Дидар АМАНТАЙ

ВАТСАПТАҒЫ УАҚИҒА

әңгіме

Бақ ішінде екеу: бірі – ақсақал, екіншісі – жігіт ағасы. Тура алдарында – шапақ шашқан күн табақ тәрізді – шағын жолайырық, алаң, тұс-тұсынан сүрлеу-соқпақ созылып тарап жатыр.
Жағалай шеңберлене ұзын-ұзын сәкілер қойылған. Бірінде – қария және отызды шамалаған ер адам – қолында газет, бас алмай, көлемі үлкен бір мақалаға төне түседі, бәрін ұмытқан, көп бетті қалың басылымды құмарлана оқиды. Қария таяғына сүйеніп ілгері қарап отыр.
Алаңда жем шашып сәби бала жүр. Дорбасына қолын салып, уыстап жем алып шыққанда, кептерлер сақ бола қалады. Көздері алаңдап елең-елең етеді. Ол шашып жібереді, көгершіндер пыр етіп аспанға ұшады, бірақ, ұзаққа бармай, бір айналады да, қайта жағалап қона бастайды.
Таңертеңгілік уақыт. Күн шұғыласын жан-жаққа – аулаларға, көшелерге, булварларға – шашып, сәулесіне көшеге шыққан қара орман халықтың жарқын жүзі шомылады, қызыл сары қызған табақ қала бағында көлеңке қалдырмай, көлденең жарқырап құйылып тұр. Кенет ақсақал:
– Сайрап тұрған не құс? – деп сұрады.
– Білмедім, – деді ұлы газетіне үңіліп.
– Кеше болған жоқ.
– Ендеше, бүгін бар, – баласының дауысынан зіл байқалды.
– Не құс болды екен, қорасынан адасқан жәндік шығар, – қарттың салмақты, байсалды жүзі алаңдаушылық білдірді.
– Міне, тағы сайрай бастады.
– Әке, кім ән салса да, бәрібір емес пе?
– Бәрібір емес.
Жігіт ағасы газетін жауып, екі-үш бүктеді де, жанына, сәкінің үстіне
қойды. Мақаласын соңына дейін оқытпағанына реніш танытып, орнынан тұрды.
– Дүние жүзінде мың-миллион құс бар, әрқайсысының сайрағанынан мән іздеп, таңғала берсек, не өміріміз қалады?
– Жақсы адам ғана таңғалады.
– Бізді мұң баспай ма, қапа жауламай ма?
– Бұл – кәдімгі өмір, құс сайраған – басқа.
– Уайым-қайғы ше? Тіршіліктің тауқыметін қайтесіз?
– Шердің жөні бөлек.
– Бірде, дастарқан басында, ас үстінде, үрім-бұтағым қасымда, неткен пендауи бақыт, деген өзіңізсіз.
– Ол – парыз.
– Сонда, не мазалайды?
– Замандастарым кетіп жатыр.
– Ғұмыр заңдылығы.
– Білемін, бірақ…
– Не бірақ?
– Дауыстарын естимін.
Бақ ішін үнсіздік жайлады. Оның ең басты нәрсені айтқысы келеді.
– Біле білсең, құс – хабар тасушы.
– Ерте заманда.
– Қара, қайта сайрап жатыр, менің көңілімдегі сырды шертеді.
– Қызықсыз, әке, құсқа да тәуелді боламыз ба?
– Иә.
– Қайтіп?
– Ештеңе жетпейді, еркін, биікте қалықтап жүреді.
– Сол да сөз боп па?
– Құс – ән немесе ән дегеніміз құс.
– Әке, ренжімеңіз, бұл – қартайғандықтың белгісі емес пе?
– Мүмкін.
Қария тоқтап қалды. Ол алысқа көз тігіп, болашаққа қарап отыр. Құс
болған жақсы, жарықтық ешқашан қартаймайды, адам дегеніміз не тәйірі, бір-бірін сыйлай да білмейді, құс жоғары көтерілген сайын абыройлы, ардақты бола түседі. Несін айтасыз, ол, шынымен, қартайды, ендігі өмірі – құстың жасындай, сосын, жылы жақ, о дүниеге ұшып кетеді. Оңтүстікте жалғыздық болмауы керек.
