алады. Ұлы әлемнің басы қайда, соңы ше, саны шексіз бе, шектеулі ме, алапат жарылыс алдында не өтті, не қырғын болды, не уақиға жүрді, ғалам неге соншама күтті, әлде бұрын да бұл жайттар қайталанып па еді, енді қайда бара жатыр, қайнары қайсы, ақыры – ажал ма, айналым ба?
Бір қайғыны қозғасаң, жүз қайғыны қозғай ма?
Сана – біздің ойымызда сезім-түйсіктер жолымен дүние жарық туралы түсінік қалыптастырған объектілік әлем кескіні.
Бірақ, сана таным жетпеген, білім қолынан келмеген дүниенің жартысын немесе өзінен үлкен бөлігін ойда бейнелей алмайды. Сана – абсолюттік дүние үлгісі емес.
б) болмыс
Философия түсініктері ішіндегі ең басты категория әрі жетекші субстанция – болмыс, бүкіл ойлау жүйесіндегі, тегіс заттық әлемдегі барлық ұғымдарға қатысты, белсенділігі тұрғысынан қашанда бірінші орында тұрады.
Болмыстың араласпайтын нәрсесі жоқ. Философиялық ұғым-түсініктер, табиғи және жасанды үдерістер, заттардың жай-күйі мен атаулары, ойдағы образдар мен кейіптер, мазмұн мен қалыптар – мұрат, арман, қиял, бәрі тегіс болмыс категориясын не басып өтеді, не тура/жанама әсерінен қалыптасады, не өзегінен туындайды. Имманентік немесе трансцедетендті дүние қасиеттерін тұжырымдауға атсалысады.
Болмыс – бүкіл онтологиялық жаратылыстың бастауы немесе күш-қуатының қайнары. Нәрселердің таза, мөлдір ғұмыры. Ештеңеге тәуелді емес, ешқандай жоқ, өзін өзі қалыптастыртын себеп. Қасиеттері – өзін-өзі асырап-сақтай алатын қабілеті, ештеңе теңеспейтіндігі, бірқаллыптылығы. Әлем тәртібінің өзгермейтіндігі – мұраты.
Болмыстың мәні не, қысқа түйіндей аламыз ба? “Болмыс туралы” эссемізде жаздық, шынтуайтына келсек, болмыс – тілдің туындысы. Сөзден туған перзент. “Пристуствие”. Бар болу. Философияда сөздің мәніне ерекше назар аудару қажет. Бар. Болу. Басты айырма-белгісі – бар екендігі. Бұл – болмыстың негізгі қасиеті. Тегінде, болмысты сонау замандағы көне гректерден бастап, жиырмасыншы ғасырдағы Мартин Хайдеггер (“Болмыс және уақыт”), Эдмунд Гуссерль (“Формалды және трансценденталды логика”, 1929; “Рене Декарттық (Картезий) ой-толғаулар”, французша, 1931; “Еуропа ғылымының дағдарысы және трансценденталды феноменология”), Жан-Поль Сартр (“Болмыс және ештеңе”) тәрізді пәлсапашыларға, ойшылдарға шейін түгел зерттеді. Бірақ, кешегі танымнан әрі аса алған жоқ. Болмыстың қуаты – тілдің құнарында. Тіл, Хайдеггердің айтуынша, – болмыстың мекені. Тіл – болмысқа пана, уақытқа – серік. Тіл уақытты мәңгілікке сүйрейді. Болмыс – қатысушы, қатынасушы нәрсе, болмаған нәрсе – болмыс емес. Құнарлы тіл болмысты мәнге толтырады. Құрдымнан құтқарады. Болмыстың қазасы – тілдің абстракциялық күшінің жойылуы. Түсінік неғұрлым айқын болған сайын болмыс соғұрлым көмескіленеді. Болмысты айғақтайтын – абстракциялық категориялар. Анық түсінік болмысты жояды. Болмыс екінші атауына көне замандардан бастап ие болды: оны анықтап айту мүмкін емес. Түсініктемесі күңгірттенгенде, мәні толық ашылады. Анық-танығы тілдің табиғатына тәуелді философиялық категориялық ұғым. Табиғат анық айтылады – болмыстың тілдік бейнесі кейіптелгенде – бұлыңғыр тартқандай көрінеді. Бірақ, болмысқа қатысты қолданылған сөздер бұлыңғыр тартқан сайын болмыстың мәні айқындала түседі. Көне лұғаттар мен заманауи кітаптардың бәрінде жазылғандай, бүгінгі таным онтологияны болмыс туралы ілім деп түсінеді. Болмыстың мәніне тереңдеген сайын аталған ілім туралы таным түсінігі де өзгеріп отырады. Задында, ілімсіз таным, танымсыз ілім жоқ. Ілім – танымның жолы. Кең мағынасында. Танымның жаратылысты тану әдіс-тәсілі – ілім. Ілім – таным-түсініктің жеткен тереңі. Задында, ілім таным-түсінікті жетелеп отырады. Бірақ, Абай айтпақшы, бір қайғы жүз қайғыны қозғайды. Немесе, ақыл алтау, ой жетеу, дейді Абай. Бір сөзінде, қайғы шығар ілімнен, дейтіні тағы бар. Сондықтан сауал таусылмайды. Абайдың түсінігінде, ой да, қайғы да – сауалдың баламасы. Қайғы сауалдан туады, оймен аяқталады. Ой мазалайды, мазалап сұрақ туындатады, сосын, жауап іздеген ойдың сауалы біртіндеп, баспалдақтап қайғының өзіне айналады. Пәлсапаның даңғыл жолы осы: ой – сауал – қайғы. Жауабын тапқан пәлсапа – пәлсапа тарихына айналған жүйе. Енді, ол – өмір сүріп отырған пайымдаушы пәлсапа емес, ізденісі тоқтаған, ойы тоқтаған пәлсапа. Мұражайда тұрған тарихи жәдігер. Пәлсапа сауалдан басталады. Көнерген қағидат. Яғни, ескі түсінік. Бүгінгі заманда ойды туындатушы – таңырқау. Біз қоғамда ар-ождан жоқтығына емес, бар екендігіне – кездейсоқ куәға тартылғанда, тіпті, тосын көргенімізде, жалпы, көзіміз жетіп, көңіліміз толғанда – таң қаламыз. Демек, көзден қайтқан – адам да, адами қасиет те – көңілден де түпкілікті жоғалады. Негізінен, сирек құбылыс, тосын жайтпен қайта қауышқанымызда риясыз қуанып, қатты толқып, артынан қалың ойға батамыз. Бұл ненің белгісі екен, астарынды қандай мән жатыр екен деп ұзақ топшылап, күдік пен күмән бейнетін кешеміз, жанымызды қинаймыз. Сұрақ – пәлсапаның азығы. Жақсы сұрақ – терең пәлсапаның алғышарты. Яғни, сауалын таппаған пәлсапаның өмір сүруге қабілеті жоқ. Жалпы, пәлсапаның басты тақырыбы – шексіз кеңістік пен шектеулі уақыттың мұратын, шалқар ғарыштың түп мағынасын, ғаламның мәнін, дүниенің негізін іздеген сауал. Құбылыстың сипатын көріп, заттың құпиясын ашқан, өзара байланысын, дамуы мен өзгеруін топшылаған, табиғат пен қоғамның сырын аңғарып, әлемнің құрылымын пайымдаған, мазмұны терең, түсінігі кең болмыс категориясы – кез келген пәлсапалық жүйенің іргетасы.
Ертеден келе жатқан шежіредегі ғұламалар мен данышпан ойшылдар бұл ұғымды телегей теңіздей ойтолғаныстардың пәлсапалық қайнары, түп қазығы, бастапқы негізі тұрғысында санады. Болмыс ұғымын тұңғыш қолданған Парменид еді: ол, дүниеде бар нәрсе – бар, жоқ нәрсе – жоқ, деген пікір ұстанды. Парменид жаратылыс нағыз болмыс емес, ой елегі арқылы жете алатын дүниеміз – болмыс, деп екі жарым мың жыл бұрын қорытынды жасады. Яғни ойлау мен болмыс бір-біріне тең. Болмыс – көне грек дәуірінен бері өзгермей келе жатқан категория.

