Дидар Амантай
ҒҰМЫР АРХИТЕКТУРАСЫ

Ол – Әлім, Равиль, Сәбит.
Ұлы араб тілінен аударғанда, әлім сөзі қазақ нұсқасындағы ғалым ұғым-түсінігін білдіреді. Сәбит – берік, сенімді, тұрақты – алты алаш халықтары арасында кең тараған есім. Ал енді Равиль… башқұрт, татар жұртына аса қадірлі ныспы.

Бұ дүниеден тосын қайтты, сайыпқыран еді, кемеңгер, данышпан, сұңғыла болатын, бауырмалдығы, мейірбандығы одан да күшті досымыз, қайран, дүние, қапыда кетті де қалды.

Қоштасқан жоқпыз, дайындығымыз да шала, ойымыз да, шама-шарқы белгілі, тілдесе алмадық, пендауи өмірде не қымбат, не арзан, кісіде не биік, не төмен, сұрап үлгермедік, барында селқос, жоғында сергек бола қалдық па, сауал қисапсыз көп, жауап, жарықтық, тым аз, құрақ көрпенің үлкенді-кішілі қиындылары сияқты, бұлқыныста, толғаныста туған ойлардың бәріне, толқыған көңілдің өзіне: ізденісіміз қанағат емес, жоқшыдан қайыр жоқ заман, олқылықтан аяқ алып жүргісіз, ит батпақтап, ат сүрінеді, тесіктің біреуін бітесеңіз, екіншісі үңірейіп шыға келеді, шетіне жеткізейін деп тартқан жіптің ұшы өзімен бірге салақтап кері қайтып келе жатады, күрмеуге келмейді, байлауға жетпейді, бәрі жарты, бүтін емес, жарымы санда, пайымы теңде, жоғын тапсаңыз да, жомартын танысаңыз да, піл сауырлы қара жердің болашағы сырт қолда, тыс әлемнің тысы да теріс, жыртықты жамап, саңылауды жауып жүре алмайсыз, жаратылысынан уызға жарымаған нәрсе, табиғатынан кінәрат көрсеңіз, тар дүниеден аңғармайсыз, жасағанда ақау шықты, жатыры нүкте сойынан, сөз қуатқа, рух затқа айналғанда, әлем туды, заңымен, заңғар ойымен…

Бұл он сегіз мың ғаламның отыз алты мың кемшілігі – адамның өлімі. Әсілі, ажалға қарсы тұрар қайран жоқ. бірақ, адам санасы өмірдің соңын қабылдай алмайды. Екеуі – бір-біріне қарама-қарсы нәрсе. Болмысты бүтін байқаған пенде жоқты түсінбейді. Қалай бар нәрсе, сана, әлемді тұтас қамтыған сана, жарықты сөндіргендей жалп етіп өшіп қалады. Жарық дүниенің егізін қайтіп қараңғылық басады?

Сана – жарық, ажал – түнек. Сонда, бұл күн жарықта қайдан келген қап-қара түн?
Әлемнің фотондары қайда?

Раввиндей естілетін Равиль – Тәңірдің перзенті, оның досы – Құдай еді. Сәбиттен Равиль, Равильден Әлім туды, Әлімнен – Арыстан.

Көзінде нұр, кеудесінде жарық, кескін-келбеті шұғыла шашып тұратын сәулелі адам еді. Сондықтан, күн тәрізді төңірегінде көлеңке болмайтын-ды.

Баласы Арыстан, өзі Әлім, қайратты, шырақты, пырақты тұлға, шіркін, досымыз, есендескенде жүз жыл көрмегендей, қоштасқанда, бір күнге кетіп бара жатқандай қол алысатын.

Көне гректердей жан-жақты, қазақтардай бала мінезді, татар жұртындай қашанда қалжың айтып жүретін, өмірді шын көңілімен, бар жан-дүниесімен сүйген бақытты жан, бақ-ырыс қонған отбасы, отағасы, от ұстаған абыздардай елге аңыз, ортасына айбын, қамқор, адал, мырза адам еді.

Әуелі елдің шаруасын сұрайтын. Әуелі елдің шаруасын тындыратын. Әуелі елдің шаруасын мақтайтын.

Архитектор еді.
Жаңа кезең жаршысы архитектура қашанда жаңалыққа құлақ түріп жүреді. Бірақ, жаңалықтың өзі архитектурадан басталады. Әдебиет-өнердегі стильдің бәрі алдымен архитектура саласынан көрініс тапқан әдіс-амалдар, біртіндеп өнер атаулының қалған түрлеріне тарап, жаңа талғам, жаңа ағым қалыптастырады.
Архитектор – жаңа өнер қалыптастырушы.

Әлім Сәбитов осындай қайраткер тұлға еді.
Мұрасы – өзі сүйген Қазақстан, өзі қымбат тұтқан Алматы, өзі туыс көрген қазақ жұртына – асыл қазына.
07.05.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here