Сөз мәнері – Бұқардай өктем, өзі көкжал Барақ тәрізді асқақ, мінез-құлқы асқар Алтайдың шың-құздарындай өр.
Тумысынан, жүріс-тұрысынан – қазақ. Қазақ екендігін бір көрген адам бірден танитындай ірі, қаз дауысты Қазыбектей тура, бойында, әлде, атадан біткен, мүмкін, бабадан қонған, сойы-тегінен дарыған, қара қылды қақ жарған заңғар би-бағлан, әділ-жақсының қасиеті бар. Қуатты дауысы, бір тараптан, дау шешіп отырған құдыретті аға сұлтан Құнанбайдың үкіміндей қаһарлы, бірақ, екінші тараптан, ұстаз Абайдың қоңыр үніндей биязы, зиялы, сұңғыла. Бір өзінен – бүкіл қаймана қазақтың, киіз туырлықты бекзат жұрттың ұлықтаған барша қадір-қасиеті, сыр-сипаты, ой-санасы байқалады. Күмән жоқ, Досхан Жолжақсынов – алаштығынан бір сәт айнымайтын, айырылмайтын, адаспайтын қазақ.
Мәдениет – тағдыр. Нәсілді, ұлтты, тұлғаны қалыптастыратын, өзіндік тектестігін сомдайтын өнер, мәдениет, руханият. Қандай ортада туасыз, сондай ортаның жүгін арқалайсыз, қасиетін бойыңызға сіңіресіз, мұратына қол созасыз. Туған халқыңыздың тарихы – өткені, бүгіні, келешегі – Сіздің де жолыңыз. Ұрпақ – мүбәрәк ұлт ғұмырының жалғасы– салқар көштің ертеңге аттанған тұсы. Жеке адам тұрғысында қазаға ұшырасақ та, қазақ ретінде, бірегей ұлт ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Иншалла, мәңгі-бақи өмір сүре береміз.
Ұлттың жалпы бір тарихын мың сан ұрпақтың жүздеген жалқы ғұмырнамасы жалғастырады. Шежіренің соңы – қашанда ашық – ескірген жолдың жоғалып бара жатқан сілемін жаңа түскен жас соқпақ алға бастап, ілгері жүреді, сөйтіп, ескі жаңарады, толқын ауысып, буын алмасады, бірақ, мүдде қалады, сабақтастық деген осы болса керек.
Батыс ойшылы Сартрдың байлауынша, кез келген мән-мазмұн өмір сүру барысында қалыптасады. Біз, әдетте, сөйлем жазылып жатқанда не мағына беретінін білмейміз, тек нүкте қойылғанда ғана құрылған сөйлемнің мазмұнын түсінеміз.
Алаштың өмір жасы ұзақ болсын. Қазақтың көнеден келе жатқан жолы – даңғыл жол, осы уақытқа дейін жойылып кетпей өмір сүріп келген қазақ, қандай да бір асыл қасиетінің арқасында бүгінгі заманға жетті.
Оңаша әулет емес, бүкіл ұлттың мұратын да, табысын да, қуанышын да, қайғысын да, өз жеке міндетіндей көрген Досхан Жолжақсынов – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы. Ертеңді кешегіден, елді ұлтынан, мінез-құлықты құндылық-қасиеттерінен, жаңа низамды салт-дәстүрден адастырмайтын, жөн сілтеп, жоба көрсетіп, бағыт-бағдарын айқындайтын ұлт Темірқазықтарының бірі.
Досхан Жолжақсыновтың өмір жолы – қазақтың да тағдыр-талайы. Ұлт перзентіне қарап біз алаш халқының бейнесін көреміз. Қазақты танимыз. Елдің абырой-беделі, атақ-құрметі қашанда асқақ, Алтай тауындай айбынды болсын.
Таудай тұлға – тұлғадай тауға серік. Егіздің сыңарындай.
Елге үлгі-өнеге.
Ол – өмірді өнерге, өнерді өмірге өлшеп тартқан қажымас қазақ, қайраткер тұлға.

30.07-25.08.2018

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here