Дидар Амантай

Жасыл тыныштық

әңгіме

– Енді, жазба – ештеңе өзгермейді.
– Жарайды.

Орман іші – жап-жарық. Күн сәулесі таңертеңгілік мезгіл ұзын-ұзын серек ағаштар арасынан кедергісіз құйылып, таңғы салқында жаураған бойымызды жылыта жөнеледі.

Жер мойны қашық Жетіқарақшы, Ақтерек, Жиренсақал, ағаштан қиған мұнаралы Құнанбай қажы мешітінен, көне Қарқаралыдан жеткен азан уақыты, нұр шұғыла аңдыздап төбемізден жауған ашық тұстардан қарауытады. Іргемізден Шаңкөз, Бұғылы, Тағылы шың-құздары көрінеді.

Тау етегі – топ қайың, шаған жапырақты үйеңкі, үзік-үзік сымбатты ірі теректер, әлдеқалай, ойдым-ойдым көлшік, иірім айналған солқылдақ бұта, қызыл шілік, ойпат, қырат, үстірт, негізінен, зәулім қарағайлар, қылқан жапырақты, тегіс биік, заңғар, алып орман-тоғайдың ажар-көркі, кейбір тұсы қалың, жоғарылаған сайын – сұйық, сидам, текше-текше қатпар тастар, жақпар-жақпар, сүйекті, тақыс бұтақты, қызыл күрең түсті тобылғылы жер, түбіндегі, қаптап, қаулап өскен жыңғыл, шеңгел тәрізді бұлтық-бұлтық жабайы бұталар, сорапты қуалап, жарып өткенде, етектен жұлқи тартып, жібермей, қарға адым ілгері бастырмайды, киімдеріміз сояудай тікенектеріне ілініп, жүрісіміз маңдымай қойды.

Кенет ертегі желісі күрмеуіне, уақиға жалғасына ұқсап, қарсы жақ, маңдай алдымыздан жол ашылды. Сүрлеу көп, жаңа түскені, терең қазылғаны сирек, бірін-бірі кесіп, шимайланып, жонға көтеріледі. Қиялай өрлеп, сайға құлайды. Жоғарыдан қайта көз салғанда, биік шоқыдан – ылдилап, сілемденіп, сұлап жатады, сосын, бұралаңдап, созылыңқырап барып, қыр асып кетеді, таусылмайды, көбісі айқын емес, көмескі, кей жерінен, тіпті, үзіліп қалады. Ескі соқпақ қайда апара жатқаны белгісіз.

– Қазір ешкім жазбайды.
– Мүмкін.

Төңірек тып-тыныш. Әредік ағаштардан жұпар иісі аңқыған бұршақ-бұршақ, ірі-ірі жаңғақтар құлап түседі. Бізді бір алабөтен жұмбақ күйге бөлейді. Көң топыраққа бірінен соң бірі жүйткіп келе жатып тырс-тырс домалап құлайды. Құлағаны қызық, кейде тұрып-тұрып бәрі бірдей, бір мезгілде, қатарынан күмп етеді. Кешеуілдеп жеткені қарағай қабығын, шайыр діңін жағалай, төмен құлдилап, қапелімде жолайырықта сағызына ілініп, желімденіп, жабысып тұрады, салмағы басып, үзіліп түскенде, қалтырап баяу сырғиды, көп ұзамай, екілене жауған нөсердің адасқан жалғызілікті тамшысы тәрізді қаңғалақтап ағып бара жатады. Екпіндей, ентелеп ұмтылған күйі ағаш тамырларын ұрады, бұтақтарға соғылып барып, ұшып жерге тигені, әлсіз дыбыс шығарады. Біз жайбарақат басып елік адым озғанда, жұпар иісі аңқыған бұршақ-бұршақ жаңғақтар соңымыздан тырсылдап қалып жатты.

Маңайда – басқа шу жоқ.

