Дидар АМАНТАЙ

ДӘУІР ЖӘНЕ УАҚЫТ

эссе

1. Дәуір түсінігі

Заман (эпоха) – уақыт тарихы. Дәлірек, атамзаманғы, үзілмей келе жатқан шежіренің бөлшегі.
Дәуір (эра) – замандардың жиынтығы.
Адамзат ғарыш дәуірін бастан кешті. Ол бірнеше кезеңдерден тұрды: салыстырмалы теорияны ұғындырды, жарық жылдамдығын есептеп шығарды, гравитациялық күштерді айқындады, фотондар табиғатын ашты, толқындай тарай ма, кванттай үзік-үзік пе, әлде, дискреттік толқындар күйінде ме, атомды жарып, электрон мен протонға өтті, кварктарға, ұсақ бөлшектерге жетті, дүниенің шексіздігін көрді, әлем барлық бағытта еркін, кері жүрсек те, алға ұмтылсақ та, тіпті, ғарыштың сапасы да, саны да бостан, ғаламның үлгісін жасады, сойын іздеді, шығу тегін тапты, алапат жарылыстың ар жағына көз салды, “әуелі сөз нүкте болды” (“Гәкку”, әңгіме, Д.А.), нүктенің сингулярлық күші артқанда, нығыздық шексіз “нығыздалды”, төзбес жағдай орнады, шиыршық серіппедей жиырылды, кейін серпілгенде, сұйық зат түзілді, қуат материяға айналды, сол кезде, бір секундтың жүздеген бір бөлігінде, жан-жаққа қоймалжың тамшылар шашырады, аталған межеде әлем бүгінгі көлеміне жақындап, жайлап өсе бастады.

2. Уақыт ұғымы
Дәуір уақыттың зор көлемін қамтиды, заман – бір бөлігін ғана. Уақыт – физикалық және психикалық үдерістердің өту формасы. Өзгеру мүмкіндігінің шарты. Физика мен метафизиканың басты ұғым-түсініктері. Бүкіл объектілердің өмір сүру ұзақтығына өлшем. Үдерістер мен жай-күйдің бір-бірлеп сатылап өзгеріске ұшырауы мен дамуының сипаттамасы, ауысым ретін белгілейтін құрал.
Салыстырмалы теория қарастыратын кеңістік/уақыт бірлігіндегі координаттардың бірі. Оны пәлсапа бір-ақ бағытта жүретін немесе жүзетін ағыс санайды. Өткен шақтан осы шақ арқылы келер шаққа өтеді.
Бірлік өлшемі – секунд (орысша – секунда, ағылшынша – second).

3. Перзент – тұлға – нәсіл
Нәсіл – жіктеудің адамға ғана тән түрі. Әрі адамды топтастырып, бүкіл тіршілік иелерінен бөліп тұр. Бізді бір нәсілге біріктіретін ортақ сипат. Адам туғанда нәсілдік сипатымен туады. Ертең адами қасиеттері ашылатын, өсу жолында тұлғалық қабілеттері көріне бастайтын белгілері бар адам баласы – индивид (перзент). Индивид (перзент) қалыптаса келе тұлғаға айналады. Филогенез (адам) онтогенезді (адамзат) қайталайды. Тұлға – адамзат өркениеті мен мәдениетін қажетінше немесе хал-қадірінше түгел бойына сіңірген қоғам мүшесі.

4. Адам/кісі
Әсілі, адам – нәсіл. Кісілік – нәсілдің (нәсілдік) қасиеті. (“Родовое свойство” немесе “принадлежность человеческому роду”). Қасиет – құндылыққа жатады. Қазақ ұғымында теріс қасиет деген болмайды. Қасиеттің бәрі – оң.
Бұл – қоғам әспеттейтін (культивировать) құндылық. Мемлекет күштеуден (бұл жерде зорлық ұғымы қолданыла алмайды, себебі, ол – мойынсынған ерікті әрекет емес, қоғамдық келісім нәтижесі – өкімет билігі, бәріне ортақ заң орындалуын қадағалайтын, орындалуына күш көрсететін тармақ) тұрса, құндылық әспеттеуден қалыптасады. Өкімет қуаты да құндылық.
Мемлекет (өкімет, билік – атрибуттары немесе көріністері) – қоғамның өмір сүру формасы. Бір бөлігі. Үлкен, басты бөлігі. Азаматтық қоғам (мемлекет азаматы мен азаматтардың қоғамы) – мемлекет пен халықтың бірлесе атқарған қызметі.
Қоғам келісім-шарт негізінде мемлекет құрады, мемлекет қоғам өкілеттілігін өз мойнына алады немесе қоғам мойнына жүктейді, өкілеттіліктер арқасында салалар құрылымдарын, заңдарын дайындайды, қалыптастырады, бекітеді, орындайды, орындатады, орындамаса – күштейді. Келісім солай.

5. Қоғам/мемлекет

Сонда, қоғам дегеніміз не?
Бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, өзара іс-әрекет арқылы байланған белгілі бір халықтың бірлестігі. Әлемнің бір бөлігі. Табиғат құрамына енетін бөлшек.

