Қазақ виртуалды кеңістігі соңғы он жылдың ішінде қатты өзгерді. Ертеде: топ жарған, озық шыққан елдің оқшау шұғылданатын аса маңызды қызметі болатын. Қазір шығармашылық тұлғаны былай қойғанда, әр оқушының өз сайты немесе әлеуметтік желілерде күнделікті жүргізіп отыратын жеке парақшасы бар.

Әлемде байланыс күшейді. Жылдам хабар алғызатын бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық сана, қоғамдық талғам, қоғамдық пікір қалыптастыратын алып күшке айналды.

Негізінен, қазір әлемдік БАҚ, тіпті, ұлттық БАҚ, көпшілік мүддесін көздеп, бұқара сөзін сөйлеуге талпынып, қара орман көптің мұратына, пендешілік мұратына ұмтылып жатыр, себебі, бұл мақсат – оның пайдасына шешілетін мақсат, көрермен санын көбейтетін, таралымын кеңейтіп, ықпалын күшейтетін жол, сондықтан аудиториядан айырылып қалмас үшін, күрделі мәселелерді, терең мазмұнды, биік өрені телевизиялық бағдарламалардан шеттете бастады.

Өмір қызық-думаннан тұратын болды. Күнде ән, күнде жыр, күнде күлкі… Күлген сайын телевидение ажары қаша ма, әлде әрі кіре ме, танып үлгерген жоқпыз, әйтеуір іргелі ой-пікірге орын жоқ, кешенді тұжырымдамаларға жол жабық заман туды.

Бірақ, біздің ойланғымыз келеді, көптеген сұрақтардың жауабын іздейміз, басымызға бақ қонып, дәулет орнағанын қалаймыз.
Бәріміз де бай болсақ дейміз.

Еркін тұлға, бостан пенде бақытқа лайық. Жомарттың қолын жоқ байламауы тиіс.
Білім ғана – қол созған мұрат, аңсаған арман амалы. Ізденіс қана – білім алудың жөні. Бейнетқорлық қана – ізденістің арқасүйері.

Теледидар сайты осы туралы.
Ойландыратын, байсалды әңгімеге шақыратын басылым.
Ойланамыз, демек, ойланғанда өмір сүреміз.
Адамды адам еткен ой!

Дидар АМАНТАЙ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here