Оқта-текте, дәл іргемізден, аяқастынан – самал жел пайда болады. Шашыңызды қозғап, маңдайыңыздан сүйіп, бет ұшынан өпкенде, кешегі, ескі танысыңыздай, ғайып бейнесі көзіңізге жылы ұшырап көрінетіндей әсерде қалдырады, кенет, шұғыл сырт айналып, желкеңізден қытықтап, желпілдеп ойнап, тыныштықта, тосын, ізім-қайым жоғалады, алайда, таза, мүлдем жойылып кетпейді, қайыра қоңыр салқын лебі қапталдан, әредік теріс жүргенде, ту сыртымыздан жайлап еседі. Бейтарап, марғау жолда біз нысана-мұрат, бағыт-бағдардан жаңылып, анда-санда еріксіз теріс бұрыламыз. Жөн тауып, кері қайтқанша, қарсы алдымыздан әлсіз самал қайта соғып, жібек орамалдың шеті бетімізге жұмсақ тигендей, жүзімізді майда сипайды.

– Жазба, қажет емес.
– Жақсы.

Дүние жым-жырт. Кенет, етектен жоғары көтерілгенде, іргеден, тау сауырынан құлаған өзен шуылы естілді. Көбік шашып, сарқырап, айдыны төбеден қарағанда, күмістей жылтырап, мүмкін, айнадай жарқырап, екпіні қатты ағынмен, иірім, тоғандарды бұзып, кедергі, үйінділерді қиратып, дүрілдей, тасқындап ағып жатқан шығар. Біз кідірмей, ілгері оздық. Өзен гүрілдеп барып басылды. Сылбыр аяңдап, бірқалыпты жүріп, алыстап кеттік.

Төңірек қайыра тыныштала қалды. Орман ішінде жай сөйлесеңіз де, тарғыл дауысыңыз жаңғырып естіледі. Әлсіз шыққан дыбыстың өзі, құлаққа ұрған танадай тыныштықты бұзып, бір сәт дүбірлі дүние қайта оянып, орман іші сабырынан айырылады, түз тағысы, тау-тасты мекендеген аң-құс, бәрі тегіс, бір-біріне елеңдеп, жан-жағына елегізіп, дабысқа еліктеп, дабырдың, дүбірдің шуына еліріп – азан-қазан шулап кетеді. У да шу соңы дүрбелеңге ұласып, алды-артына қарамай, дүркірей қашып, дүрсілдей шапқан, асыға жортқан жан-жануарға толады, байтақ әлем қозғалысы көңілді тосын алапат әсерге бөлейді. Шу азайып, ырду-дырду басылғанда, әрқайсы өз орнына оралады, ұясына қайтады, ініне кіріп, көзден жасырынады. Кейде шілік арасынан бөдене, қырғауылдар қалың қауды жарқ-жұрқ қопарып, жолға көлденең шыға келіп, адасып, көк шалғынға қарай қашып, жүгіріп бара жатады.

Күн жылы, мамыражай шақ, жаз маусымы, нағыз өмір сүретін уақыт. Екеуміз тауға қиялай шықтық. Төбесіне жеткенде, тоқтап тыныстап алдық. Алыстан үркердей топтанып үзік-үзік шағын ауылдар қарауытады. Шет үйлері бытырап, тарыдай шашылып, маңайында оқшау-оқшау үркесоқ жатыр. Екі ауылдың арасы қысқарып, бір-біріне жақындап, астасып кеткендей. Жан-жақ, қыр дала, қадау-қадау елді мекендер кішірейіп, тегіс алақанда жатқандай көрінеді.

Бұл Қарқаралы өлкесі, алтын бесік, менің туған жерім. Жарықтық қандай ыстық десеңізші, сағынышым тарқамай, қайта-қайта қымбатты алапқа қарай бергім келеді.

Кеткенде, бала едім. Енді қазір жер ортасына келдік. Екі жастың бірін тауысып қалдық. Өнер деп өмір сүрдік, әдебиет деп бейнет кештік. Тұрлаусыз дүние екен, пәтуасы жоқ, түбіне жетсек те, біз оқып-тоқыған, санамызға, көкірегімізге түйген ілім-білім – баянды бақытқа, ізгілік-қайырым – шапағатқа, ізденіс пенделік қуанышқа жеткізбеді.

Ризықтың Отаны – қара орман еліңіз, қазақ жұртыңыз – алаштың атамекені.

Елге қайтсаңыз, Алматыны жоқтайсыз, оңтүстік астанаға барсаңыз, туған жеріңіз еске түседі.