Екінші бөлім. Қаза (болмысы) дегеніміз не?

а) туған күн
Көркем-деректі эссемізде өз ажалымызды емес, жалпы қазаны қарастырамыз. Өмірдегі іс-әрекет орнына ілімдегі категорияны талдаймыз.
Қаза, ажал, өлім-жітім мәселесі категория тұрғысында шешіледі. Шешім, өз кезегінде, логикалық ой тұжырымдамасына жалғасады.
Әдетте, біз дүние есігін ашамыз. Бірақ, аштық па, жаптық па, белгісіз. Мүмкін, жай ғана Біреудің әмірін орындаушы шығармыз. Немесе, санасыз баланы, суға лақтырғандай, болмыс мұхитына бізді малтып үйренбей жатып-ақ, қол-аяғымызды байлап-матап тастап жібере ме екен. Сосын, кіндігімізді кесіп, ана жаратушымыздан бөліп алады. Сіз ашық теңізде (мұхитта) желкен тартып жүзіп кете бересіз.
Негізі, әркім өзі үшін өмір сүреді. Әрі өз тіршілігін кешеді. Басқаның ғұмыры – ғұмыр емес. Біз өзімізді жақсы көреміз. Бөтен ажалдың бізге қатысы жоқ. Күнде естіп жатқан, күнде қасымыздан өтіп жатқан әшейін бір нәрсенің бірі. Бір күндік, тіпті, бір сәттік уақиға. Сол сәтінде маңызды, толғандырады, ойландырады, бірақ, келесі мезет ұмытып кетеміз. Тамақ ішіп отырсақ, шанышқы сұраймыз, автомобильде келе жатсақ, бағдаршамға үлгеруге тырысамыз. Жасыл жолақ жанғанда кесіп өтіп, мүдделілік көрсетіп, сұрақты жаудырамыз, кім еді, неден қайтыс болған деп, жайдан жай әңгіме қозғай саламыз.

