Ғазиз Насыров

(Аударған Асылбек Ихсан)

ҚҰЛЫП
Әңгіме

Пәтерге кіргенімде Пати ұйықтап жатты.
Жатын бөлменің ашық тұрған есігінің алдында қақшиып тұрып қалдым. Дым білдірмей, есікті ақырын жауып, баспалдақпен түсіп отырып, көшеге шыққым келді.
Алайда Анабель жетіп келіп тіземе басын тигізіп тұра қалды. Тынымсыз бұлғаңдатқан құйрығы көне пианиноның бұрышын соғып тұрып, әдетінше түшкіріп қалды. Тізерлеп, күндегі дағдым бойынша мойынынан құштым да көзіне қарап, қалың қалай деп сұрадым.
Анабель менімен бірге кабинетке дейін лесіп келді де, есінеп алып, жазу столының жанына жата кетті. Диванға жайғасып, Пати оянғаннан соң қалай сөйлесетінімді ойладым.
Екеуіміз бір үйде он бес жылдан астам тұрып жатсақ та Патиды көрмегелі бір айдан асты. Мен келгенде Пати жұмысқа кетіп қалатын ( ол радиоға түнгі ауысымға шыққан) ол келгенше мен жұмысыма кететін едім.
Шәй ішкім келіп паркті көктей өтіп кафеге беттедім. Ноутбугімді столға қойып өзге бір әлемге сүңгіп кеттім. Ол кезде сериалдарға сценарий жазатынмын, менің кейіпкерлерім адвокаттар, қажыр-қайраты тасыған кәсіпкерлер немесе жаңа өмірдің қызығына ден қойған әйелдер болып келетін. Олардың әр қаракетінің қайнар көзін іздеуде қолым жүретін де, кейіпкерлерімді не ақ, не қара қылу мен үшін қиынға соқпайтын. Таңғы шақта репликалар басыма жеңіл келетін. Өмірде ешкімнің осындай қадамға ешқашан бармасын жақсы білетін едім. Басқа адамдардың өмірі бізге сырт көзбен қарағанда қиысынды бола қалатыны несі екен? Ал өзімізге келсек, жаңағы оп-оңай табыла кеткен қисын әдіре қалып, қыр аспай жатып-ақ адаса бастаймыз… Оңай деп ойлағаның алынбас қамалға айналады.
Әдетте екі-үш сағат жұмыстанып, оншақты бет диалог жазып жасымық сорпасы мен түріктің тұзды ірімшік қосқан нанына тапсырыс беремін. Одан соң қайтадан қала кеземін немесе киностудияға соғып, дәліздерін аралап, жүріп өтемін. Осылайша кеш те болады. Жетіге таман Пати үйден шығады, оның таба нанға ұқсатып нан пісіріп кететінін білемін. Ол менімен ас үйдегі стөлге қалдырып кететін осы жылы нан арқылы тілдесіп отырады. (Сен мені үйден шығармай, айналшақтатып қоюды жақсы білесің).
Біз ештеңе туралы келіскен жоқпыз, бәрі өз ретімен бола қалды, сонан соң бір біріміздің уақытымыз бен кеңістігімізді ішкі түйсікпен сезіп, сызып қойдық. Әйтеуір, ол ай бойы бұл тәртіпті бір де бір рет бұзған емес. Пати радиода «Шын жүректен» атты түнгі хабар жүргізетін. Кейде, ол «жарнама мониторингін жүргізу үшін» радио орнатқан бөлмеге кіремін. Туған күн немесе мерекемен құттықтаудан кейін Пати эфирге ән қосады. Сосын күтпеген жерден «қымбатты бір адамға» сәлем жолдап «Либертангоны» қояды. Ол мен үшін деген сөз. Мен болсам бұл кезде Грейс Джонсты тыңдап… ас үйде отырамын, бұл жерде темекі тартуға болады.
Күздің соңғы күндері Пати менің жасыл пуловерім қайда кеткенін сұрады. Свитерді керегі болмаған соң тығып тастағанмын дедім. Бәрі осыдан басталды. Мен сүйікті жасыл пуловермен бірге неден айырылғанымды енді ұқтым. Кеше, шкафты ақтарсам деген ой тағы келді де, бұл жолы да айнып қалдым.
Пати әлі ұйықтап жатты. Түнгі жұмыс сен сияқты табанды тұлғаның өзін дел-сал қылады. Ол осы сөзді жақсы көреді – тұлға. Мен болсам «тұлға деген – кім бе әлде не ме?» деп күліп, сенің мазаңды алатынмын.
Жүріп келуге аңсарым ауып сыртқа шыққым келді, алайда Патиді тастап кете алмадым. Қалай болса да болар нәрсе болды. Ол бүгін үйге қонып қалды, енді қайткенде де кездесетін болдық. Күлбілтені қойып, басын ашып аламыз. Бізге не болды, бір бірімізді көрмей жайбырақат жүргеніміз қалай деп ашық сөйлесеміз. Мен де ақыр аяғында, тынышталғанымды, ізденістерімнің бәрі әдеттегідей құр әурелікпен біткенін… Патиға айтам. … мен өзімді дал қылған екі бірдей мәселені тыныштандырдым. Адам баласы неліктен өзгереді, өзгердім дегені өзін қайта тапқаны болса да.
Адам, Пати, бұл – арна. Сенің бойыңда, өзеннің құбылмалы да көз үйренген қозғалыссыз пейзажында таусылмас ағын жүріп жатады. Сондықтан да сенің қолдарың, және сенің жүрекке жылы бет-жүзің, күтпеген жерден бейтаныс әйелдің бет-жүзіне айналады… және саусақтарың да жаттың саусағы болып шыға келеді. Өзім қатты сүйсінетін қолдарыңды өзің онша жарата қоймайсың. Қолдарың қанат тәрізді. Кезекті құттықтауларды тудыру үшін қиялыңды қамшылаған кезде түйіп алатын қастарың шыбыққа ұқсайды. Студияда, микрофон алдында отырып сел болып ағылып жататын құттықтауларды жазғанда қайталанбау қандай қиын. Ал ол дегенің жүректен шыққан жанды да қанатты сөздер болуы тиіс. Қайталауға ұшырайтыныңды түсіну үшін өліп тірілу керек шығар.
