Дидар Амантай
ТЕҢГЕ ЖЫРЫ
эссе

Туғаны – есімде. Құны да айшықты еді.
Кеңес ақшалары бірінші рет өзінің дәрменсіздігін көрсетті. Қалта-қалта еді, қап-қап болды.
Аласапыран уақыт. Жұрт күреп табады, шашып ұстайды. Үнемдеген сайын ұтыласың. Кешігіп жеткені абырой-қадірінен айырылып келеді. Соңына қалғаны құрметінің түскеніне куә, басында жүргені базарына ырза.

Уақыттан асқан қауіп жоқ. Тізімін түгендейді, құнын анықтайды, бағасын белгілейді,
Кеңестің валютасы – құлы. Азып-тозған, арып-аршыған, жүдеп-жадаған. Құр сүлдерін сүйретіп жүреді. Ғұмырының ақыры. Кеше қандай еді. Бәрі табынатын, тегіс алақан жаятын. Бүгін аяқ астында жатады. Ерінбегені еңкейіп көтерудің орнына теуіп-теуіп кетеді. Таптап-таптап өте шығады. Жұмысы жоқ – тұрмысы ауыр. Күніне бір айырбасталмайды. Үнсіз сәт, өкінішті жағдай, қатер шақ созылып барады. Демек, құнсыз қағазға айналды деген сөз. Оны пеш күтіп тұр, отқа өртенеді немесе жол жиегінде сыпырып әкеткенше бүктетіліп жатады.

Қош бол, елім, дейді. Еститін елі, тыңдайтын жұрты жоқ. Халық есейген, есі кірген, алдында топырлап ессіз құлайтын заманы өткен. Махаббаты басқа – жас махаббат.
Теңге. Сүйеді. Діңі қатты, тіні берік. Құшағы кең, біреуге тар. Бәйтеректей биік, нығыздығы – сегіз өрім қамшы. Ел шулап жүр, сөзіне адал емес, тұрақсыз, айнымалы.
Қай ақшада тұрақтылық бар дейсіз. Ешқайсында. Арамсың ба, адалсың ба, бәрібір, ол санын ғана сүйеді, көбейген үстіне көбейе бергенін қалайды. Осындай шексіз махаббат.

Ақшадан адалдықты ғана күткен орынсыз, ол арам жолмен де жетеді. Ақша жолы – жау жатқан жыра, қар бекіген қырдың жолы. Бірді беріп, екіні алғысы келеді. Көбін жасырады, азын көрсетеді. Тыныштығын ойлайды. Басы дауға түскен ақша – құрыған ақша. Қаптың бауы шешілсе, өзі-ақ ортаяды. Ортайған қаптың түбі тез көрінеді. Бос қаптың түбі көңілді бұзады. Толған қапқа үйренген көзден асқан мүсәпір жоқ. Ақша жылатпайды, сорлатады. Жылап отырған – қулық сақтап отырған адам.

Кімді сүймеді дерсіз. Ұрыны қарақшы тонаған заманда. Құшағына алған мен қалтасына салғанды сүйді. Алды-артына қарамай соңынан кетті.

Туыс жоқ. ағайын-туған көрмеген, бауыр бұйырмаған, досқа жетпеген Әзәзілдің өзі. Уағдасында тұрмаған, сертінен айнып, айтқан сөзін орындамаған Жын.

Естінің қолы, ессіздің жолы.
Тегінде, ар жоқ. Ұят – екі бастан. Өзімдікі деп сүйесің, ол – өзекке тебеді.

Сонда да, кеңестің күнін бермесін деп тілейсің…
Жалғызың, қайтесің, басқа амал жоқ.

Бірақ, байдың ақшасы да басқа.

30.04.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here