ә) қойған күн

Мұратыңыз белгілі. Ғұмыр кез келген қалпында бір-ақ бағдар ұстанады. Сапарымыз – жарқын, көңілді, Қайықтары тесіліп, желкендері тозғандар бар, аударылып, суға батқандар бар. Қазада жанашыр жоқ. Әркім қалтарыстан өз ажалын күтеді. Кешіксе деп ойлайды.
Өлім-жітім сөзінде бір қатыгездік өмір сүреді. Басқаның жан қайғысында ешкімнің шаруасы жоқ.
Қаза кешіксе де келеді. Көрген мехнат ғұмырды ұзартпайды, керісінше, қысқартады. Жақсы өмір сүріңіз, жаман өмір сүріңіз, мейірімді болыңыз, қатыгез болыңыз – финал біреу.
Егер, мейлі, бір Тәңір түсінігінен қашық тұр, Оны жабық қақпа санап, есепке алмаңыз, сонда да, бәрібір, Сіз белгісіздікте бейнет кешесіз. Еркіндіктің көтеретін жүгі бар, ол – жауапкершілік
Мәселені Тәңірден тыс қарастырып көрейік. Бірнеше сауал туындайды. Қысқа өмірдің мәні не? Ұзақ өмір несімен қымбат? Көп пен аздың мың жылдан соң, не қадірі қалады? Жыл қашқан сайын берекесі де қашпай ма?
Өмірді сүйдіңіз не, сүймедіңіз не – айырмашылығы неде? Қасиет бейнетке бітеді, сонда бұ дүние тамұқ, о дүние жұмақ па? Басын өлімге байлағандар немесе өзіне-өзі қол жұмсағандар өлімнен не тапты? Мағына көрді ме, бейнеті асты ма, әлде басқа себеп пе?
Бұл өмірден тамұқтан қашқандай бас сауғалаған жұрт енді мыңдаған, тіпті, миллиондаған жылдар бойы, қайтып жарық дүниені көре алмайтындарын біле ме екен, білсе, неге асығады. Бәрібір, ешкім қалып қоймайды, бәрі кетеді, ұрпақ Жер бетінде ауысып отырады.
Жалпы, сексен миллиард адам нәсілі ауысқан дейді.
Келгендерде өлім тәжірибесі жоқ, кеткендерді өмірге қайтара алмаймыз. Сонда, есік бір жаққа қарай ғана ашылады. Ар жақтағылар қарай алмайды, бер жақтағылар көре алмайды.
Осы өмір бейнетіне тұра ма, тұрмай ма? Өзіне-өзі қол жұмсаушылар қаһарман ба, қорқақ па, жасағандары – ерлік пе, ездік пе? Бұл өмір анық, алайда, ана өмір дүдәмал емес пе? Жарық пен көлеңке тәрізді. Көлеңкелі (білмейтін) жердің сайы көп. Жарық бастаушы, қараңғылық адастырушы.
Адамның кеткені – қойған күні. Бірінші сүрініп-қабынып ажал жетеді, сосын – естен кетеді.

б) өлім-жітім
Рас, өлім-жітім сөзінде бір қатыгездік өмір сүреді. Қаза – суық хабар, өлім-жітім – өлім емес, бейтарап мәлімет. Бірінде – жалпы қоғамдық санақ, бірінде жеке тұлғалық – қасірет.
Қазаны жоқтайды, өлім-жітімді есептейді. Дүние төңкерілген күнді өлім-жітім күнделікті іс-әрекет, әдепкі шаруаға айналдырады.
Өлім-жітімді бірден, қазаны біртіндеп ұмытады.

в) қазаның үш түрі
Пенде дүние салады, өледі, қазаға ұшырайды немесе душар болады. Асарын асаған, жасарын жасаған адам дүние салады. Екі жастың біріне келмей өледі. Тосын ажалға ұшырайды.
Бақидан озғанда қиянат жоқ, қайтқан адамның – алды пейіш, арты кеніш.
Өзі берді, Өзі алды.
Тосын жайт – суық хабар. Күтпеген, ойламаған қаза. Жол үстінде, сапарда, шетте жүргенде, көбінесе жүрек тоқтап қалып… немесе көлік апатынан кетеді. Суыт, аяқастынан, тез.
Бақи, табиғи, дәм-тұзы таусылған соң, негізінен, үлкендер өтеді, қайтады, бұйрық, бізді тастап, көрер қызығын көріп, арманына жетіп, ақ өлім көңілге қаяу салады, бірақ – қасірет емес, қайғы да, қапа да емес, Құдай берген жасын жасады, өкініш жоқ, қайратының межесі, жігері, ден саулығы, қауқары, қабілет-қарымы еңсерген уақыты осы, біреуге ерте, біреуге кеш.
Қазаға ұшыраған – метафизикалық мәселе. Неге қол салды. Бір жұмбағы бар, шешімі – күрт. Шешті, табытта жатты. Қойды.
Әрі қасірет, әрі ұят. Ағайын-туысы ыңғайсызданады, өзін айыпты санайды, жасырады, тығылады.
Бақидың жолы.