Сірә, сағыныш – құдыреті күшті Тәңірдің қанжығамызға байлап берген олжасы. Олжа деп байландық, бірақ, шерге айналып кеткендей, қайғысы көп, Алматыдан қайтіп кетесіз, туған жеріңізді қалай қиясыз. Біз биіктен ауылға көз алмай қарап тұрдық. Қанша қарасаңыз да, дауылпаз ақын, тылсым әлем, жарық дүние жыршысы, Аманжолдың Қасымы жырға қосқандай, бір сәт тоясыз ба.

Өмір бір жақты бағытынан көз жазбайтын жүйрік көлік тәрізді. Әйтеуір, таңның атысы, кештің батысы жанталасып, бәріне үлгеруге талпынған, асыққан, беймаза жұрт. Соңғы аялдаманы көрмеген соң, тегіс жылдам, уақытпен жарысамын деп жақындай түседі.

Сыңсыған қарағайлы орман тыныш қалпы, қалжырап, маужырап жатқандай көрінеді, зер салып, қас қадасаңыз, сұлулығынан көз тұнады. Ол ешқайда асықпайды. Оның өмірі ақырын өтеді. Ат ауыстырып мінгендер мұратына тез жетеді, бірақ, ғұмыр дегеніміз тыныштық, алаңсыздық, жайбарақаттылық емес пе, көңілі тоқ адам көп сөйлемейді, сосын, әдетте, көлгірсімейді, ну орман тәрізді жайнаған тіршіліктің жасыл шуылын тыңдап, міз бақпай, үнсіз тұра береді.

Тыныштықтың бояуы – тіршіліктің түсі – көк жасыл. Сенімділіктің белгісі, өмірдің сыны, жан жаннаты, көңілдің үміті, сазы – анда-санда жел тұрып, жасыл желектің алып ағаштарын жайқаған, шайқаған дыбысы.

Әдетте, жасыл дыбыстың шуы жоқ, көп ғасырлар бойы теңселіп естілер-естілмес, алмағайып ән салып тұрғаны болмаса…

– Ештеңе жазба, бір адамдай жаздың, жетеді.
– Иә.

Екеуміз төмендей бастадық. Тыныштықты қақ жарып, жүріп келе жатырмыз. Орман үнсіз, аспан үнсіз, піл сауырлы қара жер үнсіз. Оқта-текте самал есіп, жел толқытқан жасыл дабыс қана бар. Дүниенің таңғажайып тыныштығын көркем кітаптардан оқығанда, туған жерді аралаған ұзақ сапар жадыңызға оралады.

Ешқандай бөтен дыбыс жоқ: көлденең әңгіме, көмескі сарын, жат күлкі, жалған көз жасы, бөтен қасірет-қайғы, бейтаныс қуаныш-шаттық, бөлек ән-жыр… тегіс тып-типыл.

Бәрі тым-тырыс. Әлемнің жасыл үнінде тіршіліктің жұмбақ құпиясы тұнғандай… қым-қуыт ғаламзаттың бастауы да – сонда.

Біз алаңсыздықты жырлаймыз. Расында-ау, тыныштықтан асқан бақыт бар ма өзі.

Орман алқабынан жанымыз тебіреніп, көңіліміз толқып шықтық. Қасқыр құйрық қарағайлар келер жылы жол түсіп жатса, туған жерге тағы ат басын бұрсақ, еш өзгермеген қалпы, сол күйінше қалғып-мүлгіп қарсы алатынына сеніміміз зор.

Тілеуқор жұрт, киелі отан, қайран, Сарыарқа… пішен науқаны, орақ мезгілі басталды, алаш елі қашанда дұғамызда, ұлы ормандар ұйқысынан оянбасын, жүрекжарды сөздің ақ тілегі анық, шалқар дала, бетпақ түз, ұшан-теңіз сақара ортасында шалқыған, кең-байтақ орман ішінде, біз қаладан шарқ ұрып іздеп таппаған, шаһар-қорғандардан көрмеген, адамның асыл бақыты, таңсық та тамаша – тыныштық өмір сүреді.

10.03.2019 / 19.04.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here