Болмыстың үн / Дыбыстың белгісі
Сөз – түсінік. Мәні бар, көлемі бар, орны бар. Шеңберленген білім, мағынасы белгіленген кеңістік. Өмір сүру формасы – оқшау, бөлек, екі түрден тұрады, бірін-бірі толықтырған, бірін-бірі қайшылаған дербес қос ұғым – фонетикалық (еститін) және визуалдық (көретін) құбылыстар.
Тегінде, сөз – дыбыс образы. Әрі таңба көлеңкесі. Сана – таңбаға түскен жарық. Демек, сана қалыптаспай, ұғым-түсінік кездейсоқтықтан, орта әсері, жағдай ықпалынан арылып, өзіне өзі тән мән-мағынада бейнеленіп, нақты кейіптен абстракциялық үлгі бөлініп шықпай, яғни, сурет көшірмеден таңбаға өзгермей, белгілі бір нұсқаны емес, бүкіл түрдің қасиет-қадірін, қарым-қабілетін таңбалайтын өлшемге айналмай – ой құралмайды, адам пайымдай алмайды.
Зады, түсінік сөзге байланады, сөз таңбаны кескіндейді, әлде таңбадан сөз кескіні туады.
Әдетте, жолдан қосқан сөз үйірден айырған тізгіндегі ұшқыр жылқы, жетектегі пардың сыңары тәрізді. Салқар көште сөз реті ауысып отырады, біресе топ жарып алға шығады, біресе кейін шегінеді, ерден түсіп қалатын әлсізі де болады, артында, ту сыртында тұрған күшті таңба дыбыстық атауынан айырылғанда, алғашқы түп мағынасы жоғалады, бетпақ түзде соңдарынан қарауытып, үнсіз қалып бара жатады. Ол сөйлейтін уақыт әлі туған жоқ. Заманы келгенде, басқа, бөтен тілде сөйлейтін болады. Тас белгі әфсана сюжетінің мән құтқарған қаһарман-кейіпкеріне айналады. Аңыз бастапқы ойды тұтас жеткізбесе де, бүтін образдан бөлшек-бөлшек хат-хабар жібереді.
Сөз – көшпелі. Бүгін бір ұлтқа қызмет етсе, ертең басқа тілдің құрамында жүреді. Шағын адамзат дәуіріндегі ортақ тілдің лексикалық қоры бүкіл әлемге жайылып келеді. Қазіргі көлеміне жедеқабыл бір секундтың ішінде жеткен алапат жарылыстан бері жайлап кеңейіп келе жатқан Әлем тәрізді.
Әфсана персонаждары қашанда толық, үйлесімді, бүтін. Бүтін образдың қайғысы – жарты. Себебі, идеяның мазмұны толық емес, жартысы – елсіз бетпақ, түз далада. Жарты қайғы тастың бедерінде не көмескіленіп, не жарқырап жатады. Бедер – бейсаналық жад. Аңызды қозғасаңыз, қаптап жүрген бейнелері санадағы көне естеліктерді (архетиптер) оятады, бейсанада жатқан, қамалған пайымдарды шыңжырдан босатады.
Тастағы жазу – санадағы жазудың сыңары.
Ұзақ жолда таңба жыңғылды шауып, орманды жарып, тауды тесіп, ілгері жүре береді, сөз бір жерінде сырғып немесе сыпырылып түсіп қалуы да мүмкін. Немесе, керісінше, таңбаны жоғалтып алуымыз кәдік.
Шын мәнісінде, таңба жоғалмайды, басқа топқа қосылып, мағынасы өзгереді. Келесі күні былғары туға бетін жыртып жазылып, жорыққа аттанып бара жатады.
Орнында жоқ қаріп туралы ақпаратты екі жақтағы қос белгінің көршіден ажырап, үңірейіп тұрған қуысынан іздейміз. Із тұрған жерде емес, кеткен жолда қалады.
Сөз дыбыста ма, таңбада ма, анасы – үн бе, белгі ме?
Қайсысы – бірінші?
Шешімге байланысты философия да өзгереді.
Бір-біріне хабар бергенде, хабарлаған сөз дыбыстан қалыптасты ма, әлде көрсеткен белгіден сөз шықты ма?
Белгіден шықса – бүкіл әлем мәтін. Себебі, әлем – белгі. Әлемді таңбалап есептеу машиналарына жүктеуге болады.
Эпистемологиялық философия (лингвистикалық структуралистік ізденістер, феноменология, постмодернизм, таным теориясы, ғылым методологиясы, логика, диалектика) математикалық үлгілендіруге (моделирование) жол ашты (Людвиг Витгенштейн). Ол, өз кезегінде, ақпараттық технология (Юрген Хабермас) дамуына әсер етті.

