Дидар АМАНТАЙ

ФИЛОСОФИЯ БАҚТАРЫ

әңгіме

Шаһар ұйқыдан тұрғанда, таң жаңа атқан кез, бір-біріне қарама-қарсы, қос пәтердің, тозығы жеткен көне есіктері шалқасынан қатар ашылды. Әуелі, көңілі хош екі көршінің сөйлеген сергек дауыстары естілді, сосын, баспалдақпен біртіндеп төмендегендері, кейін, сыртқы қақпаның тырс етіп ақырын жабылғаны құлаққа жетті. Тысқа шыққан екеудің жүрістері баяу, маңғаз, баппен, әңгімелері – терең, сырлы, ұзақ.

Күн жайлап тас төбеге көтеріліп келеді. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Қала ішінде, таң атып, жұрт оянған мезгіл, мөлдір ауа – тұнық, тымық, саф. Түн қайтып, ізі қалған уақыт. Көше қара нөпір халықтан ада, қарбалас туа қоймаған шақ – бос, кең, ұзын. Бірақ, сәлден соң, жағдай өзгереді – көлік қаптайды, жаяу жүргінші көбейеді.
– Сонда, пәлсапашы не істейді?
– Ойлайды.
– Бәріміз үшін бе?
– Жоқ.
– Неге?
– Пәлсапашы – Иисус Христос емес.
– Иса пайғамбарды айтып отырсың ба?
– Жоқ, оны емес, крістиан халықтары түсінігіндегі Құдай перзенті мен дін ісләмдағы пайғамбар екеуі екі бөлек нәрсе.
– Философияны түсінбеймін.
– Мен де.
– Не үшін керек?
– Философия түсінбеушіліктен туындайды.
– Одан да, қолдарына күрек алып, арық жүргізбей ме?
– Сосын?
– Пішен бар, орақ науқаны келе жатыр.
– Адам болмысы ойшылдықтан басталмай ма?
– Иә.
– Карл Ясперстің сөзі.
– Күрекпен жүріп те ойлануға болады, арық қанша ұзын болса, ой да сонша ұзақ дегендей.
– Жазу ше?
– Әдетте, жұрт қызыл іңірден бос, ақшам жамырай жазуға отырады.
– Ымырт – ауыр кезең.
– Ұйқыға ауыр.
– Ойға да.
– Ой-пайым уақыт талғай ма?
– Жақсы ойдың уақыты – таңертеңгілік мезгіл.
– Неге?
– Таңертең ұйқыдан оянғанда адам баласының басына қуанышты ойлар келеді.
– Түстен кейін ше?
– Шаршап қалады.
– Ойға да, жазуға да бап керек пе?
– Жазушылық – қасиет, қабілеттен де үлкен.
– Мүмкін.
– Кез келген адам қалам ұстай алмайды.
– Бұл Құдай берген талант демеші тек.
Күлді.
– Ұлы миссия деп те айтпа.
– Ақын емеспін, алайда қазір ой жазуда ғана қалды, басқа кезде адам баласы ойланбайды, уақыты жоқ, тапшы, тезге, талқыға түскен мәселенің бәрі тұрмыс төңірегінде өрбиді, үнемі нәпсі жетегінде жүреді.
– Күнделікті газет жаңалығы сияқты ма?
– Тіпті, ғаламтор хабары тәрізді, жариялап үлгергенше, ескіріп қалады.
– Жаңалықтың жап-жаңа болуы міндет пе?
– Буға піскен түскі ас тез суиды.
– Алайда, жұпары буында… суыған аста дәм жоқ.
– Енді біздің ой-санамызды үш инстинкт билемей ме?
– Иә.
– Басқарады.
– Ақыл-ойдың көмегі жоқ па?
– Бар.
– Не?
– Қазір таным төртінші, тіпті, бесінші табиғи дағдыны тапты.
– Пинкер мен Франкл болжамдары қаншалықты ақиқат?
– Тілге қабілет, сосын, ғұмырмағынаға деген қажеттілік түсінігі туа біткен қасиет тұрғысында танылып отыр.
– Кім білген…
