Дидар Амантай

ШАҺАРДАҒЫ ЖАЗ
әңгіме

Шілде сыймай тұр: қала ішіне – ықшам аудан, шағын аула, тар көше – кең даңғыл, жүйткіп бара жатқан автомобильдер салонына. Қоғамдық көліктер маршрут аялдамаларынан тиеп алған көп кісіден, жаншыған ауыр салмақтан баяу қозғалады, маусымнан бұрын мамыр туып, соңыра гүл жайнаған Әсет жетті, жасыл желек қала ажарын ашты, көркін әлемге паш етті, тастақ жол бойы, орталық алаңдар төңірегін жайлаған жаз ойдағы, қырдағы алапат ыстықтан әдемі, ретімен әрі – әсем. Сәуірден бастап су толған қала арықтары кент шуын тосын көбейтіп, жаңбырлы күндері сарқырап, күркіреп, тасып, жылға қуалап жылдам ағады, жайма-шуақ кездері табанына тұнып, жылтырап құрғап жатады.
– Жақсы көремін, – деді ол.
– Мен де.
– Бірақ, елді аңсаймын.
– Ауылды ма?
– Иә.
– Рас, сағындық.
– Қала туралы жазып-жазып шаршадым.
– Неге?
– Фонтан, тротуар, сәкілер.
– Жақсы емес пе?
– Несі жақсы?
– Троллейбустар, автомобильдер нөпірі, сапырылысқан халық.
– Бірақ, троллейбусқа мінсем, жастық шағым есіме түседі.
– Трамвайға да.
– Естеліктер күймесі.
– Шын.
– Оның көзін құртты ғой, күнге шомылған биқасап шаһардың сәні еді.
– Неғұрлым ескі болса, соғұрлым құнды көлік-тұғын.
– Қалада, таң атқан мезгіл мен қызыл іңір шақ – қандай тамаша сәт, қыдырып жүре бергің келеді.
Ол кофеден ұрттады. Жұпары аңқыған капуччини, иісі бұрқыраған
жапон шайы, төбеден салбыраған гүлдестелер, аспанға асылған гүлзарлар, аяқжолдан асып, көше қаптаған шағын үстелдер, қалқа шатырлар, көп орындықты жазғы террасалар, көңілдің ғажап хошы, ойдың жұмбақ қуанышы, күлкінің ұзақ мерекесі, жалған өмірде қаза бар ма, жарық дүниеде қасірет бола ма, алматылықтар бульвар жағалап пейіш, жұмақ, бақыт кешеді, сұлу шаһардан рақаттың отанын аңғарады, қас қадап, зер салады – тұрғылықты үйіне, тұрақты қонысына, түлеп ұшқан тым-тым биіктегі, қиядағы ұясына.
– Жаз – мейрам.
– Алматыда.
– Басқа жерде ше?
– Жаз емес.
– Енді не?
– Сәуір, Наурыз, Құралай.
Күрең ағаштан шауып, жіңішке қызғылт түспен әдіптеген шағын кофехана жайлы орында, көлігі , жүргіншілері қалың жолайырықта орналасқан, көлемі де ықшам, қонақтары да аз, бірақ, келуші жұрт әмияны нығыз, ақшаның бетіне қарамайды, күз алыста, қыс жоқ – желтоқсан, қаңтар, ақпан.
– Тастан қаланған қала балшықтан құйған ауылдан жат, елдегі туыс – қалада бейтаныс, алайда, өркениет осында, ғылым, білім, өнер – шаһар перзенттері.
– Әдебиет, негізінде, өркениеттік құбылыс, техникалық салдар, яғни, ауылдағы ән, күй, қолжазба жанашырын қорған үй, еңселі ғимараттан іздейді.
Екеуі темекі тартты. Тартқанда, шоқ қызарып, кейін шегінеді. Күл шоғы ортасына жеткенде, темекіден бөлініп, сауытқа құлайды. Түтін азайып, шоқ қайта қызарады. Түбіне тақағанда, жаңа темекі алынады да, сіріңке жағылып, тұтатылады. Бірқалыпты әрекет, біртүрлі ойлар – тоқтамайды, үзілмейді, таусылмайды.
– Қала мәдениеті.
– Не?
– Кофехана, ресторан, бар, кафе, тіпті, буфет, асханалар.
– Қызық екен.
– Сонда, ауылда не бар?
– Көшпелі ғұмырдың ізі.
– Болды ма?
– Бұл – үлкен табыс.
– Табыс емес, мұра.
– Қала мен үшін – адамдар бір-бірінен адасатын жер.
– Немесе, қосылатын.
– Жоқ, адасатын, ажырасатын, айырылатын.
– Адамзат қаладан артық жайлы жер тапқан жоқ, сондықтан кейбір кемшілік-қателіктеріне көнуге тура келеді.
– Қалада бір ғана ақау бар.
– Ол не?
– Барған адам қайтпайды.
Даңғылдар қиылысып жатыр. Қорап үйлер бір-біріне сүйеніп еркін тыныстап тұр. Қалың ағаш, бұталы өсімдіктер, орман-тоғай алабы. Таза, саф, мөлдір. Жұрт көкірегі жауһарға толады. Көшеде – жаз. Көлікте, көріністерде, сөзде, ойда, қиялда, есте, естелікте. Дауыстарда, дабыстарда, дыбыстарда. Жаңғырып естіледі.
– Естеліктер қалада өмір сүреді, уақиға желілері, шежірелер тасқа басылады, бірақ, ауылда кітап өлмейді, жойылып бара жатқан сөздері, сюжеттері аңыздардан көрінеді.
– Бетпақ дала кезген аңыз-әфсаналарды, керісінше, кітаптар сақтайды.
– Демек, баспаханалар.
– Таралымдар.
Күн көзінде – мол шұғыла. Жерге жеткенше градусы төмендейді, ғарыш ала көлеңке емес, суық та емес, тіршілік шартына сай, фотондар шоқ жұлдыздарды, галактикаларды, шексіз ғаламдарды аралайды. Кешегі жарылыс ұшқындары, жалындары, лебі, оттары.
Қала – космос. Шексіз кеңістік. Кез келген шаһар төңірегін өзіне жайлап қосып алады. Өсетін, өсіп келе жатқан ғарыш. Рақат, көше, кофехана, кофе жұпарына араласқан түтін иісі, философиялық сұқбаттар, төбеден құйылған күн жауһары.
– Қала өмір болса, ауыл – тіршілік.
– Мүмкін.
– Мүмкін емес, рас.
– Енді не туралы жазасың?
– Екеуміздің кофе ішкеніміз туралы.
– Күнде жүз қайталанатын нәрсенің маңызы бола ма?
– Болады.
– Қандай?
– Заңдылығын табамыз.
– Иә, рас, заңдылық жүз қайталанса ғана заңдылық.
– Сондықтан, бүкіл әлем, барша дүние өз шеңберінде айналып тұр.
– Тегершік Құдыреттің қолында.
– Сол тегершік жүз бірінші мәрте шеңберді айналдыра ма?
– Екі болжам бар.
– Қандай?
– Айналдырады не айналдырмайды…
Шілде айында, шарбы бұлттар арасынан жарқырап жерге құйылған күн жазғы террасаларды, Алматы қаласын, жер-жаһанды шұғыласына көміп, шомылдырып тұр.
Қарағанды, 24.05.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here