Мәдениет кешендері / Түпкі негіздер
Пенденің әлемге деген өзіндік қатынасынан қоғамдық немесе жеке ғаламзаттық көзқарас туындайды (мировоззрение). Оны, әрине, жұрт психо-эмоциялық тұрғыда қабылдайды – ғаламзаттық көңіл күй (мироощущение). Екеуінің негізінде дүние үлгісі (модель мира), ғаламзат жайлы түсінік қалыптасады (миропонимание).
Философия деген сөзді алтыншы ғасырда тұңғыш қолданған Пифагор екен, бір патша әңгіме үстінде сұқбаттасынан оның мәртебесін айқындап қою мақсатында, Сіз данасыз ба, деп сұрапты дейді, сонда Пифагор, дүниде Тәңірден басқа дана жоқ, мен философпын, демек, даналыққа құштар адам ғанамын деген екен.
Данышпан емес, бірақ соған талпынған ерік-жігер иесі, ақыл-ойға ұмтылған қайратты тұлға. Қайратсыз ақыл – тұл, деген еді Абай.
Яғни, философияның бір тегі – даналыққа құштарлық. Екіншісі – мифология, үшіншісі – дін.
Үшеуі де – қоғамдық сана көрінісі.
Тіл – ойдың құнары – ұжымдық (қоғамдық) құбылыс. Ол – бір адамның ғана ойлап тапқаны болса, онда қарым-қатынас құралы бола алмас еді. Өзіне ғана түсінікті грамматикалық және лексикалық құрам қанша тырысса да, ешқашан тұтас қоғамның игілігіне айналмасы – айдан анық.
Сонымен қатар, ойшыл адам баласын көне замандардан бері толғандырып келе жатқан нәрсе, ол – мәдениет кешендері (универсалии культуры) немесе түпкі негіздер (предельные основания), олар – анық таза болмыстың мәңгі формалары тұрғысындағы (вечные формы чистого бытия) тұрақты категориялары – болмыс, материя, пән, құбылыс, үдеріс, қасиет, қатынас, өзгеріс, даму, себеп – салдар, кездейсоқтық – қажеттілік, бүтін – бөлік, құрылым – элемент. Тізім толығып жалғасып кете береді.
Болмыс пен оның бөліктерінің тұжырымдалған бейнелері. Демек, қоршаған орта дегеніміз табиғат (жаратылыстану), қоғам (рухани игілікті зерделеу) және адам (жанын, санасын, рухын зерттеу), бұл көрсетілген мәселелер – түбегейлі шешілмейтін, үнемі даму үстіндегі, мәңгі (салыстырмалы) қозғалыстағы пәлсапалық тақырыптар.

Табиғат / Мәдениет

Қоршаған ортаны біз екі үлкен шексіз әлемге бөлеміз: табиғат (адамның қолы тимеген, өзінен-өзі пайда болған немесе Құдай жаратқан, өз бетінше өмір сүріп жатқан) және мәдениет (адамның қолымен жасалған, бақылауындағы).
Өз алдына мәдениет заттық және рухтық игіліктен (рухани) тұрады. Философия, жалпы, дін, ғылым, өнер тәрізді рухани мәдениеттің формасына жатады. Сонымен қатар, аталған сол рухани формалардың проблемаларын зерттейді.
Әдебиет (жалпы, өнер) – рухани мәдениеттің бір түрі, бірақ, біз әдебиетті зерделеген ғалымды ақын, жазушы, қаламгер деп емес, дәстүр бойынша, әдебиеттанушы атаймыз, сондықтан рухани мәдениеттің формаларын, жалпы мәселелерін қарастырған адамды философ деп айтқанымыз о бастан – теріс нәрсе. Дұрысында, ол – пәлсапатанушы деп аталуы тиіс еді. Алайда, бұл сөз қолданысқа енген жоқ, айналымға түсе алмады, сіңбеді.
Меніңше, философия дегеніміз қоршаған орта (табиғат, қоғам және адам), сонымен қатар, болмыс, сана, пайым және олардың – құрылымы, дамуы, зерделенуі туралы – жалпы тәртіптер, заңдылықтарды пысықтайтын – ізденістердің, танымның ерекше формасы.

