Дидар АМАНТАЙ

ҒАЛАМТОРДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Новелла

Бір күні жалғыздығын аңғарды. Уайымдаған жоқ, ойланды, мүмкін, басқа жанға да күні бойы бір адам телефон шалмайтын шығар. Қазір елдің бәрі бос емес – қолы байлаулы. Таң атып, кеш батқанша жүгіріс, қарбалас, күйкі өмірдің бітпейтін бір тіршілігі.

Бәлкім, оның уақыты көп шығар. Жұмыспен жүрген адам ешкім звондамағанын анық байқамас еді – ол байқады. Фейсбукте де жабық, ылғи бір ентелеген бөтен есімдер, соңдарынан өрмекші торындай сүйретілген ақ мамық, ұшпалы мизам тәрізді өлі лайктер тізіліп қалып жатады, жансыз, жылусыз, жылытпайды да, ұнадысы таңғы ызғар тәрізді жылт, шұғыла жамырағанда жоғалады, иесіз жер, елсіз дала жау шақырады, көргенде жақпағаны көзі жоқта жақ, бірге, көңіл тілегіне тілеуқор.

Уақыты тыста, іште уақиғаның үлкен фабуласы ғана бар. Сыртта, тағдыр кешенді, сан қилы, шалт, алмағайып ғұмыр кешіп, қара аспандай төніп, ырымына сеніп, ырқына көніп, ақырына жетіп, ақырын ізі өшеді, белгі әуелжеліде қалады, сыры парақшада баяндалады.

Тарихы таныс, шоқтай жиылған жиын, ағайын-жұрт шерменде шежіресін шерлене шертеді. Әуелі желіге жалғанады, сосын, байланады, сосын, айналып жүреді, ғаламтор қазаны түсінбейді, виртуалды әлемде кісі өлмейді.

Бәрі жалғыздықтан туып отыр. Қара жер жалғыз – ғаламтор атадан жалқы,   бірақ, күллі ақпар-мәлімет еркін емес, шектеулі шексіз аймақта жүр, біздің жасырын хаттарымызды ашып оқитын жұрт екі теңіздің ортасында өмір сүреді, сондықтан, бостандық адам ойында ғана, жеке пошталардың оқырмандары биікте күн көреді, төменде кептеліс, даңғылдың бәрі тығындалған, сілтеген бақыт жолы, бұрылған бағыт-бағдар – тұйық.

Қайтқанда, жол – ашық, бірақ, бұл қақпан, шығар есік жоқ. Енді Фейсбуктен басқа өмір болмайды, көрші ел, жаңа сайтқа қыдырып барып келуіңіз мүмкін, алайда, маршрутыңыз көрініп тұрады.

Маған таң атқаны жазуым үшін керек. Ойына таң қалды. Кейде ой өзінен-өзі келеді, ешкім шақырмайды, бірақ, ол босағада тұрады. Күн жазым боп кетсе, қараңғылық орнайды, онда интернет тоқтайды, себебі, Күн жүйесіндегі қызудың, жылудың бәрі – Күннен.

Күнде көлеңке жоқ, бірақ, жолындағылардың жон арқасына түскен сәуле жерге үйірілген топтың көлеңкесін тастайды.

Мен жалғыздығымды жаңа сездім, алайда, көңіл аударған жоқпын, жалғыздық – Құдайдың көлеңкесі, деді ол.

Компьютер түн қараңғылығында жарқырап жанады. Бұл жарық – алапат жарылыстың жалғасы, бізден ілгері озып, әлем келешегіне барады. Дүние дегеніміз ғаламның кешегісі, ғарыштың өткен шағы.

Шағын компьютерімнен сені, оны, өзгені көрдім. Әлем Құдай тоқтатқанша шексіз, интернет теңіздің арғы жағындағылар шектегенше еркін. Ғаламтордағы сағат бірде алда, бірде артта. Мен шындығына күмән келтіремін.

Осы шақ – үш уақыт бірлігі. Бірінен озып, біріне барады, сосын, біреуінде қалады.

27.02.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here