Қазіргі заманда ақпарат құралдары – ең үздік насихатшы. Кез келген қоғамды дегеніне көндіреді, айтқанына тыңдатады, айдағанына жүргізеді.
Уысынан шығармайды.
Мәңгілік тақырыптарға қалам тартып үйренген қазақ баспасөзі де бүгін өз заманы туралы көсіліп жазғанды, кесіп жазғанды жақсы көреді. Бәрі ақылшы, бәрі данагөй, өзінше данышпан.
Шын мәнісінде, бүкіл саяси тартыс – белгілі бір үлкен контекстің мазмұндары. Контекст құбылысын тану үшін, мәнін түсіну үшін қалыптасқан жағдайдың жалған табиғатын, жасанды бет-бейнесін танысақ та, ұқсақ та болғаны.
Жалпы, саясаттың мәні мен мұраты сәйкес келмейді.
Бұл жағдайдың, демек, қолдан жасалған, жүзеге асып жатқан жоспардың қаракет-көрінісі – саяси ойыншыларға пішіп, сомдап берген үлкен контекстің құрамдас бөлшектері, яғни, құрақ көрпенің көлемін құрайтын, әр тойдан қалған майда-майда жыртыстары.
Құрақ көрпені жыртыстан құрайды.
Жоспардың жүзеге асуын басқарып отырған, сюжеттің даму бағытын назарда ұстап отырған шығарма авторлары – финалдың, демек, алыстағы кәміл жеңістің айқындығын жақыннан анық көреді.
Олар жарықта отыр, біз қараңғыда қабырға сипалап жүрміз.
Платон үңгірі еске түседі. Саңылаулардан аңдыздап түскен, қабырғалардағы серейген, ұзын, өз көлеңкелерін көріп, жұрт оны шын өмір деп қабылдайды. Жарықты көрмегендер көлеңкелерде өмір сүріп үйреніп кетеді екен.
Бұл сайлаудағы саяси партиялар мен сәбидей сенгіш, бала көңілді ересек үміткерлер, бар болғаны, негізгі ойыншы – бас үміткердің көлеңкелері немесе контексін құрайтын кіші мазмұндары ғана.
Көлеңкелердің бір қасиеті – түпнұсқа бейненің іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын қайталайды, өз еркімен қабырға жағалап, сыртқа шығып кетпейді.
Еркін екенін білмейтін көп тұсалған сәйгүлік аттар, әдетте, қора маңын жағалап, алысқа ұзамай, оттап, жайылып жүреді…
Жемі бар, жүретін маршруты анық көліктің байланған бақыты да осы. Жануарға басқа қандай бақыт керек?
Дидар Амантай

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here