Ой-түйіндер / Логика / Диалектика
Әлқисса, тұжырымға жетудің екі жолы бар: біріншісі, төрт заң (“теңдік”, “қайшылықты жою”, “үшіншіні жоққа шығару”, “жеткілікті негіз”) мен бес ой-әрекеттен (конъюнкция немесе “және”, дезъюнкция немесе “не – не”, импликация немесе “егер – онда”, эквиваленция немесе “тең”, терістеу немесе “емес”) тұратын логика, екіншісі, үш заңнан (“қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі”, “санның сапаға өзгеруі”, “терістеуді терістеу”) құралатын диалектика.
Үстеме, қос әдістеме – индукция мен дедукция да – қорытынды шығаратын ереже, тәртіп, қағидат қатарына жатады.
Қатысатын мәндеріне, аздығына, көптігіне байланысты логикалық әрекеттер унарлы (бір мәнді) немесе бинарлы (екі мәнді) сипатқа ие болады.
Философия салаларына қарап отырсақ, оны пайымдау өнері ме деп қаламыз.
Логиканың өзі бірнеше түрге бөлінеді: формалды емес, мұраты – ойдан қателеспеу, табиғи тілдегі дәйектілікті зерттеу, логикалық семантика, пәлсапалық логика, дәйектілік теориясы, тілдің логикалық талқысы.
Кез келген қорытындыда пайым формасы мен төл уақиғадан тұратын формалды мазмұн бар, егер біз мұны абстрактілік жалпылама ереженің жеке қолданысы ретінде көрсете алсақ, онда ол формалды логика болып шығады.
Символикалық логика символдық абстракциялармен айналысады.
Диалектикалық логика дегеніміз, маркстік ілім аясындағы пайым, пайымдау туралы ғылым. Пайымдау ұғымы көне грек пәлсапасының тақырыбы – логос ретінде пысықталады, ал диалектикалық логика – физика, химия, биология, демек, жаратылыстану ғылымдарының бір түрі тұрғысында танылады.
Бүгінгі логика ұлы тақырыптарды көтереді: формаланған теориялардың қайшылыққа ұшырамауын, толықтығын, шиеленістерінің шешілетіндігін, аксиомалары дербестігін, формалды жүйелердің дұрыстығын, айқындалатындығын, логикалық теориялардың салыстырмалы талдауын қарастырады.
Математика негіздеріне сүйенген логикалық тұжырымдамалар бір-бірінен ұлы теориялық проблемаларды шешу жолдары бойынша түрленеді. Қатарына, тобына – психологизм, логицизм, формализм (математика), интуиционизм, конструктивті математика, консерватизм (логика) – кіреді.
Тағы бір проблема бар: ол – көптік (множество) теориясы ашқан жаңалықтарды, ізденіс нәтижелерін қағида, ережелерге айналдыру мәселелері – логикалық парадокстер, семантикалық парадокстер.
Жалпы, логика пәнін, мәселелерін түсіну үшін философиялық категориялар мен ғылыми терминдерін тану қажет: абстракция, адаптация, аналогия, антиномия, дәйектеу (аргументация), ассоциация, гипотеза, дедукция, дәлел, логика заңдары, индукция, ақиқаты, реттеу (классификация), тұжырым, анықтау, жоққа шығару, парадокс, паралогия, түсінік, белгі (признак), семантика, силлогизм, софизм, софистика, ой-пікір (суждение), тавтология, теория, ой-қорытынды немесе ой-түйін (умозаключение), формалды тіл.

Таным методологиясы / Ұстындар

Философия ғылым (таным) методологиясы рөлін атқаратыны сөзсіз. Әрине, әр ғылым саласы зерттеу объектісі ерекшеліктеріне байланысты, өзіне тән әдістеме қалыптастырады, бірақ, танымның жалпы ұстындарын, категорияларын, жолдарын, тіпті, құралдарын, теориялық ізденіс негіздерін философия түзеді.
Пәлсапалық әдістеменің өз ерекшеліктері бар: біріншісі, абстрактілік қасиеті, яғни, жалпылама, біржақты мағыналы немесе нақты амал емес. Екіншісі,
эвристикалық сипаттылығы, түсінуге жеңілдетілген әдіс-амалдар құрамынан көрінуі, кейде, тіпті, сілтеме, нұсқау, белгі түрінде бой беруі. Бүкіл ғылыми әдістемені жалпылама (диалектикалық және метафизикалық), жалпы ғылыми (эксперимент, бақылау, үлгілендіру) және белгілі бір айрықша, арнайы әдістемелер, деп бөлуге болады.
(танымның ұстындарына: объективтік ұстын, танымдылық (познаваемость) ұстын, жан-жақтылық ұстын, тарихилық ұстын, нақтылық ұстын жатады.
Неопозитивизм (Карл Поппер, Томас Сэмюэл Кун, Имре Лакатос, Пол Карл Фейербанд) соңынан келген постпозитивизм өкілдері бұл мәселелерді шешуде көп еңбек сіңірді.
Поппердің айтуынша, сыни көзқарас – әдістеменің үлкені. Мінді тауып, түзеу керек. Америкалық ойшыл тарихи-ғылыми үдерістің басты ұғым-түсінігін парадигма деп белгіледі. Парадигма – бәрін және бүкілін бір бойына жинаған ұстын. Ол дәуірдің заманға қарайтын көзі, Лакатос әдістемені ғылыми-зерттеу бағдарламасы тұрғысында қарастырады).

