Дидар Амантай

ШҰҒЫЛ САЙЛАУ ШҰҒЫЛАСЫ

(кезексіз ойлар)

Шұңғымасы – емтихан. Терең білім, биік өре өлшенетін тұс. Бұл өзі жиынтық емтиханы қазақша, жиналысы орысша жүретін сайлау. Дауысты қазақстанша бересіз.

Түрлі болжам жасаған, баспасөз бетінде жарыса шулаған – жалған cәуегей жұртқа ақыры кезек тиген кез, ұмытылып бара жатыр еді, жақсы болды, бір көрініп қалады.

Пәлсапашы – жазушының дастарқанына – асқа отырған алаңсыз уақыт. Күрес басталған жоқ, жарысқа қатысатындардың тізімі әлі толық емес. Сондықтан, ептеп қымыз ішуге болады, қазыдан да асап жеп қойса да, артық етпейді.

Уақытын босқа өткізетіндер де бар: әлде жеті жарым миллион теңгені малданып қатыса ма екен. Әр үміткерге берілетін ақша әр тұрмысы нашар отбасына бөлінетін жәрдемақыдан әлдеқайда көп. Есепке жүйрік, ешуақыт қателеспейтін Айдос Сарым әлі оны да санап береді.

Кезексіз сайлауға кезексіз қатысуға үйреніп алған азаматтар осыдан кезексіз байып алды ма екен?

Көктеп келе жатқан көктемдей мәңгі көк, мәңгі жасыл, мәңгі жас үміткерлер де әр науқанға бір адамдай қатысып отырады. Меньшевик Бронштейн жазғандай: әрекет маңызды, түпкі мақсат – басты шаруа емес. Рене Декартша айтсақ, тірі екенін білдіріп қойса да жетеді, ақырына дейін бармайтынын өзіміз де білеміз.

Әрине, Бас үміткердің басымдылығы зор. Білімді, білікті әрі қазірдің өзінде Президент. Басқалар неге арамтер боп жүргені түсініксіз.

соңы

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here