Дидар АМАНТАЙ

“ДЕМОКРАТИЯ АТОМЫ”

эссе

Атом туралы гипотезаны ойлап тапқанда, оның ядросында шексіз қуат күші жатқанын ешкім білген жоқ еді. Тіпті, идея авторы Демокриттің өзі де, кейінгі ғалымдардың адасуына қарағанда, бұл жөнінде ешкімге тіс жармаса керек.

Анығын айтқанда, атом табиғаты туралы білім, құрылым-қасиеті жайында дерек болмады.

Атом атауы өзгермесе де мәні күрделене бастады. Ішінде Бүкіл Әлем тууы мен дамуының кескін-көрінісі бар екені анықталды. Яғни, әлем тарихы атом тағдырын қайталайды. Бірақ, сыртқы энергия мен ішкі энергия арасында бір-бірін теңестіріп тұрған, бірін-біріне араластырмайтын, оқшау оқиғаларына өзара қатыстырмайтын, демек, өткел салмайтын, қос дербес кеңістік бар, бірін ядролық физика, екіншісін ірі масштабтағы физика зерттейді. Екеуін пар кеңістікте аса қатты нығыздық па, кернеу ме, гравитациялық күштер ме, бірге ме, бөлек пе, әйтеуір жіптей тартып, бөлшектерін бір-біріне байлап, жүріс кестесіне сәйкестендіріп, жібермей ұстап тұрады. Дәлірегінде, белгілі бір маршруттармен айналдырып жүргізіпі қояды.

Білмеген нәрсенің қалтарысы көп. Жылдамдығын айқындасаңыз, орнын таба алмай қаласыз, орнын тапқанда, жылдамдығын жоғалтасыз.

Бірі барда – бірі жоқ.

Бәрі тегіс не бар, не жоқ болмайды.

Демокрит атаған атомды Нильс Бор планетарлық үлгіде қиюластырды, Резерфорды оны жарды. Үшеуі үш түрлі атом. Түсініктері де үш түрлі еді.

Заманына қарай – ұғым-түсінігі.

Демократияның атомы – адам немесе адамға адам тең низамы, сайлау құқы осыдан пайда болады.

Адам барлық тілде адам. Қоғамның атомы. Оны жарып қажеті жоқ. атомды жарғанда энергия бөлінеді.

Бізге бейбіт атом керек.

Жалпы, демократия қоғамды басқарудың ең тиімді жолы емес, бірақ одан жақсысын адамзат ойлап тапқан жоқ (Уинстон Черчиль).

Бейбіт атом да адамзатқа керек қуатты өндірудің ең тиімді жолы емес, алайда одан арзан амал-айласын біз әлі де ойлап таба алмай отырмыз.

27.04.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here