Ғылым / білім
Әлде, философия ғылым ба? Ғылым – жаңа білімнің өндірісі. Ғылыми таным әдістемесі үш кезеңнен тұрады: болжам (құбылыстың себеп-салдары туралы), гипотеза (құбылыстың және оның қасиеттерін бірін қалдырмай түсіндіретін жалпы принциптің тууы), теория (көп гипотезаның ішінен бірінің тәжірибе жүзінде бірнеше мәрте дәлелденуі), соңғысы – логиканың индукция және дедукция әдісіне құрылған, танымның үшінші сатысында тұрақтанған ғылыми білім.

Философия осыған сай ма? Сай, егер бар қызметі, зерттеу объектісі, айналысатын пәні, бәрі тегіс – жалпылама ізденістер деген мәртебесіне ие болса. Бірақ, философияның мәселелері – түбегейлі шешілмейтін, негізінде, түпкілікті қорытынды жасалмайтын мәселелер.
Әлбетте, физика – табиғат болса, философия – метафизика. Демек, табиғаттан тыс жатқан проблемалар. Етене, таныс емес, керісінше, не толық, не біршама дерексіз нәрселер.
Білім объективті болуы тиіс, санамыздан дербес, іс-әрекетімізден тәуелсіз. Өз бетінше жүріп, өтіп жатқан нәрселер, құбылыстар, қатынастар жайлы, құрылымы, заңдылықтары, басқамен байланысы туралы деректер жиынтығы.
Білім – рухани құнды, заттай бағалы.
Коммуникациялық дүмпу / Тілдескен адамзат
Бүгінде, жаппай сөйлесіп жатқан заманда, тілдесу – өмір сүру формасы. Тілдің түрі де көп, тілдесетін жолы да көп. Әлем тілге айналып кетті. Себебі, мәтін табиғаты өзгерді. Тіл – сөз емес, тіл – белгі, таңба. Сөз – тасымалданатын информация.
Цифр да – тіл. Ақпараттық технология осы қағидаға құрылған. Бертран Рассел, Людвиг Витгенштейн еңбегі жанды. Бұл аяулы екі адам – математик пе, физик пе, логик пе? Меніңше, философ.
Философия жаңа көкжиектерге шықты. Болжамның рөлі артты. Абстракция күшейді. Тақырыптар болмыстан ауытқып, санаға, ой-пайымға, субъект-объект, ғылым-пән, шындық-ақиқат мәселелеріне ауысты. Дәлірек, сөз (тіл) проблемаларының көрінбеген, айтылмаған, шешілмеген кеңістігі ашылды. Қоғам дамуының көрсеткіші еңбек құралының күрделілігі арқылы емес, ақпараттық технология құралдары деңгейімен өлшенетін болды.
Сөз – тіл – мәтін. Бұл үштаған философияның негізгі (басты) мәселесіне айналды.

Ұлт философиясы / Тілдік ерекшеліктер

Философия тілдік сипатына қарай емес, қойған мәселесі, таң қалған мәселесі, күмәнданған мәселесі бойынша классификацияланады.
Тіліне бола ұлттық атанған философия, шын мәнісінде, көзқарас, ғаламзатты ұлттық тіл құнары арқылы түсінген, әлем үлгісін тілдік ерекшеліктеріне орай, көз алдына келтірген образды түсінік.
Неміс классикалық философиясы деген шартты атау, бұл жердегі неміс деген қосымша сөз Иманнуил Канттың, Георг Вильгельм Фридрих Гегельдің, Иоганн Готлиб Фихтенің, Фридрих Вильгельм Йозеф Шеллингтің, Людвиг Андреас Фейербахтың неміс нәсілінен екендігін білдіріп тұрған белгі ғана.
Қазақ ғылымы, оның ішінде математикасы, физикасы, химиясы, биологиясы, сосын, философиясы – қарқындап дамыса, біз де қазақ деген құрметті атаққа ие боламыз.
Құдай, ләйім, сол құрметке жеткізсін!

Дидар Амантай
23-25.02.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here