г) о дүние мен бұ дүние
О дүниеге иланған – сабырлы. Бірі хафаза, бірі шәкірт. Білмейтін тәжікелеседі, иманды байсалдылыққа шақырады. Сенбейтін – кіді, өр көкірек. Ойлысы да бар. Сенген көзқарасы үшін күресуге дейін барады. Белдесуге дайын, лақтырыспақ – табиғаты. Әдетте, сенім күш туғызады, білім – былжыр. Тегі, таным қайратты, білік байыпты.
Көріп тұрған бұ дүние нақтырақ – жарық әлем. Дәйегі жеткілікті, дерегі ернеуінен асып, кенересінен тасып жатыр. Қуанышы мол сияқты, қызығы көп сияқты. О дүние сенім-наным деңгейінде. Нақ бейнесі жоқ, сипаты жалпылама. Жайнаған бау-бақша, қайнаған шілде, сарқыраған бұлақ, атқылаған қайнар көздер, мехнат шекпейді, бейнет кешпейді. Пейіштің қарама-қарсы жағы, сыңары – тозақ. Отқа жағады, суға салады, дүре соғады, қинайды, жаныңызды ауыртады. Неге?
Күнәкардың айыбы – айқын, кітаптарда жазылған. Тізілген күнә – періштелер түртіп алған жазбалар мазмұны. Қалт жібергені жоқ, тегіс таңбаланған.
Діни танымға қатар, Тәңірден тыс көзқарасты талдасақ ше. О дүние – беймәлім әлем. Қоштайтыны да, жоқтайтыны да, айыптайтыны да белгісіз. Үңірейген қапас, қара түнек, бейтаныс сапар. Әлде, жоқ. Тып-типыл, ізім-ғайым. Не болмаса, қос мұрын қоржын үй: жұмақ – тозақ.
Қалау өзіңіздікі. Жауапкершілігі мойныңызда. Таңдауыңыз тағдырыңыздан басталады. Еркіңіз білсін.
Бірақ, неге кейбір адам бұ дүниені тамұқтай көреді. Қашады, өкінеді, күйінеді.
Пенделер күйзелісінде мән бар ма.

ғ) мән жаратушы қоғам

Дүниеде үш инстинкт бар. Үшеуі де туа біткен қасиет санатына жатады: ауқаттану, көбею, үстем болу.
Әуелі, кез келген түр Жер бетіндегі ұлы күрес, мәңгілік аяусыз бәсеке, демек, күштілер ғана жеңетін үлкен майданда өз жеке өмірін сақтап-қорғай білуі қажет, сосын, айрықша нәсіл тұрғысында жойылып кетпесі үшін ұрпақ жалғастыруы тиіс, жұп мәселені шешкен соң, үшінші – жеңімпаз таныған топ ішінде жетекші рөл атқарып, төңірегін билеп-төстеуге ұмтылары хақ.
Әдетте, оны – өзін-өзі сақтау инстинкті (өмір сүруге деген құлшыныс), жыныстық инстинкт (көбеюге деген ұмтылыс), өктемдік инстинкті (доминанта) – деп бөледі.
Инстинкт – ақыл-ой жоққа шығара алмайтын, тіпті, айналып өтіп кете алмайтын табиғи мақсат-мүдде немесе мақсат-мұрат. Оны тұңшықтыруға, уақытша басып-жаншуға болады, бірақ, үнемі кісендеп байлап ұстай алмайсыз. Мысалы, көбею инстинкті негізгі мұратынан ауытқып, жыныстық қатынастың құмарына айналуы мүмкін. Зигмунд Фрейд өзінің атақты, бейсаналы психологиялық мәселелерді жан-жақты қарастырған жүйелі ілімінде бұл құбылысты мейлінше нақ айқындап, дәл баға берді. Оны психотерапевт-ғалым сублимация деп атады. Яғни, қанағат іздеген құмарлық ғадеттегі жолы жабылып, тұйыққа тірелгенде, сыртқа шығар басқа форманы, мүмкіндіктерді пайдаланады.
Соңғы жылдары еуро-америкалық ойшылдар үстеме тағы екі инстинкт туралы әңгіме қозғап жүр. Бірі – тілге деген құмарлық, екіншісі – мағынаға деген сағыныш.
Неге кез келген тіл кез келген баланың ана тілі бола алады, бұл қалыптасқан орта, жасаған жағдайына байланысты ма, әлде туа біткен қасиеті ме, жалпы, сөйлеуге кім үйретеді, қабілет бала бойына қайдан келеді, бір тараптан, ешкім ұстаздық еткен жоқ, екінші тараптан, санасына төбесінен құйылып жатқан ештеңе жоқ, сәби ешкімнің көмегінсіз, тілді өз бетінше өзі меңгереді. Ана тіліне деген адам түсінгісіз алапат күш, айрықша қарым-қабілеттің түбі белгісіз.
Кезінде, мағына туралы Виктор Франкл таратып жақсы жазды. Адам бойында өміріне мән жүктеп, мағына артуға деген таңғажайып қажеттілік бар. Пенде, егер ғұмыры мәнсіз екендігін ұқса, онда ажалдың қолына түседі. Қара бұқара халық қарапайым еңбектің өзінен мағына көреді, кез келген ұлт-ұлыс – ұрық-шәріп, үрім-бұтақты ұлы адамзаттың бір-бір бөлшегі. Жалпы, адамзат сойына тән ортақ бір мұрат бар, бүкіл құрама елдің әрбіреуіне бірдей маңызды мақсат-мүдде.
Біз мағыналы ғұмыр кешуге жаратылғанбыз. Өміріміздің мағынасы – біздің күшіміз. Мағына таппасақ, өкінішке қарай, мағынамен бірге өмір сүруге деген күшіміз де жоғалады. Өмір сүре алмай қаламыз. Ғұмыр мәнінде жатқан сарқылмас алапат күш алға қойылған арман-мақсатты жүзеге асыруға, игеруге жұмсалатын қуатттың қауқарына тең.
Австриялық ойшыл мағына әр адамның бойында бар, тек оны іздеп табу қажет деген тұжырымды алға тартады. Яғни, ойдан шығарып, қолдан жасаудың қажеті жоқ. Шын ұйғарым. Сырт мағынадан гөрі – тұлға ұйыған, жан сарайы елтіген ішкі мән – әлдеқайда таныс, жақын, туыс.
Бұл пікір – ойландыратын көзқарас.
Меніңше, Виктор Франклдың ойы – даулы мәселе. Себебі, өнер-мәдениет анықтамасына қайшы келеді. “Культура – производство новых смыслов и значений” (Бекет Нұржанов, “Модерн. Постмодерн. Культура”). Демек, құндылықтар жасалады. Жаңа мән-мағына өндіріледі. Іздемейді, ізденеді. Яғни, шығармашылық жолында біз жаңа құндылықтар таппаймыз, оны жасаймыз.
Немесе, туа біткен мағына бар, ақыл-ойдың жемісі – адам баласы тудырған мәндер бар. Дәлірегі осы.