Әлеуметтік сипат – белгілі бір немесе көптеген қарым-қатынасқа құрылған құрылымның аса бір жойқын халықтық ерекшелігі. Адам қоғамы – сана-сезімнің нәтижесі. Жәндіктер, негізінен, инстинкт бұйрығымен жүреді. Жан-жануар төменгі интеллект заңына бағынады. Шартты рефлекс ережелерін орындағанымен, түсінбейді, бір-бірімен неге байланыстылығын аша алмайды.

Адам қоғамы – саналы қоғам. Қызметін реттеп, қауіпсіздігін күшейтіп, мұратын айқындап, бүкіл рухани және заттық игіліктерін қолжетімді әрі еңбегіне қарай тұтыну үшін басқару ұйымдарын құрады.
Қоғам белгілеріне қарай (ұлттық, мәдени және территориялық тұрғыдан, ұзақтығы, өндіріс түрлеріне орайластырыла) бірнеше топқа жіктеледі. Тіпті, көлеміне, адам санына қарап та бір-бірінен айырады.
Мемлекет – әлеуметтік шешім.
“Ой-сана, ақыл-ой жеткен бүгінгі мемлекеттің мәні – мекендеген территориясында (1.) халықтың ұйысуына (2.), ұйысқан халықтың өсіп-өніп, өркендеуіне жол ашқан (3.), қоғамның табиғатына сай құрылған (4.), бір мақсатқа қол созып, бір мұрат жолында ұжымдасқан (5.), ортақ мәселені шешіп, шешімді атқаруға қажетті басқарымның (7.)– жоғары дәрежелі жүйесі мен саяси билік құрылымы” (8, “ТС”, эссе, Д.А.).

6. Өкімет/билік

Билік – өкіметтің бір бөлшегі, бірақ, қуатты бөлшегі. Өкімет графикалық тұрғыда мысырлық пирамида сияқты. Соңғы, жоғары сатысы бәрінен биік тұр әрі табаннан өзіне дейінгі баспалдақтар немесе қабаттар оның көтеріп тұрған іргетасы және қабырғалары. Неғұрлым берік отырса, соғұрлым қызметі де анық, бұйрықтары да – нық.
Өкімет – өз еркіне көндіру, айтқаныңды жасатқызу, әлбетте, бәрі заң жүзінде, низам аясында, тәртіп шеңберінде. Тіпті, мүмкіндігі мен қабілеттілігі де сол. Халықтың қызметі мен жүріс-тұрысына күштеп ықпал ете алу.

7. Идеология/категориялар

Әуелі, идеология – идея (түсінік) және логос (ілім) – деген екі сөзден құралғанын айтуымыз қажет.
Бұл мәселені жете түсіну үшін біз қоғамдық болмыс/сана, мемлекет/саясат ұғымдары не білдіретіндіктерін айқындап алуымызға тура келеді.
Мемлекет туралы орнықты жаздық. Жазбамызға қосымша қосар ойымыз да жоқ емес.
“Белгілі бір территорияға ие, жергілікті, тұрғылықты халықтың еркін дамуына жағдай жасайтын, қоғам қажеттілігі, қасиетінен туындайтын ортақ қызмет, іс-әрекеттерді атқаруға тиіс басқарудың, басшылық етудің аса жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі – саяси билік жүйесі” (“Идеология”, эссе, Д.А).
Қоғамдық болмыс – әлем тұтастығын, дүние мен адам бірлігін, тіршілік мәнін, қоғамдасып өмір сүру кезінен қалыптасатын бір-біріне деген қатынасын білдіретін философиялық категория.
Ал қоғамдық сана – белгілі бір заман, дәуірге тән ұжымдық ұғым-түсінік жиынтығы. Рухани өмір, адам санасында қалыптасқан қоршаған орта, көзқарас, ой-зердесі көрінісін, бейнесін, түрлерін түгел қамтитын мән.
Еске сала кетейік, категория – түсінік емес, ғылыми мәртебесі жоқ, бірақ, ілім жүйесінде белсенді қолданылатын терең мазмұнды сөз.
Әдетте, қоғамдық сана формалары саяси, құқықтық, кісілік, эстетикалық және діни деп бес түрге бөлінеді.