Немесе, сәт сайын бәрі құйқылжып өзгеріп тұратын мына пәтер сияқты (біресе жарық сөніп қалады, біресе краннан су аға бастайды, енді бірде тарс етіп есік жабылады), біз екеуіміз де – біртұтас дененің екі бөлігіміз, мына бөлмелерде адасып жүреміз, бір біріміздің бар екендігіміздің белгілеріне сәт сайын соқтығысып жатамыз (ваннада сенен қалған бір тал бұйра қыл сияқты), тәуліктің сағат, минуттарға бөлінген күн мен түніне бөлінгенбіз (ол да бір тұтас). Сөйте тұра бірігуді аңсаймыз, одан өзіміз кірпідей жиырыла сақтанамыз.
Радионы қостым. Осы сәтте хабар өз уақытына орай (сағат тілі он екі жарымды көрсетіп тұрды), қызу жүріп жатыр екен. Ұзақ джаз композияциясынан кейін, ақыр аяғында, сен сөз алар едің ( О, құдайым-ай, «бұлайболуымүмкінемес!»), тыңдармандарды «Турандот» мейрамханасына шақыра отырып (қымбатты достар, керек десеңіз, мен өзім ол жерде талай болғанмын… қытай дәмін өзім сүйсіне жеймін, ал тек, асты таяқшалармен жегенді бар ғой суханым сүймейді! Шанышқы мен қасық сұратыңыз, сосын аспаз Лидің қайта келгенін қаперлеріңізге беріп қояйын). Міне, тап осы сәтте сенің жүзіңе көз салар ма еді. Студиядағы дауысыңды өзің естіген сәтіңде. Біз қатыспай кетсек те, радиода сенің ескі хабарың жүріп жатса да, өмір оз ағысынан жаңылған жоқ – бәрі баяғыша.
Анабель мені тұмсығымен түртіп есікке қарай итергіштеді, онысы – далаға жібер дегені. Бүгін өзі бірдеңе көрінгелі тұрған жоқ па екен.
Сен әлде ауырып қалдың ба, Пати?
Бір айдан астам уақыт бойы соншама беріліп кеткен ойынымызды доғару керек. Қапелімде ас үйде кездесіп қалудан қашып немесе кабинетте мен отырған жоқ па екен деп әуелі есіктен сығалап алу сияқты елес қуу ойынын. Алайда, бөлектенуге бойың үйреніп кеткен де болуы мүмкін, «бұл тақырыпты қозғамау» үшін менімен кездесуден қашқақтарсың да.
Тәртіпті бұзып, күндіз үйде қалғанымды, есік ашылып Патидың кіріп келе жатқанын естігенімді бірнеше мәрте көз алдыма елестеттім де. Анабельмен тілдеседі де, аулаға жібереді. Басында қалып қойған әуенді ыңылдап (радиодағы жұмысының нәтижесі), Пати ас үйге кіреді де асықпай отырып шәй ішеді. Рафаға телефон шалып екі сағат бойы студияда не болып, не қойып жатқанын және туған күнін қалай тойлауды талқылайды. Анабельдің есікті тырналағанын естігенде сәл кідіріс алады. Сен өз туған күіңді қатты жақсы көресің емес пе! Міне, осы кезде ойда жоқта мен кіріп келемін. Әрі қарай бәрі қалпына келіп, бұрыңғыша өмір жалғасады…
Өткен жексенбіде Рафа екеуің балконда темекі шегіп ұзақ тұрдыңдар, ол біраз уақыт өткенін, өткен өтті, кеткен кетті (өткен қайтып келмейді, ақырындап алдағы өміріңді де ойлау керектігін), енді бір шешім қабылдайтын мезгіл жеткенін ыңылдап айта берді, айта берді… Сен темекісінің түтінін жұтып, жауап күткен оны жалғыз тастап, бөлмеге кіріп кеттің.
Түн ортасында Патидің бөлмесінен дауыс шыққанын естіп диваннан тұрдым. Терезе әйнектері ерекше сыңғырлап кетіпті, сырттан шіркейлердің соғылғаны естіліп тұрды. Айнаның жанынан өте бере өзімнің абдыраған жүзіме көзім түсіп, ырқымнан тыс кетіп бара жатқанымды ойладым.
Пати, әрине, екеуіміздің тек ұйқы үстінде кездесуіміз мүмкін екендігін… біз бір бірімізді қиялымызда көрген кезде ғана бар екенімізді, ал шынайы өмірге тек сене білу керектігін түсінді… Жатын бөлменің ашық тұрған есігіне таяп келгенімде оның естілер-естілмес қылып не айтып жатқанын естідім (ол үстінен төнген бос кеңістікке былдырлап жатты)… Сыртқы есіктің құлпын ауыстыру керек…
Терге малшынған шаштары ап-ауыр болып көпшікті жауыпты. Пати көздерін жұмып алған күйі күлімсірегендей болды. Ол маған қолдарын созды, безгек ұрғандай қалшылдаған денесін құшақтап жанына қисайдым.
Ол маған бар денесімен жабысқан кезде бұдан әрі созуға болмайтынын, енді бұратала кетуім керектігін түсіндім де Пати оянсын деп бетінен өптім…
Соңы

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here