д) мәнді жаратылыс
Бұл тезистен тағы бір шарт туындайды. Кезіндегі Ньютонның абсолюттік уақыт және қозғалмайтын кеңістік туралы жалған түсінігіндей, (бірақ, біздің қорытынды ақиқат деп білеміз) біз жалпы жаратылысты абсолютті мағыналы деп ұғамыз, себебі, Құдай жараттысыз дөңгеленіп, айналып, төңкеріліп жатқан дүниеде еш мұрат жоқ. Мұрат, тегінде, жұмбақ мағынаның құпиясын ашады. Рас, мұратын тапсақ, мағынасын түсінеміз. Ғұмырдың мұраты – ұрпақ жалғастығы, жеке тұлғаның нәсіл тұрғысындағы мәңгілік өмірі.

е) мағынасыз қауымдық құрылыс

Исаак Ньютон жасаған болжам ғылыми гипотезадан салыстырмалы теорияның тұрақты коэфициентіне айналды. Альберт Эйнштейн қажеттілік болмаса да, теңдеуіне абсолюттік уақыт-кеңістікті қалпына келтіретін, жетпей тұрған тұрақты санды қосты. Әйтпесе, салыстырмалы теориядан шығатын қорытынды бойынша, әлемде бір орында тұратын, демек, мәңгілік қозғалмайтын бірде-бір нүкте жоқ. Яғни, өзгермейтін, барлық аспан денелері немесе нүктелері үшін әділ, жалқы-жалғыз өлшем бола алатын абсолютті уақыттың өмір сүрмейтіндігі анықталды.
Бірақ, десек те, Жер бетіне ғарыштан түскен тіршіліктен немесе Тәңір лебінен тірілген адамның бұл ғаламда үлкен бір миссиясы бар сияқты көрінеді. Біз оны абсолютті мағына деп атасақ та болады. Мен осыған сенемін. Алайда, сенім – дәйек емес, болжам, мызғымас, бұлжымас тәртіптей ниет.
Адамзаттың балалық шағы неге есінде жоқ…
Неге?
Себебі, алғашқы қауымдық құрылыс, демек, саналы өмір сүрген жоқ. Негізінен, қараңғы инстинкттер жетегінде жүрді. Кейінгі замандары адам санасына жарық сәуле түсірген абсракциялық ұғым-түсініктердің, әсілі, қалыптаса қоймаған кезі еді. Азық, қорек соңында жүрген, қарапайым қару, примитивті құрал ұстаған қауым мүшелері қоршаған ортаны, төрт тарап дүниені тануға шамасыз болды. Құндылықтар материалдық игілігі, пайдалылығы тұрғысынан бағаланды. Бірте-бірте өмір мен өлім арпалысы рух туралы ұғымды қалыптастырды.
Адамзат ойлана бастады. Ойшылдық – дамудың бүгінгі бізбен теңестіретін сатысы еді.

ж) Құдай жаратқан адамзат
Қазіргі таңда, тіршіліктің шығу тегіне байланысты адамзат екі көзқарас ұстанып отыр – діни және ғылыми.
Екеуінде де дәлел жоқ, біріншісінде – сенім бар, екіншісі болжамға сүйенеді. Болжам – себеп-салдары айқындалып келе жатқан құбылыстардың принцип-ұстындық талаптары, қасиеттерін ашқанда, заңдылықтары белгілі болады.
Ал, дүниеде белгісіз нәрсе көп. Көп білген сайын білмейтіндігіміз де көбейеді. Таным жолы – шексіз, ойдың зердесі – тұйық. Көне грек, соңыра Қайта өрлеу, кейін Рационализм дәуірі, сосын Ағарту заманы жырлаған, күмәнсіз сенген ақыл-ойдың, өкінішке қарай, жауабын таппаған сауалдарында есеп жоқ. “Мәңгілік сұрақтар көше жағалап жүреді”, – дейді Фридрих Ницше.

