Дидар АМАНТАЙ

КӨЗГЕ ТҮСІП, КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН…

(“Мәжусилер”, “Куәгерлер”, “Жасыл шатырлар” атты Бақытбек Қадырдың үш әңгімесін кездейсоқ оқығандағы заңдылық ойлар)

 

Біз Бақытбекті алғашқы үш әңгімесінен кейін, жас талант ретінде танығалы, сырттай бақылап-қадағалап жүргелі, айналасы екі-үш жылдың жүзі болды, алайда, аз уақыт ішінде қаламгер бауырымыз көп шаруа тындырып үлгерді, сонымен қатар, нағыз кәсіби жазушы ретінде қалыптаса бастады.

Өзгеріс, алдымен, мінсіз жазу мәнеріне деген құштарлықтан байқалды, бұл дамудың, өсудің бірінші белгісі, қаламы балалық шағымен жылдам қоштасып, байыптылыққа, шеберлікке қарай қадам басты.

Әуелі, мерзімді баспасөз беттерінен көрініп, қолға кездейсоқ түскен, қатар-қатар жарияланған шығармаларының сәтті қойылған атаулары көзді қуантып, көңілге үміт ұялатты: “Куәгерлер”, “Мәжусилер”, “Жасыл шатырлар” тәрізді туындылары, бір тараптан, тақырыптың мазмұнын ашып, жұмбағын шешіп тұр әрі, қуанышымызға қарай, жазу барысында атаулардың мөлдірлігі мәтін жабықтығына қиянат жасап, кедергі келтірген жоқ, қайта бірлік пен қайшылық диалектикасы фабуланың айтар ойын байыта түскен секілді.

Үш әңгімесі де мәтін тұрғысында бір-бірімен ортақ кейіпкерлері арқылы жалғасқан, ерекше қасиеті. Тіпті, “Аю” кафесі” де шығармадан шығармаға көшіп, паралель уақиғалардың жалпы кеңістігін құрайды, бір-бірін танымаса да, бір жер, бір аймақта өмір сүрген қаһармандары бір елді, бір мекенді аралап жүреді. Көшеде кездесіп, сөйлесіп қалуы да мүмкін.

Бұл қазақ әдебиетінде – Тәкен Әлімқұловта, әлем әдебиетінде – Уильям Фолкнер, Габриэль Гарсиа Маркес тәрізді қаламгерлердің шығармашылығында бар нәрсе. Бірақ, Бақытбек аталған тәсілді өз таным-түйсігінше тереңдете түседі: Хасен тектес пендешіл персонаждары Маркестерде эпизодтағы рөлдерден көрінсе, біздің автордың сомдаған образдары бір-бірімен – қабыспаған үш уақиғаның басты кейіпкерлері –  тұрғысынан байланысады.

Ықшам үш туындысы – сөз саптасы, әңгіме шертісі шеберлігі – жағынан озық дүниелердің бірі де бірегейі. Қалыңдығы пышақтың жүзіндей еді, қысқара келе, тағы жұқара түсіп, көлемі сиырдың тіліндей шағын әрі нығыз қолжазбаға айналды.

Міндеті айқындалмаған, мұраты анықталмаған ұзын сөз, ұзақ сөйлем – шығарманың соры. Көп сөзден фальш қалыптасады. Автор үш әңгімесінде де ондыққа, көздеген нысанасына дәл тигізеді – қарауылына түскенді құтқармайтын қас мерген.

Ол қызыл сөз қуудан ада. Бірақ, сюжеттері – шытырман. Қуғынға құрылған, күреске, іздеуге, тіпті, қашуға толы. Федор Достоевский секілді асқақ идеялары детективтік желіге байланып, өріліп отырады.

Қысқа жазамын деп шығарма құнарынан айырылып қалуға тағы болмайды. Қысқа да құнарлы жаза білу – ықшам мәнердің салтанаты, laconic формасы –  формуласы да осы.

Бақытбек Қадыр – бұл игіліктерді тиісті деңгейінше меңгерген дарабоз. Тіпті, өз сөзімен айтқанда, “құлабыз” десек те болады.

Ойлы жазушы. Қорытынды жасай алатын, ой қорыта білетін тұлға. Бейтарап жазуға тырысады, бірақ, әлі де болса, автор сөзі араласа береді, кейін игеріп кетеді деп ойлаймыз.

Жалпы, мінсіз мәтінге ұмтылып, ойға көрік беріп, сөзге ой-пайым теліген,  идеалды текст дәуірін армандап жүрген жақсы ниет-тілектегі тілеуқор әріптес.

“Мәжусилері” мен “Жасыл шатырларында” тарата жазса, үлкен бір повестің жүгі бар. Табиғат суреттері, өр Алтай кескіндері, орман иісі, жұпар ауа, табан астындағы талай жыл, көп ғасырдағы қордаланған шөп-шалам, ағаш-бұта жиналып-жиналып, қабат-қабат жымдасып, сіресіп, бір-бірін жаныштап… ақыры шіріген. Тауда, шірік ағаштың өзі жұпар.

Ол – жазуды да, оқуды да алаламай, тізгінді қатар ұстаған нағыз дарын. Ертеден келе жатқан қағидамыз бар еді: оқу үшін – жазу, жазу үшін оқу керек.

Бақытбек – оқыған қаламгер, бірақ, оқу үдерісі тоқтамасына кепілміз, әр күннің жиырма төрт сағат уақытында кітап оқудың кемінде екі сағаттық үлесі бар.

Ол өмірде қайраткер, жазылған шығармаларында – қаһарман. Кейіпкерлері, тау көтерген Толағайлар, өзіне ұқсайды, уақиғалары бастан кешкендей етене таныс.

Сөз жоқ, Зекеңдер (Зейнолла Серікқалиев) бірауыздан суреткер дер еді, Қалихан Ысқақ сөз байлығына, лексикалық/синтаксистік қолданыс сауаттылығына назар аударар ма, кім білсін, Асқарлар (Сүлейменов) стиліне тәнті боларына кәміл сенемін, біз өзіне сендік, ендігі болашағы өз қолында, бір пайыз талантымызға тоқсан тоғыз пайыз еңбекқорлық болса, мұратымызға жетеріміз анық.

Өнер жолы – ауыр жол, өмір жолынан да ауыр. Тағдыр тауқыметі шығармашылық бейнетпен еселенеді, сол кезде жазып көр, шыдасаңыз – шыңға шығасыз, төзбегендер жастық шақтың романтикалық кезеңінде қалып қояды, біз ары кеттік…

 

02.05.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here