Мәңгілік қашанда мифтің қоршауында жүреді. Мифтің өзі – қайшылықсыз, тұрақты, өзгермейтін форма.
Уақыт – мәңгіліктің кезеңдік өмір сүру қалыбы.
Бүкіл әлемдік, дүние жүзілік, қала берді, ұлттық маңызы бар уақыт, кезеңнен асқанда, мәңгілік сипатқа ие болады.

1.
Кешегі, жылына төрт мезгіл салқар көш түсетін, ұшан-теңіз шалқар дала, көшпелі жұрт маршруты, бүгінде көлік қаптаған қара жолға айналды.
Тегі, атақ-даңқы асқан, сақаралық Ұлы дала (Тәңірі мен Ұмай ана) аңыз-әфсанасынан (вертикальды логика) жаралған, қазақ қонысы жайлы, азаттық туралы, жаугершілік заманда, алашты күреске шақырған, Асан қайғыдан Нысанбай жырауға дейінгі жеке толғаулар, жаңа кезеңде заманауи тарихи уақиғаларды (Тәуелсіздік жылдары) қамтыған эпостық (қазіргі қазақ поэзиясы) дастандар (горизонтальды логика) көлеміне жетті.
Тікелей байланыстағы әрбір оқшау аңыз пафосы, жеке әфсана қаһарманы туралы философия кейін жұртпен бірге, қатар өмір сүретін халықтық эпосқа айналады.

2.
Астана – постмодернистік (модерндік) архитектуралық сана, адамзат ақыл-ойы жеткен меже, озық сәулет өнері, ғылыми-техникалық дамудың, технологиялық табыстың көрінісі.
Күрделі конструкциялық шешімдердің, алдыңғы қатарлы, үздік құрылыстық-инженерлік ойдың жемісі.
Ғылымнан жаратылған қала, философиялық толғаныстан туған шаһар.
Біздің мифологиялық қуанышымыз, ақыл-ой, сана-сезім, тылсым-түйсіктің қосылған тұсы, бар қаһармандары бақытына жетіп, күллі халқының арманы орындалған ертегідей елді мекен.
3.
Астанада айтылған әрбір сөздің жалпы халықтық сипаты, елдік қасиеті, абыз оқыған дұғадай киесі бар, күші әсерінен білінеді, қуаты тау қопарады, тас тіледі, дабысы жер жарады.
Ой-қиялдан өрнек салған Елорда – жарқын келешектің кескін-келбеті, асыл мұратқа талпынған Қазақстан образы, есейген елдің кейпі, Тәуелсіз мемлкеттің символдық бейнесі.
Елорда елмен бірге жайнап, ен даламен қатар құлпырып, дамып, өніп, өсіп келеді.
Бас қала бойынан киіз туырлықты қазақтың қасиет-құндылықтарын, мінез-құлқын көруге болады: өр, еңбекте бейнетқор, тапсырмада белсенді, қиялында ұшқыр, білімде озат, жұмыста озық, тәрбиеде өнегелі.
Әр алашқа туыс, бар қазақ жұртына мақтаныш, елдің еңсесін көтеріп, халықтың бойын тіктеген рух.
Көрмеген көруге асығатын, көрген кете алмайтын, кеткен ұмыта алмайтын қала.

4.
Ерте тұрған қазақ Елорданың уақытымен жүреді, кеш оянған қазақ Астанаға қарап сағатын түзетеді.
Астана уақыты – қазақтың уақыты. Бар Қазақстан жұртшылығы қайда жүрсе де, қайда өмір сүрсе де, әнұранды шырқап, тегіс қатар жатып, түгел бірге оянады.
Астана сағаты азат шақтың алтын мезгілін көрсетеді.
Елорда төрт тараптың басын қосқан жол торабы, жан-жаққа жол сілтейтін жолайырық. Шартараптың қиылысы. Қазақ сақарасы, алаш аймақтары, елді мекендерден шыққан көштің бәрі тегіс Астанаға апарады.
5.
Қазақ деп соққан алаш жүрегі алып-ұшып Астананың алып жүрегімен бірге, қателеспей, жаңылмай, адаспай, қатар соғып тұрады.
Бағы жанып, байрақ тағып, бар қазақ үкілеген азат күннің алтын таңы атқалы бақыттың бар екені алаш есіне түсті.
Азаптың қорлық түні ұмытылды.
Жазиралы гүл-бәйшешек жерінде, жарасып гүлдесте көшет легінде, ертегі еліндей жүреміз шалқып, жүргенде Елорда көшелерінде.
Бас шаһар. Елбасының төл перзенті.
08.11.2018

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here