з) дүние-мүлік жасаушы ұжымдар
Алайда, рухани проблемаларын түпкілікті шеше алмаған адамзат тұтыну тауарларын шығару жолында қомақты табыстарға қол жеткізді.
Тұтынушы қоғам көпшілік (масса) құбылысын туғызды. Көпшілік – тоқ қоғамның перзенті. Демалыс күндері ермегі жоқ, екі қолы бос, яғни еңбек кестесінде жұмыс сағатының жаппай қысқаруы, әлеуметтік-технологиялық мемлекетердің қалыптасуына негіз болды.
Фетишизм пұтқа айналды. Материалдық игілік алдыңғы орынға шықты. Бірақ, заттық қазына ешқашан рухани мәселелерді шеше алмайды.

и) мазмұнның мәні
Сондықтан, бүгінде ғұмырдың мағынасы қайыра күн тәртібінде тұр.
Тегіндегісін айтсақ, ескі сұрақтардың жаңа заманда қайтадан көлденең қойылуы көп нәрсені аңдатады. Демек, мазмұн дегеніміз не? Жалпы, мұрат, мағына, мазмұн бір-бірімен қалай ықпалдасады, қабысады немесе бір-бірін толықтырады?
Мағына, зады, мазмұнды қалыптастыратыны сияқты, мұрат мағынаны тудырады.
Ойымызды түйіндесек, жинаған дүние-мүлікте рухани мағына немесе миссия жоқ, материалдық комфорт бар, сондықтан өлі зат тірі адамға дос бола алмайды.
Ғұмыр/қаза жұптасса да, жолдары бөлек. Жалғыз жүреді. Екеуін бірге де, жеке бөліп алып та қарастырған жөн.
Қаза – жолайырық.
Бірі – жұмақ, бірі – тамұқ кетеді. Ортада – қалау жоқ.
й) қазаның жолы
Әлбетте, адам өлген күні жолға шығады. Әуелі үш күнде үйімен қоштасады, жеті күнде ағайын-туысымен қош айтысады, қырық күнде Жерден көтеріледі.
Әдет-ғұрып сілтемесі. Исламда – басқа.

қ) үш түрлі шешім
Өмірдің бейнеті сүргеніне тұра ма? Онсыз да келетін ажалды асықтырып не қажеті бар?
Ғұмырды тозақ санаған адам неліктен өмірден мағына көрмейді, жіпке жармасады, мылтыққа қол созады, зәулім үйлерден қарғиды.
Виктор Франкл айтқандай, неге бүкіл мәселесінің шиеленіскен түйінін шешу жолдарын ажалдан іздейді, егер өлімге жүгінсе, онда, демек, қазадан мағына тапқаны.
Пенделіктің басты сипаты – мағына. Мәнді өмір сүру емес. Мұрат басқаны жарылқауда тұрған жоқ, өзіңді берекесіздіктен құтқаруда.
Өз-өзіне қол жұмсау – береке жайлаған жан сарайыңыздың тыныштығын алудан басталады. Тұрмыстық жайттар емес, болмыстық сипаттардың жойылуы мағынасыздыққа әкеледі.
Ертеде Хемингуэй қартайып, науқас жеңген уақытта: бұрын аңшылық, саят, жиын-той, сұлу қыз-келіншек, жазушылық, түрлі қала қызық-қуаныштары менің ғұмырым еді, енді қазір ешқайсысы жоқ, деген екен. Өмірі сипатынан, қасиетінен айрылған күні ол атылып өлді.
Неге барлық дін адамның өзін-өзі өлтіруіне қарсы, өйткені – ол Құдайға қараған, діндарман, жамағат қауымның пенделік, кісілік сипатына қайшы.
Виктор Франкл сырқат себебін философиялық-метафизикалық (психологиялық емес) мағынаны жоғалтудан көрсе, Альбер Камю оны әлсіздік, күрделі сауалдардан бас сауғалау санайды, менің ойымша, адам тағдырын бүлдіретіндердің бірі – берекесіздік.
Берекесіздік жайлаған жердің тиянағы болмайды. Тиянақ жоқта, ырзық та жоқ. Ризық – тәртіптің жемісі.
Тәртіп орнату үшін тірі болу қажет.
Өзін-өзі өлтіру өмір мағынасы туралы жұмбақты шешу емес, сұрақтан қашу. Әсілі, метафизикалық үрей, дәлірек – қорқақтық немесе қайратсыздық. Ер адам сардар сарбаз, қол бастаған тархандай жорықта ажал құшуы тиіс. Үйде өлудің қажеті жоқ.