8. Мүдде түрлері
Идеология таптық көзқарас та, ұлттық мұрат та, құндылықтар жүйесі де болуы мүмкін. Демек, идеология мүддені білдіреді, алдына мақсат қояды. Оны мүддесінен танимыз.
Сосын, екінші маңызды талап, қалыптасқан құндылықтар жүйесі шеңберінде, аясында өмір сүреді.
Яғни, екі түрі бар: топтық мұратқа ұмтылғандардың қызметі немесе күресі, сонымен қатар, жалпыға ортақ идеалдарға қол созғандардың тыныш ғұмыры, мамыражай тыныс-тіршілігі.
Қос диалектика. Елдің бірін-бірімен шатастыратын, тура жолынан адастыратын жұп түсінік.
Мүдде – ғұмыр.
Ғұмырда – бәрі тең. Мүдде сипатына қарай бөлінеді – топтық, таптық, ұлттық, мемлекеттік – бірнеше түрлерге түрленеді.
Мемлекеттік мүдде – барлық азаматтың мүддесін білдіретін құндылық. Қасиетті, ардақты. Ұлы. Бәріміз де қызмет ететін, сынайтын, мақтан тұтатын, ұлықтайтын асыл парыз, аяулы міндетіміз. Мемлекет мұраты, мүддесі – бір идеология емес, бүкіл қоғам мүшелерінің көзқарасынан құралатын, қақын білдіретін құрама ұғым. Ол ортақ құндылықтарын әлемге паш етеді.
Идеология – саясатқа: ұстанатын құндылықтар мен идеалдар жүйесін айқындап береді. Екеуі де қоғамдық өмірдің барлық мәселесіне араласады.
Қоғамда идеологияның біреуі емес, бірнешеуі бар. Тіпті, бір қоғамдық идеологияның билеп-төстеуі – тұрақтылыққа, елдің келешегіне қауіп төндіретін құбылыс. Әртүрлі идеология болады, бірақ заң аясында, дәстүр шеңберінде өмір сүруі керек.
Көбінесе, тарихты шолсақ, саясаттары (күш-қуаты) әлсіреген кезде империялар идеологияға жүгінеді.
Бүгінгі заманда тұрақты мемлекеттің саясаты да тұрақты. Даму жоспары, кемелдену кезеңдері бар. Материалдық игіліктерге де қатысты, рухани жаңғыруға да қатысты.
Идеология – қоғам мен әлеуметтік топтардың мақсат-мүддесін қорғайтын, қолдайтын, жүзеге асыруға талпынатын көзқарастар, түсініктер, идеялар жиынтығы.

9. Саясат
Саяси идеология – саяси идеялар, теориялар, мүдделер мәселесімен шұғылданады. Ол – белгілі бір тұжырымдаманың саяси өмірге белгілі бір саяси элита мақсат-мүддесі тұрғысынан берген бағасы.
Саясат – көне грек тілінен аударғанда, мемлекет қызметі деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым өкімет және мемлекеттік басқару салалары және мемлекет қызметіне қатысты қоғамдық өмір мәселелерін қамтиды.
Идеология жоқтан пайда болмайды. Ол – кешегі жұрт қазынасынан, бүгінгі халық еңбегінен, ертеңгі күннің кепілінен туады.
Және де, идеологияны атап айтудың қажеті жоқ, ол қоғамда өмір сүріп жатыр: тәуелсіздік жылдары қалыптасқан құндылықтар жүйесі – біздің идеологиямыз.

10. Қолданбалы/идеалды

Біз демократия жайлы сөз қозғап отырмыз. Бірде, аса ірі гуманист, испан ойшылы Хосе Ортега-и-Гассет жазып еді: “Демократияның беріктігі мен гүлденуі – қандай түрі және қандай даму деңгейінде болмасын – түкке тұрмайтын техникалық детальға тәуелді: сайлау үдерісіне байланысты”.
Сырттай оңай сияқты көрінетін саясат (жүргізілуі) немесе саяси шешімдер (қабылдануы мен орындалуы), шын мәнісінде, күрделі әрекеттер. Шытырман ойындар мен жасырын аяусыз қақтығыстардың нәтижесі.
Мен демократияны қолданбалы/идеалды деп екі түрге бөлемін. Иделды тұрғыда түрлі пәлсапалық ізденістердің тақырыбы, пәнаралық ғылымдардың зерттеу объектісі. Ал, өмірде – демократияға құбылыс ретінде әртүрлі ықпалды күштер әсер етеді. Ұлттық салт-дәстүр, діни көзқарас, мемлекеттің даму деңгейі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қоғамның көзі ашықтығы, азаматтарының сауаттылығы (т.т.).
Сондықтан, демократия қашанда – нақты, демек, көне түсінік – демократия туралы жалпылама сөйлеуге болмайды. Ол – ықтималдылық теориясының емес, салыстырмалы теорияның көрсеткіші.

11. Түйін/үміт

Түйін. Негізі, ұғым-түсінік анық болса, ойлану да оңай, пікір таластыру да жеңіл, кемшілік-қателіктерді саралау да қиын емес. Түсінікті, расында, категориялар –жүйелі болжамды ілімге, ал гипотезаны ғылыми теорияға – айналдырады.
Жалпы, дүние жүзі тарихында үлкен бір дәуір бастан өтті. Жаппай сайлаудың заманы келді. Бұл, әрине, ел билеудің ең үздік амалы емес, бірақ, алға ұмтылған армандардың жүзеге асуына кепіл, әзірше ең озық үрдіс – осы.
Уағда мен ауысымның диалектикалық қарым-қатынасы тура, анық және бір-бірімен тығыз байланысты.
Задында, соңғы жылдары адамзат ақыл-ойы қол жеткізген табыстар ертеңге деген күмәнді сейілтті.
Қуаныш туғызды. Ыстық көңілдің түкпірінде көмескі үміт оты жылтырайды.
Әлсіз бе, күшті ме, белгісіз.
Өшпесе (1), өртенбесе (2) болды.
Арасы – қарға адым.

07.06.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here