Бір жазып алған фонограммасын мың мәрте тыңдатқан фанерадан әзер құтылып едік, енді бір оқығанын жүз қайталайтын мотиваторлар шықты.

Елді аямайды, бір-бірінен шалғай жатқан қалаларға шақырады, бақытын іздеген байғұстар сандалып анда да барады, мында да барады, барған жерінен сүлдерін сүйретіп кері қайтады, сондағы еститіндері – ақыл-есі дұрыс әр қазақ отбасында айтылатын әдепкі қадір-қасиет, мінез-құлық, сосын, жауапкершілік, содан соң – парыз/қарыздар.

Жұрт семья көрмегендей, мектепте оқымағандай, университет/институт қабырғасында дәріс тыңдап, кәсіп игеріп, жоғары не арнайы білім алмағандай, тіпті, көзі ашылып, оң-солын танымағандай, жер мойны қашық елді мекендерге шұбырады. Құжынаған қара халқы аяқжолда телегей теңіздей сапырылысқан шаһарларға ағылады. Ешкім қыстап жатқан жоқ, әркім өз еркімен, өз аяғымен келеді.

Үйренетіні не, ер адам елін асырауы керек, әйел адам ұрпақ өрбітуі тиіс.

Бұл да аз, жаны қысылғанда, көзі ашықтары исламға сүйенеді, хабары жоқтары ата жолын таңдайды.

Сонда ойлаймын: неге кітапты ашып өздері оқып, қара танымайды, ұятқа да ұстаз керек пе, кісіліктің қадірін міндетті түрде басқадан естуі қажет пе? Әсілі, анадан артық, әкеден асқан қандай ұстаз бар? Мамандық емес, сырттан үйренетін кәсіп емес, Құдай-ау, тәлім-тәрбиені де көшеден естіп келетін болдық па?

Түсінбеймін. Мен кезінде Бекболат Тілеуханмен, қатар болмаса да, жедеқабыл, Политехникалық институтта оқыдым, түсті металдар металлургиясы мамандығы бойынша инженерлік кәсіпті меңгердік, дұрыс, мұны үйде үйрене алмайсың, арнайы оқу қажет, ал мотиваторларға не жорық… қосымша сабақты қажет ететін күрделі пәндер – математика, геометрия, физика, химия, биология емес.
Меніңше, әр адам оқшау, елден бөлек, рухани жолында, бейнетін де, зейнетін де, қасиет-құндылығын да өзі қалыптастырып, өзі кешуі қажет.

Ешкім сіз үшін өмір сүрмейді, сіз үшін өлмейді. Әркім өз өмірін өзі сүреді, өз өлімін өзі көреді.

Біреудің ғұмырын басқа біреу сүріп бере алмайды. Әрбір адам өз өміріне өзі жауапты. Тіпті, қала берді, еш адамда өлім тәжірибесі жоқ. Пенде – қараңғы, ізденіс –жарық. Бүкіл әлемдік қараңғылық алдында бар адам – тең, қатар, дәлірек айтқанда, бірдей соқыр.

Кім болса да, тағдыр деген тауқыметтен құтылмайды. Өмірдің мәні өмір сүргенде қалыптасады, әлі күнге шейін ешкім де дәрістерден бақытты болып кеткен жоқ.

Мотиватор сиқыршы емес, Абай айтқандай: “Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап”.

Кітап оқыңдар, ағайын, мен білетін мотиватор – кітап, білім, ізденіс.

Бақыт – іздеген адамның қолында. Бақыт деген – бақыт туралы ойда. Сондықтан, бақыттың бар/жоқ екенін өзіңнен басқа ешкім білмейді.

01.04.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here