– Балам, – деді.
Сөйлеп, бастап келе жатып, ойын үзіп жіберді. Үнсіз отырды да, сөзін қайта жалғады.
– Жалғыздықтың мәні – мұңға деген мұқтаждық, бірақ, уайым мұраты – бақыт, түрі – күлкі.
– Әке, құстың мұңға не қатысы бар?
– Құстың үні – мұңды ашады. Көрдің бе, әдемі сайрайды, жалғыздықтан құтқарады, орман – құс жоқта – жетім.
– Иә.
– Құс – мұң, қанат қағып келеді, самғап ұшып кетеді.
– Қайтайық, әке.
– Отыр.
– Неге?
– Тізе бүк.
– Бүктім.
– Сен өзі құстың сайрағанын естисің бе?
– Бұл жерде қаншама құс бар, әке.
– Естіші, сөйлейді.
– Әке, құс та әңгіме боп па?
– Балам, сенің тілің енді шыққанда, бірде, қолыңнан ұстап сені қаладағы ең үлкен баққа апардым.
– Есімде.
– Есіңде екенін білемін.
– Ұмытып не көрініпті.
– Керек нәрсені ұмытыпсың. Бір нәрсе есіңде жоқ. Ғадетінде, құстың ұясын бұзбайды, үйге ұя салғанын адам бақ көреді.
– Рас.
– Ұмытқаныңды айтайын.
– Нені ұмытқанымды?
– Сонда сен, мынау не, деп көз алдымыздағы кішкентай бір торғайды қолыңмен көрсетіп, қайта-қайта сұрай бердің, менің шамалауымша, жүз рет білгің келді.
– Ашуландыңыз ба?
– Жоқ.
Қария жымиып күлді. Жүзі алаулап, оттай жана түсті.
– Ұрыстыңыз ба?
– Жоқ.
Бұ жолы өзің өзі тежей алмай, жайдары күліп қойды.
– Енді не істедіңіз?
– Сен жүз рет сұрағанда, мен байыппен жүз рет жауап бердім.
Баласы үнсіз қалды.
Әке сөзін жалғады.
– Өйткені, мен сені жақсы көрдім.
Қария орнынан көтерілді. Көзін қалқалап, әсем күнге қарады. Күн
анадан туғандардың бәрі әсем. Әрбір затта өз бойына сіңірген күн қуаты бар. Бұл қуат – алапат жарылыстың бізге ұшып жеткен ұшқындары. Біз – оның (алапат жарылыстың) перзенттеріміз. Қоршаған дүние – ағайын-туысымыз. Отбасы фотоальбомы тәрізді, әлемге қайдан, қалай қарасақ та, оны өткен шақта көріп тұрамыз. Әр құбылыс, әр нәрсе – оттан қуат алғандар. Күн – басты от. От-ана. Махаббат сияқты бар адамның бойында жалын бар, бірақ, бәрі біле бермейді. Өмір алауы өшпейді. Сүйіспеншілік те лапылдап жанған от, махаббат – ең үлкен сүйіспеншілік. Өрт. Балаға бәрін түсіндіре алмайсыз, өз баласына түсінік іздегенде түсінеді. Ұрпақты өзіңіздікі болған соң сүйесіз. Жалғасыңыз. Ойын үзіп алмай, жайлап қақпа жаққа қарай маңдайын түзеді. Ел қыдырған көлденең жол созылып барып алаңдарды басып өткенде, тармақталып кетеді.
Ол жолға шықты. Әлде, керісінше, құстың сайраған әнінде –
мұң, мұңда – ғұмырдың ақыры, ақырында – жалғыздық бар ма? Жалғыздықтан Құдай ғана құтқарады немесе Тәңірі тозаққа тастайды. Жұмақтың әні тозаққа жетпейді. Тозақтан тек айқай ғана шығады. Құс тамұқтан шыққан айқайды әнге қосып, адамдардың ауыр халін Жер үстіне жеткізеді.

12-13.06.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here