Үшінші бөлім. Өлім қорқынышы мен өмір салтанаты.
а) қорқыныш салтанаты
Өмірде қайғы басым, қайғы – ой-толғаныс. Қайғысызбен дос болма, дейді Абай. Әлбетте, ажал өмірден үстем. Ой-санамызды, ақыл-ойымызды билейді. Біткен, аяқталған, таусылған шақ – бүкіл ой-пайымға сүйеніш. Бас әріптің мұраты – нүкте. Сөйлемді нүкте шектейді. Кез келген сапардың соңы бар. Бастаған ақырына жетеді.
Біз жасымызға қарап жоспар құрамыз. Өлімнің алыс-жақындығына қарай мерзімін белгілейміз. Қырықтағы жұрт жиырма бестегі той-думанын іздемейді. Он сегіздің қуанышын он сегізде көрген жөн. Әр уақыттың ащысын да, тәттісің де кейінге қалдыруға да, ілгері жіберуге де болмайды.
Өлімнен қорқуға рұқсат жоқ – өміріңді құртады. Өлгенше өлімді ойламаған дұрыс. Жасыңды есепте, бірақ ғұмырыңды санама.
ә) ғұмыр – ажал
Иә, қаза – өмірдің серігі, үнемі қасында, қашанда қауіпті. Бірақ, қауіп үрейге жолдас. Қорықпаған ердің көрер жарығы көп. Уайымды үрей тез алады. Өзіне сенімдінің қорғаны берік.
Қуанышпен өмір сүріңіз.
б) қызық қорғаныс тұрғысында
Қаһарынан айрылған қапалы қаһарманды қаза қапы қалдырмайды. Шер – адамның жауы. Кісінің досы – қызық.
Қызыққа батқан қайғыны ұмытады. Өлім есінен шыққан адам бақытты. Ежелгі стоиктер айтқан: біз барда ажал жоқ, ажал барда біз жоқпыз, сондықтан пенде ажалды көрмейді. Екеуі кездесе алмайды.
Сауық-сайран ажал туралы қорқыныштың емі.
в) тіршілік қалқаны
Бізге қалқан – еңбек, қызмет, жұмыс. Кезінде Блез Паскаль, өмірдің мәнсіздігін түсінгің келсе, шаруасыз бос отыр, деп жазған еді.
Есіңізде болсын, жаралы рухты Ібіліс билейді. Еңбектің анасы – мұрат. Ол, өз алдына, мағына тудырады.
Еңбексіз өмір – берекесіздік. Береке таппаған бағытынан адасады, барынан айрылады. Ғұмырдың жыртығын еңбек жамайды.
Бейнетқор адам бақытты. Еңбектен қашқан пенденің есі жоқ. Мағына еңбек еткен жанның қолында.
Ұзақ жолдың иесі жүк арқалайды. Жауырынға түскен жүк – қуаныш, демек, сіз бақытты адамсыз, бір қап мағына жүгіңіз Сізді ұшпаққа шығарады.
г) осы сәт өмір
Өмір қанша құпия болса, өлім де сонша жұмбақ. Ұлы діндер, құдыреті күшті Алла Тағала, пенде біткенді о дүниеге Жаратқан Құдай ғана көшіре алатын қабілетке ие екендігін алға тартады.
Өмір – осы сәтімен өмір. Өткен – бақыт емес, келе жатқан – осы шағымен қуанышты.
Осы сәт – ғұмырдың өзі. Тілек қас қадап, естелік ойға алған – көкейдегі жарқын бейнелер. Виртуалды кеңістік тәрізді. Физиологиялық кескін – химия-биологиялық үдерістер нәтижесі.
Ғұмырды – осы сәтінде кешеді, бірақ, алды-арты елестер. Бізді қинайтыны – өткен шақ. Себебі, енді бетпе-бет келмейді. Бастан кештік, шығарып салдық, қош айтыстық. Көрген жүзін қайтып көрмеуіміз тиіс. Бейтаныс жұртқа айналып, беймезгіл соңымызда қалады. Зады, алдымыздан кездеспесі рас, қасымыздан табылмасы анық. Ол сонда қайда жоғалады? Күнде өтіп жатқан күндерді Тәңірі қай қоймасында сақтайды екен.

Осы шақ – ең түсінікті кезең. Бірақ, тереңдеп көз жіберсеңіз, осы шақты ұстай алмайсыз, қолға түсуі неғайбыл солқылдақ нәрсе, қос өкпеден екі ағайыны қысқанда, ол иемденіп отырған құтты қонысынан айырылады, ертеңнен жеткені өтіп кетеді, осы шақта аялдайтын уақиға жоқ, барлық жайттар тоқтамай ілгері жүреді. Бір бағытта.

Мән де уақиға, уақиға мәні –жүріп өткен жолы. Біз осы шақтан да ажырап қалдық. Ендігі сүйенеріміз – келер шақ. Бірақ, келе жатқаны белгісіз, түр-сипаты қандай екені күңгірт, тау асты ма, теңіз жүзді ме, аспандап ұшты ма, дерексіз, ескі ғадетпен жұрт күтіп отыр, әйтпесе, келешектен хабар-ошар жоқ.

Үш мезгілдің үшеуі де ақылға сыйымсыз түсініктер. Жалпы, ғаламда екі дүние арасы өлшене ме, қашықтықты санмен белгілеп тезге тартсақ, қос нүкте ортасында үймелеп, шүпірлеп тұрған нүктелердің шексіз жиынтығы бізге есеп бермейді, теңдік құрғызбайды. Басқа табиғатқа, бөлек өлшемге көшуіміз қажет, яғни, ірі көлемді физика жағдайына ауысамыз. Салыстырмалы ғарыш әлемінде әрбір түйірдей қара ноқаттың өзі сыртқы тарапта да, ішкі тарапта да шексіз. Бөліне береді.

Уақыт – опасыз. Өйткені тегі – арпалыс, сойы – қопарылыс, ата-бабасы – жарылыс. Дүниенің басы да, соңы да – ойран. Өмір – өз жұмбағы, жеке құпиясымен өмір. Әркім өз ажалына сенбейді, бірақ, біреудің қазасын тез ұмытады. Пенде өлімді өзіне қатысы жоқ нәрседей көреді, тақап қалғанда, дайынсыздығын аңғарады, алайда, адам қашанда дайын емес, кісі баласы өмір сүре беруге ғана даяр.