Екеуі көп қыдырды. Көше айналып, қаладағы бау-бақша қақпасына қарай апаратын даңғыл жолға шықты. Гүлстан қақпасы айқара ашық, тұрған жеріне сыймаған жасыл желек қопарылып, бірінің үстіне бірі мініп, жармасып, жағаласып, таласып-тармасып, жыңғылдай қою, бітік өскен. Бақ ішінде ирелеңдеп жатқан сүрлеу-соқпақтар, кіші алаңдарға қосылған, бір-біріне жалғасқан жолайырықтар, шағын дүкендер орналасқан көрме орындарының бәрі таспен өрілген, жаз мезгілі әрі-бері сенделген, қыдырған жұрт қарасы әдеттегіден мол, сәкілер тегіс толы, ойдым-ойдым тоғай тәрізді үзік-үзік, қадау-қадау, қара ормандай қаптаған қалың кісі.
Халық ығы-жығы. Күн сәулесі ағаш бұтақтарына, жол жиектеріне, автомобиль әйнектеріне қонғанда, көлденең шағылысып, үзілген моншақтың асыл тастарындай жарқырап, жан-жағына бей-берекет шашылады.
– Ойдың неше түрі бар?
– Екі.
– Қандай?
– Діни және атеистік.
– Қайсы басым?
– Басымдылықтары салыстыруға келмейді.
– Меніңше, иман жеткізбейді.
– Рас.
– Қашып отырады, білім қанша қуса да, жете алмайды.
– Себебі, иман шексіз, терең, білім шектеулі.
– Иманға не жолдас?
– Парыз.
– Ғұмырдың мағынасы да парыз ба?
– Парыз.
– Ұрпақ ше?
– Ол да парыз.
– Қызық екен.
– Қазақ қоғамында тәртіптен дәстүр биік.
– Себебі, дәстүр түсінікті, низам – жат, заң – бөтен.
– Сырттан келген, көлденең қосылған берік тәртіпті алаш солқылдатып тастайды, зиян көреді.
– Қабылдамайды.
– Ата салтына адал, кешеден келе жатқан жөн-жосық – іргесі ажырамайтын туысы.
– Елдікті сақтайды, ертеңге айқындық береді.
– Бақ ішінде қыдырған қандай ғанибет, сан түрлі ойға жетелейді.
– Ойдың серігі – жалғыздық, қозғаушы күші – сүрлеу жол.
– Сұрақ қажет емес.
– Өйткені, ойдың өзі – сауал.
Қарағайлы, қайыңды орман-тоғайы аралас, үйеңкі, терегі заңғар, жуан емені мызғып, маужырап тұрған жасыл бақ үзілмей, бір-біріне жалғасып, созылып келе жатыр, таусылмайды. Ағаштар көлге ұласады, бұталар иірімді айналады, тұс-тұсы – қаулап өскен қалың қау, биік шалғын – қою, қабат-қабат, жабайы.
– Бақ аралағанда, әңгіме де көп, сұрақ та, шіркін, азаймайды.
– Сұрақ – таңғалыстың да, күмән-күдіктің де, пайымның да бастауы, қайнары.
– Толғаныстың өмір сүру формасы.
– Ойға азық, өмірге – мағына.
– Неге?
– Мәңгілік сұрақтар көше жағалап жүреді.

– Бұрын бақ қыдыратын еді.

– Философия бақтан гүлзар, гүлдестелерге оранған ашық бульварларға шықты.

– Ницше біледі.
– Оның сұрақтары көп еді.
– Жауап беріп үлгермей кетті.
– Бір қайғыны қозғасаң, жүз қайғыны қозғайды.
– Біздің Абай…
Күн тас төбеге көтерілді. Аспан шайдай ашық, үзік-үзік, қаз бауыр, ақ шарбы бұлттар шілденің ыстығында, көк жүзінде, еркін, бостан, аунап-қунап, жайбарақат ұзап кетіп бара жатыр, жерге көлеңкелері түсіп, кеңістікте баяу сырғып жүзіп жылжығандай әсер қалдырады.

Астана, 22.05.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here