Бірақ, өмірдің қызығына да шек бар. Шексіз – аспан ғана, сосын, Жасаған Ие. Тірліктің баянсыздығы – пенде бұ дүние қызығына тоймайды. Дүниені тұрлаусыз атап, біз тағы өмір дәметеміз.
Бұйрықтан асқан меже жоқ. Бұйырды – кеттің. Тағдырдың сөзі – өктем, әділ істің жүзі суық, нәтижесі – оң. Құдай асық ойнағандай екен, депті Эйнштейн. Бірде дәл тигізесіз, бірақ, сақаның шеңберден шертіп шығаруға күші жетпей қалады. Қайта айналып, екінші мәрте атқанда, қатты екпін алған сақа тізілген асықтардың жанынан, ешқайсысын соқпай, зуылдап өте шығады.
Тағдыр – Құдай.
Жылдамдығы барда орны жоқ, орнын тапқанда, жылдамдығын таба алмайсыз. Себебі, кез келген ұсақ бөлшек үнемі қозғалыс үстінде, шайқалып тұрғанда, орнын ауыстыра береді, сондықтан, келе жатқан жылдамдықта орын болмайды, ал орында – жылдамдық жоқ.
Екі қасиетін қатар өлшей алмайсыз. Бірін өлшегенде, бірі беймәлім.
Бұл, ұсақ бөлшектердің кеңістікте, қабырға іргесіне жағылған бояудай кескінделетінін білдіреді. Демек, бір уақытта бірнеше орында өмір сүреді. Тағдыры – жүріп келе жатқан жылдамдықты қай орында тоқтатып, қандай межені таңдап алатыныңызға байланысты.
Экзистенциалистер де Эйнштейндей ойлайды. Өмір бітпей, тағдырға баға бере алмайсыз. Өйткені адам өзгеруі мүмкін. Пенде баласы өмір сүріп “мәнденеді”. Өлгенде, “мәндену” процесі тоқтайды.
Қай жерде тоқтайды, сол жерден мән шығады. Яғни, “өмір сүру” (бірінші) “мәннен” (екінші) бұрын өмір сүреді.
Әңгіменің ұзын-ырғасы осы.
Күрделі тақырып.

Қорытынды.
а) күйсіз қаза – үйсіз жан
Қазақ отбасы ортасында, бір-бірімен бақұлдасып, фәни дүниеден бақиға аттанғанды қалайды.
Ит өлімнен қорқады. Сүйегі шашылып, далада қалды, дейді қазақ. Жақсы-жайсаң арулап қойғанды аңсайды. Көшпелі халық бұ дүние абыройына қатты көңіл бөледі.
Сондықтан, пейішті сұрайды, алайда, соңы кеніш – арман-тілегі. Қазаны жөн атқара алмаған әулет сөзге қалады. Көшпелі жұрт марқұмның жанын сый-құрметпен шығарып салуы керек. Киіз туырлықты қазақ марқұмды асқан эстетикалық салт-дәстүр аясында аза тұтады. Кіші аналар, жас арулар сыңсып жоқтайды. Әжелер басу айтады. Әсем әнге бөленіп, әдемі сөзге оранған жоқтау жырлары сахналық қойылымға ұқсайды.
Жылқы тұлданады, қара байланады, құйрық-жалына пышақ тиген дөнен, құнан, байтал еркін дала, бетпақ түзде жыл жүреді. Асында құрбандыққа шалынады.
Жөнімен, ата салтымен жөнелтілген қаза жылынан соң қасірет дәреже-деңгейін түсіп, дұға дәметкен аруақтарға айналады.
Дәстүр елді ұзақ қайғыдан, терең құсадан сақтайды. Ұйқыдан кейінгі арсыздың бірі – күлкі. Сосын – тамақ. Жөн-жосық қонақасында жайдарман сөйлеп, қапалы жұртты күлдірген жанды, әзілқой үлкенді сөкпейді. Сиреп қалған құрбы-құрдас бір-бірін қағытып, түртіп отырады.
Жақсы қартайған, өзіне ақ өлім тілеген халық басқаға үлгі. Содан соң, Эйнштейн – өнеге.
ә) Эйнштейн және өлім.
Ол таңертең ерте оянып, неміс тілінде бірнеше сөз айтып, жүріп кетіпті. Күтуші әйел ағылшын тілді болса керек, не сөйлегенін түсіне алмапты. Ұлы пенденің соңғы сөздері, сөйтіп, адамзатқа жетпеген екен.
Қарттық – бір жұмбақ нәрсе, депті бір сөзінде, өзіңді өзің “осы сәт – тура қазір” жағдайымен теңдестіре алмайсыз. Сізді бейне бір шексіздікке жалғыз қамап қойған тәрізді.
Оған аорта аневризмі дерті жабысқан екен. Дәрігерлер ота ұсынғанда, бас тартыпты. Бұл әйтеуір бір төлейтін ақы депті.
Сосын, мен Жер бетіндегі міндетімді атқардым десе керек.

Қыркүйек-қазан, 2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here